Нұрсұлтан Назарбаевтың аса ауқымды мемлекеттік істерді басқаруы және ұйымдастыруы, елді дамыту бағдарламаларын жасауға тікелей өзі араласуы, ірі реформалардың авторы әрі теоретигі есебіндегі рөлі мен қабілеті дүние жүзіне аян.
Оның «Қазақстан» аталатын елді әлемдік деңгейге сүйреп алып шығып, дүние жүзіне таныстырғаны және аз ғана жылдың ішінде дамыған елдердің қатарына қосуы бұл сөзімізді толық дәлелдейді. Ол – жан-жақты білімді, ізденімпаз, жаңашыл, ойшыл қайраткер, қажымас қайрат иесі. Оның бір мезгіл болсын қолының босағанын ешкім білмейді. Істен босаса, ойға беріледі, қағазына үңіледі, тұжырымын, жоспарларын халқымен бөліседі. Соңғы жылдары ол қазақ халқының өмірі, тіршілігін терең зерделеп, оларды жаңа заманауи талаптарға сәйкес жаңарту, жаңғырту идеяларымен шұғылданып жүр. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы, соңғы халыққа Жолдауы және жаңа жарияланып отырған «Ұлы даланың жеті қыры» атты еңбегі осыны айғақтайды. Бұрын сырт елге «Великая степь» есебінде белгілі болған мәдениеттен тыс қалған, сырын ішіне бүккен бағаналы байтақты ұлы мемлекет деп жариялау оңай нәрсе емес. «Мәңгілік Ел», «Ұлы дала» деп жаңа атауларына қоғам мен әлемнің бойын үйретіп, соны дәлелдеуге жол ашуы – Елбасымыздың әрі тапқырлығы, әрі саяси көрегендігі. Ондағы уақыт пен кеңістік өлшемдерінің өзі авторды сол алып Даланың тарихына үңілдіреді. Сондықтан ол ойын, ісін тарихтан бастауды жөн көреді.
«Бұл – тарихқа деген дұрыс ұстаным, − дейді Елбасы. – Сол арқылы түп-тамырымызды білуге, ұлттық тарихымызға терең үңіліп, оның күрделі түйінін шешуге мүмкіндік туады».
Мемлекет басшысы еңбегінде Қазақстан халқы жеке жұрнақтарымен емес, тұтастай қазіргі заманғы ғылым тұрғысынан жинақты талданып беріледі. Еңбектің негізгі ойы – осы елдегі бүгінгі өзгерістер мен жетістіктер сырттан келмегенін, осы далада пайда болып, Батыс пен Шығысқа, Күнгей мен Теріскейге таралғанын, бабаларымыздың өмірі мен істері қазіргі технологиялық жаңалықтармен байланысып жатқандығын деректермен дәлелдеу. Автор «қазақ» этнонимінің пайда болу дәуіріне, кейінгі замандарда оның тарихы басқа да этностарға ортақ «Қазақстан тарихына» айналғанына көңіл аударады. Сол даланың негізгі ерекшеліктері жөніндегі ойларын ортаға салады.
Еңбектің «Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт», «Тарихи сананы жаңғырту» атты екі үлкен тарауға бөлінуінің де логикалық негізі бар.
Өйткені қасиетті даланы мекен еткен халықтың және оның тұқым-зәузатының өмірі мен тіршілік жағдайын ақыл-ой танымымен қарастыру бір бағыт болса, елдік құрылымдар мен бұрынғы-кейінгі жұрттың тарихқа енгізген жаңалықтарын, ізденістерін тарих сабағы аясында зерттеу, әлі де толық игеру – әрі тың, әрі маңызды мәселе.
Ұлы даладан тараған тарихты Елбасы жылқыны қолға үйретуден, атқа міну мәдениетінің тууынан, осыған қатысты ата кәсіпті дамыту негіздерінен бастайды. Ботайдың жылқының жалындағы жаһандық өнегесін қайта бір байыптайды. «Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды» деген түйіннің шешімін әскери саладағы теңдесіз революциямен түсіндіреді.
