• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
30 Мамыр, 2012

Тәшібай тәлімі

548 рет
көрсетілді

Тәшібай тәлімі

Әзіз жүрек Әзағаңмен енді мұрағаттық құжаттар арқылы сырласатын болып алыппыз-ау! Сағынышты сәл басатын болғасын, сөйте­міз де. Жүрек лүпілдейді. Аңсайды. Үзіліп ойлағанда, жаның кеміріледі. Бір көргің келеді. Майда дауысы енді құлаққа шалынар ма? Бәрі өткінші… Қалатыны – жазушының хаты екен…

Біз Әзағаңмен 34 жыл бойы хат жазысқан­быз. Дені «Махаббат жыршысы» атты кіта­быма кірді. Кірмегендері де жетіп жатыр. Міне, 2004 жылғы 10 сәуірде Астанадан Ә. Нұр­шайықовқа жазған мына хатымда былай делі­ніп­ті (Кейін осы мақаламның жазылуына себеп болған сол хаттың біраз жерін ойып алып беріп отырмын): «… Туған жер демекші, былтыр (2-9.ХІ.2003 ж.) Торғай өңіріне іссапарға барға­ным­да бір үлкен қазынаға жолығып, қатты әсер­леніп қайттым.

Әзіз жүрек Әзағаңмен енді мұрағаттық құжаттар арқылы сырласатын болып алыппыз-ау! Сағынышты сәл басатын болғасын, сөйте­міз де. Жүрек лүпілдейді. Аңсайды. Үзіліп ойлағанда, жаның кеміріледі. Бір көргің келеді. Майда дауысы енді құлаққа шалынар ма? Бәрі өткінші… Қалатыны – жазушының хаты екен…

Біз Әзағаңмен 34 жыл бойы хат жазысқан­быз. Дені «Махаббат жыршысы» атты кіта­быма кірді. Кірмегендері де жетіп жатыр. Міне, 2004 жылғы 10 сәуірде Астанадан Ә. Нұр­шайықовқа жазған мына хатымда былай делі­ніп­ті (Кейін осы мақаламның жазылуына себеп болған сол хаттың біраз жерін ойып алып беріп отырмын): «… Туған жер демекші, былтыр (2-9.ХІ.2003 ж.) Торғай өңіріне іссапарға барға­ным­да бір үлкен қазынаға жолығып, қатты әсер­леніп қайттым. Қостанай облысы Жанкелдин ауданының Речной ауылында бұрынғы ұста­зымыз, марқұм Ғабды­жауат Елкеевтің ұлы Нұрланның үйінде об­лыстық «Қостанай таңы» газетінің меншікті тіл­шісі Жақсылық Жүніс­ұлы екеуміз қонал­қыда отырып, қызық бір дерекке қаныққаны­мыз бар. Кітап сөресіне үңіліп тұрған менің көзіме латынша жазылған «Тарту» деген кө­лем­ді кітап ілікті. Алып қарасам, ақын-жазушылар шығармаларының жинағы екен. Алматыдағы Қазақ көркем әдебиет баспасынан 1940 жылы жарық көріпті. Мазмұнын сүзіп өткенімде Тәшібай Әлмұхамбетов деген таныс фамилияға кезігіп, жүрегім тулап қоя берді. «Құдай-ау, мына кісі Әзағаңның ұстазы емес пе?» деп, қасымдағы Жақсылықтан сүйінші сұрап жатырмын. Ол да әдебиет тарихын біршама жетік білетін журналист еді:

– Иә, Тәшібай атамыз осы шаңырақтың мар­құм болған иесі Ғабдыжауат ағайдың етбауыр жа­қындары болады. – Жақсылық төрде ілулі тұрған шыныланған суретті меңзеп сөй­леді. – Қарашы, Ғабдыжауат ағай қандай көрік­т­і адам болған. Бір білсем, Тәшібай атамыздың өңі де осы кісіге келіңкірейді. Суреті осы үйде болуға тиісті. – Жақ­сылық Күлайым келінді шақырды. – Ата­мыз­дың суреті бар шығар, қайда еді, әкелші, көрейік.

