Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің басшылығы, Алматы облысы мен Алматы қаласының әкімдіктері және «Ақ Орда» республикалық қозғалысы мен «Бәйдібек баба» қоры біріге отырып, «Қазақ тарихындағы батырлардың рөлі» атты Қарасай батырдың туғанына 420 жыл толуына арналған республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізді.
Пленарлық және секция мәжілісінен тұратын, ауқымды екі тармаққа бөлінген конференция жұмысы есімі ұранға айналып, ерлігі ел аузында қалған Қарасайдың қаһармандық тұлғасын ғылыми тұрғыдан талдап, азаттық соғыстарында қол бастаған батырдың күреске толы тағдырының маңызын ашып көрсетуге арналды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтановтың, Алматы қаласы мен Алматы облысы әкімдігінің, «Ақ Орда» республикалық қозғалысы қоғамдық бірлестігінің төрағасы генерал Қайрат Сатыбалдының құттықтау сөзімен ашылған ғылыми конференция тарих ғылымдарының докторы, профессор Талас Омарбековтің «Қазақтың Қарасай батыры» баяндамасымен жалғасын тапты. Атадан балаға жеткен ауызша тарих – шежірелік аңыз, әңгімелердің көпшілігі өзгеріске ұшырайды, қайсысы ақиқат, қайсысы аңыз екендігін екшеп алу тарихтың үлесінде болса да, батырдың заманына қатысты деректерге сүйене отырып тың тұжырымдар жасау – ғылымға аманат, ғалымдарға – парыз. Т.Омарбеков Алатау бөктерінде туып-өскен батырдың Есім хан заманында соғысқа кіріп, 17 жасынан басталған баһадүрлік тағдырынан сыр шертетін бірталай тарихи дерекпен таныстырды. Тарихшы ғалым жастайынан байрақ көтеріп, суырылып көзге түскен Қарасайдың даңқын асырған негізгі үш соғыс туралы баяндады, олар – терістіктегі Тобыл, Хазар (Каспий) теңізі бойындағы қалмаққа қарсы 83 күндік соғыс және әйгілі Орбұлақ шайқасы. Қарасаймен бірге қалмаққа қарсы шапқыншылықтың бәрінде бір-біріне қалқан-демеу болып, ел-жер үшін шарпысқан шешуші сәттерде әрқайсысы жүз жауынгерге татыған Ағынтай, Жиембет, Сарбұқа, Көксерек, Табай батырлардың да ерлік істері аталып өтті. «Халық Қарасайды есінде сақтап қалды. Оны топонимикалық атаулар дәлелдейді. Кезінде Қарасайдың қалмаққа қарсы ерлік күресінің куәсі болған жер-су атаулары да халыққа кеңінен әйгілі болды. Жетісуда Қарасай атымен аталатын жеті сай, үш қыстақ, бір тау, бір шоқы бар. Тағы бір ескеретін мәселе, Қарасай батыр қалмақтарды жеңген жер атаулары батырдың өзінің атымен емес, соғыс нәтижелерімен аталып кеткен», дейді профессор Т.Омарбеков.
Конференцияда М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры Зарқын Тайшыбай тарихшының сөзін тереңдете келіп, «Батырлары бар ел мақтанар» атты тақырыппен жасаған баяндамасында Петропавл қаласының төрінде тұрған Қарасай батырға арналған спорт кешенінің, ескерткіштің Ағынтай батырмен достығын дәлелдейтінін, олар, батырлар, тек ерлік істерімен ғана емес, елінің мұң-мұқтажын ойлаған жанашырлығымен дау-шардың ортасынан табылып, әділ төрелігін айтқан парасатты ісімен де ел тарихында есімдері жазылып қалғанын айтты. «Бәйдібек баба» республикалық қорының президенті, жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы «Қарасай батыр туралы аңыз бен ақиқатты» саралап, осыдан төрт ғасыр бұрын дүниеге келіп, бүкіл өмірін ел қорғау ісіне арнаған Қарасай батыр туралы қазақ жеріне тараған шежіре-шындық әңгімелердің бір парасын тарқата айтып, ауыз әдебиетінің мәліметтерін жазба дерекке негізделген тарихи оқиғалармен салыстырды.
Конференцияда академик Хангелді Әбжанов, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бақыт Еженханұлы, тарихшы-профессор Берекет Кәрібаевтар да мінбеге шығып, Қарасай батырға қатысты тарихи деректермен бөлісті.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