• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 13 Қараша, 2018

Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің ашық пікірталастарында көп жақтылықты нығайтуға шақырды

390 рет
көрсетілді

Қазақстанның делегациясы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде көп жақтылықты нығайтуға мүдделі екендігін мәлімдеп, бүкіл әлем мемлекеттерін халықаралық құқықты, БҰҰ Жарғысының қағидалары мен мақсаттарын құрметтеуге негізделген жаһандық тәртіпті және қауіпсіз әлемді құру үшін бірігуге шақырды, деп хабарлайды Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі. 

Көпжақты ынтымақтастықтың мәселелеріне арналған отырыс 9 қарашада Қауіпсіздік Кеңесінде осы айда төрағалық ететін Қытайдың бастамасы бойынша өтті. Биылғы жылы және БҰҰ Бас Ассамблеясының 73-ші сессиясындағы жалпы саяси пікірталастарының барысында ең басты тақырып осы болды.

Қазақстан өкілі, ҚР-ның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілінің орынбасары Қанат Тұмыш өз сөзінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. XXI ғасыр» манифестін еске салды. Онда Мемлекет басшысы әлемнің көшбасшыларын әлемдегі әділ экономикалық және әлеуметтік тәртіпті орнату үшін бірлесіп жұмыс істеуге, сондай-ақ БҰҰ-ның 100 жылдығына орай қақтығыстарды, терроризмді тоқтатуға және жаппай қырып-жоятын қаруды жоюға шақырды.

«Шешілмеген қақтығыстар, көпке созылған соғыстар, терроризм, экстремизм, кедейшілік, індет, заңсыз көші-қон және климаттың өзгеруі сияқты мәселелер барлық халық үшін ортақ. Бұл проблемаларды өңірлік және жаһандық деңгейдегі осалдық, халықаралық құқықтық нормалардың эрозиясы, ішкі істерге араласу, прокси-соғыстар мен Жаппай қырып-жою қаруын қолдану қаупі қиындатып отыр», - деп атап өтті Қазақстан өкілі.

Сонымен бірге, ол халықаралық дәрежеде бірге өмір сүруді, атап айтқанда, жаһандық басқаруды, жалпы жауапкершілікті және ұжымдық іс-әрекеттерді реттейтін қағидаттарды нығайтудың маңыздылығын атап өтті.

Осы тұрғыда осы жаһандық құбылысқа қарсы ымырасыз күресуді қолдауға ниеттес БҰҰ-ның 70-тен аса мүше мемлекетінің басын бір коалицияға біріктірген Терроризмнен азат әлемге қол жеткізу тәртібінің кодексін Қазақстанның бастамасымен іске қосу аталды.

Сонымен қатар, Қазақстан делегациясы БҰҰ-ның қауіпсіздік пен бейбітшілік мәселелері бойынша бар алаңдар мен диалогты нығайту үшін АӨСШК, ШЫҰ, ҰҚШҰ, ИЫҰ, ЕО, ЕҚЫҰ және тағы басқа сияқты халықаралық және өңірлік ұйымдармен және құрылымдармен ынтымақтастықты күшейту қажеттігін атап өтті.

Қазақстанның көпжақтылық үшін ісжүзінде қосқан үлесіне, яғни 120 жоғары білікті бітімгершіні БҰҰ-ның Ливандағы Уақытша күштеріне бағыттау үлгісіне ерекше назар аударылды. «Біз қазақстандық бітімгершілік контингенті Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі жұмысы барысында өрістегенін мақтан тұтамыз», - деді Қ. Тұмыш.

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш те өз сөзінде бітімгершілікті халықаралық ынтымақтастықтың оң мысалы ретінде ерекше атап өтті. «Бейбітшілікті қолдау операциялары көптеген елдерге қарулы қақтығыстармен күресуге көмектесті. Көбінесе біздің операциялар басты рөл атқарып, қантөгісті және хаосты тоқтатуға мүмкіндік береді», - деді А. Гутерриш. 151 мемлекет, оның ішінде Қазақстан және 4 жетекші халықаралық ұйым БҰҰ аясында әзірленген бітімгершілік саласындағы іс-әрекеттер жоспарын қолдады. Сонымен қатар, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің ашық пікірталастарына БҰҰ Бас Ассамблеясы 73-ші сессиясы төрағасының міндетін атқарушы Әлия Әл-Тани, ЭКОСОС төрағасы Инга Кинг және БҰҰ-ның халықаралық қылмыстық сот төрағасы Ахмед Юсуф қатысты.