Астанадағы Президенттік мәдениет орталығында “Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі” антологиясының тұсаукесері өтті
Антологияны министр М.А.Құл-Мұхаммед таныстырды
ҚОС ІШЕКТЕГІ ҚҰДІРЕТ
“Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі” жобасына халқымыздың ұлы мұрасы еніп отыр. Біз бүгін сол жобаға енген күйлердің сарапталуы, жіктелуі жөніндегі музыка мамандарының мақаласын оқырман назарына ұсынамыз.
ҰЛТЫМЫЗДЫҢ ҰЛЫҚ ӨНЕРІ
Күй – көне замандардан күні бүгінге дейін халқымызбен бірге жасасып келе жатқан ең киелі де қастерлі, сырлы да сұлу өнер.
Ұлт мәдениетінің арғы-бергі тарихын зерттеп, жүйелеп, бүгінгі жас ұрпақтың кәдесіне жарату және оны әлемдік деңгейде насихаттау мақсатында жасалған “Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасы аясында “Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі” жобасының жүзеге асырылуын ұлттық музыка тарихындағы елеулі оқиға деп бағалаймын.
Қазақтың ұлы ақыны Абай: “Құлақтан кіріп бойды алар, Әсем ән мен тәтті күй”, деп жырлағандай, қазақтардың сан буыны Құрманғазы, Дәулеткерей, Байжігіт, Тәттімбет, Қазанғап, Сүгір, Тоқа, Абыл сияқты халқымыздың асыл өнерін ұстаған ұлы күйшілердің мол мұрасымен сусындап өсті.
“Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі” шеңберінде бағзы замандардан келе жатқан күй атасы Қорқыттан бастап Ықыласқа дейінгі қобызға арналған күйлер мен Сармалай бастаған сыбызғы күйлерінің де сараланып осы жинаққа енгізілуі – жобаның құнын арттыра түсетін соны жаңалық.
Еліміздің алуан аймақтарында қалыптасқан Шығыс, Батыс, Арқа, Қаратау, Жетісу, Сыр бойы, Маңғыстау күй мектептері ғана емес, елімізден тысқары Моңғолия, Қытай қазақтарының күй дәстүрлерінің бір жобада тоғысуын терең тамырлы халқымыздың мәдени бірлігінің айқын айғағы деп бағалаған жөн.
Қай замандағы болмасын күй өнеріндегі ортақ сарын – азаттыққа, бостандыққа ұмтылу, ел тәуелсіздігін аңсау. Осы тұрғыдан алғанда, қазақ күйлері – халқымыздың ғасырлар бойы армандап, бүгінгі ұрпақ жүзеге асырған, тәуелсіздікті жақындатқан ең қастерлі құндылық.
Қазақтың Д.Нұрпейісова, Қ.Жантілеуов, Ж.Қаламбаев, Д.Мықтыбаев, Т.Момбеков, Г.Асқаров, У.Бекенов, Қ.Ахмедияров, Ә.Есқалиев, А.Үлкенбаева, т.б дәулескер домбырашылар орындауындағы 1000 күй ұлтымыздың ұлы қазынасы ретінде туған халқының жүрегіне жол тартты. Оның бүгінгі және болашақ ұрпақтың рухани азығы мен игілігіне айналатынына және жаңа ізденістерге бастап, алдағы уақыттарда жарасты жалғастығын табатынына кәміл сенемін.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті.
БАҒА ЖЕТПЕС БАЙЛЫҚ
Ел өміріндегі елеулі оқиға саналатын, қазақ үшін қабырғалы да қазыналы іс – күні кеше ғана тұсауы кесілген “Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі” антологиясы дер едім. Ұлттың ұлылығын, жұрттың мықтылығын танытатын рухани құндылықтары, оны мұра етіп қалдырған ой өлшемі биік, қаны да, жаны да таза арыстар екені айдан анық.
Бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен, Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйытқы болуымен “Мәңгілік сарын: қазақтың 1000 күйі мен 1000 әні” жобасы негізінде іске асып отырғанынан хабардармын.
Жалпы, күй өнерінің өмірге келген кезеңін тап басып ешкім айта алмаса керек. Тіпті біздің дәуірімізге дейін де алуан түрлі сарындардың болғаны, оны орындаған аспаптардың сақталғаны мәлім. Ал көне ғасырдағы Қорқыт, ХІІ ғасырдағы Кетбұға, ХІV-XV ғасырлардағы Асанқайғы, Қазтуған, XVІ-XVІІ ғасырлардағы Байжігіт, XVІІІ ғасырдағы Абылайхан, XІХ ғасырдың басындағы Құрманғазы, Абыл, т.б. алыптар, олардың ізін қуған дара таланттар тарау-тарау әңгіменің, том-том кітаптың арқауы болары сөзсіз. Болып та жатыр.
Осы жауһарларымызға кешегі кеңестік дәуірде көп мән бере қоймадық. Атүсті қарап, өзгенің әніне еліктеп келдік. Сөйтсек, кіммен де болса тереземіз тең түсетін, иықтаса алатын дүниелеріміз жетіп артылады екен. Соның бір парасын кезінде А.Затаевич жинақтап бастырса, Е.Брусиловский опералық шығармаларға тиімді пайдалана білді. Мұның өзі қазақтың ән мен күйін қажетіңе жарата алсаң, қандай шығармамен де ұштасып кететінін, ажарын ашып, айбынын асыратынын аңғаруға болады.
Өнердің шыңы опера дейміз. Сол операңызға, нақтылай түссек Е.Брусиловскийдің “Қыз Жібек” операсына 24-26 ән-күй пайдаланылса, Мұқан Төлебаев “Біржан Сара” операсына Соқыр Есжанның иірімдері әдемі қолданыла білінді. Ал мен “Қамар сұлу” операма “Дайрабайды” қолданғанымда ол жаңа заманға қарай ажарын ашып, жұрттың назарын бірден аударды. Тіпті, бірте-бірте әлемдік деңгейге көтеріліп, өзге ұлттардың аспабында да күмбірлеп, көңілдің көкжиегін кеңейтті.
Мен бұл құндылықты әлі де аясын кеңітетін, арқауын ұзартатын ұлттық дүниелеріміздің бастау басы дер едім. Бастаудан тұнып шыққан өнердің мөлдір бұлағы әлі де жалғасын таба береді. Тек оған дәл осылай мән беріп, өркенін өсіріп, тамырын тереңдетіп, жапырағын жайқалта алсақ болғаны. Және өшпес өнердің тәуелсіз ел болғаннан кейінгі тұстағы бұл жаңғыруын мен тұсаукесер рәсімінде естіп отырып, кәрі кеудемді қуаныш кернеді. Ұлт жанашыры Елбасынан бастап, алғысымды сол арада айта алмағаныммен, енді міне, ел газеті арқылы жеткізуді жөн көрдім.
Еркеғали РАХМАДИЕВ, КСРО халық әртісі, композитор.
ЕРЕН ЕҢБЕК
Астанада тұсауы кесілген қазақтың 1000 күйінің жинағы еліміздің “Мәдени мұра” бағдарламасының аясында басылып шыққан елеуі еңбек болып саналады. Бұл жинаққа тек домбыра ғана емес, қобыз, сырнай, сыбызғы аспаптарына арналған күйлер енгізілген және Қазақстанның күйшілік өнерінің барлық аймақтарының үлгілері қамтылған.
Жаңа жинақтың құндылығы сонда, оны кәсіби күйшілермен қатар күй өнерімен әуестенушілерге де тигізетін әсері мол. Жинақтағы күйлердің арнайы музыка оқу орындарының студенттері мен оқушыларына берері ауқымды. Бұл жинақтағы күйлер алдыңғы аға буын композиторлар лайықты қолданған дәстүрді жалғастыру үшін қазіргі жас буын композиторлардың шығармашылық өнеріне ықпалын тигізетіні сөзсіз.