Бес қаруын асынған салт атты сарбаз айбарлы көшпенділер империясының тарих сахнасына шықты. Ат үстіндегі жауынгердің өзіне лайық ықшамды киім үлгісі туды. Ер-тұрман, басқа ат жабдықтары дүниеге келді. Сарбаз бен оның мінген атын қорғар сауыт жасалды. Қылыштасу, садақ ату кәсібі шықты. Отты қару пайда болғанға дейін (ХІХ ғасыр) үстемдік құрған осы атты жауынгер көп уақыт өз дәуірінің рәмізіне айналды. Атқа міну мәдениеті біртіндеп басқа салада да Дала халқының жаңа құндылықтарын дүниеге әкелді. Аң аулау, жануарлар бейнелерін өмірде пайдалану тұрмыста «аң стилін» туғызды. Тұрпаты текті қар барысы қазақтар таңдаған ерліктің, батылдықтың, әсемдіктің символы болып тарихқа енді. Аң стилі өнердің түріне айналды. Орталық, Солтүстік, Шығыс аймақтарында өндіріс ошақтары пайда болып, халық бағалы металдардың қорытпаларын пайдалана бастады. Өнер туындыларын оюлап кестелеу, металмен жұмыс істеу, балқымалар жасаудың, құймалар құюдың әдістерін меңгеру дала өркениетін технологиялық бағытта дамыта түсті. Кейін қазақ жерінің бірнеше өңірінде табылған «алтын адам» (алтын киімді жауынгер, ханзада) осы ізденістердің нәтижесі еді. Тутонхамоннан басқа әлемге таныс емес «алтын адам» тек қазақ жері қойнауынан ғана табылғаны – айрықша факт.
Түріктердің қазақ жеріне Алтай арқылы келуін Елбасы Ұлы дала төсіндегі жаңа кезең (біздің дәуіріміздің І мыңжылдығының ортасы) санайды. Бұл түркі дүниесі тұтасып келіп қоныстануы болатын. Кең-байтақ далаға ие болып, сол жерде өркениеттің өзіндік өрнегін салған түріктер біртіндеп қала мәдениетін, сауда ісін, көршілермен қарым-қатынасты ұлғайтудың жолын іздеді. Орта ғасырлық қалалар, Ұлы Жібек жолы пайда болды.
Осы және басқа да толып жатқан мысалдар негізінде Елбасы Ұлы дала жай иесіз дала емес, сыры мен құпиясы мол қазына даласы екеніне, оны әлі де зерттеу керектігіне тоқтайды.
Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда біршама зерттеулердің жүргізілгенін жақсы білетін Мемлекет басшысы мамандарға тағы да қозғау салып, әлемнің архивтік қазыналарын кеңірек ашуға, тың мұраларды жария етуге шақырады.
Осы мақсатта «Архив – 2025» атты жетіжылдық бағдарлама жасауды ұсынады. «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашу, «Ұлы дала тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік сериялар шығарып тарату, «Түркі өркениеті: түп-тамырынан қазіргі заманға дейін өсуі» атты жобаны қолға алу, «Ұлы дала» атты ежелгі өнер мен технологиялар музейін ашу, «Ұлы даланың ұлы өркениеттері» атты жалпыұлттық реконструкциялар клубын құру, «Дала фольклорының антологиясын» жасау, «Ұлы даланың көне сарындары» жинағын басып шығару, Қазақстанның өркениеті тарихын кең ашып көрсету үшін деректі-қойылымдық фильмдердің, телевизиялық сериалдар мен толық метражды көркем картиналардың циклін өндіріске енгізу шаралары – Елбасының алға қойып отырған негізгі міндеттері. Бұл тапсырмалар төл тарихымыздың әлі де болса жабық тұрған беттерін ғылыми айналымға түсіру, қоғам өміріндегі тарих тағылымының рөлін арттыру секілді қажеттіліктерді күн тәртібіне шығарады.
«Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі» дейді мақала қорытындысында Елбасы. Бұл сөзден Ұлы дала тарихын үлгі-өнеге етіп, ел болашағын ұлттық құндылықтармен сабақтастықта қараған, әлемдегі Қазақ елінің бұрынғы-соңғы жетістіктерін айшықтата көрсеткен Көшбасшының тұлғасы мен тұғыры көрінеді. Ұлы даланың қамын ойлаған ұлы басшы осындай-ақ болар.