• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Қазақстан 10 Желтоқсан, 2018

Кәсіптік-техникалық білім деңгейі көтеріліп келеді

361 рет
көрсетілді

Астанада WorldSkills Kazakhstan IV чемпионаты өтті. Төрт күн бойы еліміздің барлық өңірінен келген колледждердің 350-ден астам студенті 30 түрлі мамандық бойынша жұмыс дағдылары деңгейімен сайысты. Байқау техникалық және кәсіптік білімді дамытуға бағытталған. Жеңімпаздарды марапаттау салтанатын Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев ашты.

Б.Сағынтаев еліміздің бар­лық өңірінен келген колледж­дердің студенттеріне сайыс­қа қа­тысқандары үшін алғыс білдіріп, барлық ұйымдастырушыларды, демеушілер мен қонақтарды рес­публикалық чемпионаттың аяқ­талуымен құттықтады. Премьер-Министр «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жуыр­дағы кеңейтілген отырысында бизнес өкілдері шақыруды қабыл алып, келесі жылдан бастап WorldSkills Kazakhstan қауымдастығымен білікті кадр­ларды даярлау бойынша белсене жұмыс істейтінін хабарлады.

WorldSkills Kazakhstan чем­пионатының басты мақсаты – жұмысшы кәсіптерінің абыро­йын арттыру, жас жұмыскерлерге қазіргі еңбек нарығында сұра­нысқа ие практикалық дағдылар мен жоғары біліктіліктерді алу мүмкіндігін беру.

Қазақстан WorldSkills қоз­ғалысына 2014 жылы қосылды. Қазірдің өзінде айтуға тұ­рар­лық нәтижелер бар. Егер 2015 жылы Сан-Паолода өткен World­Skills Competition бірінші әлем чемпио­натында қазақстан­дық команда 50-орында болса, 2017 жылы Әбу-Дабиде өткен жа­рыста 24-орынды иеленді. Сонымен қоса, елімізде кәсіп­тік-техникалық және жоғары білім­нің дамуы бұл көрсеткіштерді одан әрі жақсарту үшін перспективалар ашып отыр.

Үздіксіз оқыту мен жаңа кәсіптерді игеру қажеттігіне ерек­ше назар аударылды. Бұл жұмыс үрдістерінің техно­ло­гиялық жаңаруымен байланыс­ты. Осыған байланысты, Үкімет жұмыс берушілермен, шетелдік сарапшылармен бірлесіп құ­был­малы еңбек нарығында отан­дық кадрлардың бәсекеге қабі­леттілігін арттыру үшін кәсіп­тік-техникалық білім беру бағ­дарламасын одан әрі жетілдіру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп отыр.

Үкімет басшысы бірқатар чемпионат қатысушыларының көрнекті жұмыстарын айрықша атап өтіп, жеңімпаздарға алты құзырет бойынша марапаттар тапсырды. Атап айтқанда, бизнеске арналған IT жобалар (3-орын – И.Абдулабаев, 2-орын – И.Чупрынин, 1-орын – М.Соколовский); электрони­ка (3-орын – А. Просецкий, 2-орын – О.Халимов, 1-орын – П.Фе­тисов); веб-дизайн (3-орын – Н.Минеев, 2-орын – А.Мунь­ко, 1-орын – И.Симанов); графикалық дизайн (3-орын – Ф.Евдокимов, 2-орын – И.Мед­хатов, 1-орын – Д.Болат); ком­­пьютер­лік құрылымдау тех­но­­ло­гия­­сын қолданумен CAD ин­же­­нер­­лік графикасы (3-орын – С.Жай­лауов, 2-орын – О.Ша­­­тер­­ников,1-орын – Д.Зорин); нау­­байхана ісі (3-орын – И.Бо­ро­­дулина, 2-орын – А.Мар­­қа­бай, 1-орын – А.Аман­ғосова).

Марапаттау салтанатына сонымен қатар Парламент Се­на­тының депутаты Б. Әйтімова, Пар­ламент Мәжілісінің депу­таты Ж.Нұрманбетова, Премьер-минис­трдің орынбасары Е.До­саев, Білім және ғылым ми­нистрі Е.Са­ғадиев, Еңбек және ха­лықты әлеу­меттік қорғау ми­нистрі М.Әбіл­қасымова және басқалары қатысты.

Республикалық чемпио­нат­тың жеңімпаздары 2019 жылы Қазанда өтетін халықаралық чемпионатта Қазақстан атынан сайысқа түсетін болады.

Қарағанды көлік-техно­ло­гия­лық колледжінің оқы­ту­шы­­сы, сарапшы Ақбар Тәшен «Же­ңіл автомобильдер» құ­зыре­тінде байқауға қатысу­шы­лар ауыс­палы беріліс қорабын құрас­­тырғанын айтты. Оның ай­­туынша, бұл өте қиын. Бірақ, қаты­сушылар өз ісін жақсы біле­ді, қазіргі техникаларды жақсы игерген.

