• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
27 Ақпан, 2010

ДҮБІРГЕ ТОЛЫ ДҮНИЕ

831 рет
көрсетілді

ӘДЕТКЕ АЙНАЛҒАН ӘСКЕРИ ТӨҢКЕРІС Әлем жұртшылығы осыдан шамалы бұрын Батыс Африкадағы Нигер Республикасында болған мемле­кеттік төңкеріске оншалықты таңдана қоймағандай. Көп адамға бұл басқа жерлердегі сайлау өтіп, биліктің бір қолдан екінші қолға көшкеніндей әсер қалдырған сияқты. Жаңа төңкерісті де әскерилер жасады.Жалпы, 1960 жылы азаттық ал­ған Нигер Рес­публикасы төң­ке­рістен көз аш­пай келеді. Соң­ғы төң­­­керіс 1999 жылы болған еді. Майор Дауда Мал­лам Уан­ке бастаған кө­терілісшілер әске­ри диктатор Ибрагим Баре Май­нассараны тағынан тайдырған. Атап өтерлік бір жай: әскерилер билікті өздері иемденбей, еркін сайлау өткізіп, заңды президент сайланған. Қалай дегенде де, Танджа Мамаду өзінің билікке жеткені әскерилердің арқасы екенін ұмытпауы тиіс еді. Осыдан бес жыл бұрын сайлауда қайта жеңіп шыққаннан кейін, ол әскерилердің демократиялық талабын ұмытқандай болды. Ол өзінің билігін ұзарту үшін конституцияға өзгеріс енгізгісі келді. Өз ойын жүзеге асыру үшін парламентті де таратып жіберіп, бар билікті өз қолына алды. Президент Танджа Мамаду­дың ойын әскерилер жүзеге ас­ырт­пады. Оны билікке отырғыз­ған да, енді сол биліктен тайдыр­ған да әскерилер болып отыр. Олар президентті үкімет отыры­сын басқарып отырған кезінде бүкіл министрлерімен бірге тұтқындап, бір әскери бөлімге алып кеткен көрінеді. Мамадудың күзетшілері де, қолдаушылары да қарсылық көрсетіп үлгермеген сияқты. Мылтық та атылған көрінеді, бірақ оның кімді жақтап атылғаны да белгісіз. Бір анығы – төңкеріс қантөгіссіз болған. Сондай-ақ, алғашында төңке­рістің нақты ұйымдастырушысы кім екені жайында да әртүрлі әңгіме айтылды. Бір ақпарат көзі төңкерісті жүзеге асырған пол­ков­ник Аб­дул­лайе Адаму Харун десе, екіншілері полковник Жибрил Адаму Харун деді. Ал одан кейін әскери хун­та­ның басшысы ре­тінде майор Салу Джи­боның аты атал­ды. Ақыры соңғы қауесет шынға айналып, майор Салу Джи­боның уақытша прези­дент болып таға­й­ын­далғаны жарияланды. Сол хабарда Джибоның Де­мо­­кратияны қал­пына келтіру ке­ңе­сін басқа­ра­ты­ны, өз кезегінде бұл кеңес өтпелі кезеңде демокра­тия­лық сайлау өткенше ғана билік тізгінін ұстайтыны айтылған. Бірақ сол уақытта бұл кеңес, оның басшысы біраз бағдар­ламалық мәселелерді шешіп тастамақ. Ең алдымен уақытша прези­дентке айрықша құқық берілген. Ол үкіметтің басшысын да, ми­нистрлерді де өзі тағайындайды. Сонымен бірге, ол жаңа конститу­цияны әзірлейтін комитетті де басқарады. Ал бұл конституция жалпыхалықтық референдумда дау­ысқа салынбақ. Соған қара­ған­да, уақытша президенттің билік мерзімі біразға созылса керек. Бұрынғы президент Мамаду­ды жақтап, қарсылық көрсеткен­дер туралы ақпарат жоқ. Ал көте­рілісшілерді жақтаған біраз топ ел астанасы Ниамейде көшеге шы­ғып, бой көрсеткенге ұқсайды. Оны қолдан ұйымдастыру да әб­ден мүмкін. Әрине, халықтың әр­кім­ді жақтап екі топқа бөлініп, атыс­п­ағаны жақсы. Сөйтсе де бұ­рынғы биліктің халық қимайтын­дай істері бола қоймаған сыңайлы. Нигер – негізінен ауыл шаруа­шылықты кедей ел. Ауасы ыстық, Нигердей өзені болған соң, онда егіншілік біраз дамыған, көшпелі халық мал өсіреді. Жерінде біраз байлығы бар, әсіресе, жұртты онда уранның айтарлықтай қоры бары қызықтырады. Шаруашылығын айтпағанда, бұл елдің 85 пайызы мұсылман саналатын халқы жылдам өсіп келеді. 