Редакция алқасының құрамындағы қазіргі күй өнері тарландарының жұмыла атқарған ерен еңбектерін ерекше атауымыз керек. Қорыта айтқанда, бұл жинақ – қазақтың ұлттық өнерін қастерлеудің, оны халықтың өзіне тарту етудің озық үлгісі ретінде бағалауымызға тұратын құнды еңбек. Бұл іс тек осы жинақпен шектеліп қалмай, келешекте жалғасын табады деген үміттеміз.
Серік ЕРКІМБЕКОВ, композитор.
ТЫҢДАҒАНША КӨҢІЛ ТЫНШЫМАЙ ТҰР
Күйді жалпы қазақтың жанымен егіз дүние деуге болады. Бірінші кәсіби күй 1227 жылы туды деген дерек бар. Ол Кетбұғаның кәдімгі “Ақсақ құлан” күйі деп жүрміз. Оны бүгінгіге жеткен қазақ кәсіби музыкасының үлгісі деп санауға болады. Әнге келсек, мұнан да әрі тереңге кетіп қалуымыз мүмкін. Күй дегенде кім-кімнің де есіне бүкіл түркі әлеміне әйгілі Қорқыт баба түседі. Қобыз күйлері Қазақстан аймағында кең тарағанына қарағанда, күллі түркі музыкасының негізі осы жерде сақталған деп айтуға болады. Сондықтан антологияны қолыма алғанша асығып, түгел тыңдап көргенше аптыққан көңіл тыншымай тұр.
Балнұр ҚЫДЫРБЕК, Композиторлар одағының төрайымы.
ОН ҒАСЫРЛЫҚ МУЗЫКАЛЫҚ ШЕЖІРЕМІЗ
Дүние жүзінде эпос тудырған төрт-бес-ақ халық бар. Бүгінде бір жарым миллиардтан асқан Қытай да, өркениеттің шыңына жеттік деген Еуропа елдері де эпос тудыра алған жоқ. Ал, қазақ – эпос тудырған халық.
Қазақ – өзінің мұңын айтып жеткізетін, шерін тарқататын, сан мың жылғы тарихын жадында сақтай алатын қобыз, домбыра секілді құдіретті аспаптарды дүниеге әкелген халық. Бұл екеуі де – көкірегі көмбеге толы халықтың мұңшылары. Осы құдіреттерді тудырып, оларға тіл бітірген ғажап өнер адамдары да қазақ халқынан шыққан.
Қобызда ықылым замандардан күні бүгінге дейін Қорқыттың алдына түскен ешкім жоқ. Домбырада баяғы Кетбұғадан бермен қарай кешегі көзіміз көрген Нұрғисаға дейін біздің ғажайып ұлтымыздың ұлылары, тек қазақ мәдениетіне ғана емес, адамзат мәдениетіне де үлкен үлес қосқан өнерпаздар еді.
Өнерді жасайтын да, оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін де – халық. Өнерді адам тудырады, адамды заман тудырады. Ән жүректен, перзент тілектен, күй көңілден, бәрі де өмірден туады. Сондай өлмейтін, тозбайтын өнер тудырған ұлылардың шет жағасын біз де көзімізбен көрдік. Мәселен, кешегі Төлеген Момбеков, Нұрғиса Тілендиевтер домбыра тартқанда күй домбыраның шанағынан емес, екеуінің кеудесінен шыққандай болатын. Өкініші, бұл құбылысты да біздің музыка зерттеушілеріміз әлі түсіндіріп бере алмай келеді.
Бүгінде домбыраның шанағынан туған шығармалары әлдеқашан жұртшылықпен біте қайнасып, өнеріміздің алтын қорына қосылып кеткен өнер иелері арамызда да жоқ емес, бар. Мен сондай өнерпаздың қатарына Секен Тұрысбековті жатқызар едім.
