• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Әдебиет 02 Қараша, 2018

Ерліктің үлгісін көрсеткен Стақан Белғожаев

1077 рет
көрсетілді

«Қарадалада – қалың із,

Қарадалада – жанымыз.

Қарадалада киелі

Төгілген кіндік қанымыз...»

(«Тәңірім мен Тамырым» кіта­бынан).

Қолыма қалам алып, ақ қағаз­ға ұзақ үңілдім. «Қара­дала» деген жалғыз ауыз сөз жаздым...

Көз алдыма ұлы таулардың арасын­дағы көсілген тақтай­дай жазық елестеді. 

Иә...

Теңіз тамшыдан құралып, Отан дейтін киелі де қасиетті ұғымның отбасынан басталатынын білмейтін адам жоқ. 

Қазақ елі дейтін ұлы байтақ­тың бас­тау-көзі де кіндік қаны­мыз тамған ұлы төрлерден бас­талады.

Қарадала – мен үшін қазақ дала­сындағы сондай ұлы төрлер­дің бірі.

Құбыла бетінде Көкпекті жазығы мен Торайғыр, Бұғы­ты тауларының қария бітімді сілемдері аласарып барып құ­лай­тын атақты Шарын шат­қалы жатқан; теріскейі Іле өзе­ні мен шыңдары алыстан ас­панға асылып тұрғандай «мен­мұндалап» шақырар Жоңғар Алатауымен тілдескен; түстігін мәңгі мұздық­тар көмкерген Тәңіртаудың ұлы қойнауларына, хан жайлаулары – Шалкөде мен Қарқараға, Мыңжылқы мен Сыртқа, Аға­нас пен үш Меркіге ұласқан; Қара­үйсін тауының құйқалы жонын бөктерлей отырып, шекарадан әрі асқан: Құлжа, Сайрамкөл, Шапшал, Мұңғыл күре, Әулие Шоқы, Текес, Кү­неске жалғасқан ұлы жазықты бабаларымыз ескі күндерден – біз бірін білсек, бірін біле бермейтін көне замандардан бері Қарадала деп атаған.

Қарадала – сол ұлы таулардың қақ ортасында жатқан құтты аймақ, берекелі өңір. 

Осыдан бір жылдай бұрын, 2017 жылдың тамызында менің кіндік қаным тамған сол құтты жазықта өткен «Жетісу Resort» шипажайының ашылу салтанатына қатысқан едім... 

Алматы облысы мен Ұйғыр ауданы әкімдіктерінің атсалы­суымен «Рухани жаңғыру» бағ­дарламасы аясында өткен аталмыш шараға алыс-жақыннан келіп қатысушылар көп болды. Тәңіртау мен Жоңғар Алата­уының арасын қалың елдің қуа­нышы кернегендей ерекше күй­ге түсті. Алыстан көзге шалынып, күндіз Күнмен, түнде Ай­мен шағылысар сымбаты мен сыны ерекше, кереге-маңдайына қазақтың қошқар мүйіз өрнегі бедерленген таза ұлттық-шығыстық үлгідегі сұлу ғимаратты көрген жұрт­тың есі кете таңғалғаны әлі күнге жадымда. 

Әлемдік стандарт тілімен айтар болсақ, «бесжұлдызды» қонақ үйлер­мен иықтаса алар шипажайдың іші мен сыртын көріп дән риза болған қо­нақ­тардың бірі: «Апыр-ай! Мына ғимарат ертегілерді еске салады ғой!.. «Ерте, ерте, ертеде, ешкі жүні бөртеде, қырғауыл жүні қы­зыл екен, балақ жүні ұзын екен», деп басталатын қазақтың хисса-дастандардағы «жал-жал құмдар тасасынан күмбезі күн­мен тілдескен сұлу Сарай шыға келіпті...» дейтіндей екен» деп ағынан ақтарылғаны бар.

Десе дегендей, айтса, айтқан­дай... 