Суреттегі Тәшібай шынында да Ғабды­жауат ұстазымыздан айнымайтын болып шық­ты. Осы кісілерге жақын болып келетін Жақсылық ма­на­ғы менің сөзіме қатысты ойын жалғастыра келе Әлмұхамбетов туралы Әзағаның «Жас Алаш» газетінде көлдей мақала бастырғанын еске салды.

– Ұмытпасам, онда Әзағаң өзінің ұстазы жайлы тамаша пікір білдірген еді, – деп менің хабарсыз дүниемді қаперіме сала сөйледі.

Екеуіміздің қызықты әңгімемізге құлақ тү­ріп отырған мектеп мұғалімі, келініміз Кү­лай­ым тағы бір кітап әкеп ұсынды. Ол да Әл­мұ­­хамбетовтыкі екен. «Мен өмірге ғашықпын» деп аталады: повесть, әңгімелер, өлеңдер жи­­­­на­­ғы. Сөйткенше болған жоқ, келін қарыны том­пи­ған қара сөмкені алдына өңгеріп әкеліп, ішін ақтара бастады. Қаншама қағаз! Біраз шежіре бар екен. Қызыл көргендей қунаңдап кеткен біз соның бәрін жеделдете ақтарысты­рып көрдік те бір-бірімізге үнсіз қарасып қалдық. Әрине, қабағымыздың сыры белгілі. Қолқаны алдымен етене келініне Жақсылық­тың өзі салсын деп, мен тымырайып отырдым. Соны сезгендей ол:

– Қарағым, осы қағаздарыңды ана екі кі­­тап­­­пен қосып Қайсар ағаңа бере тұрсаң қай­теді, – деп өтініш салды. – Бұл жігіт өзі қағазға мәт­тақам, жоғалтпайды. Астанаға ала кетіп, танысып болған соң өзім тұтас күйінде табыстайтын боламын. – Үнсіз қалған келініне: «Жәрай ма», деп басын изеткізіп, құптатқан соң маған қарап, көңілдене сөйледі. – Келін келісіп отыр ғой, жиыстырып ала ғой қағаздарды. Мына екі кітапты да сөмкеңе сал. Түбі, екеуіңнің араң­дағы делдал өзім болып отырғанымды білесің ғой. Енді маған тәуелдісің.

Мен Жақсылық нендей шарт қойса да әзір екендігімді разылық жымисыммен сездір­гендей болдым».

Торғайдан оралған бір сапарым жайлы Әзағаңмен осылайша ой бөлісіппін ғой. Әрине, бұл хатқа сыймай қалған жақтары да молынан бар болатын. Мысалы, ұстазымыз Ғабдыжауат ағамыздың сонау алпысыншы жылдардың ба­сын­да Бестау орта мектебінде физика, математикадан сабақ беріп тұрып, бір сәт қатты ойға беріліп қалатынының сырын кездейсоқ аша қойғанымыз бар еді. «Біз есеп ойлап отырмыз, ал сіз не ойлап тұрсыз?» – деп төбеден түскен­дей сұрақ қойып қалсын Мырзағұл деген батыл оқушы ағайға. «Шынымды айтайын ба?» деді ағай көзілдірігін сұқ саусағымен жоғары түр­тің­кіреп қойып. Біз оның мына жұмсақ жауабына аңтарылып қалдық. Мырза­ғұлдың сазайын бере­­ді ғой деп, үрейленген басымыз, мәре-сәре боп жайлана түстік. Не айтар екен? Қан­дай шындық ол! Тақтадан көз алмаған күйі ағай: «Тәшібай Әлмұхамбетов деген ақын, жазушы ағаларың болған, сол кісі ойыма түсіп кеткені. Жақын ағайым еді. Соғыстан оралмады. Ғұмыры қысқа болды, небары 33 жас! Со­ңында ұрпақ қалмады, есесіне жазғандары қал­ды. Ол мұрамен кейін, есейгенде таныса жатар­сыңдар…» – деп жан қалтасына қолын салып, теріс қарап, бүгежіктей берді.Осы кезде қоңы­рау безілдей жөнелді. Біз селт етпей, тым-ты­рыс қалыппыз.

– Балалар, мені түсінгендеріңе рахмет! Мен сендерге Тәшібай аталарыңның өлеңдерінен ойымда қалған бір үзігін айтып бергім келіп тұр, – дегенде шаттанып, шу ете түскен біздерді мына жолдармен сап тыйған еді ол.

Жігіттің жақсы болғаны,

Адал болса халқына,

Батыр болса қырандай,

Жау тисе ел шетіне,

Жалтақтамай артына,

Алға ұмтылса ұрандай!

Өзінің сырлас, мұңдасы,

Жарына тәтті, сүйкімді,

Шырайналса шынардай,

Әлпештеген, өсірген,

Ата менен анаға,

Ысқырмаса жыландай.

Жанындай жақсы досына,

Жәрдем беріп тар жерде,

Жалт бермесе құландай,

Халқымен болса тілегі.

Елі үшін соқса жүрегі,

Еңбегі сіңіп ұландай.

Ғабдыжауат ағайдың аузынан тек есеп формулаларын ғана естіп көндіккен, біздер, өзгеше сусынға шөліміз қанғандай болып, мәз-майрам күйге еніп бара жаттық.Тәшібай ақынның сөз құдіреті екен ғой ол! Сол өлең сөзіне елітіп, жақсы жігіт болып өсуге деген құлшынысымыз жан-дүниемізді арайландырып жіберді. Білімді болу үшін есеп те керек шығар, бірақ өлеңнің жөні бір бөлек екенін сол жолы ұғынғандай болғанбыз.

Кейін, есейе келгенде білгеніміз – Тәшібай атамыз сондай-ақ ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Қайнекей Жармағамбетовтің жақын туысы болып келеді екен. Жалпы, бұл Тұр­лығұл әулетін халық небір өнер сұңғылалары өніп, тараған күмбір кеуделі таланттарға бай екендігімен ерекше ілтипатпен еске алып, әңгімелеп отырады.

Енді Әзағаңның менің жоғарыдағы хатыма жазған жауабының кезегі келіп қалғандай екен. Соған сөз берелік (19.ІҮ.2004 ж. Алматы.): «Ме­нің ұстазым Әлмұхамбетов Тәшібай туралы хабарыңыз жүрегімді толқытты. 1939 жылы алғашқы махаббаттың алтын арқаны сүйреп, Алматыдан Семейге барғанда мен Семей педучилищесінде (қазір М. Әуезов атындағы педагогикалық колледж, былтыр оның 100 жылдық тойы болып, соған қатысып қайттым) ол кісі менің ең сүйікті оқытушым болды ғой. Алғашында училищеге түсу үшін қазақ тілі мен әдебиетінен емтиханды сол кісіге тапсыр­ғанмын. Маған тиген емтихан билетіндегі бір сұрақта көп баяндауышты сөйлем құрасты­руым талап етілген екен.

Мен: «Шулайды, ағады Гвадалкивир», – деп Пушкин өлеңінің бір жолын айтқанмын. Оны естігенде мұғалім ағайдың көзі шырадай жайнап кетті. «Бұл кімнің өлеңі?»– деді ол кісі ма­ған. «Пушкиндікі». «Оны қайдан білесің?». «Мен­де Пушкиннің 1937 жылы Москвада шыққан қалыңдығы төрт елі томы бар». «Басқа қандай кітаптарың бар?». «Абай мен Сұлтан­махмұттың толық жинақтары».

Мұғалім разылықпен басын шайқады.

–  Өлең жазасың ба?

– Жазамын.

– Басылған өлеңдерің бар ма?

– Бар. Жарма аудандық «Социалистік еңбек» газетінде және Семей облыстық «Екпін­ді» газетінде.

– Біреуін жатқа айта аласың ба?

Мен «Жамбылға» деген өлеңімді айттым.

– Бұл өлеңді қашан шығардың?

– Жамбылдың ақындығына 75 жыл толған­да. Онда жетінші класта оқып жүргенмін.

Мұғалім қасыма келіп, басымнан сипады. Содан кейін:

– Жарайсың!– деп, емтихан қағазыма «өте жақсы» деген баға қойып берді.