Бүгінгі күн шын мәнінде қазақ мәдениетінің тарихына алтын әріптермен жазылатын тарихи күн болып отыр. Олай болатыны, “Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі” антологиясы қолымызға тиіп отыр. Аталған еңбектің Елбасының алғысөзімен жарық көруі де жинақтың құндылығын асыра түскендей. Мен мұны Елбасы Н.Назарбаевтың қолдауымен жүзеге асып жатқан “Мәдени мұра” бағдарламасының нақты жемісі деп ойлаймын.
Аталған еңбекте халқымыздың байтақ шежіресін домбыраның шанағына бөлеп, бүгінге жеткізген Кетбұғадан бастап, ортамызда жүрген Секен Тұрысбековке дейінгі бармағынан күй саулаған өнер құдіреттерінің күйлері жинақталған екен. Бір сөзбен айтқанда, бұл еңбекті қазақ халқының он ғасырлық музыкалық шежіресі деп атауға болғандай. Ендігі жерде осы керемет жобаны ел ішіне, тіпті әлемге насихаттау жағы мықтап қолға алынса жөн болар еді. Өз басым бұл еңбекті халқымыздың рухани мұрасын байытатын, мерейін тасытатын, тіпті әрбір ұзатылған қыздың жасауына қосып берердей құнды қазына деп ойлаймын. Ендігі жерде қазақ халқының байтақ эпостық жырлары, әндері мен алтын қорда сақталған айтыстарды шығаруды қолға алуымыз керек. Біз онсыз да бірталай асылдарымыздан көз жазып қалған елміз.
Осындай жоғалғанымызды толтырып, өшкенімізді жандырған теңдессіз музыкалық жобаны жүзеге асырып, халқымыздың он ғасырлық музыкалық мұрасын қайта жаңғыртып, қолымызға ұстатқан Мәдениет және ақпарат министрі, ұлтжанды азамат Мұхтар Құл-Мұхаммед мырзаға, “Қазақстан халқының рухани даму қоры” АҚ басшысы Алмаз Нұрасханға, т.б. алғысымды білдіріп, Тәңір жарылқасын айтамын.
Халқымыздың 10 ғасырлық музыкалық мұрасымен қауышқан күн құтты болсын, ағайын!
Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ.
ҰЛЫ МҰРА ҰЛАҒАТЫ
Президенттік мәдениет орталығында Мәдениет және ақпарат министрлігі, “Қазақстан халқының рухани даму қоры” акционерлік қоғамы және “Ел” продюсерлік орталығының ұйымдастыруымен екі мың дана таралыммен жарық көрген “Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі” антологиясының тұсаукесері өтті. Ұлтымызды ұйытқан, тұтастырған мәдени-рухани жоба ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен қолға алынған болатын. “Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасы аясында бабаларымыздың байырғы құндылығын қалың бұқараға таныту мақсатында жарық көрген жинаққа Ұлттық ғылым академиясы Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, Қазақстан Республикасы мемлекеттік мұражайы, Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваториясы дәстүрлі музыка кафедрасы фонотекаларындағы, Қазақ радиосы “Алтын қорының” дыбыс жазбаларынан табылған жауһарлар енді.
Тарих сахнасына қазақ өркениетінің тұнық бастауы болып енген киелі күй өнері антологиясы туралы түсінікті әуелі Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед журналистермен болған брифингте қысқаша түйіндеген. Мұнан кейінгі ойларын тұсаукесер кеште күйдің арғы-бергі тарихымен, бүгінгі келбетімен сабақтастыра жалғастырған.
