• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Қазақстан 30 Қараша, 2018

Ғарифолла Есім: Түркі әлемінің бесігі

1545 рет
көрсетілді

– Ғарифолла аға, Елбасы «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында Алтай­­ды Ұлы даланың бесін­ші қыры ретінде атап өтті. Бұл Алтай­ды бүгінгі күн тұр­ғы­сы­нан тағы бір мәрте ой елегі­нен өткізіп, жаһандық ауқымдағы құндылық ретінде ұлт жадында жаңғыртудың қа­жет­тілігін ұғындырғандай. Осыған қатысты не айтар едіңіз? 

– Алтай – ежелгі түсінік. Қазақ халқының жұрт болып қалыптасып, Еуразия кеңіс­тігіне тараған құт-мекені. Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақа­ласында түркілер ұлан-­ғайыр далада көшпелі және отырық­шы өркениеттің өзіндік өрне­гін қалыптастырғанына, өнер мен ғылымның және әлемдік сауданың орталығына айналған ортағасырлық қалалардың өсіп-өркендеуіне жол ашқанына тоқ­талып: «Мәселен, орта ғасыр­дағы Отырар қаласы әлем­дік өркениеттің ұлы ойшылдары­ның бірі – Әбу Насыр әл-Фараби­ді дүниеге әкелсе, түркі халық­тарының рухани көшбасшы­ларының бірі Қожа Ахмет Ясауи Түркістан қаласында өмір сүріп, ілім таратқан», деп жазды. 

Алтай жайында айтпас бұрын аз-кем әл-Фараби және Қожа Ах­мет Ясауи бабаларымыз тура­лы сөз етейін. Әл-Фараби 870-950 жыл­дар аралығында өмір сүр­ген. Ол туралы араб, парсы дү­ниесінде жиі айтылады. Араб­тар да, ирандықтар да әл-Фара­би­ді «өз адамы» деп санайды. Олай ай­туға негіз – Фараби еңбек­те­рін араб тілінде жазған. Бағ­дат қаласында ғұмыр кешкен. Әл-Фараби ғылымдарды жік­­теу­­ді арифметикадан бас­тап, ме­та­­­фи­зикамен, яғни пәл­са­па­мен аяқ­та­ған. Ағылшын ғалы­мы Карен Армстронг «Нағыз пәл­­са­­па­ның не­гізін салушы Әбу Насыр әл-Фара­би» деген. Пәлсапа әл-Фара­би­ден басталса, біздің зерт­тей­ті­німіз осы ғұлама мұрасы болуы керек.

Түркі дәуірінің ғұламасы – Қожа Ахмет Ясауи. Ол кісі сопы-тақуа. Араб әрпімен түркі тілінде «Диуани Хикмет» («Даналық кітабын») жазған. Қожа Ахмет Ясауи түркі жұртына жаңалық әкелді. Ол еңбегін араб әрпімен түркі тілінде жазып, сопылықтың түркілік бағытының негізін қала­ды. Ясауи – ойшыл. Ол – ислам­ның шарттарын мойындаушы әрі орындаушы. Алланың бір, пайғамбардың хақтығына ол шүбә келтірмеген. Оған тақуалық өмірі дәлел. Ол ойшыл болғанмен, исламның негізгі қағидаларын мүлтіксіз орындаған. 

– Алтайды жырына қоспаған ақын, әніне арқау етпеген сазгер аз шығар. Алтайдың құдіреті неде? 

– Жоғарыда айтылған екі ғұлама еңбектері рухани байлыққа жатса, Түркі әлемінің алтын бесігі аталған Алтай өңірінде материалдық мәдениеттің үздік үлгілері табылуда. Берел, Шілікті, Елеке сазы елді мекендерінде әлемдік деңгейдегі архифактор табылып, насихатталуда. Бұл өркениеттік үрдісте Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің еңбегі ерекше. Ол кісі өзі бас болып, «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияларды жүйелі түрде 2016 жылдан бастап, қатарынан 3 рет өткізді. 

Айталық, Өскемен қаласын­да 8 қыркүйекте өткен «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» деген іс-шараға Ұлыбритания­ның Қазақстандағы елшісі Кэро­лин Браун және Моңғолияның Қазақ­стандағы елшісі Лувсан Баттул­га қатысты. Өзге де шақы­рыл­ған түркі әлемінің ғалым­дары өз ойларын ортаға салды. Археологтар: Зейнолла Самашев, Әбдеш Төлеу­баев шамамен біздің дәуірімізге дейінгі VII ғасырларда өмір сүр­ген сақ ханзадалары жерленген қорғандарда зерттеу жұмыстарын жүргізіп, нәтижелерін жұртшы­лық назарына ұсынды. 

Тарбағатай ауданынан табыл­ған Алтын адам – Алтайдың алтын ғасырының адамы. Адамға құрмет болса, осындай болуы керек. Алтайлықтар бек құр­мет тұтатын адамын көзінің тірі­сінде ғана емес, дүниеден оз­ған­­нан кейін де алтынмен аптап қойған. Мұндай жағдай әлем халықтары ішінде тек Сақ мәде­ниетіне тән. Ендігі жерде мен сақ дәуірінің данышпаны б.д.д VI-VII ғасырларда өмір сүрген Анахарсистің Алтай өңірінен шық­қанына еш таластың жоқты­ғына көзім жетті. Алтайдың Ана­харсисі ой маржанына ие, Алтын адам – Алтайдың алтын ғасырының адамы. Бабалар мінезі – архетип. Міне, соны археологтар оятуда. Алтын адам – тек архетип қана емес, ол Алтын идея. Ол – тарихи сана. 

Елбасы өзінің мақаласын­да тарихи сананың кеңістігі және уақыты туралы терең әңгіме қозғаған. Бұл – кең-байтақ Қазақ елінің қай өңіріне болсын қатысты шындық. Маңғыстау, Атырау, Орал, Ақтөбе өңірлерінен бастап, тегіс Жетісу, Сарыарқа бәрін тұтас алғанда, жеке-жеке ал­ған­да әрбір тарихи оқиға­лар­дың түп-тамыры – қазақ хал­қы қа­лып­тасуының негізі.  

Біз барымызбен мақтанамыз. Біз барымызды келер ұрпаққа мұра ретінде ұсынамыз. Біз барымызды біліп, танып, зерттеп ол архифакторды тек мұражайларға ғана орналастырып қоймай, оларды әлем халықтарының назарына ұсынып, өзіміздің тарихта кім болғанымызды, қандай рухани, материалдық құндылықтарға ие болғанымызды және оларды өмірге келтіріп, бүгінгі күнге жеткізгенімізді айтуымыз қажет. 

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы