Түп-тамырымызды жете танудың жолы
Саналы ғұмырының 45 жылын ежелгі далалықтардың өткеніне куәлік берер табылған қазба деректердің, жазба деректердің, ауызша деректердің мәліметтерін кейінгі жетілген әлемдік ғылымның жетістіктерімен салыстыра, салғастыра зерделеп, бірнеше еңбек жазып, ғылыми ортадан соның лайықты бағасын ала алмай, торығып жүрген мен үшін Елбасымыздың 21 қараша күні «Egemen Qazaqstan» газетінде жарық көрген «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласы ерекше қуат берген, атқарған ісімнің пайдалылығына сенімімді арттырған рухани тіректей болды. Мақалада айтылған ой-тұжырымдардан өзімнің тарихқа деген ұстанымымның дұрыстығын, бағыт-бағдарымның айқындығын көрдім. Тарихи сананы жаңғырту мәселесіне орай Президентіміздің: «Біздің дүниетанымымыздың, халқымыздың өткені мен бүгінінің және болашағының іргелі негіздеріне тікелей қатысты», деп нақты санамалап көрсеткен алты ірі жоба тезірек жүзеге асса екен деп тіледім.
Елбасымыз аталмыш мақаласын: «Кеңістік – барлық нәрсенің, ал уақыт – бүкіл оқиғаның өлшемі. Уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталады», деп бастап, мұның «жай ғана әдемі афоризм еместігін» ескертіпті. Айтылған ойдың астарынан «бұл – тарихи шындық» деген тұжырым сығалап тұр. Демек уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде басталған осы ұлттық тарихымызға терең үңіліп, түп-тамырымызды жете танып, оның күрмеуі күрделі түйінін шешуге ұмтылу – баршамызға ортақ міндет. Басқаша айтқанда, төл тарихымыздың төлтума болмысын өзіміз ғана біліп қоймай, оның ешкімнің тарихынан кем еместігін өзгелерге де танытарлық тарихқа деген дұрыс ұстанымымыз болуы қажет. Бұл ретте Президент мақаласында санамалап көрсеткен Ұлы Даланың жеті қыры арқылы біздің ғалымдарымыз бен тарихшыларымызға ежелгі ұлыдалалықтардың адамзат баласы жасаған өркениеттің бастауында тұрғанын меңзеп, «Қазақстан тарихы да жеке жұрнақтарымен емес, тұтастай қалпында қазіргі заманауи ғылым тұрғысынан қарағанда түсінікті болуға тиіс. Оған қажетті дәйектеріміз жеткілікті» дейді. Шындық сөз. Расында да, оған қажетті дәйектер жетіп-артылады. Тек көре білер көз, тани алар мол таным, жүзеге асырар ынта болсын деңіз.
Біздің бай тарихымыз бар. Бұл – Елбасымыз мысалға келтірген немістердің, италиялықтардың немесе үнді халықтарының жылнамаларындағы баяндалған жетістіктерден артып түспесе, бір де кем емес тарих. Бірақ біздің тарих, өкінішке қарай, ғылыми тұрғыдан зерттеліп, жүйеленбеген, хатталып қағазға түспеген тарих. Мұның бұлай болуының себептері де сан алуан. Бұл ретте Елбасы өзінің мақаласында: «Еуроцентристік көзқарас сақтар мен ғұндар және басқа да бүгінгі түркі халықтарының арғы бабалары саналатын этностық топтар біздің ұлтымыздың тарихи этногенезінің ажырамас бөлшегі болғаны туралы бұлтартпас фактілерді көруге мүмкіндік берген жоқ», дейді. Шынында, ғылымда үстемдігін жүргізіп, өткеннің тарихына қалауларына қарай төбебилік жасауға әбден машықтанып алған еуроцентристік бағыттағы ғалымдар соңғы ғасырларда өзгелермен санасуды біржола жиып қойып, әр халықтың төл тарихын тек бірыңғай еуропалық таным-түсінікте ғана жазуға, жаздыруға қол жеткізді. Соған орай өздерінің жеке тұжырымдарын, Л.Н.Гумилев айтқандай, «талдап, талқылауға жатпайтын ғылым жетістігі» ретінде ғылымға енгізді. Осы арқылы өз танымдарын өзгеге теліп, адамзат баласының кейінгі ұрпақтарының өмір сүру салтының еуропалық таным-түсінікке үйлесіп, сай келетіндерін – «өркениеттілер», «мәдениеттілер»; ал оған сай келмейтіндерін – «жабайылар», «тағылар» деп тану заңдылыққа айналды. Соның нәтижесінде еуропалық емес халықтардың дүниені еуропалықтардың таным-түсінігімен зерделеп, болмысқа солардың көзімен қарауы – білімділіктің, ғалымдықтың белгісі болып саналды. Осының салдарынан көшкінші халықтар уақыт өте келе ғылыми танымды былай қойып, тіпті, өздерінің қалыптасқан қарапайым өмірлік төл танымын да еуропалық таныммен алмастыруға мәжбүр болды. Бұған көрнекі айғақ ретінде қазіргі таңда Шығыс халықтарының алыс пен жақынды өз таным-түсінігімен ажыратудан қалып, өздерінің дәл жанындағы өңірді «Қиыр Шығыс» («Дальний Восток»), ал өздерінен тым алыста, батыс елдерімен шектесіп жатқан шалғай өңірді «Таяу Шығыс» («Ближний Восток) деп атап, атау мәнін осы мағынада танып жүргендерін айтсақ та жеткілікті. Мұның тек еуропалықтар үшін ғана солай, ал өздерінің таным-түсініктеріне мүлде кереғар екенінде қазір ешкімнің шаруасы жоқ. Өкініштісі, бұл тек географиялық танымға ғана қатысты емес-ау!..