“Бүгін шын мәніндегі қазақ мәдениетінің тарихындағы ең айтулы күн деп айтсам, бұған ешкім қарсы бола қоймас деп ойлаймын. Өйткені, Елбасының тапсырмасы бойынша мемлекеттік “Мәдени мұра” бағдарламасы шеңберінде, ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының алғысөзімен халқымыздың мың жылдық мәдени мұрасы, домбыраға, қобызға, сыбызғыға арналған 1000 үздік күйдің антологиясы шығып отыр.
Елден елдің несі артық десек, біздің сақ дәуірінде өмір сүрген бабаларымызға қазіргі Орталық Азиядағы, оның ар жақ, бер жағындағы жүзге жуық ұлт иелік етеді екен. Біздің бабаларымыз да содан тараған. Ал оның бер жағындағы ғұндар дәуіріне келетін болсақ, одан да елуден астам ұлт, мына жағында моңғолдан Еуропадағы мажарларға дейінгі аралықтағы көшпелі халықтардың қай-қайсысы болсын біздің ата-бабаларымыз сол ғұндардан тараған деп айтуға толық қақысы бар. Ал мына көктүріктерге келсек, бұрнағы жылы Моңғолияға барғанымызда, Күлтегіннің тасына басын қойып, көзінен жас парлаған түріктерді көріп, “апырмай, мыналардың қандай қатысы бар еді” деп іштей ойланып қалғанымыз рас. Байқасақ, олардың ата-бабалары да сол жерден Анадолыға кеткен, демек, түркі тектес, түркі тілдес отыз халық болатын болса, олар түгелдей түркі мәдениетіне мұрагерлік етеді деген сөз”, деп түркі мәдениетінің ортақ тұстарына ой жүгірткен министр түркілерден, ғұндардан, жаңағы айтқан сақ дәуіріндегі өзге ағайындардан қазақтың айырмашылықтарын атап өтті. Әйтсе де қазақтың олардан өзгешелігі неде десек, ең алдымен, тілімізбен, содан кейін тілге үн бітірген музыкалық мәдениетімізбен ерекшеленетінімізді еске салды. Қазақтың 1000 күйі – мың жылдық мұрамыз. Егер қобыздан жаралған күйлерді, Сырдың бойында сүйегі жатқан, ІХ ғасырда өмір сүрген Қорқыт бабамыздан бастайтын болсақ, я болмаса одан бергі ХІІ ғасырдағы Кетбұғадан бастайтын болсақ, сол мың жыл деген тұтас бір дәуір осы антологияда түгел қамтылған болып шығады. Әрине, қазақтың күйлері туралы зерттеушілер түрлі пайымдар айтады. Біреулер екі мың, біреулер үш мың, ал енді тағы біреулері бес мыңға дейін күй бар дейді. Мұнымен толық келісуге болады. Өйткені, осы заманғы композиторлардың күйлерін топтастыратын болсақ, бүгінде күйлеріміз бес мыңның үстіне шығып кетуі де әбден мүмкін. Мысалы, бір ғана “Қоңыр” деген күйді тартпаған, шығармаған қазақ композиторы жоқ десе де болғандай. Бір күйдің оншақты варианты қосарланып келетін жағдайлар кездеседі. Бірақ қазақтың мың күйіне дәстүрлі деген сөз әдейі қосылып отырғаны анық. Өйткені, оркестрмен орындалатын күйлерді антологияға қоспай, автордың өзі шығарған әу бастағы үлгісі, автордың өзінің орындауында бүгінгі күнге шәкірттері арқылы жеткен домбырамен, не болмаса қобызбен, сыбызғымен сүйемелденетін күйлер алынған. Ал оны симфониялық оркестрге, ұлт аспаптар оркестріне, я болмаса камералық оркестрге бейімдеу, тағы да оған дыбыс қосу, тоқсан тоғыз түрлі аспаптармен құбылту бұл басқа әңгіменің тақырыбы. Министр Мұхтар Құл-Мұхаммед осы жобадан кейін оркестрге арналған 100 күйді оркестрдің орындауында шығару ойда тұрғанын да айтты. Ал мына жобаға күйлердің өзгертілмеген байырғы үлгілері таңдалған. Әрине, қазақтың күйлері осы уақытқа дейін жүйеленіп, бір ізге түспеді, зерттелмеді демейміз. Бұл ретте қазақ музыка мәдениетіне Затаевичтің сіңірген еңбегі ұшан-теңіз екені сөзсіз. Шындығында Затаевичтің қазақтың бес жүз әні, мың әні деген жобалары өте ғажап жобалар. Мұндай ұлы есімнің алдында басымызды иеміз. Бірақ бүгінгі күні қазақтың өзінің жеткен, толысқан тұсында барлық жетістіктерін ел игілігіне айналдыру, қайта жаңғырту бүгінгі буынның міндеті. Сол парыздардың бүгін орындалған күні, деді министр.