1995 жылдан кейін он жылда бір жарым есе өсіп, 13,5 миллион болған екен, дәл қазір қаншаға жеткені белгісіз. Жаңа билік сол халықты қайда бастайды деген ой көңілге оралады. АПАТТЫҢ АЙТЫП КЕЛМЕЙТІНІ БАР Португалия үкіметі Мадейра аралындағы табиғат апатынан құрбан болғандарға арнап, үш күндік бүкілұлттық аза жариялады. Бұл апаттан елу шақты адам қаза тауып, 120 адам жарақат алыпты. Ал толық анықталған кезде құрбандар қатарының көбейе түсуі әбден мүмкін. Ақпарат құ­ралдары, ең ал­дымен теле­ар­на­лар мұндай оқи­ғаларды адамға жақындата тү­се­ді. Жұрт демалыс күндері бу­ыр­қан­ған өзенге ай­нал­ған қала кө­шелерін, қираған көпірлер мен алып электр баға­наларын, опырылған ғимараттар­ды көріп, апаттың алапаттығын аңғарды. Осынау апаттың салдары жаныңды түршіктіреді. Мұндай апатты күтпеген ха­лықтың қасіретін түсінесің. Бұл арал құрылықтағы Португалиядан мың шақырымдай екен. Апаттың жайын білмек болып ел премьер-министрі Жозе Сократеш оған бірнеше рет барып та қайтты. Кө­мек жан-жақты көрсетіле бастады. Көрші ел Испания да көмек қо­лын ұсынды. Португалия Еуро­одақтан қаржылай шұғыл көмек өтінді. Бір сөзбен айтқанда, шал­ғай­да жатқан бұл арал халқы апат­тан кейін қамқорсыз қалмайды. Қамқорлық дегенде, Мадейра бұрын да қамқорсыз қалған жер емес. Табиғатына, қолайлы ауа райына қарап, ұзындығы 57 шақырым, ені 22 шақырым бұл аралды жұмақ десе болар еді. Онда туризмнің айтарлықтай жүйесі бар. Аралдың 250 мың тұрғыны бір жағы сол туризмнің шапағатын да көреді. Кешегі сойқан нөсерлі жауын біраз жерді бүлдіргенмен, жан-жақты көмек оның орнын толтыратынына жұрт күмәнданбайды. Әңгіме дәл ос­ындайда қол ұшын беретіндердің табылу-табылмауына, сол көмекті ұқсата білуге барып тіреледі. Апат айтпай келеді деп, кейде жұрт ақталғандай болатыны бар. Осы жерде Гаитидегі жер сілкіну көңілге орала береді. Рас, сол жер сілкінуден үйлер көп қирады, құрбан болғандар да көп болды. Сол зілзаладан бері бір жарым айдай уақыт өтсе де, ондағы халықтың аш-жалаңаш күйлері телеарналардан көп көрсетіледі. Сонда, оу, бұл елде үкімет бар емес пе, сырттан қаншама көмек келіп жатыр, ол қайда кетіп жатыр деген ой мазалайды. Елдің бір аймағында зілзала болса, екінші ай­ма­ғында ел бар емес пе, олар не­ге көмекке кел­мейді, мынау аш-жалаңаш халық­ты уақытша бол­са да, сол жаққа апарып орналас­тырып, жұрт ба­рымен бөліспей ме дейсің. Мұндайды өз елің де бастан кешкен соң айтасың. Азын-аулақ зілзала бізде де болды. Зайсанда, Меркі жақта сол жер сілкінісінен, әйтпесе оңтүстік өңірде көктемгі нөсер жаңбырдан біраз үйлер қирағанда, ел болып шабылдық. Үйлер жөнделді, астан тарыққан, далада қалған ешкім болған жоқ. Әйтпесе, сонау соғыстың сұрапыл жылдарында халқымыз азық-түліктен қиналды. Сонда да сырт­тан, жау жайлаған жақтан келген­дерді, қуғын-сүргінмен келгендер­ді арасына сіңіріп, қолындағысын бөліп бергені белгілі. Мына жұрт неге солай етпейді дейсің. Ал Гаитиде, телеарнадан көріп жа­тыр­мыз, ашпыз, неге көмектес­пейді деген айқай жиі естіледі. Үйдің қирағаны рас, қиындық туғаны рас, бірақ осы жұрт бұрын қалай өмір сүрген? Олардың аз­ын-аулақ болса да жиған-тергені жоқ па, соның бәрі қираған үйдің астында қалса да, оны аршып алатын мүмкіндік бар емес пе? Ал олардың аузынан шығатын бір ғана сөз – бер! Сол Гаитидегі жағдай туралы репортаждарды көргенде, тағы бір жантүршігерлік көрініс көңілден кетпейді. Ол сырттан келген көмекке жұрттың таласуы. Бұл жерде сол көмекті таратуды жөн­деп ұйымдастыра алмай отырған жергілікті өкіметке сын айтқан жөн-ау. Сол көмекті әлі жеткен тартып алып жатыр. Кішірек баланың бір көмекке кезегі жетіп, қолына бір нәрсе тисе, одан үл­ке­нірегі оны тартып алады. Олар­ды бала десек, бір қап азықты көтеріп бара жатқан бір адамды одан күштірек екі адам келіп, зорлықпен тартып алғанын да сол телеарнадан талай көрдік. Сірә, апаттың үлкені осы шығар деген ой келеді. Мұндай халықты той­ын­дыру да қиын болар. Құдай мұндай апаттан сақтасын. Мамадияр ЖАҚЫП.