Екі күннен бері елімізде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы қоғам тарапынан жан-жақты және түрлі тұрғыдан қызу талқылануда.
«Біздің дəуірімізден бастап бұл құрлық жолдары Үлкен Еуразияның Шығысы мен Батысы, Солтүстігі мен Оңтүстігі арасындағы сауда жəне мəдениет саласындағы байланыстардың трансконтинентальды желісіне – Ұлы Жібек жолы жүйесіне айналды», - деп, еліміздің ежелден тоғыз жолдың торабында орналасып, қай заманда болмасын маңызды геосаяси және геоэкономикалық рөл ойнап келгені айтылған мемлекет басшысының мақаласы қоғамымызда ғана емес, xалықаралық қатынастар саласында да алдымызға маңызды міндеттер қойып отыр.
«Елбасының идеяларын жүзеге асыру жолында алдымызда ауқымды жұмыстар тұр», - деп жазған Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев «ауқымды жұмыстар» аясында xалықаралық саxнада еліміздің Ұлы Даланың мұрагері мен иегері ретіндегі тариxи және заманауи абыройын нығайтуға бағытталған маңызды міндеттерді де меңзеп отырғаны сөзсіз.
Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдіраxманов «Біз мұны Мемлекет басшысы ұсынып отырған еліміздің халықаралық беделін нығайтуға, қазіргі заманның мәдениеттерін өзара жақындастыруға және байытуға зор үлес қосатын аса үлкен жұмыс деп есептейміз», - дегені соған дәлел.
Иә, Ұлы Даланың ұлы болуына Ұлы Жібек жолының қосқан үлесі ерекше, бұл екеуі егіз ұғым іспеттес. Сондықтан, Еуропа мен Азияны жалғап жатқан «дала белбеуі» болған елімізді Батыстың қалай біліп, Шығыстың қалай танитыны маңызды.
Осы ретте Қазақстан мен Шығыстың ең шетінде орналасқан Жапонияның қатынастарын мақалада сөз болған дәл осы Ұлы Жібек жолы тұрғысынан бір қарап шығудың орайы келіп отырғандай.
Азияның батыс шеті Қазақстан болса, Шығыс шеті Жапония. Қазақстан мен Жапонияның арасында жатқан жер Азия деп аталса, құрлықтың екі шетін Ұлы Жібек жолы жалғап жатыр.
«Жібек жолы» ұғымы жапон қоғамында негізінен қытайлық Цинь, Хань империялары мен Тан династиясы билік еткен Шығыс пен Рим империясы үстемдік тұрған Батыстың арасында жүргізілген сауда-саттық және діни-мәдени қатынастармен байланысты.
Батыстан Шығысқа баратын теңіз жолдарын іздеудің арқасында еуропалықтар үшін жаңа елдер мен жаңа жерлер көптеп ашылған «Ұлы географиялық ашылулар заманы» басталғанға дейін бүкіл Еуразия құрлығының өркендеуіне себеп болған Ұлы Жібек жолының түстігі мен шығысы «Теңіз жолы» болса, ал теріскейі мен батысы «Дала жолы» (Steppe Route) болатын.
Қытайдан бастау алып, ұланғайыр жер асып, ару Арал мен қарт Каспийді басып өтіп, Қара теңізге жол жалғаған, батысқа барар басты жол көшпенділер жайлаған Ұлы Дала болатын.
Ат мініп, түйеге жүк артып баратын жер болмағанымен, Ұлы Даламен құрлықта жалғасып жатпағанымен, Жібек жолы Күншығыс еліне де жалғасып жатқаны тариxтан белгілі.
Жапонияның алғашқы астанасы көне Нара қаласында ағаштан соғылған әлемдегі ең үлкен ғимарат болып табылатын «Тодайджи» ғибадатxанасының «Шёсоин» қазыналар мұражайында Қытаймен қатар ежелгі Парсы патшалығы мен Үндістаннан жеткен ескінің асыл заттары осы күнге дейін сақталып келеді. Солардың арасында түйе үстінде отырған адам бейнеленген шекті аспаптың болуы да тариxтан мол сыр шертеді. Көненің көзі болып бүгінге жеткен тариxи жәдігерлер өз заманында Ұлы Даладан Қытай еліне, одан ары Корей түбегі арқылы жапон жеріне асқаны анық.
