• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 30 Қараша, 2018

Мемлекеттік басқару тиімділігі – уақыт талабы

491 рет
көрсетілді

Кеше Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы Махмұт Қасымбеков еліміздің басты телеарналарына сұхбат берді. Ол Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арналған Жолдауында айтылған міндеттерді жүзеге асыру үшін мемлекеттік органдардағы формализм мен бюрократияны жою жөнінде атқарылған жұмыстардың нәтижелерін баяндады. Сондай-ақ мемлекеттік аппараттағы жиналыстар санын азайту және құжат айналымын қысқарту мәселелеріне егжей-тегжейлі тоқталды. Осыған байланысты, сұхбат мәтінін оқырмандар назарына ұсынамыз.

– Соңғы кезде жиналыстардың көптігі, сондай-ақ мемлекеттік орган­­дар­дағы құжат айналымының әлі де болса едәуір ауқымдылығына қа­тысты мәсе­лелер кеңінен сөз бо­лып жүр. Мем­лекет басшысы халық­қа арналған Жол­дауында осы өзек­ті тақырыпты көтер­ді. Бұл жағ­дайды ретке келтіру үшін қан­дай ша­ралар жүзеге асырылып жатыр? 

– Естеріңізде болса, ел Президенті биыл­­ғы қазан айындағы Қазақстан халқына арналған Жолдауында мем­лекеттік орган­дар­дың жұмысында формализм мен бюро­кра­тияға әлі де жол беріліп отырғанын атап өтті.

Бұл ретте, Елбасымыз жиындар саны­ның негізсіз көбейіп отырғанына, құжат айналымын азайтудың баяу екеніне назар аударды.

Ол «мұндай келеңсіз жағдайды тоқта­тып, бұл мәселелерді ретке келтіруді» тап­­сырды. 

Президенттің осындай мәселе көтеруі бекер емес. Көптеген әрі ұзақ­қа созылатын жиналыстар мемлекет­тік қызметшілердің жұмыс режімінің үнемі бұзылуына алып келеді. Нәтиже­сінде, бұл жағдай олардың ең­бегінің тиімділігіне және жалпы мем­ле­кет­тік аппараттың жұмысына кері әсер етеді.

2017 жылғы 25 тамызда Елбасы «Қа­зақ­­стан Республикасы Президенті­нің, оның Әкімшілігі мен Қазақстан Респуб­ликасы Үкіметінің Жұмыс рег­ламентін бекіту туралы» Өкімге қол қойған болатын.

Құжатта мұндай іс-шараларды өткізудің форматы мен уақытына байланысты бүкіл талаптар анық жазылған.

Осыған байланысты, Президент Әкім­шілігі барлық деңгейдегі мем­лекеттік орган­дарда түрлі жиындар­дың санын қыс­қарту үшін жүйелі жұмыс жүргізуде.  

Өткен жылдың қыркүйегінен бас­тап мемлекеттік органдардың осы талаптарды орындауына қатысты жан-жақты мониторинг жасап келеміз.

Соның арқасында, ахуалды қадағалап, қажет болған жағдайда, мемлекеттік ор­гандардың басшыларына жол берген кем­шіліктері туралы ескертіп отыруға мүмкін­дігіміз бар.

Нұрсұлтан Әбішұлы қазан айын­дағы Жолдауында осындай жайттар­дың бар екеніне назар аударды. 

Мемлекет басшысының тапсырмасы уақтылы әрі өзекті екендігін тәжірибе көр­се­тіп отыр. Соңғы айларда бұл мәселеге бай­­ланысты бірқатар оң өзгерістер бай­қал­ды. Мысалы:

● Мемлекеттік органдар жиындарды бел­гіленген күндерде өткізу жөніндегі рег­ла­мент талаптарын мейлінше қатаң сақ­тай­тын болды. Мәселені осылайша реттеу оты­­рыстар санын азайтуға ықпал ететіні анық. 

● Жиналыстардың жалпы санының азаюы байқалып отыр. 2017 жылдың қыркүйек-қараша айларында 694 кеңес өткізілсе, биыл осы айларда 457 жиын болды. Демек, өт­кен жылмен салыстырғанда, мемлекеттік ор­гандар кеңестер санын 34 пайызға азайт­қан. 

● Бірінші басшылардың қатысуы­мен өтетін отырыстар саны азайды. Мысалы, 2017 жылы қыркүйек-қа­раша айларында министрлердің қа­тысуымен 184 кеңес өткізілсе, биыл осы мерзімде 147 жиын ұйым­дастырылған. Яғни, 20 пайызға азай­ды. Министрлердің күнделікті жұмы­сы­ның көптігін ескерсек, бұл да маңызды. 