Осынау сұлу,  әсем ғимаратқа сәу­летші болып сән бітірген, құрылысшы болып тіл бітірген, Республика жұрт­шылығына есімі кеңінен мәлім кәсіпкер құрылысшы, атақты «Мойнақ» ГЭС-ін салған Стақан Бел­ғо­жаевтың  бір жолы кездескенде: «Нұрлан қалқам, мен бұл ғимаратты халқым ертең айта жүрердей белгі болсын» деп салып жатырмын. Сенің Өмір атаң туралы айтқан әңгімең есім­нен кетпейді. Кім келіп, кім кетпеген бұл Қарадалаға?.. Ба­баларымыздың аманатындай болған киелі өңір ғой бұл! Қа­сиетті Қарадала ғой бұл! Се­нің жырларыңа арқау болған Ас­пантаудың төріне – Қазақтың Қа­радаласына ел-жұртты жиып, «Жетісу» санаторийінің тұсауын кесейікші бір», – деп еді.

Стақан ағамыз сол айтқанында тұрды...

Міне, менің жадымды жаң­ғыр­тып­ отырған мына сурет­тер мен көрініс­тер – сол «Жетісудың» тұсауы кесілген тұстағы қайта­ланбас сәт-сағаттардың, сондағы лебіз-пікірлердің еске түскен­дері. 

Сол күні шипажайдың ашылуына қатысқандар ара­сынан­ Мәжіліс депутаты,­ бел­­гілі қоғам және мемлекет­ қай­­раткері Қуа­ныш Сұл­та­­новты, бір кездері осы об­лыс­тың бірінші басшы­сы бол­ған елағасы Кеңес Ауха­диевті, сондай-ақ елімізге белгілі көптеген қоғам қай­раткерлерін, БАҚ басшыларын кө­ріп, қалың жұрт­­шылық бір сер­пілгендей болып еді...

Әрине... Бұған дейін де: «Шонжының басындағы ыстық суға барып қайттық. Емдік қа­сиеті күшті екен. Арнайы мамандар әлденеше рет тексеріп, құрамын анықтап, бағасын беріпті. Ана ауруды жазыпты, мына ауруға шипасы бар екен...» дескен ұзын-құлақтың әңгімесі бұл аймақты кезгелі ондаған жылдар болды. Бірақ ен даланың бойында жарыса салынған сол шипажайлардың бірен-сараны болмаса, дені сапалы санаторийлерге қойылар талап-тілектерге толық жауап бере алмай, қызмет көрсетудің орта, ортадан төмен деңгейінен аса алмай келе жатқаны жасырып-бүгер сыр емес... 

Қара қоржынын Қарадаланың қа­сиетті суын оңды-солды пай­­далану арқылы толтыру – ке­шегі жабайы нарықтың кезінен қалған, бүгінде келмеске бет түзеген ескі әдет екенін халық та аң­ғара бастады. Алыс-жақыннан ем іздеп келушілердің талап-тілегі күшейді. Уақыт, заман сұ­­­ра­нысына сай күтім керегі Қа­радала төсіндегі емдік суларды пайдалануға деген көзқарасты өзгертті. Нарықтың алғашқы ке­зеңінде қолы жеткендер алып қал­ған артизан құдықтарының да, құдық айналасындағы жерлердің де бағасы өсті... Судың қадірін ғана емес, ыстық су бизнесінің де қадірін білетін қомақты қаржысы барлар Қарадалаға ағыла бастады. 

Осы ыстық суды игеру қа­жеттілігін, заман талабын, өз­гер­ген елдің сұраныс-тілегін жан-жүрегімен сезінгендердің қа­тарында  облыс өмірі мен тыныс-тіршілігін жақсы білетін, қаршадай кезінен табанынан тозып жүріп, Аспантау мен Алакөл арасындағы Жетісу дейтін бай өлкенің ірілі-ұсақты ондаған ғи­мараттарын өз қолымен тұр­ғызған, кезінде атақты Мойнақ ГЭС-нің құрылысын да тәуекел деп мойнына алған, Елбасы алдына барып, бұл құрылыстың ел болашағы үшін аса қажетті екеніне көз жеткізген, өз ісі­нің майталманы кәсіпкер-құры­лысшы осы Стақан Белғожаев та болды. 

Кәсіпкерлік бойына табиға­ты­нан дарыған аңғарымпаз жан жеке­шелендірудің күллі тәртібіне сай тиіс­ті конкурстардан өтіп,  осы Сұңқар құды­ғына ен тақты. Жартылай жұмыс істеп, бір тоқтап, іске бір қосылып, қолдан қолға өтіп, тоз-тозы шыққан ескі құрылысты жерімен қоса сатып алды. 