Тәшібай мұғалім мені жанына жақын тартты. Оның себебі менің өлең жазатындығымнан деп ойладым. Облыстық газетте өлеңдерім шыққанда мені құттықтап жүрді. Өзімнің ол кездегі қимас үш кітабымның бірін – Сұлтан­махмұттың қалың томын сүйікті ұстазым Тәшібайға сыйладым.

Тәшібай туралы газетте жазғаным рас. Оны журналист досыңыз Жақсылық Жүнісұлы оқыған екен. Ол ініме де алғысымды жолдаймын (менің мақаламды оқығаны және менің ұстазым Тәшібайдың кітап-қағаздарын келіні­нен сұрап, Сізге алып бергені үшін). Бірақ менің мақалам «Жас Алашта» емес, «Тас тізім» деген атпен «Қазақ әдебиеті» газетінің бірнеше нөмі­­рінде басылған болатын. Жазушылар ода­ғына кіре бергенде, төменгі қабатта, оң жақ­тағы қа­быр­ғада тасқа қашалған тізім бар. Ол Ұлы Отан соғысында опат болған қазақ ақын-жазушы­ла­ры­ның тізімі. Сол тас тізімдегі өзім білетін қа­ламгерлер туралы естелік-эссе жаз­ған­мын. Ол кезде газеттің бас редакторы Оралхан Бөкеев жарықтық еді. Менің «Тас тізі­мім­ді» қатты ұнатып, газеттің бірнеше нөміріне тұтас бір беттен беріп отырды. Ол мақала менің көп пап­ка­ла­рымның бірінің ішінде жатыр. Таба алсам Сізге Тәшібай ұстазым туралы бөлігін жіберермін.

Тәшібай ағаның Сіз Күләйім келіннен алған «Мен өмірге ғашықпын» деген кітабы менде де бар. (Мұқабаның ішкі бетінде кітапқа пікір жаз­ған Х. Әдібаев екеуіміздің атымыз тұр. Бәлкім «Лениншіл жасқа» («Жас Алаш» емес) жария­лан­ған менің сол баспаға берген пікірім болар. Ол «Қазақ әдебиетінде» шық­қан­нан басқа мақа­ла. Бәлкім, Жақсылық жаңылыс айтқан болар».

Асылы, Әзағаң уәдеге берік, құнтты жан еді ғой. Айтқандайын, сөзінде тұрып, «Тас тізім» мақаласындағы Тәшібай ұстазына қа­тыс­ты бө­ле­гін әдейі салып жіберіпті. Оны оқы­ғанда ұстаздың алуан қырлары ашыла түскен­дей болды. Ақындық, жазушылық ізденістері­нің көңіл­ге орнықты нәтижелері атойлап тұрды.

Тәшібай Әлмұхамбетов өткен ғасырдың отызыншы жылдарында әдебиет көкжиегінде көрінген талантты жазушыларының бірі еді. Оның шығармалары салиқалы жинақтарда басылып, «Әдебиет майданы» журналында, «Қа­зақ әдебиеті», «Лениншіл жас» газеттерінде шығып жүрді. Ал қырықыншы жылдың бас жағында Тәшібай әңгімелері мен өлеңдері Семей облыстық «Екпінді» газетінің бетінде жиі жарияланыпты. Осы газетте жарық көрген «Шляпа» деген әңгімесі мен «Доктордың қызы» деген көлемді повесінің аяғына жетемін деп желпінген оқырманның бірі жас Әзілхан бірде боран, бірде аязда дірдектеп, киоскіге қарай бірнеше күн жүгіргенін есіне алады.

Мұғалім Тәшібай оқытатын қазақ әдебиеті сабағы өте қызықты болып өтеді екен. Жұм­сақ, биязы үнмен тақау отырған баланың басынан бір сипап өтіп, жымия тұрып оқитын лекциялары ерекше сүйсініс тудыратын. Оның суырыла сөйлейтін шешендігінің өзі тамсандыратын. Әр сабағының соңын адалдық, әділдік, азаматтық­қа әкеліп тірейтін болған. Отан қор­ғау жайын көп айтып, ұлдарды Ер Тарғындай ер, Қо­бы­ландыдай қаһарман болуға шақыра­тын. Қыздар ер тұлпары Тайбурылды баптаған Құртқадай, қолына найза ұстап, жауға еркектермен қатар шапқан Қарлыға іспеттес болсын дейтін.

