• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 06 Желтоқсан, 2018

Инвестиция тартуға жеңілдік беретін жоба мақұлданды

318 рет
көрсетілді

Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен болған палатаның кезекті отырысында бес мәселе қаралды. 

Алдымен «Қазақстан Рес­пуб­ликасының Үкіметі мен Хор­ватия Республикасының Үкіметі арасындағы Табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы келісімді және оған хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы қаралып, ол туралы баяндаманы Қаржы министрі Әлихан Смайылов жасады. Оның айтуы бойынша, заң жобасы салық салуға қатысты екіжақты ақпараттар ал­масуды нығайтады, ортақ тәр­тіптерді белгілейді және салық­тық дауларды шешуге ықпал етеді. Соңғы жылдары екі елдің арасындағы тауар ай­налымы ұлғайып келе жатқан­дықтан, бұл келісімнің мәні арта түскен, сондықтан оны рати­фикациялаудың маңызы зор. 2017 жылдың қорытындысы бо­йынша екіжақты тауар айналымы 318 млн АҚШ доллары көлеміне жеткен. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда шамамен 9 есеге артық. Қазақстаннан экспортқа шы­ғарылатын өнімдердің 90 пайызы отын-энергетикалық, химия өнеркәсібі және т.б. сала­лардың өнімдеріне тиесілі.

Депутаттар заң жобасын қолдайтындарын білдіре отырып, бірнеше мәселені анықтау үшін сұрақтар қойды. Соның ішінде депутат Амангелді Дәу­ренбаев осындай келісімнің 53 елмен жасалып, енді 54-ші ел­мен де іске асып отырғанын ес­ке сала келіп, олардың Қазақ­стан экономикасының дамуы­на қаншалықты әсері барын сұ­рады. Бұл мәселеге қатысты министр келісімдер бизнес-ахуалды жақсартатынын, инвестициялар тартуды арттыратынын айтты. «Қазір осындай келісім жасалған 53 елдің Қазақстан экономикасына салған инвестициясы барлық инвестицияның 82 пайызын құрап отыр», деді ол. Депутат Петр Шарапаев біздің елде жеке табыс салығы 15 пайыз болғанда Хорватияда ол 45 пайызға дейін жететінін айта келіп, осының қалай үйлесетінін сұрады. Оған министр табыс қай елде алынса, сол елдің  мөлшерімен салық салынатынын жеткізді. Депутат Сапар Ахметов дивидендтерге салынатын салық көлемінің әр­түр­лілігіне назар аударды. Егер дивиденд таза пайданың 25 па­йызына дейін төленсе, онда салық көлемі 5 пайызға, ал 25 пайыздан артық болса салық 10 пайызға дейін жоғарылауының себебі не деп сұрады ол. Оған министр бұл инвестициялық салымдарды ынталандырудың бір әдісі екенін айтты. Демек, таза пай­даның көп бөлігі дивидендке тө­ленбей, экономикаға салына­тын болса, салық та төмен бола­ды екен.

Заң жобасы бойынша қосым­ша баяндаманы Қаржы және бюд­жет комитетінің мүшесі Екате­ри­на Никитинская жасағаннан кейін шағын талқылау болып, заң жобасы мақұлданды. 

Жалпы отырыста қаралған екінші мәселе  «Қазақстан Рес­пуб­­ликасының Үкіметі мен Қы­тай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстанға тікелей инвестициялар салуды жүзеге асыратын Қы­тай-Қазақ­стан өндірістік қуат­тары­ның ынтымақтастығы қоры кірісінің жекелеген түрлерін салық салудан босату туралы келісімді ратификациялау ту­ралы» заң жобасы жөнінде болды. Бұл туралы баян­даманы Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек жасады. Келісімге 2016 жылдың желтоқсан айында қол қойылған. «ҚазақИнвест» ұлттық компаниясы мен Қытайдың «Жібек жолы» қорларының арасын­да бірлескен жобаларды инвес­тициялауға капиталдандыруы 2 мил­лиард доллар болатын қор құ­рылған. Осы қор арқылы Қазақстан экономикасына салынатын инвестиция көлемін ынталандыру мақсатымен аталмыш келісім жасалған.

«Қытайдың «Жібек жолы» қоры Астана қор биржасының жарғылық капиталына да кірген (5%). Жалпы капиталдандыру со­масы 55 млрд АҚШ долларын құрайтын «Жібек жолы» қоры – көлемі жағынан Қытайдағы ең ірі қор. «Жібек жолы» қоры­ның Астана халықаралық қар­жы орталығы биржасына ак­ционер ретінде қатысуы Қытай­дан ірі инвесторларды тар­туға ықпал ететін болады. Қа­зақстан аумағындағы жоба­лардың негізгі капиталына салы­на­тын инвестиция көлемі үлкен болатыны ескеріліп отыр. Сондықтан қордың қызметіне қойылатын негізгі талаптардың бірі – дивидендтерге салынатын салықтан босату», деді министр.

Баяндама аяқталған соң депутаттар бірнеше сұрақ қойды. Соның ішінде депутат Абай Тасболатов қордың Қазақстан экономикасының қандай салаларына инвестиция құятынын сұрады. Министр бұл мәселе бойынша негізінен өңдеу өнер­кәсібі мен инфрақұрылымға инвестиция тартылатынын айтты. Қазірдің өзінде бірнеше жоба қаралып жатқаны жеткізілді. Депутат Артур Платонов жобаларды сарапқа салатын мамандар қай елден тартылатынын сұрады. Оған министр қазақстандық мамандар, сонымен бірге қор­дың өзінің қалауымен Қытай жағынан да эксперттердің тартылатынын айтты. Ал депутат Зәуреш Аманжолованың Қа­зақ­станнан Қытай экономикасына инвестиция салып, жобаларды іске асырып жатқан компания­лар бар ма деген сұрағына Ж.Қасымбек «Райымбек ФУД» фирмасының Қытайда шырындар шығаратын жобаны қолға алғанын, ал «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы терминал салғанын жеткізді.

Осындай сұрақтардан ке­йін заң жобасы талқыланып, бір­ауыздан мақұлданды.

Сонымен бірге жалпы отырыста «Қазақстан Рес­пуб­ли­ка­сының кейбір консти­ту­ция­­лық заңдарына Қазақстан Рес­пуб­ликасының әкімшілік-аумақтық құрылысы мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» конс­титуциялық заңның жобасы және «Қазақстан Рес­публикасының кейбір заңна­малық актілеріне Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы мәселелері бойынша өзгерістер мен то­лық­тырулар енгізу туралы» ілес­пе заңының жобасы екінші оқы­лымда мақұлданды. 

Сондай-ақ «Қазақстан Рес­пуб­ликасының кейбір заңна­малық актілеріне меншік құ­қығын қорғауды күшейту және төрелік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да екінші оқылымда мақұлданды. Күн тәртібіндегі мәселелер қа­ра­лып болған соң депутаттар орталық атқару органдарына өздерінің депутаттық сауалдарын жариялады. 

Жақсыбай САМРАТ,

«Егемен Қазақстан»