• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 28 Қараша, 2018

Жаңа тарих жалпыадамзаттық тұрғыда жазылса - Талас Омарбеков

438 рет
көрсетілді

Тарихымызда айтылуы, зерт­телуі, жүзеге асуы тиіс бір­қатар міндеттің Прези­дент­тің «Ұлы даланың жеті қы­ры» ма­қа­ласында көрініс беруі ме­нің көңілімді ала­бөтен ауда­рып, қуантып отыр.

Тәуел­сіз­дік алғалы бері «Тарих тол­қы­­нын­да», «Мәдени мұра», «Ұлы дала», «Мәңгілік ел», тіп­ті күні ке­шегі рухани дамуы­мыз­ға сер­пін берген «Рухани жаң­ғыру» сияқ­ты көп­те­ген ір­­гелі бағ­дар­ламалар өмір­ге ке­ліп, санамызда берік орын алға­ны белгілі. Соған қара­мас­тан тарихи санамызды қалып­тас­тыруда ең батыл, ең ұшқыр, ең ұтым­ды және бүгінгі саяси, әлеу­мет­тік, экономикалық ахуалды тү­зеуге сұранып тұрған тағы бір өте маңызды мақала жарық көрді. 

Қазақтың тарихы, шынында да ешбір елдің тарихына ұқсамайтын, тіпті көршілес жатқан өзбектің де, қырғыздың да, қытайдың да, орыстың да тарихына ұқсамайтын өзін­дік дамуы бөлек тарих. Тіпті оның мемлекеттілігі де ешкімге ұқ­самайды. Әуелде «Қазақ хан­дығы» деген атпен қазақ мемлекетін құрған халықпыз. Біздің тарихшы ғалымдарымыз «қазақ» деген атауды ежелгі дәуірден іздестіріп әлек болады. Президент мақаласында осы жайттың басын ашып, атап тұрып көрсетеді. Халық қалыптаспас бұрын алдымен рулар мен тайпалар қалыптасқан, бұл үдеріс сан ғасырлар мен мыңдаған жылдарға созылған. Яғни қазақ атауы бізге дейінгі өмір сүрген үйсіндердің, қаңлы­лар­дың, ғұндардың, түркілер­дің, олардың құрған қағанат­тары­н­ың нәтижесі. Міне, бүгін­гі қазақты құраған 40-тан астам ру-тайпалар сол кезеңдерде өмір сүрді. Бірақ бұл мәселе бүгінге дейін ғылымды шатастырумен келеді. Кәсіби тарихшы бола тұрып, қазақ атауын ру-тайпалардың атауынан бұрын қоямыз. Яғни Президент алдымен қазақты қалыптастырған эт­ностық құрылымдардың тарихын зерттеу қажет екеніне назар аудартады. Тарихи кезеңдер­дің сан түрлі бұралаң жолын басынан өткере отырып, ақы­ры тәуел­­сіз елге айналдық. Ал­ғаш­­қы рулық-этностық құры­лым­нан басталған түзіліс­тен соң халқымыз пайда болды, хал­қымыз пайда болған соң «қазақ» деген атпен оның мемлекеті пайда болды, міне, сол мемлекетті дамыта отырып мәңгілік елге айналуды мұрат тұтқан тәуелсіз ел құрып отырмыз. Енді Президент ұсынып отырған осындай жаңа концептуалдық жүйемен Қазақ елінің тарихы жазылса игі. 

Содан кейінгі атап көрсете­тін мәселе, қазақтың көшпелі қоғамының дәстүрлі қазақ қоғамына қарай бейімделіп, қалыптасуының сандаған ғасыр­ға созылған ұзақ тарихында біздің өркениетіміз Ұлы далада өте маңызды рөл атқарған. Тіпті көптеген ел үшін бас­тау болған. Ұлы далада адамзат құрметтейтіндей өрке­­ниет, мәдениет қалыптасқан. Сол өркениеттің басқа елдерге таралғанын, өзгелердің содан үлгі алғанын Президент орай­лы еске салады. 

