2018 жылғы 1 қазаннан бастап Қазақстанда жеке тұлғалардың ұлттық валютада қайта тартатын депозиттері бойынша талаптар өзгерді. Орын алған өзгерістердің мәні туралы «Егемен Қазақстан» газетінің оқырмандарына «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ Төрағасы Нұрлан Әбдірахманов айтып берді.
Банк салымы (депозит) – бұл жинақтарды орналастыру мен жинақтаудың базалық, жалпыға ортақ тәсілі, оның бірінші кезектегі міндеті маңызды өмірлік мұқтаждықтар мен қажеттіліктерді шешу. Соған қарамастан, жинақтарды орналастыру үшін депозитті қалай дұрыс таңдауға болады деген сұраққа үстірт жауап беруге болмайды: өз ақшасына дұрыс иелік ету сақтық тәсілдерін талап етеді. Ақылға қонымды және негізделген шешім шығару үшін бір депозит өнімін басқасынан айыра білу әрі түсіну қажет. Осы уақытқа дейін депозитті таңдау екі басты фактор: біріншіден, нарықта аздаған ерекшеліктері бар депозит өнімдерінің көптігінен, екіншіден, салым мерзімі мен сыйақы мөлшерлемесінің байланысы жоқтығынан жинақтарды ұзақ мерзімге орналастыруға ынталандырудың болмауынан қиындай түсті.
Депозит нарығында көптеген өнім айналыста: орташа алғанда банктерде депозиттер түрлерінің саны 20-ға жуық болады, егер оны депозиттерді тартатын банктер санына көбейтсек, депозитті таңдау үшін аз дегенде әртүрлі 480 депозит өніміне талдау жасау қажеттілігі туындайды. Жоғары бәсекелестік, жаңа клиенттерді тарту ниеті банктерді жаңа маркетингтік тәсілдерді табуға және өз өнімдерін: «балаларға арналған», «зейнеткерлік», «артықшылықты», «VIP» сияқты танымал атауларды ойдан шығаруға мәжбүрлейді, бұл тізімді әрі қарай жалғастыра беретін болсақ, депозит таңдауға деген қызығушылық өз мәнін жоғалтады. Ұқсас ұсыныстардың әр алуандығы таңдау процесін күрделендіріп жіберді, өйткені бұл айтарлықтай күш-жігер мен уақытты талап етеді.
Екінші қиындық туғызатын фактор – бұл сыйақы мөлшерлемелерінің кең ауқымы және басқасынан бөлек, ұқсас мерзімге орналастырылған салымдарға қатысты қолданылған номиналды және тиімді мөлшерлемелер сияқты түрлі сыйақы мөлшерлемелерін қолдану. Оның үстіне банктер тоқсан сайын, ай сайын, күн сайын капиталдандырып отыратын өнімдерді ұсынады. Кейбір ерекшеліктерді ескермегенде, сыйақы мөлшерлемесі салым мерзіміне де, мерзімінен бұрын алу мүмкіндігіне де байланысты емес: мерзімі бірдей депозиттер, мәселен, 3 айлық депозиттер бойынша әртүрлі банктерде сыйақы мөлшерлемесі 5,3 пайыздан 12 пайызға дейінгі мөлшерді құрауы мүмкін. Ал бір жылғы депозиттер бойынша кейбір екінші деңгейдегі банктер 6 пайыздан аспайтын сыйақы мөлшерлемесімен шектеледі. Ең бастысы, салымдарға орналастырылған ақшаны сақтаудың қарапайым және тікелей дәлелі, барлық мерзім ішінде Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының жоғары кепілдік сомасы түрінде ынталандыруы болмады.
Нәтижесінде, шетел валютасы бойынша кіріс сыйақының 1 пайыздық жылдық тиімді мөлшерлемесімен шектелгеніне қарамастан, салымшының мерзімінен бұрын алып қою мүмкіндігі бар валюталық салымдардың пайдасына таңдау жасауы жеңіл болды. Бұдан басқа, шетел валютасындағы жинақтарда жоғары тәуекел бар: кіріс алуға болады, сол сияқты шығынға да ұшырауы мүмкін. 3 банк («Эксимбанк Қазақстан» АҚ, «Qazaq Banki» АҚ және «Астана Банкі» АҚ) барлық банк операцияларын жүргізуге берілген лицензияларынан айырылған ағымдағы жағдайды ескере отырып, валюталық депозиттердің салымшылары бес миллион теңге шегінде ғана өтемақы алады, ал теңгемен салымдарды ұстаушылар 10 миллион теңге шегінде, теңгемен және шетел валютасындағы салымдарды ұстаушылар 15 миллион теңге шегінде өтемақы алады. Ағымдағы жылы теңгемен жинақ салымдары бойынша кепілдіктің ең жоғары сомасы 15 миллион теңгеге дейін ұлғайтылғанын ескере отырып, ұлттық валютадағы салымдар кредиттік тәуекелге аз ұшырайды.
