Қазіргі кезеңде түркітілдес мемлекеттер қарқынды дамып келе жатыр және әрқайсысы халықаралық аренада өзіне лайықты орынға ие. Сол мемлекеттердің бірі, түркі әлемінің маңызды бөлігі – Қазақстан Республикасы. Оның ішкі және сыртқы саясатты жүргізуі, серіктестік қағидаларына шынайы көзқарасы халықаралық беделінің зор екенін көрсетеді. Айта кету керек, Қазақстанның тәуелсіздік жылдары қол жеткізген барлық жетістіктері Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты.
Үш жыл бұрын, дәлірек айтқанда, 2015 жылдың қыркүйегінде Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің Астанада өткен 5-ші саммитіне қатысқаным есімде. Дәл сонда менің түркі мәдениеті мен мұрасы халықаралық қорының басшысы ретіндегі кандидатурам бекітілді. Келесі күні біз Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына қатыстық. Сол жерде мен өз тарихын, ұлттық ерекшелігін сақтаған, өз дәстүрлерін мақтан тұта алатын заманауи және қуатты Қазақстанды көрдім.
Бүгінде түркі елдері мемлекеттері басшыларының арасында өте терең бауырластық пен сенімді әріптестік бар екендігін айрықша атап өту керек. Өз кезегінде мемлекет басшыларының берік бірлігі біздің туыс халықтарымыз арасындағы өзара байланысқа оң әсерін тигізуде. Түбі бір түркі бауырлар арасындағы бұл ынтымақтастық пен әріптестік алдағы уақытта одан әрі нығая түседі деп сенемін.
Осы тұрғыда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен әзербайжан халқының ұлттық көшбасшысы Гейдар Әлиевтің ұзақ жылдардың тезіне төзіп берген айрықша достық қарым-қатынаста болғанын айта аламын. Қуанатын бір жайт, осы дәстүр қазір де жалғасын табуда. Әзербайжан мемлекетінің Президенті Ильхам Әлиев пен Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың арасында да өте жақын достық байланыс берік қалыптасқан.
Сонымен қатар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бітімгершілік миссияны табысты атқарып отырғанын айрықша атап өткім келеді. Көптеген елдер арасында келіспеушіліктер туындаған кезде, Қазақстанның дана әрі кемеңгер көшбасшысына жүгінеді. Осылайша Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығындағы Қазақстан байсалды саясатымен әлемдік қоғамдастықтың сеніміне ие болып, татуластыру миссиясын нәтижелі жүзеге асырып келеді.
Жақында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев түркі әлемі үшін маңызды зор тарихи шешімдер қабылдады. Атап айтқанда, Қазақстанның латын әліпбиіне өтуі бауырлас елдерімізді бұрынғыдан да жақындастыра түссе, Түркістанға облыс мәртебесін беру түркі әлеміне ерекше серпін берген жаңалық болды. Сондай-ақ «Түркі әлемінің тұлғалары», «Түркі әлемінің қасиетті жерлері» сияқты маңызды жобаларға бастамашы болып, бай мәдени мұрамызды, рухани бай құндылықтарымызды болашақ ұрпаққа сақтау және жеткізуде үлкен маңызды қадамдар жасады.
Гюнай ЭФЕНДИЕВА,
Түркі мәдениеті мен мұрасы халықаралық қорының президенті