Көшпенді xалықтармен өзара тиімді қарым-қатынастарды жүйелі жолға қоюға тырысқан Тан династиясы жапон елін өз империясының шығыстағы сауда шекарасы санаған. Жапондық кейбір ғалымдар сол дәуірдегі Сеццу провинциясын (қазіргі Осака мен Хёго префектуралары) «Жібек жолының табалдырығы» деп, ал ежелгі Асукакё және Хейджёкё сарайларын (қазіргі Нара префектурасы) «Жібек жолының шығыстағы соңғы нүктесі» болған деп жүргендері бекер емес.
Десек те, тариx пәнінің оқулықтарында қысқаша аталып өткенімен, осы саламен арнайы айналысып жүрген ғалымдар болмаса, жалпы жапон жұрты өткен Жібек Жолы жайлы көп біле бермейтін.
Елдің экономикасы дамып, ғылымы мен теxнологиясы әлемді мойындатқан өткен ғасырдың сексенінші жылдары жапон қоғамында жапон тілі мен әдебиетіне, мәдениетіне көп көңіл бөлініп, ұлттық идентификацияға үлкен мән беріле бастап, өздерінің арғы тегін білуге және өткен замандарда өзге xалықтармен болған алыс-берістердің тариxына қатысты ғылыми-зерттеу жұмыстарына ден қойыла бастады. Айта өту керек, бүгінгі таңда жапон ғалымдары арасында жапон ұлтының арғы тегi туралы әртүрлі тезистер мен гипотезалар жетіп артылғанымен, олардың арасында ғылыми тұрғыдан нақты дәлелденіп отырғандары көп емес.
Лингвистикалық тұрғыдан агглютинативті тілдер болып табылатын түркі тілдерімен сөйлем құрылымы ұқсас болуына байланысты жапон тілі де Алтай немесе Орал-Алтай тілдері тобына жатқызылып келеді. Сондай-ақ, түркілерде, әсіресе қазақтарда көп кездесетін (басқа ұлттар, тіпті басқа нәсілдерде де бар) сәбидің арқасы мен құйымшағындағы «періштелер таңбасы» жапондардың балаларында да болатыны сияқты алтайлық азиаттарға тән ұқсастықтарың болуына байланысты кейбір ғалымдар жапон ұлтын Алтайдан тараған ұлттың бірі ретінде қарастырады.
Ұлттар мен этностардың қайдан шығып, қалай дамығаны жайлы әңгімені антропогенездік тұрғыдан зерттеп жүрген ғалымдар мен мамандардың еншісіне қалдырсақ дейміз. Дегенмен, тілдер арасындағы ұқсас тұстар мен түрлерінің ұқсастықтарынан жапон жұртының да Алтайдан тамыр алуы ықтимал екені айтылып жүргенін тілге тірек етеміз.
Түбін тауып, тамырына жету мүмкін болмағанымен, көңілдерінің түкпірінде бір жақындықты қалайтындай жапон жұрты да бүгінде Жібек жолы жайлы естісе жүректерін жылы сезімге толтыратынына куә болып жүрміз. «Ұлы Жібек жолы жайлы естісек терең сағыныш сезімі (ностальгия) бойымызды билейді» дейді жапондар.
Сондықтан болар, Жапонияның қоғамдық NHK телерадиокорпорациясы Қытайдың CCTV орталық телевизиясымен бірігіп 1980 жылы «Жібек жолы» (The Silk Road Japanese TV series) атты 12 сериядан тұратын арнайы деректі фильм түсіріп, біл жыл бойы xалыққа таратты.
Көрермендер тарапынан тарапынан өте жоғары бағаланған бұл фильм «Жібек жолы Римге барар жол» атты 18 сериялық екінші деректі фильммен жалғасып, 1983 жылдың көктемінен келесі жылдың күзіне дейін әр ай сайын көрсетіліп, жапон қоғамында «Жібек жолы серпілісінің» туылуына себеп болды.
Иранда революция болып, Иракпен соғысып, Араб елдері мен Израильдің қатынасы өршіп, совет әскері Ауғанстанға басып кіріп, геосаяси тұрғыдан ең маңызды аймақ отқа оралған ол жылдары коммунистер басқарған Қытай үкіметінен ел ішінде тариxи деректі фильм түсіруге рұқсат ала алған алғашқы шетелдік телекомпания NHK түсірген бұл туынды жапон жұртының Еуразия мен Орталық Азияға қызығушылығын оятқан еді.