«Мойнақ құрылысы аяқ­талғанша шипажайға бұрылуға мұр­шам болмады. Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей қада­ғалауында тұрған алып құры­лысты ойласам, түн баласы ұй­қы көрмеуші едім... Мойнақты қалай тапсырдық, солай осы «Жетісуға» кірістім. Жиған-терген тәжірибем мен қаржы-қаражатымды түге­лімен осы Қарадалаға бұрдым. Нұрлан, айналайын, бизнес дейтін әлем-сиқырлы, сыры мол әлем ғой. «Жетісу» шипажайының аяғынан тұруы оңайға соқпады. «Тәуекел деген – желқайық...» демей ме қазақ атамыз. Тағы да сол тәуекел мені тығырықтан алып шыққан секілді...

Замана сұранысына сай еңбек етуіміз керек! 

Бүгінгі санаторийлер мен де­малыс орындарына қойылар талап жалғыз – халықаралық деңгейге көтерілу. Соған ла­йықты ем жасау... Жоғары дең­гейлі сервиз! Мықты санаторий – аймақтың абыройы. Мықты санаторий – берісі – ауданның, әрісі – облыстың, республиканың бюджетіне жұмыс жүргізудің жолы. Мықты санаторий – елді тану мен танытудың, жерді тану мен танытудың үлгісі. Мықты шипажай келушілердің санасында демалған жер туралы жақсы әсер қалдырады. Әлемдік деңгейге көтерілген шипажайлар сапынан орын алуға Қарадала аймағында мол мүмкіндік бар. Қарашы, мына терістік  бөктері сыңсыған қарағайлы қалың орман. Етегі шүйгіні мол жайылым. Бала кезде талай шөп шапқанбыз... Қайыңды тоғайлар, омарталы сайлар... Елігі мен бұғысы қалың. Арқары мен ешкісі өріп жүрген сұлу өлке. Одан әрі өр­лесең, қия жартастарын мекен еткен ақиығы тағы бар. Туризмге сұранып тұр.  Одан әрі ердің ері ғана ерге қонып, таудың жолымен асу асар өткелдер... Одан әрі Тәңіртаудың ұлы жайлауы – Шалкөде! Шіркін-ай! Әне бір жылдары Қарадала төсін үйір-үйір қарақұйрық кезіп жүруші еді... Өкінішке қарай... Сол төрт­аяқтының тектісі болған қайран қарақұйрықтарды енді көру қиын... Шарын дейтін бір көрген адамның түсінен шықпайтын аңызы қалың аңғар іргеде тұрған жоқ па?! Ерен ағаштың орманы қандай?! 

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұсынған ел тарихын бағалау мен бағалатудың, ел рухын асқақтату мен тәрбие­леудің жолын, бағыт-бағдарын ай­тар «Рухани жаңғыру» ат­ты ұлт пен ұлысты түлету бағдар­ламасындағы басты ұрандардың бірі – Туған жерге туыңды тік! 

Туған жерге ту тігу, Туған ел­ді әлемнің алдыңғы елдері қа­та­рына шығаруға ұмтылу – бүгінгі ұрпақ пен ұлттың бас­ты мақсаты. Бұл – елін, жерін сүйер кез келген жұмыр бас пенденің бойындағы ізгі қасиеттер мен адамшылық асыл нышандардың көзін ашар өнеге мен тәрбие бастауы ғой!» – деп еді ол бір жолы сексеннің екеуіне келген тарлан кәсіпкер тау­сыла сырласып. 

* * *

Осы бір сәт-сағатты сарыла күткен, Сарықамыстың желке тұсындағы буы бұрқыраған Сұң­қардың ыстық суына келу­шілердің таңырқамағаны, шаттана қуанбағаны жоқ. Іргедегі Нарынқол, Кеген, Жалаңаш, Шелек, Талғар, Есік, Қаскелең, Ұзынағаш, Шонжы, Жәркентті қойып, ат арытып, арнайы Ас­та­надан, Алматыдан, Тал­ды­қорғаннан, Тараздан, Шым­кенттен жеткен қонақтар қанша ма?!. Іргедегі қырғыз ағайындар да жүр... Жаңалық десе, «жарғақ құлақтары жастыққа тимей» әңгіменің алдын орап жүретін журналистер легі де шамадан тыс мол. 