Кейінгі кездегі зерттеулерден кейде қарама-қайшы ойлардың қылаң беріп қалып жататыны да айтылды. Кей күйлердің шығу тарихынан мысалдар келтірілді. Мәселен, Құрманғазы орыстың түрмесінен қашып шығып, қазақтың жеріне табан тірейді. Сөйтіп, Арқаға, Тәттімбеттің ауылына жақындаған кезде қазақтың ен даласын көріп, жандүниесі тебіреніп кетсе керек. Сол кезде әл үстінде жатқан Тәттімбеттің көңілін сұрай барғанда сыйлық болсын деп әрі өзінің де туған жерін аңсағандықтан да бүкіл сағынышын “Сарыарқа” күйіне төккен ғой. Сол күйін Тәттімбетке кейін орындап берген дейді. Сонда Тәттімбет: “Мынау бұрын мен естімеген күй ғой”, десе, Құрманғазы бабамыз: “Бұл – “Сарыарқа” күйі. Мұны сізге арнап шығардым, Тәттімбет аға”, – деген екен.
Сонда ауырып жатқан жерінен басын көтеріп, қолына домбырасын алған күйші: “Менің мынау көптен бері көкейімде жүрген ой еді. Айналайын, сен де менен мына сыйлықты еліңе ала кет”, деп, табанда “Көкейкесті” күйін шығарып, Құрманғазыға тарту етіпті деседі. Міне, ұлылардың үндестігі деген осындай болса керек-ті. Тағы бір әңгіменің желісі, Құрманғазы бір күні Дәулеткерейге келеді. Ол Құрекеңді құшақ жайып қарсы алады. Бірақ төре тұқымы болғандықтан жолын біліп, Құрманғазы бабамыз әдеппен үндемей отыра береді. Сол кезде Дәулеткерей домбырасын қағып жіберіп, бір күй тартыпты. “Бұл күйіңізді мен бұрын естімеппін”, дейді Құрекең. Сонда Дәулеткерей: “Мұның аты “Бұлбұл”, депті. “Ендеше, домбыраңызды бері әкеліңіз”, деп ол да бір күйді бастап жіберген ғой. Сонда Дәулеткерей: “Бұл қандай күй?” деп сұраса керек. “Сіздікі “Бұлбұл” болса, ал менің тартқан бұл күйімнің аты “Бұлбұлдың құрғыры”, депті. Күйді түсіну үшін олардың шығу тарихы мен аңызын да білу керек. Сондықтан жоба иелері күйлерді таспаға жаздыртумен тынбай, Кетбұға, Қорқыт, Сары Салтық дәуірінен келе жатқан жауһарлардың түсініктемесін музыкалық партитурасына қосып шығарып отыр.