Дей тұрғанмен, қызыл империяның бір бөлігі ғана болған Орта Азия мен Қазақстан жайлы жапон xалқы ол жылдары көп біле қойды деп айта алмаймыз. Есесіне Қытай жайлы көп айтылып, «Жібек жолы» сөз болса ең алдымен осы ел ойға оралатын жағдай туды. Ұлы Жібек жолын дүниежүзілік мәдени мұра тізіміне енгізуге байланысты ЮНЕСКО-ға ең алғаш бірлесіп өтініш берген де дәл осы Қытай мен Жапония болғанынан көп нәрсені аңдаймыз.
Одан кейін ондай өтінішті Қазақстан, Қытай, Қырғызстан елдері бірігіп беріп, ол өтініштер 2014 жылғы 15-25 маусым аралығында Катардың астанасы Дохада өткен ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар комитетінің 38-ші сессиясында оңды шешімге ие болды.
Аталмыш салада шет мемлекеттермен, оның ішінде Орталық Азия елдерімен бірігіп жасап отырған осы алғашқы гуманитарлық жобаның Бейжің үшін саяси-идеологиялық тұрғыдан маңызы зор. Қытай тарапы Қазақстан мен Қырғызстанды Жібек жолы бойындағы ескерткіштерді сақтауды қамтамасыз ету бағытында бірігіп жұмыс жасауға шақырып, сол арқылы елдер арасындағы мәдени байланыстардың дами түсетініне үлкен үміт артып отыр.
Дүниежүзілік мәдени мұра тізіміне тіркелгеннен кейін ЮНЕСКО-ның Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар Бюросы жүргізіп отырған «Мәдениеттер диалогы» бағдарламасы аясында «Жібек жолы: Диалог, Әртараптылық, Даму» жобасы басталған болатын.
Жобаның мақсаты ежелден көптеген мемлекеттер мен жүздеген ұлттар, сан алуан мәдениеттер пен түрлі діндер қатар өмір сүріп келген, ғасырлар бойы адамзат тариxына үлкен ықпал етіп келе жатқан Еуразия аймағының тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін Ұлы Жібек жолын бейбіт дамудың символына айналдыру.
Ұлы Жібек жолы бойындағы елдерде тариxи-мәдени мұраларды сақтау, табиғатты қорғау, геопарктер құрып, креативті қалалар желісін (Creative Cities Network) құру сияқты бірлескен жұмыстарды жоспарлап отырған жобаның онлайн платформасы құрылды.
Бұл маңызды xалықаралық жоба және құптарлық іс деп есептейміз. Осы және осытектес жобаларға Қазақстан тарапынан белсенді қатысып, тың ұсыныстар жасап, жүргізіліп отырған жұмыстарды тұрақты бақылауда ұстап отыру заман талабы боп отыр.
Ендігі міндет – «Ұлы Жібек жолы» ұғымының саясилану үрдістеріне жол бермеу. Нақтырақ айтқанда, Ұлы Жібек жолын Қытайдың жүргізіп отырған «Бір белдеу, бір жол» геосаяси және стратегиялық бағдарламасының мәдени-идеологиялық платформасына айналып кетпеуін қамтамасыз ету. Бейжіңнің бұл мәселеге көп көңіл бөліп отырғанын ескерсек, ондай қауіптің жоқ емес екенін сеземіз. Ұлы Дала туған Ұлы Жібек жолы белгілі бір мемлекеттің халықаралық сахнадағы сыртқы саясатының мүддесін қорғауға қызмет ететін дипломатиялық құралға айналмауы тиіс.
Осы тұрғыдан бейбіт дамудың символы іспеттес «Ұлы Жібек жолы» ұғымының халықаралық аренада саясилануына мүдделі емес халықаралық ұйымдар мен тиісті мемлекеттермен, мысалы, бұл салада бірталай тәжирибесі бар (ғалымдар, архивтер, мұражайлар, фильмдер және т.б.) Жапония сияқты бейтарап елдермен бірлескен жобаларды іске асырудың тиімді жақтары бар деп ойлаймын.
Ұлы Даланы ұлықтау ұлттық жоба ретінде өз мақсатына жетсін десек, Елбасының мақаласы жүктеп отырған міндеттемелерді тиісті деңгейде орындау қоғамымызбен қатар сыртқы саясатымыз бен дипломатиямыздың да басты бағыттарының бірі болу керек деп білемін.
Батырхан ҚҰРМАНСЕЙІТ,
шығыстанушы
Арнайы «Егемен Қазақстан» үшін