Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайында суретші Пётр Кишкистің «Қара фондағы жұмыстар-1» деп аталған жеке көрмесі ашылды.
Көрермен назарына қылқалам шеберінің картиналары кескінделген қара түсті 42 қағаз парағы ұсынылған. «Фонның қара түсі тереңдік пен кербездік сыйлайды», дейді автордың өзі. Суретшінің ерекшелігі де сол, ол өзінің туындыларын тек қана қара түсті фонға салады.
Жалпы, бұл суретші жоспарындағы үш көрменің алғашқысы. Екінші көрменің атауы – «Өнердегі қарындаш». Ал сынақ жұмыстарынан құралған үшінші көрме «Энергия» деп аталады.
Көрме авторының идеясы бойынша, көрермендер суретшінің шеберханасында жүргендей әсер алуы керек. Мұны ол көрмеге келушілермен жүргізілген ойын деп атайды. Тіпті суретші картиналарының атауын да жазбаған. Мұндай тәсіл көрерменмен сенімді қарым-қатынас құруға септігін тигізеді деп санайды шебер.
– Оның еңбекқорлығы, шеберлігі, шығармашылық қиялы өте зор, стильді сезіне алуы ерекше. Мұндағы жұмыстарының бір де бірінде этикетка жоқ, ол өзінің ойын ешкімге таңбайды. Барлығы қара фонда, бәріміз ғарышқа сүңгігендей әсер аламыз. Оның туындыларына қарап, тұңғиыққа шомуға болады. Құдды бір галактика, – деген пікір білдірді облыстық бейнелеу өнері мұражайы директорының орынбасары Александр Гехт.
Пётр Кишкис тек қара фонға сурет салып қана қоймайды. Сонымен қатар ол түрлі ғимараттардың ішкі көрінісін безендірумен де айналысады.
– Мен кез келген стиль бойынша жұмыс істей беремін. Дегенмен, кескіндемеде анағұрлым шыншылмын. Менің алғашқы көркем суретім Жаңа Майқұдықтың мәдениет үйінде тұр. Одан кейін «Интерфуд» кафесінде сурет салдым. Сондай-ақ үш жыл бойы Жезқазғанда шіркеу ішін безендірумен айналыстым, – дейді Пётр Кишкис.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