● Мемлекеттік органдар селектор­лық және бейне-конференциялық байланыстың мүмкіндіктерін көбірек пайдаланатын болды. Мәселен, бүгінде әрбір бесінші кеңес селекторлық байланыс арқылы өтеді. 

● Сонымен, мониторинг деректері барлық жиналыстардың жалпы ұзақ­тығы 40 пайызға қысқарғанын көр­сетіп отыр.

Әрине мен атап көрсеткен оң өз­герістер бәрімізді қуантады. Алайда қол жеткізген жетістікпен шектеліп қалмаймыз.

Қазір біз барлық мемлекеттік ор­гандар­дың алдына жиындардың бәрін кешкі сағат бестен кешіктірмей өткізу жөнінде талап қойып отырмыз. Осылайша, мемлекеттік қызмет­ші­лер­дің жұмыс күні алты жарымнан кешік­тірілмей аяқталуына мүмкіндік береміз.

Шұғыл әрекет етуді талап ететін және отырыстарды кейінге қалдыруға болмайтын ерекше жағдайларда ғана басқаша болуы мүмкін. 

Бұдан өзге ахуалдың бәрінде жина­лыс­­тар жұмыс уақытында өткізілуге тиіс. 

Соның арқасында мемлекеттік қызмет­шілеріміз 8 сағаттық жұмыс күнінен соң білімін жетілдіруге, дем­алуға, отбасына көңіл бөлуге және спорт­пен шұғылдануға көбірек уақыт жұм­сайтын жағдайға бірте-бірте келеміз.

Нәтижесінде мемлекеттік қызмет­ші­лер­­дің еңбек өнімділігі артып қана қоймай, олардың толыққанды демалуына да қолайлы мүмкіндік туады.

Енді құжат айналымына келейік.

Соңғы жылдары мемлекеттік органдарда құжат айналымын азайту үшін мақсатты жұмыстар жүргізілуде.

Мәселен, биыл Президент Әкімші­лі­гін­дегі құжат айналымының көлемі 2013 жылмен салыстырғанда екі жарым есе қысқарды. Яғни, 625 мың құ­жаттан 250 мың құжатқа дейін азайды.

Осы мерзім аралығында орталық мем­лекеттік органдарда және Астана, Алматы қалалары мен облыстар әкім­діктеріндегі құжаттардың саны 30 пайыз­дан астам көрсеткішке, яғни 4,9 мил­лионнан 3,3 миллионға дейін азайды. 

Мұндай нәтижеге жүйелі шаралар қа­былдаудың арқасында қол жет­кізілді. Мысалы, орталық мемлекеттік органдарда:

● көптеген құжат түрлері және оларды Президент Әкімшілігіне енгізудің мерзімдік тәртібі оңтайландырылды;

● төменгі ұйымдарға көзделмеген сұранымдар жолдауға тыйым салынды;

● Басшылықтың тапсырмаларына бақылау жүргізудің тәртібі қайта қаралды.

Мемлекеттік билік тармақтары ара­сын­дағы өкілеттіктерді қайта бөлу мә­селелері бойынша Конституциялық заң­дарға, сон­дай-ақ Мемлекет бас­шысының, соның ішінде оның биыл­ғы қазан айындағы Қа­зақ­стан хал­қына арналған Жолдауында бе­рілген тапсырмаларына сәйкес, көп­те­ген құ­жаттарға бақылау жүргізу орталық және жер­гілікті атқарушы орган­дардың құзырына берілді.

Осы жұмыстардың нәтижесінде, Президент Әкімшілігінің бақылауын­да­ғы құжаттар саны 40 пайызға азайды.

Біз тапсырмаларға бақылау жасау­дан қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған реформалар мен бағдарламалар нәтижелерін бақылауға көшуді көздеп отырмыз. 

Құжат айналымын қысқартумен қатар, оны электронды-цифрлы форматқа кө­ші­­ру жөніндегі жұмыстар да белсенді жүргізілуде.

Қазір «Цифрлы Қазақстан» мем­ле­кет­тік бағдарламасы аясында мем­ле­кет­тік органдарды Электронды құ­­жат ай­на­лы­мы­ның бірыңғай жүйе­сіне көшіру жүзеге асырылуда. Азамат­тардың өтініштерін қараудың электронды жүйесі енгізілуде. Барлық мем­лекеттік органдар үшін бірың­ғай электрон­ды құжаттар архиві жа­сақталуда.

Осылайша, біз қолға алынған істің нақты нәтижесін көріп отырмыз. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасады. Біз Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арналған Жолдауында берілген тиісті тапсырмалардың толық және сөзсіз орындалуына қол жеткізетін боламыз.