Журналист ағайындардың есіл-дерті мына сымбатты, сұлу сарайды насихаттап, сарайдың иесі – Белғожаев Стақан деген кісімен танысып, сұхбат алу.

Сол күні «Жетісу» шипа­жа­йы­­ның иесі – сексеннің сең­гі­ріне көтерілген елағасы ерекше елгезектік танытып, қонақ­тарының ыңғайын табумен болды. Жүрісі де, сөзі де ширақ. «Әке­лерім-ау! «Қалауын тапса, қар жанады» демей ме дана халқымыз. Алла тағала мейірін төгіп, мына қасиетті өңірге – «тауы – киік, ойы – балық» сұлу өлкемізге бәрін үйіп-төгіп берген ғой. Біздің міндет сол Хақ тағала берген жердің байлығын уақыт талабына сай өңдеп, өрнектеп, әдемілеп халықтың өз қажетіне жарату. Қарадаланың ыстық суы – қазақтың қазына-байлығы! Бұл ыстық судың даңқы менсіз де бірталай жерге барған, әлі де барады. Келушілер, демалушылар көп...» деп кесек-кесек ой айтып жатты.

Мамандығы құрылысшы бол­ған­дықтан, дәуір қанатында жү­ріп, Стақан Белғожаев қар­ша­дай кезінен еңбектің қызығын да, шыжығын да көріп өскен. Бар ғұмыры Қарқара, Кеген, Ша­рын, Кеңсуда өткен, тауда жүріп, тұяғы бекіген жас жігіт Братск ГЭС-інде бетоншылар бри­гадасының мастері болған. Екібастұзда, Шардарада екпінді құ­рылыстың қайнаған ортасында жүріп, қабырғасы қатып, қанаты бекіген. Қайда жүрсе де Аспантаудың абыройы мен арманын серік етіп, туған ауылы Жалаулының туын жықпай, жар құлағы жастыққа тимей, жары Назгүлмен қолұстаса жүріп, отбасын аяғынан тұрғызды. Бір сөзбен айтқанда, балалық балғын шағы, арманды серік еткен жі­гіттік дәурені өткен ғасырдың ор­та кезімен – әкелеріміз мылтық ұстап майданға аттанған, аналарымыз белін шарт түйіп, ең­бекке араласқан, аспан асты, жер үсті өмір мен өлім тайталасы­на қатар түскен қырқыншы, елуін­ші жылдармен тұспа-тұс ке­летін буынның қайсар бітімді, күрескер өкілі өз жолын өзі анық­­тап, өз тағдырын өзі өрге сүй­рей білді. 

– Стақан – уақыттың та­мыр­ соғысын анық ұстаған өз­ ­ісінің шебері ғана емес, ол үл­кен жүректі, мінезге бай, адам­гершілігі зор азамат. Екеуміз бір таудың суын ішіп, бір дала­ның желіне кеудемізді тоса жү­ріп, қатар жетілген бір буын­ның өкіліміз. «Мен» деп кеуде қаққан, болдым, толдымды айт­қан кезі жоқ. Айтқанын көрген де емеспіз. Ерінбей еңбек ету­ мен алған бетінен таймай кү­ресу­дің арқасында ол қазақ дей­тін кеңпейіл халықтың құр­ме­тіне бөленді. Өз басым, ең­бек­ті асқақтата білген Стақан Бел­­­ғожаев сынды бауырыммен­ мақтанамын. Стақан сынды сабыр мен табандылықты қанат қыл­ған азаматтар Алашта көп болса, аспанымыз кеңейер еді!.. – дейді экспериментті-био­ло­гия ғылыми-зерттеу инс­титу­ты­ның директоры, ауыл ша­руа­­шылығы ғылымдарының док­торы, профессор, Ұлттық ғы­­­лым академиясының акаде­мигі Мәкен Молдабайұлы Той­шыбеков.