Банк салымдары нарығының реттелмеген проблемалары банктік салымдардың мерзімді нарығының мәні жоғалуына әкелді және теңгелік, сол сияқты валюталық мерзімді салымдар талап етілгенге дейінгі салымдарға өзгерді. Банктік салымдардың мерзімділігіне талаптардың болмауы экономиканы кредиттеу көлемінің қысқаруына әкелді. Өз кезегінде, салымдарды мерзімінен бұрын алып қоюды ынталандырмайтын жағдайлардың болмауы банктер үшін қосымша тәуекел болмақ, банктер оны барынша азайту үшін өтімді активтерін ұлғайтуға тиіс, ол ипотека, автокредиттеу, шағын бизнесті және кәсіпкерлікті кредиттеу, тұтынушылық кредиттеу сияқты жеке кредиттік өнімдердің қымбаттауына әкеп соғады.
Нарықта әділ және түсінікті жағдайлар жасау үшін Ұлттық Банк депозиттердің жеңілдетілген құрылымын ұсынды. 1 қазаннан бастап салымшыларға салымдардың үш түрі қолжетімді болды: мерзімсіз, мерзімді және жинақ. Жаңа депозиттік желі әр салымшыға өзінің мұқтаждығына қарай қолайлы депозитті таңдауға мүмкіндік береді.
Мөлшерлемелерді ретсіз белгілеу тоқтатылды: енді мерзімді және жинақ салымдары бойынша сыйақы мөлшерлемесі банктік салым шартының мерзіміне тікелей байланысты. Мәселен, жинақ салым бойынша үш айға арналған сыйақы мөлшерлемесі 12 пайыз, ал 24 айдан астам салым бойынша 13,5 пайыз болуы мүмкін. Шетел валютасындағы депозиттердің кірістілігі өзгерген жоқ: шетел валютасындағы салымдар бойынша ең жоғары сыйақы мөлшерлемесі 1 пайыздан аспайды, ол ұлттық валютадағы салымдардың кірістілігінен 10-13 есе аз.
Нарықтың дамуына байланысты мерзімді және жинақ салымдар экономиканы, бизнесті кредиттеудің, тұтынушылық кредиттеудің өсуі үшін негізгі ресурс, ал салымшылар үшін жинақ немесе мерзімді салым жинақтарды орналастыру және кепілдік берілген жоғары кіріс алу үшін, оның ішінде банктік салым шартының мерзімі ішінде ақшаны пайдаланудың шынайы қажеттілігі болмаған жағдайда, қосымша мүмкіндік болуы мүмкін. Салымшыда банктік салым шартын мерзімінен бұрын бұзу құқығы сөзсіз сақталады.
Қазақстандық нарықта бұрын да мерзімінен бұрын алу бойынша шектеулері бар салымдар болған, бірақ дамыған елдердің тәжірибесі аталған шектеулердің заңнамалық деңгейде белгіленетінін куәландырады. Мәселен, Малайзияда заң банкке ұзақ мерзімді салымды мерзімінен бұрын алған кезде есептелетін сыйақының 50%-ынан астамын ұстап қалуға мүмкіндік береді; Германияда жинақ салымын мерзімінен бұрын алған кезде сыйақыдан толық көлемде айырылады және айыппұл төлейді. Сингапур мен Израильде жинақ салымын мерзімінен бұрын алу құқығы көзделмеген.
Жинақ және мерзімді салымдар пайда болғаннан бері нарықта салымшылардың әртүрлі топтарының міндеттеріне жауап беретін жағдайлар жасалды. Ақшаны иеленудің ұтқырлығы маңызды және салымның барлық мерзімі ішінде ақшаны пайдалануды жоспарлайтын салымшылар жинақтарын мерзімсіз салымдарға және салымды мерзімінен бұрын алумен байланысты шектеулер көзделмейтін талап еткенге дейінгі салымдарға орналастыра алады. Жинақтарын жоғарылатылған сыйақы мөлшерлемесі бойынша белгілі бір мерзімге орналастыруды жоспарлайтын, бірақ ақшаны ұтқыр жұмсағысы келетін салымшыларға мерзімді салымдар қолайлы болады. Ал ақшаны белгілі бір мерзімде жинауды ойлайтын және кепілдік берілген жоғары кірістілік және Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорынан ең жоғары өтемақы алу маңызды болатындар жинақтарын теңгемен жинақ салымына орналастыру мүмкіндігіне қарай алады.
Кез келген салымшы өзінің жеке қаражатын түрлендіре алады: банк карточкасы немесе мерзімсіз салым ақшаны пайдалануға және кез келген сәтте толықтыруға мүмкіндік береді, ал жинақтау және кіріс алу үшін жинақ не мерзімді салым ашуға болады. Сонымен қатар жинақ салымы ақшаны ірі сатып алуларға немесе маңызды мақсаттарға, мәселен отбасымен демалуға, балалардың оқуына немесе тойына ақы төлеуге, ипотека бойынша бастапқы жарнаға, машина сатып алуға жинауды жоспарлайтындар үшін өте қолайлы болады.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»