Қазақстанда биылдан бастап жаңғырмалы энергия көздерін (ЖЭК) іріктеу ісі аукциондық сауда арқылы жүргізіледі. Энергетика вице-министрі Анатолий Шкарупа Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифингте оның қалай жүзеге асып жатқаны туралы толығырақ айтып берді.
А.Шкарупа атап өткендей, ЖЭК саласындағы технологиялардың қарқынды дамуы, оған қаржы салуға ниетті инвесторлар санының артуы технологиялық шешімдері тиімді әрі ұтымды, шығыны аз жобаларды таңдау үшін әділ және бәсекеге қабілетті іріктеуді өткізуде жаңа тетікті талап етті.
«Бүгінде осы талаптарға жауап беретін жаһандық үрдіс – жаңғырмалы энергия көздерін таңдаудың аукциондық сауда тетігі», деді вице-министр. Осыған орай әлемдік тәжірибеге сүйеніп, Қазақстанда да ЖЭК жобаларын іріктеуде аукциондық сауда тәсілі енгізіліп, ЖЭК саласын іске қосуға мүмкіндік берген әрі 2018 жылға дейін қолданылып келген белгіленген тарифтерді алмастырған болатын.
«Аукциондық сауданы енгізу үшін біраз жыл дайындық жұмыстары жүргізіліп, ЖЭК саласындағы қолданыстағы заңнамаға бірқатар өзгеріс енгізілді. Жобаларды іріктеуде аукциондық сауда-саттықты тиімді өткізу үшін Энергетика министрлігі мүдделі жақпен бірлесіп аукциондық саудаға инвесторларды тартуға бағытталған ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізді», деді А.Шкарупа.
Аукциондық сауда «КОРЭМ» АҚ-тың электронды сауда алаңында өткізіледі. Барлық шараға Бақылау комиссиясы қатысады. Бақылау комиссиясының құрамында Энергетика министрлігінің, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері бар.
Көктемгі аукциондық сауда-саттық қорытындысы бойынша келесі нәтижелерге сүйенсек, екі жыл ішінде Алматы және Қызылорда облыстарында төрт күн электр стансасы іске қосылады. Үш жыл ішінде Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Маңғыстау облыстарында тоғыз жел, бір биогазэлектрстансасын салу жүзеге асырылады. Төрт жыл ішінде Алматы облысында екі су электр стансасы іске қосылады.
Биыл 3-18 қазан аралығында ЖЭК аукциондарының күзгі сессиясы өтті. Инвесторларға ЖЭК-тің барлық түрі ұсынылды. Күзгі аукциондық сауда қорытындысы бойынша екі жыл ішінде Алматы, Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстарында және Шымкент қаласының маңында сегіз күн электр стансасы іске қосылады. Үш жыл ішінде Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарында 400 МВт қуаты бар алты жел электр стансасы, төрт жыл ішінде Алматы және Жамбыл облыстарында үш су электр стансасы пайдалануға беріледі.
Энергетика вице-министрі қатты тұрмыстық қалдықтарды, қоқысты қайта өңдеу бойынша жұмыс істейтін биоэлектрстансалардың құрылысы мәселесін пысықтау қажеттігін атап өтті.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»