Батыс өңірінен бастайтын болсақ, Маңғыстаудың күйлерінің нақышы бөлек. Антологияда Есір, Құлшар, Абыл сынды саңлақ күйшілердің мұралары мейлінше молынан қамтылды. Одан беріге, Сырдың жоғарғы жағына барсақ, Қазанғаптың қағысы қапы қалдырмайды. Оның бір күйінің бірнеше циклын жолықтырасыз. Егер осы циклдарды жинастырсақ, симфониялық поэмалар шығатыны күмән келтірмейді. Мұнан кейін Қаратаудың шертпе күйлері, атақты Сүгірдің орындауындағы күйлер, Төлеген Момбековке дейінгі аралықтағы күйлер қазақ мәдениетінің тұтас бір дәуірін қамтитыны ақиқат. Шындығында Төлеген Момбековтің Қаратаудың шертпе күйлерін бүгінгі күннің деңгейіне жеткізе талдауы, жеткізуі орасан зор еңбек. Мысалы, кеше ғана ортамыздан өткен Әбікеннің “Қоңырын” алайықшы. “Қоңыр” күйінің шығу тарихын да әркім әрқалай айтады. Біреу 32-ші жылдың қырғынына, ал енді біреу 37-ші жылғы нәубетке арналды десе, тағы бір деректе Сәкен Сейфуллиннің қазасына арналды дейді. Біздіңше, осы соңғы дәйек көкейге қонады. Өйткені, Сәкен оған жол көрсетіп, өнеріне өріс ашқан. Сондай сұлу мінезді, бекзат болмысты адамның дүниеден озғанын естігенде жүрегі тілініп, оған осы күйді арнап шығаруы қай жағынан да қисынды. Мысалға “Салтанат” күйін алайық. Мұнда өзгеше мұң бар, Моцарттың “Реквиемінен” бір де кем емес. Сондықтан қай күйдің де тарихын алып қарайтын болсақ, ар жағы осындай сырға толы болып келетінін аңғарасыз. Жетісу мен Шығыс өңірінің күйлері өз алдына бөлек жатқан түпсіз бір дария тектес. Қай композитордың мұрасы болсын біздің ұлтымыздың ұлы мұрасы. Сол мұралардың бірсыпырасы заманауи тілмен өңделіп, алуан аспаппен ауқымдалып, бастапқы үніне ұқсаймайтын тың туындыларға айналып жатқаны тағы шындық. Осы орайда министр атақты композитор Еркеғали Рахмадиевтің “Дайрабай” поэмасын бекер атаған жоқ. Егер Еркеғали ағамыз болмаса “Дайрабай” күйінің бар екенін білмей өтер едік дүниеден. Сол Дайрабайдың қарапайым ғана қоңыр домбырадан тудырған күйін түрлі музыкалық аспаптардың тілімен қайта тірілтіп, ұлт аспаптар оркестріне, симфониялық оркестрге түсіріп, симфониялық поэма етіп шығарып еді, міне, бүгінде бүкіл дүниежүзін шарлап шыға келді деді. Композитордың бір шығармасын осынша құбылтуға мүмкіндік болатын болса, Құрманғазыдай, Дәулеткерейдей, Тәттімбеттей, Түркештей алыптардың әр шығармасын халқымыздың баға жетпес қазынасы деп бағалауымыз керек деп түйіндеді сөзін.
Енді бұл жобаны кімдер жүзеге асырды деген мәселеге келсек, өнер зерттеушілері, музыка мамандары, этнографтар, белгілі әншілер мен күйшілер, продюсерлер, сонымен қатар “Қазақстан халқының рухани даму қоры” атсалысқан. Бұл ретте Айтжан Тоқтаған, Тұрсынжан Шапай, Ғалым Доскен сынды азаматтардың осы істі тиянақты атқарып шығуға көп тер төккені айтылды. Сахнаның сәнін келтірген қазақтың ұлттық киімдеріндегі қыз-жігіттер “Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі” антологиясын алып шықты. Осы теңдессіз мұраны министр өз қолымен мәдениет пен өнердің танымал өкілдеріне табыс етті. Кітаптың бірінші данасы композитор Еркеғали Рахмадиевке арналса, мұндай құрметке ие болғандар арасында Мырзатай Жолдасбеков, Балнұр Қыдырбек, Серік Еркінбеков, Бақытжан Әбдірайымов сынды тағы да басқа біраз танымал азаматтар бар.