«Бұл чемпионатты міндетті түрде жалғастыру қажет. Жас­тар­дың дағдыларын жетілдіру үл­кен жұмыс. Чемпионатта өт­кен төрт жылдан бері аса ауқым­ды жұмыс атқарылған. Біз жо­ғары нәтижелерге қол жеткіз­дік, бірақ әлі де шеберлікті шың­дау қажет. Басқа елдердің, Азия және Еуропа елдерінің тәжіри­бе­сінен үйрену керек, деді А.Тәшен.

Алматы қаласынан келген техникалық делегат Қуатбек Әбіл­динов қазақстандық чем­пио­нат­тың еуропалық стандарттар дең­гейінде өткенін атап өтті.

 «Бұл байқауда біз техникалық мәселелерді: рәсімдердің сақ­талуын, сарапшылар жұмы­сын, алаңдағы жұмысты ұйым­дас­тырумен айналыстық. Біз­дің пікірімізше, чемпионат өте жоғары деңгейде өтті. Қаты­су­шыларға халықаралық стандарттар бойынша талаптар қойылды. Бағдарлама, сондай-ақ Еуропа чемпионаты пен Әбу-Дабиде өт­кен әлем чемпионатына сай келді. Тапсырмалардың бір бөлігі ТМД чемпионатының тапсырмаларына ұқсас болды. Әлем чемпионаттарының тәжі­рибесінде техникалық құзы­реттер бойынша тапсырма­лар­дың толық орындалуы сирек кездеседі. Себебі, олар күр­­делі. Біздің чемпионатта көпте­ген қатысушылар өз тапсырма­ларын толық аяқтай ал­ға­нына таңғалдым. Бұл тұста қатысу­шы­лардың өңірлерде пси­хо­ло­гиялық дайындықтан өтуі үлкен рөл ойнады деп ойлаймын», деді Қ.Әбілдинов.

Төреші, Түркістан облысынан келген техникалық делегат Ай­­дос Аппазов Қазақстанда кә­сіп­­тік-техникалық білім беру дең­­гейі көтеріліп келе жатқанын айтты.

«WorldSkills Kazakhstan жо­басы Қазақстанның кәсіптік-техникалық білімінің имиджін кө­теруге бағытталған. Мен екі құзыретке төреші болдым: мехатроника және электромонтаж. «Элек­тромонтаж» құзіретінде қаты­сушылар көп болды да, бізге төрелік ету біраз қиынға түсті. Сонымен қатар электромон­тажда прибордың жұмысын рет­тейтін ұсақ бөлшектер өте көп. Бірақ балалар оны да игерді. «Меха­троника» құзыретінде қаты­су­шылар компьютерлік құрыл­ғының көмегімен жұмыс істей­тін тұтас станса құрауы тиіс еді. Бұл аса қызықты болды. Кәсіптік-техникалық білім дең­гейі көтеріліп келеді, жабдық­тар да заманға сай, балалар халық­аралық стандарттарға сәйкес дайындалған», дейді А.Аппазов.

Сарапшы, Кентау политех­никалық колледжінің арнайы пән­дер бойынша оқытушысы Нұржан Сыздықов мемлекет тара­пынан техникалық маман­дық­тарға түсіп жатқан студент­тер­ге көрсетіліп отырған қолдау­дың маңыздылығын атап өтті.

«Электромонтаж, электроника және роботтехника модульдері бойынша студенттерді даярлау кезінде жауапкершілік сезіледі, себебі студенттерге әлемдік стандарттардың талап­тарына сай білім беру керек. Біз халықаралық стандарттарды ұстануға тырысамыз. Бүгінде студенттердің деңгейі біршама көтеріліп келеді, ал оқуды бітірген соң олар өз ісінің нағыз шебері болады. WorldSkills Kazakhstan студенттер үшін өз білімдерін тексерудің ең жоғарғы деңгейі. Оқыту кезінде олармен бірге біз де үйренеміз. Бізде дуальды оқыту жүйесі бар, студенттердің 60%-дан астамы зауыттар мен өнеркәсіптік кәсіпорындарда тағылымдамадан өтеді, демек, өз дағдыларын едәуір арттырады. Біздің студенттер 3 курс­та оқи жүріп жұмыс істей бастай­ды. Бүгінде инженерлік маман­дықтардың мәртебесі айтар­лықтай жоғары көтеріл­генін айтуға болады, студент­тердің басым бөлігі осындай кәсіп­терді таңдауда. Себебі еліміз­де оған сұраныс бар, өзекті­лігі сезілуде, мемлекеттің қол­дауы да зор, жалақысы да бұрын­ғыдан жоғарылады», деді Н.Сыз­дықов.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,

«Егемен Қазақстан»