Бір дәрігер орта есеппен 1900 адамды қарайды. Қалалық жерде бұл сан 3 мыңға жетеді. Негізінде бір дәрігерге келетін халық жүктемесінің нормативі – 1700. Қазір Атырау облысында 304 учаске бар, дәрігерлер жүктемесінің нормаға сай болуы үшін кем дегенде тағы 20 учаске ашу керек. Медицина саласында маман тапшылығы әлі күн тәртібінде тұр. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін облыс әкімдігі медициналық жоғары оқу орындарына грант бөлуді қолға алған болатын. Жергілікті атқарушы биліктің қолдауымен былтыр 34, биыл 54 мектеп түлегі грантқа ие болды. Өткен жылы өңірге 168, биыл 142 дәрігер келді. Алайда мұнайлы аймақ әлі де маманға мұқтаж.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк Аймұрзиеваның айтуынша, атыраулықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы − 73,2 жас. Биылғы он айда өлім көрсеткіші 2,1 пайызға өскен, әсіресе сәби өлімі 23 пайызға дейін көтеріліп отыр. Мұны басқарма басшысы нәрестелердің шала тууымен байланыстырады. Облыстық перинаталдық орталықта жыл сайын 500-ге жуық бала айы-күні жетпей өмірге келеді. Жыл басынан бері 495 нәресте шала туған. Қазір медицина дамыған, 400 грамдық нәрестенің де жанын сақтап қалуға болады. Дегенмен, бұл да оңай жұмыс емес. Есепте тұрған жүкті әйелдердің 23 пайызының денсаулығында кінәрат бар. Тағы бір мәселе – туберкулез ауруының көрсеткіші едәуір артып отыр. Мұны мамандар екпеден бас тартудың салдары дейді. Биылдың өзінде 408 адам құрт ауруына қарсы екпе салдырмаған.
Облыстық қоғамдық денсаулықты сақтау департаменті басшысының орынбасары Ерболат Уайысов соңғы 3 жылда түскен 153 шағымның жартысынан көбі медициналық қызметтің сапасына байланысты екенін айтады. Соның ішінде ауруханалардың сырқат адамды қабылдаудан бас тартуы, жұмысқа жарамсыздық жөніндегі құжатты алудағы қиындықтар мен жедел жәрдемнің кешігіп келуі секілді шағымдар жиі кездеседі. Облыстық мәслихат отырысында «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асуы туралы талқылауда Е.Уайысов тағы бір проблеманы айтты. Бұл – биологиялық қалдықтарды көмуге арнайы орын қарастырылмағаны. Аудандардағы денсаулық сақтау мекемелерінде биоқалдықтарды ғимарат ауласына төге салу деректері анықталған. Емханаларда қаңтарылып тұрған қымбат қондырғылардың ахуалы да көңіл көншітпейді. Облыстық ауруханадағы жалғыз томограф жарамсыз күйде тұрғанына біраз уақыт болды. Соның кесірінен тұрғындар жеке емханаларға қаралуға немесе басқа қалалар мен елдерге баруға мәжбүр.
Жыл сайын денсаулық сақтау саласына қыруар қаражат бөлінеді. Атырау облысында биыл 27,9 млрд теңге осы бағытқа қаралды. Саладағы шешімін күткен мәселелер ретін табарына сенгіміз келеді.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