Аңсап жеткен атажұрттың топырағына табаны тиген сәтте-ақ тілмен айтып жеткізгісіз сезімнің құшағына бөленген. Сол әсерден көпке дейін арыла алмады. Тіршіліктің қым-қуыт шаруасы да естен шыққан. Өң мен түстің арасында жүргендей болған ағайын кейін өмір ағысына ілесіп, ата қонысқа қазығын қағып, жерсініп кетті.
Биыл Шортанды ауданына бес отбасы, яки 18 адам қоныстанды. Былай қарағанда тым аз болғанымен, ана тілі мен ұлттық салт-дәстүрінің мұртын бұзбай сақтаған осы ағайынның сары ормандай самсаған өзге жұрттың қақ ортасына топ ете түсуі де бір олжа. Зайыры Шортанды тыңның эпицентрі атанған өлке. Ауыл-аймақтың бәрі дерлік тыңгерлердің қонысы. Тәуелсіздік алғанға дейін өзге тіл, бөтен салт-дәстүр жайлаған жер еді. Енді міне, бірте-бірте өз топырағымызда өзіміздің өңіміз жадырап келеді. Тәубе дерлік.
Шортанды ауданының халықты жұмыспен қамту орталығының басым бағыттарының бірі – атажұртқа қоныс аударған ағайынға мүмкіндігінше қолдау көрсету. Орталық өз жері болса да, әп еткен бетте жатырқап қараған жандарға мемлекеттік қолдау түрлерінің қандайына қол жеткізуге болатынын, ортаға бейімделіп, жұмысты қалай табу керектігін тәптіштеп түсіндіруде.
– Атажұртқа көшіп келген ағайынға субсидия түрінде көмек көрсетіледі, – дейді аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Ерлан Жапаров, – әрбір адамға 35 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қаржы бөлінеді. Оған қоса, пәтер жалдап тұру қажет болса, өтемақысы да қарастырылған. Ол келісімшарт арқылы негізделеді. Қоныс аударған отбасы бір жыл бойы осы көмекке арқа сүйейді.
Бір кезде төрткүл дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашылған қандастарымыздың бірі – Маман Қыдырбек Қытайдан көшіп келіп отыр. Әзірге Новокубанка ауылында пәтер жалдап күнелтуде.
– Қол қусырып қарап отырудың жөні жоқ, – дейді Маман апай, – азын-аулақ мал сатып алып, тырбанып жатырмыз. Әлі-ақ қатарға қосылып кетеміз ғой. Тәубе, туған жердің төсіне жеттік. Енді қалғаны оңай. Әуел баста қиналып қаламыз ба деп қорыққанымыз да рас. Бірақ ел ыстық құшағын жайып, бауырына тартып жатыр. Қамқорлық көрсеткен мемлекетімізге де, ел ағаларына да мың да бір рахмет. Солардың жанашырлығының арқасында балаларымыз да жетіліп өсіп, қатар құрбыларымен үйренісіп қалды.
Апайдың айтуына қарағанда, ата қонысқа ұрпағы үшін жеткен. Желкілдеп өсіп келе жатқан бауыр еті – балалары өз жұртында өссе арман бар ма?! Және бір сөзі көкірегімізді уылжытып жіберді.
– Сол балалар, – дейді апай, – елге масыл емес, асыл болуға келіп отыр. Асылдығы, өз елінің көркеюіне үлестерін қоспақ. Байлам сол, мақсат та осы.
Осындай аталы сөзден айналып кетсең болмай ма?!.
Байқал БАЙӘДІЛ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы, Шортанды ауданы