Мысалы, жылқы. Бүгінгі мініп жүрген авто­мобильдеріміздің өзі жыл­қының күшімен есептеледі. Ал сол жылқының алғаш Ботай мәдениеті деп аталған ежелгі қазақ даласында, бүгінде әлемге әйгілі тарихи-мәдени кешенде пайда болғанын зерттеушілер анықтап отыр. Яғни, жылқы адамзат тарихында алғаш рет біздің Ұлы даламызда қолға үйретілгенін Президент орынды меңзеді. Жылқының көшпелі өркениеттегі елдің тарихында қастерлі орны болғанын әлем тұтас мойындайды. Бүгінде төрткүл дүние санасып отырған Еуропа елдерінің бәрі жылқының арқасында жаулау, қорғану соғыс­тарын үйреніп, мықты мемлекетке айналған. Сондай қыл құй­рықты жылқыларымыздың қа­сиеті біздің жерімізде ашылып, қолға үйрету мәдениеті біз­дің жерімізден өріс алып отыр. 

Президент атап көрсеткен қадау-қадау қажет мәселені тұтас тізіп шығу мүмкін емес, бірақ тарихшы ретінде архив мәселесі туралы айтқан тұсына баса мән бердім. Ілгеріректе «Мәдени мұра» бағдарлама­сын жүзеге асыру кезінде бізде 5000-нан астам дерек жиналып үлгергенін Президенттің өзі айтқан еді. Алайда, сол табылған деректер, сыпайылап айтсақ, әлі күнге дейін шаң басып, игілікке қызмет ете алмай отыр. «Шаң басып» дегенді тура ма­ғынасында қабылдаудың қажеті жоқ, бірақ қолға түскен сол құнды деректерді зерделеуге зерттеушілердің тұмсығы батпай отыр. Оның да себебін Президент «Ұлы даланың жеті қырында» жан-жақты атап көрсетеді. Деректер сан қырлы. Олар археологиялық, этнографиялық, ауызша тарих айту үлгісі, шежіре секілді әр­түрлі болып келеді. Ал белгілі бір қытай дерегін немесе арабтан алынған ғылыми ақпаратты айналымға қосу үшін сол деректер, мен атаған басқа да жанама деректермен салыстыра қарастыруды, кең көлемде талдауды қажет етеді. Болашақ­та әрбір тарихи деректің қаді­рін біліп, оны әлемдік негізде маңызы бар басқа деректермен салыстыра қарастыра отырып, қазақтың ешкімге ұқсамайтын төл тарихын жазу міндеті тұр. Қазақ елінің тарихын жазуда қазақ ұлтын оқшаулап, ерекшелеп көрсетуден аулақ болған жөн. Президент ұсынып отырған ғылыми-концепциялық ұстанымды жүзеге асыру ісінде музейдің, архивтің деректеріне, сан қырлы басқа да деректерге сүйеніп, ал ең бастысы басқа халықтардың жетістігімен салыс­тыра қарастырып, дүниежүзі­лік тарихи дамудың заңдылығы­на сәйкес өзіндік ерекшелі­гін көрсете отырып, кең арнада, кең ауқымда жалпыадамзаттық негізде жазылса, құба-құп. Шынын айту керек, Қазақ елінің көптомдық тарихы әлі күнге қалыптаса алған жоқ. Біздің тарихымыз бар болғаны бес томнан аспай келеді. Бұған кім кінәлі? Кінә тек өзімізде. Тәуелсіздік алғалы бері тарихшылардың деректерді ғылыми айналымға түсіруіне ешкім де кедергі жасаған жоқ. Мемлекеттік тарихты зерттеуге қажетті қар­жыны да бөліп отыр. Алда да солай болады деп үміттенеміз, себебі Президенттің жарық көрген жаңа мақаласындағы тарих турасындағы толғамды ойы осыны аңғартады.

Талас ОМАРБЕКОВ,

тарих ғылымдарының докторы, профессор