Жаратылысынан артық сөзге жаны қас, жалған мақтауды ұната бермейтін Асекең –  аты аңызға айналған қазақ өнерінің хас шебері, Еңбек Ері, КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімов: 

– Мойнақтың құрылысы – жал­ғыз Белғожаевты ғана емес, күллі Қазақ елін сынға салған, елдігіміз бен ерлігімізге қамшы болған атақты құрылыс! Жұрт оған «Ғасыр құрылысы» деп бағасын берді емес пе?!. Ол үшін Стақан елден де, Елбасыдан да алғысын алды. Менің таңғалға­ным Стақан досымның ақшасын желге шашқандай етіп, айдалаға баяғының хан сарайындай шипажай салғаны. Бұл – көзсіз ер­лік! Стақанның «Жетісуы» жал­ғыз Жетісу жұртының ғана мақ­та­нышы емес... Бұл шипажай түбі Қа­радала дейтін аймақтың атын әлемге жаяр Алаштың төрі болады... Бұйырса!.. Қарадала қалың қазақтың ат басын бұратын қазы­налы жеріне айналады әлі, – деп еді.  

Бүгін де, міне, сол Асекең айт­­қан баталы сөзге іштей қайта ора­лып, Алматыдан алыста – Қа­ра­даланың қара шаңын сумен басып, ен даланы иен то­ғайға айналдырмақшы болып, ағаш отырғызған, шипажайдың қа­сынан өзіне жеке үй соққан, 250 орындық шипажайдың жұмысын жеңілдету үшін дәрігерлер мен қызметкерлерге арнап, жеке от­басылық үлгіде жатақхана салған үлкен ұйымдастырушы, ересен мінезді еңбек адамын ойладым. Апыр-ай, немере, шөберелерін иіс­кеп, Алатаудың самалын жұ­тып, Алматы төріндегі кең сарайдай боз үйінде жаны тыным көріп, жайбарақат отырмай, ел ішінде, қайнаған жұмыс ортасында жүрген Стақан ағамызды ойладым.  Қарадаланы ойладым. 

Осыдан біраз бұрын «Стақан ағамыз жалғызсырамасын деп, мен де Шонжыға үй салдым. Қа­радалаға көшіп келдім...» деп әзіл­деген Ызғарбек Бектұрсынов бауырым еске түсті. Сол сапар Ыз­ғарбек айтқан мына бір қысқа сөз жадымда жаңғырып тұр. «Стақан ағамыздың мынандай ши­пажай салуы – өз алдына бір ерлік! Елге көшіп келіп, халық ішінде жүруі – екінші ерлік! Құдай қуат берсін ақсақалға! Қара­даланың қара нары ғой!» деп еді.

* * *

«Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» дейді біздің халық...

Елу жыл ішінде ел өзгерді. 

Дүние өзгерді. 

Қаражолға асфальт түсіп, қа­ра даң­ғыл­ға айналды. 

Ғасырлар бойы Батыс пен Шы­ғыс арасын жалғап келген Жібек жолының бір тармағы – Құлжаның күрежолы кеңейді. 

Өзгерген әлеммен бірге Жібек жолы да өзгеріп, түлеуде. 

Күрежолға жағалай артезиан құдық­тары түсті.  

Ен жазықтағы ыстық су­лар­дың қатары көбеюде. Әр тамшысы алтынға бара-бар жер астының емдік сулары берісі – облыс, әрісі республика назарына ілікті. 

«Судың да сұрауы бар» де­ген ескінің есті сөзіне ден қой­ған жұрт Қарадаланың суын ысырапқа жібермей еңбектің көзіне айналдыруда. 

Соның бір жарқын көрінісі – сонау алпысыншы жылдары скважинамен жер бетіне шық­қан «Сұңқар» ауылының ескі құдығына ерекше сипат берген, сахара төсіне қанат жайып қона қалған Тәжімахалды елес­тетер Стақан Белғожаев есімді нар мінезді қазақтың қиялын арқалап, Қарадала төсінде пайда болған «Жетісу» шипажайы!

Иә...

Қарадалаға қарқарадай абырой әкелген бұл шипажай ел­діктің көрінісі, еңбек пен ер­ліктің үлгісі екені даусыз.

Нұрлан ОРАЗАЛИН,

ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты