• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
Саясат 22 Қараша, 2018

Тыныштықбек Әбдікәкімұлы: Кеңістік пен Уақыт феномені

1417 рет
көрсетілді

Дәл бүгінгі күн біз үшін үлкен толғаныспен басталды. «Egemen Qazaqstan» газетінде Президентіміздің «Ұлы даланың жеті қыры» деген мақала­сы шықты. Оны мақала деп емес, Президенттің бұрын жария еткен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының парасаттылық негізіндегі басты ұстыны, матрицасы десек те болады.

«Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт» және «Тарихи сананы жаңғырту» атты екі бөлімнен тұра­тын ол мақаланың алғашқы бөлімі «Ұлы даланың жеті қыры» туралы баяндаса, екінші бөлімі сол «жеті қыр» феноменінің елдің бүгіні мен болашағына қалайша қызмет етуі жайындағы басты алты тұжырымнан тұрады.

Иә, аталмыш мақаланы оқып шыққан соң, қатты толғанғаны­мыз­ды жасырмаймыз. Өйткені ел тәуелсіздігін алған кезеңнен бастап, біз де, өзімізше, Ұлы даламыз бен Көшпелі өмір сүру салты (КӨСС) және Отырықшы тірлік ету салты (ОТЕС) ғаламаттарының сырына үңілумен, өзімізше зерттеп-зерделеумен келеміз. Елбасының бұл мақаласының біздегі ой-толғам­дарға да, жалпы, сан саладағы ға­лым­дарымыз бен зиялы қауымның аса көрнекті тұлғаларының Елтану ғы­лы­мы жолында өлермендікпен ат­қарып жатқан шаруаларына да, елдің рухани тірлігіне де өте қуат­ты серпін берерлік маңызы мен мә­нісі айрықша. Кеңістік пен уа­қыт­­тағы ұлт тарихын, рухани жаң­­­ғыру арқылы, барынша кемел тану жолындағы жасампаздық жұ­мыстарының да осы мақаладан кейін бұрын-соңды болмаған пәрмен мен қарқын аларына сенеміз. 

Кеңістік пен уақыт демекші, бағзы дана бабаларымыздың дүние­таны­мы бойынша, Олар мына­­­дай бестік­тің екі алапаты: «ТӘҢІРІ – Эма­­н­а­ция – Уақыт – Қозғалыс – Кеңістік. 

Жә, айтарға сөз көп. Ең бас­ты мәселе – Өзтаным. Бағзы баба­­­­­­лары­­мыздың «Өзін таныған – Тәңі­­рі­сін таниды» нақылынан біле­тініміздей, Өзтанымның жеке бас үшін де, Ел үшін де, Адамзат үшін де маңызы орасан. «Сөзім – Өзім» (С. Торайғыров) демекші, Өзтаным ғылымы Сөзтанымнан бас­талады. Сөзтаным – Жазмыш­тану (Тарихтану). Себебі кеше ғана отырықшылыққа еріксіз мойын­­сұнған халқымыздың атамзаманнан бер­­­гі генеалогиясы мен тағдыр-тари­­­хы – Ата Тілінде сақталған. Ата Тіл, біз үшін ұлттық дүниетаным, салт-дәс­түр, тарих, өнер, кәсіп, ғы­лым, бі­лім, дін. Ол – бүкіл өміріміз. «...Қазақ тілін білсе еді: ғылым-білім де осында, дін де осында, әулие­ші­лік те осында. Солай болғаны үшін, бұрынғы өткен ата-бабаларымыз бәрі жақсы болып, әулие болып өтті», «Асылы, қазақ тілі – жұмбақ, не айтса, бәрінің шешуі бар, шешуін білуге тырысу керек» дейді әулие Мәшһүр Жүсіп. Қысқасы, Сөзтанымның қамтымайтын саласы жоқ. Ол – Бестаным (Адамтану, Табиғаттану, Күнтану, Ғарыштану, Құдайтану) кілті. Біздің арғы-бергі бабаларымыздың – Сөзді культ дәрежесіне дейін көтергені де содан. «Сегіз тұтам сары садақ секірген аңды сұлатар. Сегіз қырлы өткір Сөз ақырған Ерді құлатар» дейтін де Қазақ. Енді қараңыз, әлемдік тіл ғылымы мен білімінің бір де біреуі­нен «Сөздің сегіз қырлы» керемет екендігін таба алмайсыз. Ал онда Бестанымға қатысты көнеден келе жатқан керемет философия бар. 

Сөзтанымда «Атқа міну мәде­ниетінің» де өз пәлсапасы бар. Ол ғылым «Адам – сөйлескенше, жылқы – кісінескенше», «Жыл­қыға бас білдіру», «Қазақ – жылқы­мінезді» секілді рухани сансыз формулалардан басталып береді. Олар өз кезегінде, Адамдық Рух пен сананың «кентаврлық» (жартылай адам – жартылай жылқы) сипатын да тамаша ашып береді. Ол да – Адамтанудың сыры ашылмай жатқан ежелгі бір концепциясы. Адамтануды меңгерудің маңызын «Ес түзелмей, ештеңе де түзелмейді» нақылы паш етеді. Қысқасы, Сөзтаным мен Сөз культінің – Президентіміз баян еткен «Мәңгілік Ел» идеясының басты теориясы әрі Ұлы даланың басты қыры екені сөзсіз.

Жалпы, біздің Ұлы дала туралы пайымымыз жарықтық Аман­тай Айзахметовтің «Біздің Ұлы дала – әлемдік барша көне патша­лық­тардың алтын бесігі» деген пікірімен сабақтасып жатады. Мәселен, ол кісі бір кітабында Крит аралынан табылған тастағы жазуды «Шеше көрген – тон пішер, Әке көрген – оқ жонар» түрінде оқиды. Ал біз мұқият қарап, ол жазудың «Шеше көрген ұл – тон пішер, Әке көрген қыз – оқ жонар. Таққа сол лайық» деген сөз екенін анықтадық. Дүниенің басқа бір шетіндегі криттік ол мысал – «Біздің Ұлы дала – әлемдік барша көне патшалықтардың алтын бесігі» деген тұжырым дұрыстығының бұлтартпас бір айғағы әрі Бестаным негізі ретіндегі Сөзтанымның Ел болашағының рухани кепілі екенінің басты бір дәлелі. 

Иә, айтарға сөз көп... айтыла да жатар келешекте. 

Қадірлі достар, біз «Ұлы дала­ның жеті қыры» мақаласын оқи салысы­мен, оның мазмұны мен мәнісі һәм маңызы жайлы бір-екі ауыз сөзімізді сіздерге айтып жет­кізуге асықтық. Енді мұны бүкіл халық болып талқылау ісіне ай­рық­­ша мән беруіміз керек. Осы мақа­ла негізінде ұлт зиялылары мен шетел­дік білгірлер өзара бас қосар­лық талай халықаралық форумдар мен конференциялар өткізудің аса қажет екені де даусыз.

Тыныштықбек ӘБДІКӘКІМҰЛЫ, 

ақын, әдебиетші

Шығыс Қазақстан облысы