Қазіргі ұрпақтың тарихи санасы, міне, осындай жағдайда, яғни еуропалық таным-түсінікте жазылған тарих негізінде қалыптасты. Сол себепті де байырғы отырықшылар мен көшкіншілердің бүгінгі ұрпақтары бұл күнде өздерін қанша жерден жан-жақты білімдіміз, тарихи сауаттымыз дегендерімен, жасыратыны жоқ, әлі күнге өздерінің ежелгі ата-бабалары жөніндегі тарихи таным-түсініктері осындай. Ішкі түйсік қарсылығына қарамастан, бірі – өздерін ежелгі өркениеттілердің, екіншісі – өздерін ежелгі жабайылардың ұрпағымыз деп сезінеді. Өйткені тағылым алар ортақ тарих танымы ұрпақ санасын осылай қалыптастырған.
Президент мақаласында осы қалыптасқан қасаң тарихи сананы қайта жаңғырту қажеттігін қадап айтып, оны жүзеге асырудың нақты жолдарын атап-атап көрсетіпті. Алдымызда енді соны науқанға айналдырмай, аса біліктілікпен, іскерлікпен ел игілігіне айналдыруымыз қажет. Тарихты қолдан жасауға болмайды. Бірақ бар тарихқа байыппен қарап, кезінде түрлі-түрлі себептермен орын алған кемшіліктерді ғылыми зерде елегінен өткізіп, екшеп отыру; жақсысынан үлгі-өнеге алып, жетілдіру; жаманынан безініп, алда оның қайталануына жол бермеу – бәрімізге ортақ міндет болмақ. Тарихқа қалам тартқан әр тарихшының оқумен тапқан білімін, өмірден түйген білігін домбыраның сазды әуен шығарған қос шегіндей үйлестіре білумен бірге, қаламына өзінің ар-ожданын қатаң бақылаушы еткені жөн. Сонда ғана ұлтына, адамзатқа адал қызмет етіп, ұрпақ санасын дұрыс қалыптастыратын тарих жазылмақ.
Қойшығара САЛҒАРАҰЛЫ,
тарихшы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Жас ұрпақты жаңа жетістіктерге жетелейді
Ұлы даланың жеті қырының кез келгені – Қазақ елінің өміріндегі ерекше мұра. Атқа міну мәдениеті, ежелгі металл өндіру мен өңдеу технологиясы, өз жазуы мен мифологиясы бар озық мәдениетті Қазақ елінің рухани байлығының айшықты белгісі – «аң стилі өнері», бүкіл әлемді тамсандырған Дала өркениетінің жәдігері − «Алтын адам» жауынгері, түркі әлемінің бесігі саналатын Алтайдан бастау алатын түркі тарихы, әлемдік экономиканың өркенденуіне септігін тигізген − Ұлы Жібек жолы жүйесі, Қазақ елінің ұлттық брендіне лайықты алма мен қызғалдақтар, еліміздің аумағында орын алған тарихи жайт қана емес, сонымен қатар әрбір қазақ үшін де аса қымбат құндылықтар.
Жаһандану кезеңінде, ұлт тарихының мәдениеті мен құндылықтарын білу, насихаттау әрі сақтау елді бекемдеудің тікелей кепілі. Айтылып өткен мәдени құндылықтарымыздың қоғам санасының тарихи жаңаруы үшін Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев ұсынып отырған жобалар толықтай жауап беретіні анық. Оның ішінде, ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын барлық отандық және шетелдік мұрағаттар дүниесіне елеулі іргелі зерттеулер жүргізу үшін «Архив – 2025» жетіжылдық бағдарламасын іске асыру еліміздің тарихын түгендеуге мүмкіндік береді. Түркі әлемі ежелден Қазақстанды − күллі түркі халықтарының қасиетті қарашаңырағы ретінде мойындайды. Ал Түркістан халқымыздың рухани орталығы ғана емес, сондай-ақ, бүкіл түркі әлемі үшін киелі орын болып саналады деген сөздер әрбір қазақтың жүрегіндегі мақтаныш сезімін оятады деп ойлаймын. «Түркі өркениеті: түп-тамырынан қазіргі заманға дейін» атты жобаның аясында Түркістан қаласында, тарихи мұраларымыздың негізінде түркі әлемінің орталығын – музейін ашу, өткенмен қазіргі уақыттың тығыз байланысын көрсетумен қатар, келесі ұрпақ үшін де маңызы зор болар еді.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы болатын Елбасының тарихи сананы жаңғыртуға бағытталған ұсыныстары мемлекетіміздің нығаюына септігін тигізетініне толық сенімдімін. Өйткені тарихын білген ел ғана өткеннен сабақ алып, жарқын болашаққа жол тауып жетістіктерге жетеді.
