Бүгін Астанада «Азаматтық қоғам және мемлекет: Диалог. Серіктестік. Сенім» тақырыбында VIII Азаматтық форум басталады.
Форумды өткізудегі негізгі мақсат – заманауи азаматтық қоғамды қалыптастыру, мемлекеттік басқару үдерістерінде азаматтық қоғам институттарын нығайту және азаматтық қатысуды жандандыруға күш-жігерді біріктіру үшін азаматтық сектордың, мемлекеттік органдардың, бизнес құрылымдардың, халықаралық ұйымдар мен сараптамалық қауымдастықтың өзара ашық үнқатысуын дамыту.
Жалпы, Қазақстан тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап елдегі азаматтық қоғамды дамытуды басты назарда ұстап келеді. Бұл бағытта арнайы заң қабылданып, ауқымды шаралар қолға алынды. Мұның барлығы өз жемісін беріп отыр. Мәселен, 1994-1997 жылдар аралығында үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ) саны 400-ден 1600-ге өсті (қазіргі таңда еліміз бойынша 20 мыңнан астам ҮЕҰ тіркелген). Бұл өз кезегінде «үкіметтік емес ұйымдар» деген атаудың қоғамдық санада орнығуына, сондай-ақ олардың ел әлеуетін арттырудағы рөлінің маңыздылығын түсінуімізге жол ашты.
Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың бастамасымен 1994 жылы Азаматтық кодекс қабылданып, ол бірінші кезекте үкіметтік емес ұйымдардың бағыт-бағдарын, азаматтар мен заңды тұлғалардың қатысуымен пайда болатын мүліктік қарым-қатынастар мен мүліктік емес қатынастарды реттеу жолдарын айқындады.
Үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекет арасындағы қатынастарды жүйелі түрде дамыту бағытындағы жұмыстардың барлығын заң аясында жүргізу тараптардың өзара байланыстарын уақыт талабына сай жүзеге асыруға мүмкіндік беретіні белгілі. Осы орайда коммерциялық емес ұйымдар санының арта түскені, сондай-ақ мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы қарым-қатынастарды жүйелі дамыту қажеттігі ескеріле отырып, 2001 жылдың қаңтарында «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» заң қабылданды. Бұл өз кезегінде саладағы мақсат-міндеттерді нақтылауға мүмкіндік берді әрі мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы байланыстарды жаңашылдықпен дамытуға жол ашты.
Сонымен қатар Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша 2002 жылы Үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік қолдау Тұжырымдамасы жарияланды. Ол мемлекеттiк органдар мен қоғамдық сектор арасындағы қатынастардың тұрақты және тиiмдi жүйесiн құруға, елдің азаматтық қоғамын дамытуға серпін берді. Бұл Тұжырымдама негізінде Үкімет тарапынан үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік қолдау мақсатында 2003-2005 жылдарға арналған арнайы бағдарлама қабылданды.
Бұлардан бөлек, еліміздегі азаматтық қоғамды дамыту мәселелері Елбасының Қазақстан халқына арнаған жолдауларында да жан-жақты айтылып келеді.
Жалпы, еліміздің азаматтық қоғамын дамыту бағытында көптеген іс-шаралар өткізілуде. Олардың арасында екі жыл сайын ұйымдастырылып келе жатқан Азаматтық форумның орны ерекше. Бұл форумдар атқарылған шараларды қорытындылап, алдағы мақсат-міндеттерді белгілеудің басты алаңы болып табылады.
Бүгінде Азаматтық форум үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттік органдар арасындағы байланысты нығайтудың негізгі алаңы ретінде өзіндік беделін қалыптастыра білді. Форумның тарихына аз-кем шолу жасар болсақ, І Азаматтық форум Елбасының қатысуымен 2003 жылдың қазан айында өткен болатын. Жиында азаматтық қоғамның елімізді дамытудағы рөлі атап көрсетіліп, үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттік органдардың әріптестігін дамытудың кең ауқымды мәселелері қаралды. Оның ішінде қоғамдық келісім, ішкі бірлік, демократиялық құндылықтарды дамыту және басқа да өзекті мәселелер қозғалды. Бұдан кейін өткен алты форумда да азаматтық қоғамды дамыту бағытындағы негізгі міндеттер күн тәртібіне шығарылып, үкіметтік емес ұйымдарды мемлекет тарапынан қолдаудың басым бағыттары белгіленді.
Біз сөз еткен, яғни І Азаматтық форумда өткен 2003 жылдан бергі аралықта саланы дамытудың тиімді жолдары нақтыланып, белгіленген міндеттерді атқару мақсатында қаржылық тұрғыда көптеген көмек жасалды. Мәселен, 2016 жылы 11 жоба гранттық тұрғыда қаржыландырылса (208 млн теңге), 2017 жылы осындай 57 жоба қаржылық қолдауға ие болды (618,5 млн теңге). 2017 жылы үкіметтік емес ұйымдар арқылы арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету үшін 1,1 млрд теңге бөлінді. Ол 3 933 адамды қамтыды. Ал 2018 жылы арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету үшін (адам саудасының құрбаны болғандарға, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағандарға, үйінде арнайы күтім қажет ететіндерге және т.б.) 1,3 млрд теңге қаралып, бұл қаржы 4 328 мың адамның қажетіне жұмсалды. Сондай-ақ «Инватакси» қызметін дамыту үшін де қаржылық қолдаулар көрсетілді.
Сонымен, алдағы 27-28 қараша күндері Астанада өтетін VIII Азаматтық форумда салаға қатысты өзекті мәселелер талқыланбақ. Еліміздегі азаматтық қоғамды дамыту мақсаттарын көздейтін бұл жиынға үкіметтік емес ұйымдардың, халықаралық құрылымдардың, мемлекеттік органдардың, бизнес қауымдастықтың, қоғамдық кеңестердің өкілдері қатысады. Форум аясында семинарлар, шеберлік сыныптары, дөңгелек үстелдер, пікірталас алаңдары, министрліктер мен ведомстволар басшыларымен салалық кездесулер форматындағы тақырыптық сессиялар ұйымдастырылмақ. Бұл шаралар барысында мемлекеттік органдарды жаңғырту, медиа және ашықтық, экология және қоршаған ортаны қорғау, әлеуметтік кәсіпкерлік және инновация, ІТ және Big Data, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, белсенді азаматтық қоғамды қалыптастырудағы ЖОО мен мектептердің рөлі және басқа да өзекті мәселелер қарастырылады. Бұдан бөлек, қатысушылар Азаматтық қоғам институттарын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасын талқылайды.
Форум соңында әлеуметтік мәселелерді шешуге үлес қосқан үкіметтік емес ұйымдарды марапаттау және «Таным» жүлдесін (ҮЕҰ, бизнес және еліміздің әлеуметтік дамуына елеулі үлес қосқан мемлекеттік органдарға арналған жүлде) тапсыру рәсімі өтеді.
Айта кетейік, шараны Қоғамдық даму министрлігі мен «Қазақстанның азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі ұйымдастыруда.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»