• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 03 Желтоқсан, 2018

G20: Жаһандық мәселелер талқыланған жиын

583 рет
көрсетілді

Буэнос-Айресте «Үлкен жиырмалықтың» (G20) кезекті саммиті аяқталды. Жиынға қатысушылар ортақ мәлімдеме қабылдады. Сондай-ақ бірқатар маңызды кездесулер өткізіп, келіссөздер жүргізді. Қазақстан әлемдік аренада көпвекторлы саясат жүргізіп келе жатқаны белгілі. Сондықтан «Үлкен жиырмалық» саммиті секілді халықаралық іс-шаралар еліміз үшін маңызға ие.

Қорытынды құжатта жиырмалыққа кіретін мемлекеттер халықаралық сауда жүйесі жетілдіріліп, Дүниежүзілік сауда ұйымына реформа жасалуы қажет екеніне келіскен. Саммитке қатысушылардың пікірінше, қазіргі жүйе өзіне жүктелген міндетті толық атқарып отырған жоқ. Сондықтан оған өзгеріс енгізу қажет. Ал реформа қай бағытта жасалатыны 2019 жылы Жапонияда өтетін жиында талқыланбақ.

Сонымен қатар ортақ мәлімдемеде климат өзгеруіне қатысты мәселе қозғалған. АҚШ-тан басқа G20 мемлекеттері бірауыздан жасыл энергия көзін дамытуға ынталы екенін білдірді. Ал Ақ үй тарапы Париж келісімінен шығуға ниет барын тағы бір мәрте қайталап өткен. Естеріңізде болса, бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп климаттың өзгеруіне келіспейтінін айтып, Париж келісімінен бас тартатынын мәлімдеген болатын.

Қорытынды құжатта алдағы үш жыл көлемінде жемқорлықпен күресудің жоспары қабылданды. Бұдан бөлек, жиында террористік ұйымдардың интернетті өздерінің жымысқы мақсатына пайдаланып отырғаны айтылып, онымен күресудің маңызы сөз болды. Мәлімдемеде тараптар әлемнің кедей мемлекеттерінен халықтың жаппай көшу мәселесіне де тоқталған.

Саммиттің ортақ мәлімдемесінде қабылданған маңызды мәселелерден бөлек, жиын барысында бірқатар екіжақты келісімдер жасалды. Солардың ішіндегі атап өтерлігі – Қытай мен АҚШ арасындағы «сауда соғысын» уақытша тоқтату жөніндегі шешім. Ақ үй баспасөз қызметінің мәліметіне сай, Д.Трамп 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап Қытайдан сатып алынатын тауарларға салынатын салық көлемін 10 пайыздан 25 пайызға көтермеуге келіскен. Яғни, келісілген үш ай мерзімдік уақытта америкалықтар құны 200 миллиард доллар көлеміндегі «Аспан асты елінің» тауарын сатып алмақ. Өз кезегінде Си Цзиньпин сауда тепе-теңдігін сақтау үшін қомақты қаржы төлеп, АҚШ-тан ауылшаруашылығы, өнеркәсіп өнімдері секілді қажетті заттарын алуды көздеп отыр.

Әйтсе де, екі алпауыт мемлекет арасындағы «сауда соғысы» толыққанды аяқталды деуге әлі ерте. Алда-жалда 2019 жылғы 1 сәуірге дейін жаңа келісім жасалмаса, АҚШ тарапы тауар салығын қайта көтеруі ықтимал. Бейжің билігі келіссөздерден кейін түйткілдің түйіні тарқап келе жатқанын мәлімдеді.

Айта кету керек, бұл – «сауда соғысы» басталғалы бергі Д.Трамп пен Си Цзинпиньнің алғаш кездесуі. Естеріңізде болса, биылғы шілдеде Ақ үй «Аспан астынан келетін» құны 250 миллиард долларлық тауарға жаңа тарифпен салық салған еді. Қытай тарапы америкадан әкелінетін жалпы құны 110 миллиард долларлық заттың салығын қымбаттатып жіберді.

Буэнос-Айрестегі келісім аталған мәселені оңтайлы шешуге үлес қоспақ. BBC-дің Бейжіңдегі тілшісі Стефан Макдонеллдің пайымдауынша, осы 90 күн ішінде АҚШ пен Қытай «сауда соғысын» біржола аяқтайтын ортақ мәмілеге қол жеткізуі қажет. Қазіргі келісім түйткілдің толыққанды аяқталғанын білдірмейді. Әйтсе де, мәселені одан әрі ушықтырудың алдын алады деп есептейді журналист.

Технология саудасымен айналысатын ITI компаниясы аталған келісімді әлемнің алып екі экономикасының арасындағы дауды шешуге арналған маңызды қадам деп есептейді. Capital Economists аналитикалық компаниясының сарапшысы Пол Ашворттың пікірінше, Д.Трамп өз абыройы сарапқа түсетіндігін білгендіктен, Қытаймен арадағы мәселені оңтайлы шешуге талпынады.

Politico.eu сайтының тілшісі Даф Палмер G20 саммитінің қорытындысы бір нәрсені анық көрсеткенін айтады. Ендігі жерде кез келген пікірталас бүкіл әлем және АҚШ болып өрбімек.

Журналистің бұлай ой түюіне себеп бар. Д.Тамп билікке келгелі бері әлем көшбасшылары АҚШ президентінің алған бетінен қайтпайтын мінезіне көндікті. Олар Ақ үй басшысының пікірін логикалық дәлелдермен, мақтаумен өзгерте алмайтынын жақсы түсініп отыр. Сондықтан Американың ыңғайына жығылып, қажет жағдайда оның пікірін назарға алмай, ортақ келісімге келуді көздейді. Яғни, АҚШ-тың ұстанымын өзгертуге күш салмай, көпжақты қарым-қатынасты сақтап қалуға тырысады.

Бір жағынан Ақ үй әкімшілігі Дүниежүзілік сауда ұйымын реформалау туралы келісімді қатты қолдағаны анық. Өйткені жүйесі бекіген ұйым кез келген әлемдік тұлғаның ережеге сай әрекет етуіне мәжбүрлейді.

«Үлкен жиырмалықтың» саммитіне қатысқан мемлекет басшылары баспасөз мәлімдемесінде жиынның жоғары деңгейде өткеніне тоқталып, түйткілдерге қарамастан ортақ шешімге қол жеткенін айтып өтті.

Германия канцлері Ангела Меркел көпжақты келіссөздерге қауіп төніп тұрғанын атап өтіп, алайда саммиттің жұмысы сәтті аяқталғанын мәлімдеді. Ал Аргентина президенті Маурисио Макри G20 келіссөздер мен ынтымақтың таптырмас алаңына айналғанын жеткізді. Франция басшысы Эммануэль Макрон саммит аясында кез келген мәселенің оң шешімін табатынын атап өтті.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»