Дәстүрлі музыкалық мұраны жинақтау жұмыстары да аз уақытта біте салмаған. Ол үшін қандастарымыз көп шоғырланған Ресейдің Астрахань өңіріне, Моңғолияның Баян-Өлгий аймағына, Қытай мен Өзбекстанға, тағы да басқа елдерге экспедициялар ұйымдастырылып, көп мамандар тартылған. Ендеше, “Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі” антологиясы десе, тек Еуразияның ұлы даласын мекен еткен көшпелілер өркениетінің мәдениеті ғана емес, одан әлдеқайда кең аумақты қамтитын ұлан-ғайыр толайым еңбек елестеуі әбден заңды. Кетбұға, Қорқыт, Сары Салтық кезеңіндегі күйлерден басталатын осынау мол мұра тек Қазақстанның ішкі аумағына тарап қоймай, шет елдерде тұратын қандастарымыздың да рухани шөлін жете қандырар үлкен еңбекке айналған. Құрманғазы, Тәттімбет, Қазанғап, Дәулеткерей, Дина, Байжігіт, Қожеке, Сүгір сынды ғажап күйшілердің жаңа музыкалық технологиямен, сандық үлгімен жазылған таспадағы үндері қазіргі тыңдарманның заманауи талап-тілегіне толық жауап беретін болғандықтан, оны әлемдік деңгейдегі жобалармен терезесі тең тұр деп айта аламыз. Мұндай жобалар арқылы бізге халқымыздың бұрын шетелдік жұртшылыққа беймәлім болып келген жауһарларын жарқырата көрсетуімізге мүмкіндік туады. Халқымыздың төл музыкалық аспабы – домбыра, киелі күй өнері қазақтың еншісіндегі құндылықтар екенін келешекте мойындатудың өзі осы істен өріліп жатқандай көрінеді. Антологияның тағы бір артық тұсы – қазақтың дәстүрлі музыкасындағы бірнеше күйшілік мектеп түйісіп, түгенделген. Осы мектептерді қалыптастырған белгілі тұлғалардың есімдері, олардың өмірі мен өнерін қысқаша баяндайтын деректер қоса беріледі.
Жобаның тұсаукесер кеші күйшілер өнерімен өрнектеле түсті. Қаршыға Ахмедияров Құрманғазының “Қайран, шешем”, Айгүл Үлкенбаева Динаның “Бұлбұл”, Айтжан Тоқтаған Дәулеткерейдің “Аңшылық”, маңғыстаулық Сержан Шәкіратов Өскенбайдың “Жаңылтпаш”, Еділ Басығараев Қазанғаптың “Бөгелек қақпай”, Бақытжан Дүйсенғазы Сыр бойы күйшілік мектебінің дара тұлғаларының бірі Мырзаның “Бұғы күйі”, Арқаның арқалы күйшісі Мұхамеджан Тілеуханов Тәттімбеттің “Бес төре”, Қызылқұмнан келген Шағдар Ақылбеков Ақбаланың “Кертолғау”, Фазыл Тұтқабеков Әбікен Хасеновтің “Қоңыр”, Әлімхан Жүзбаев Сүгірдің “Кертолғау”, Саян Ақмолда қобызбен Ықыластың “Жезкиік” күйлерін шебер орындап, күй өнерінің туын бір желбіретіп тастады. Кез келген қоғамның ұрпағы өзі ғұмыр кешкен кезеңі үшін қарыздар десек, бүгінгі буын сол қарыздың бірінен құтылды деп ойлаймыз.
Ең бастысы – қазақтың дәстүрлі мың күйі енді ешқашан жоғалмастай, өшпестей, көнерместей болып таспаға түсті. Бұл – ұлы қуаныш. Құтты болсын!
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.