Алматыдағы Қабылдау үйінде қазақстандық сәулетшілер, мүсіншілер және суретшілер арасындағы «Ғылым және өнер коды» республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті.
Денсаулық сақтау саласындағы инновациялық технологияларды бейнелейтін ең үздік қолөнер туындыларын таңдауды мақсат еткен байқауға барлығы 60 өтінім келіп түскен. 40 жоба жартылай финалға өтті. Байқаудың ұйымдастырушысы – «Cultural Dialogue» ҚҚ, ал қазақстандық фармацевтика өндірісінің көшбасшысы SANTO компаниясы Ә.Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер мұражайымен серіктестікте байқаудың бастамашысы әрі бас демеушісі ретінде қолдау көрсетті.
Байқау ұйымдастырушыларының мәліметі бойынша, мүсін өткен жылы 135 жылдық мерейтойын атап өткен SANTO («Химфарм» АҚ) зауытының жаңа нышанына айналмақ. Байқау қатысушылары алдында сөйлеген сөзінде ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы аталмыш байқау бизнес пен өнер арасындағы әлеуметтік серіктестіктің жарқын үлгісін көрсетті деп атап өтті.
24 тамызда Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер мұражайының филиалы – Орталық көрме залында эскиздер мен макеттердің көрмесі ұйымдастырылған болатын. Көрмеге қойылған 50-ден аса экспонаттардың басым көпшілігі Алматы, Астана және Өскеменнен қатысқан мүсіншілердің жұмыстары. Байқау ұйымдастырушысы Жанна Мәмбетованың айтуынша, ғылым және өнер тақырыбына арналған республикалық байқауға қатысу суретшілерді шығармашылық тұрғыдан өзін дамытып, қазіргі заманда өзекті тақырыптар арқылы ішкі дүниетанымын көрсетеді. Байқауға өнер туындыларын, мүсіндер мен арт-объектілерді жасау жағынан тәжірибесі мол жетекші өнер қайраткерлерімен қатар, бастаушы мүсіншілер, шығармашылық жоғарғы оқу орындары мен колледж студенттері қатысты.
Байқауға қатысқан жұмыстарды Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайының өнертанушыларынан және бизнес өкілдерінен құралған сарапшылар комиссиясы бағалады. Сондай-ақ, қазылар алқасының құрамында халықаралық сарапшы - «Starak Foundation» Қорының өкілі Aneta Marcinkowska-Muszynska (Польша) жұмыс жасады.
Марапаттау салтанатында үш жүлделі орынды иеленген жеңімпаздардың есімдері төменде аталады: 1-орын – Шоқан Төлеш, «Адам және табиғат» жобасы үшін; 2-орын – Астанадан қатысқан «Қаз Арт» шығармашылық комбинаты (Баймұханов Мейрам, Затинова Ұлмекен, Любарский Дмитрий), «Витрувиандық адам» жобасы үшін; 3-орын – сәулетші Сәкен Нарынов, «Даланың тумасы» жобасы үшін. Байқаудың бас жүлдесіне Алматыдан қатысқан Дулат Үсенбаев, Айдос Бүркітбаев, Қанат Бегулиев, Әлімжан Тоқбаев сынды мүсіншілерден құралған жас шығармашылық команда «Болашаққа көзқарас» жобасы үшін ие болды. Бас жүлде иегерлері өз мүсінін жасап шығару мүмкіндігіне қол жеткізеді. Ақтық сыннан сүрінбей өткен қатысушылардың жобалары байқау өлшемдері мен тақырыбына сәйкес келеді, өзінің бірегей идеясымен, композициясының тұтастылығымен әрі бейнелілігімен ерекшеленеді, сондай-ақ, жобалар тағайындалған сәулеттік және саябақтық ландшафтқа сәйкес ұсынылған. Жүлделі орындардың жеңімпаздары ақшалай сыйлыққа ие болды. Байқаудың барлық қатысушылары бірегей дизайнда безендендірілген каталогпен және сертификатпен марапатталды.
Осыған орай Polpharma тобы Бақылау кеңесінің хатшысы, «Starak Family Foundation» Қорының президенті Эльжбета Джиковсканың айтуынша, байқау Қазақстанның көркемөнершілер қызығушылық танытып, көптеген мүсіншілерге өз жұмыстарын ұсыну үшін шабыт берді. Байқау үздік жобасы - «Болашаққа көзқарас» тамаша мүсіні Қазақстан Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысы кезінде 2019 жылдың маусымында Шымкенттегі зауытта салтанатты жағдайда ашылатын болады.
Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