Асқар БЕЙСЕНБАЕВ,
Парламент Сенатының депутаты
Ұлттық рухты оятатын мақала
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында Ұлы даланың тарихымен таныстырып, руханиятты сақтауға арналған алты жоба ұсынылып отыр.
Тәуелсіздік алғалы ширек ғасыр көлемінде үшінші мәрте тарихымызды түгендейтін бағыт-бағдар алып отырмыз.
«Мәдени мұра» – ақтаңдақтарды қалпына келтіріп, өшкенімізді жандырса, «Рухани жаңғыру» – ұлт тарихын таныстыратын даңғыл болды. Ал мына «Ұлы даланың жеті қыры» – ұрпақтар мақтанатын, арғы тектерін әлемге батыл әрі айқын насихаттайтын төлқұжат.
Енді осы мақаланы алға ұстай отырып, Қазақстан тарихын тереңдетіп қайта жазуға болады. Кеңестік тоталитарлық жүйеде бізге ұлықтар мен байларды жаман етіп көрсетіп, батырларымызды балағаттап, арғы тегімізді теріс етіп оқытты.
Егемен ел болып, ес жиғалы ғана өткенімізді түгендеп, тегімізді танып келеміз. Осы бабаларды іздеу мен тек тану барысында жіберіп жатқан қателіктеріміз де баршылық. Әр ру өз бабасын батыр етіп көрсетіп, өз атасын ақылман деп, ақсүйек пен қарасүйекке, қожа мен қараға бөліне бастағанымыз да шындық. Енді Мемлекет басшысы айтқандай: «тарихи сананы жаңғыртып, көтерілген мәселелерді ой елегінен өткізіп, терең зерделеу қажет». Әлемнің бүкіл архивтеріндегі өз іздеушісі мен зерттеушісін күтіп жатқан шындықтарға із салу керек. Соған жол бастайтын «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасы болмақ.
Мақаланың алғашқы жеті тарауында бабаларымыздың өз заманында жеткен жетістіктері мен технологиялық жаңалықтарын жіліктеп түсіндіріп, құйма құлаққа құйып, көкірегінде көзі барға көрсетіп, бүгінгінің саналы ұрпағына ұқтырып отыр. Ең аяғы, Сиверс алмасы мен Регель қызғалдағының тарихи Отаны Қазақстан екенін дәлелдейді.
Қазақ халқының өмір сүру дағдысы, тұрмысы, салт-дәстүрі жайлы білу, соны сақтап кейінгіге үйрету ұрпақтарының парызы. Ашқан жаңалықтарын, жеткен жетістіктерін кейінгіге аманаттап кетеді. Сол аманатты Елбасымыз Түркі әлемінің бесігі – Тәуелсіз Қазақстанның жастарына «Жастар жылын» жариялай отырып, шыққан тектерімен таныстырған мақала жолдап отыр
Ал осыны оқыған ұрпақ төл тарихын білуге ұмтылып, тарихи санасы жаңғырып, мақалада айтылған керемет идеяларды қолға алып, жобаларға атсалысатынына сенеміз.
«Ұлы дала есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашу, «Ұлы дала тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік фильмдер шығарып тарату ұлтымыздың қаһармандарын өз елімізде ғана насихаттамай, шет елдерге де шығарып, әлем халқымен таныстырады. Келер ұрпақ өзінің арғы тегіндегі ұлт батырларын үлгі тұтып өсетін болады.
Бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның даласынан күллі әлемге тараған түркі халықтарының тарихын тірілтетін «Түркі өркениеті: түп-тамырынан қазіргі заманға дейін» атты жоба да қолға алынбақшы. Астанада түркологтардың дүниежүзілік конгресі өтіп, түркі халықтарының мәдени күндері жасалмақшы. Тағы бір қуантатыны, түркі халықтарына ортақ туындылардың онлайн кітапханасын ашу да маңызды болып отыр.
Ең негізгісі Ұлы даланың жеті қырымен таныса отырып, арғы тегімізді түгендеп, тарихымызды жаңғыртып, келер ұрпақ мақтанып айта жүретіндей жобаларды қолға алмақшымыз.
Сәуле ДОСЖАН,
жазушы, Қазақстан Ресупбликасының еңбек сіңірген қайраткері