• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
27 Ақпан, 2010

АЛДА ЖАРЫСТЫҢ ҚЫЗЫҒЫ – МАРАФОН

872 рет
көрсетілді

Бұл күндері жанкүйер біткеннің барлығы Ванкувердегі “Канада Хоккей Плэйсті” жаға­лап жүр. Расында да ағылып келіп жатқан адамдарда сан жоқ. Өйткені, айтулы спорт кешенінде шайбалы хоккейден жартылай финалдық бәсекелер өтеді. Ал үйеңкілер елінің тұрғындары хоккей десе ішкен астарын жерге қоятыны бесенеден белгілі. Ширек финалда Ресейдің күл-талқанын шығарған Канада хоккей­шілерін қазір жұрт алақан­дарына салып аялауда. Бұл күндері Сидни Кросби, Райан Гецлав, Кори Перри, Патрик Марло, Рик Нэш, Джо Торнтон, Джером Игинлу, Эрик Стаал, Дэнни Хитли және Роберто Лунго сынды бір топ ойыншы­лардың суреттері газет-журнал­дардың бірінші беттерінен түсетін емес. Ол аз десеңіз, айдын иелері­нің Ресей құрамасын қыс­пақ­қа алып, шайбаны қақпаға дәл соғып жатқанын жергілікті телеар­налар қайта-қайта қайталауда. Кездесу барысындағы бас бапкер Вячеслав Быков пен орыстардың мақтанышы Александр Овечкин және Евгений Малкиннің шарасыз күйі де көгілдір экраннан жиі қылаң беруде. Міне, ежелгі қарсы­ласы – Ресеймен болған кездесуге Канада жұртшы­лығы осындай үлкен мән берді. Алайда, ақтық айқастың жол­дамасы олардың уысына оңай түседі деп ешкім нық сеніммен айта алмайды. Өйткені, Словакия құрамасы да өздерін бұл Олим­пиадада жақсы қырынан көрсете білді. Топтық бәсекеде олар Ресейді ұтса, ширек финалда Швецияның “шаңын шығарды”. Канадаға қарсы матч қарсаңында шағын ғана Словакияның өрендері “өліспей-беріспейміз” деп білек түрініп отыр. Келесі жартылай финалда АҚШ пен Финляндия кездеседі. Америка құрамасының да Олимпиаданың бас жүлдесін алмағанына табаны күректей 30 жыл өткен екен. Сонау 1980 жылы Лейк Плэсидте кілең студенттерден құралған ұжым әйгілі КСРО құрамасын қапыда қалдыр­ғанын көзі қарақты көрермендер ұмыта қоймаған болар. Ал Финлян­дия көңіл-күйдің командасы. Олар бірде жасындай жарық етсе, бірде сүреңсіз ой­най­ды. Алайда соң­ғы төрт Олим­пиа­даның үшеуін­де олар жүл­делі орын­дарды олжала­ды. 2006 жылы Туринде күміс медальді ие­лен­ген болатын. Фин­дер бұл жо­лы кемінде сол нәтижені қай­талаймыз деп құлшынуда. Ал қыздар арасындағы хоккей турнирі өз мәресіне жетті. Финалда Канада мен АҚШ күш сынасты. Тартысқа толы матч алаң иелерінің пайдасына шешілді. Үшінші орын үшін бәсекеде Финляндия мен Швеция негізгі уақытта тең ойна­ды. Овертаймда 3:2 есебімен алғашқылары жеңіске жетті. Кеше спортшылар алты медальдар жиынтығы үшін таласқа түсті. Біздің спортшылар соның тек біреуінде ғана бақ сынады. Атап айтсақ, Қазақстанның қыздар командасы 4 х 5 эстафеталық қашықтықта өнер көрсетті. Шаңғы спортынан ұлттық құраманың бас бапкері Александр Батяйкин Светлана Малахова, Оксана Яцкая, Елена Коломина және Татьяна Рощинаға сенім артуды жөн санады. Жасыратыны жоқ, дәл қазір біздің қыздар әлемнің маң­дайалды командаларымен үзеңгі қағыстыратын жағдайда емес. Оның объективті және субъективті себептері бар. Бірақ алғашқы ондыққа енуге тиіс едік. Соны бапкерлер шәкірттерінің құлағына мықтап сіңірді. Нә­тижесінде мамандар айтқан жора­мал айна-қатесіз келді. Қазақстан құрамасы 10-орынды иеленді. Бүгін биатлоннан 4 х 7,5 эста­фетасы өтеді. Қазақстанның ерлер командасы бұл сында мынадай құрамда өнер көрсетеді: Ян Савиц­кий, Диас Кенешев, Ни­колай Брай­ченко және Алек­сандр Червя­ков. Ал 27-28 ақпанда шаңғыдан марафондық бәсекелер өтеді. Әйелдер – Светлана Малахова, Оксана Яцкая, Елена Коломина және Елена Антонова 30 шақы­рымға жүгірсе, ерлер – Николай Чеботько, Сергей Черепанов, Алексей Полторанин және Евгений Величко 50 шақырымдық сайыста күш сынасады. Ғалым СҮЛЕЙМЕН, арнайы “Егемен Қазақстан” үшін – Ванкуверден.