Уолтер Бингам мамандығын ерекше сүйетіні сонша, жасы 100-ге келсе де әлі еңбектеніп жүр.
Ол әлемдегі ең қарт журналист атанған. Израильде тұрады. Уолтер Екінші дүниежүзілік соғыстың басы-қасында жүрген, Холокост азабын көрген. Жасы мен денсаулығына қарамастан ол еврей еліндегі Ұлттық радиода апталық хабар жүргізеді. Уолтер дүние жүзіндегі ең қарт журналист және ең ежелгі радиошоу жүргізушісі ретінде Гиннестің рекордтар кітабына 2 рет енген. «Қол қусырып отырмаймын. Бір істі аяқтаған бетте бірден екіншісіне кірісемін. Әлі күнге дейін 2 радиостансада 2 түрлі подкаст жүргіземін. Өз студиям бар. Бұдан бөлек газет-журналдарға үнемі мақала жазамын», дейді ол.
Тоғыз жастағы тәуелсіз тілші
Лама Әбу Жамустың жасы тоғызда. Ол оқиға орнынан, тіпті қақтығыс алаңынан хабар таратады.
Әлемдегі ең жас журналист Газа секторында тұрады. Израиль әскері мен ХАМАС арасындағы қақтығыс басталғанда оның отбасы Газа қаласынан Рафахтағы босқындар лагеріне көшкен. Ол қазір Газа секторындағы жағдай мен палестиналықтардың ауыр тұрмысын күнде жариялайды. Инстаграмына жазылған адамдар саны – 900 мыңға жуық. Сырттан қарағанда, тәуелсіз журналист дерсің. «Мен журналистиканы жақсы көремін. Маған камераға қарап сөйлеген, адамдармен тілдескен ұнайды. Тезірек бейбітшілік орнаса екен! Үйіміз бен мектебімізге оралып, алаңсыз ойнағымыз келеді», дейді ол.
Әлемде қанша журналист бар?
Журналист қоғаммен тыныстайды. Халық пен ақпараттың алтын көпіріне айналғандар саны кім-кімге де қызық шығар.
Негізі белгілі бір дүниенің нақты санын айту қиын іс. Десе де зерттеушілер жобалап көріпті. «Журналистердің халықаралық федерациясында» қызық ақпарат бар екен. Дүние жүзінің 146 елінде 600 мыңнан астам медиа қызметкері жұмыс істейді. Кейбір дерек бойынша, олардың 57 пайызы – ер адамдар. Әлемдегі журналистердің 50 пайызы газет-журналда, 23 пайызы телеарнада, 17 пайызы радиода және 16 пайызы онлайн салада екен.