Училищенің әдебиет үйірмесін Тәшібай мұғалімнің өзі басқарып, Алматыда, ҚазПИ-дің жұмысшы факультетінде оқып жүрген кезінде қабырға газетін қалай шығарғандарын айтатын. Редакторы өзі болыпты. Үнемі жүлде алып жү­ріп­ті. Тіпті безендіруін жасаған, кейін атақ­ты су­ретші болған Әбілхан Қастеев екеуі шығар­ған қабырға газеті олқы болсын ба, жоғарғы би­лікке дейін жетіп, бұлар ерекше қамқорлық­қа алынады. Сөйтіп, Тәшібай, Әбіл­хан және Мәриям Хакімжанова үшеуі «Екпін­ді» атты әдеби-көркем қолжазба журнал шығара бастайды. Мұндай бастама ынталандырылып, ғайып­тан 25 мың сом ақша алып, рабфак аяқ астынан байып қалады. Сол жылы жазда осы ақшаға студенттер өз күшімен асхана салады. Рабфакта 250 ұл, 250 қыз оқиды екен. Ұлдар қамыстан асхананың қабырғасын көтеріп, қыздар сылақ жұмысын жүргізіп, бітіріп алыпты.

«Біз педучилищенің ақырғы курсында оқып жүрген кезімізде ұстазымыздың қос бұрымы тобығына түскен сымбатты, сұлу бойжеткенді қолтықтап, Совет көшесімен серуен жасайтынына көзіміз түсетін еді,– деп еске алған болатын бір кездескенімде Әзағаң. – Қыздар: ол біз­дің мұғалім үйленгелі жүрген Күлән деген қыз, басқа қаладан келіпті десетін. Тәшібай мұғалім сол сүйген қызына қосылды ма, қосылса артында қалған ұрпақ бар ма, оны да білмеймін…

Осы жерде Ғабдыжауат ағайдың баласы Нұр­ланның зайыбы Күлайым берген деректер жәр­демге келгелі тұр. Білетіндер айтады екен, Тә­ші­байдың Күлән есімді сүйген жары болыпты. Ол соғыстан кейін Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында ұстаздық еткен. Ерінен майдан хаттарын алып тұрыпты. Соның бі­рінде Тәшібай (12.03.1943 ж) зайыбына «Қанжар» деген өлең­дер жинағын баспаға әзірлеп жүрге­нін жазыпты. Сол боздақ 33 жасында Отан үшін қыршынынан қиылды. 1942 жылы май­данға аттанған ол Дон өзені бойын­дағы кескі­лескен ұрыстардың бірінде ауыр жараланып, Қазан госпиталінде көз жұ­мады. Соңында ұрпақ қалмады. Соғыс өтінде жазған өлеңдері де өзімен бірге өлді.

Қолымыздағы тағы бір негіздемеге жүгін­сек, Тәшібайдың ата-анасы ерте қайтыс болып, немере ағасы Таутабайұлы Әубәкірдің (жұрт Әйеке деп атаған) қолында тәрбиеленіп өседі. Таутабайдан Әлмұхамбет пен Әубәкір туады. Әлмұхамбеттің азан шақырып қойған аты Әлмағамбет екен. Кейбір анықтамалықтарда осылай жазылып та жүр.

Қалай дегенде де Тәшібай Әлмұхамбетов­тің артында қалған мол шығармашылық мұра­сын толық күйінде оқырмандарға ұсынатын мезгіл жеткен секілді. Ол мұра өте бай. Бір­нешеуін атап кетелік. «Жастар дауысы» (Алматы, 1938 ж.) атты жинаққа «Мен сүйемін», «Құрбылар» әңгімелері, ұлт-азаттық көтерілісі­не арналған «Он алтыншы жыл» (Алматы, 1940 ж.) жина­ғына «Тау құлатқан дауылда» дастаны, «Тарту» (Алматы, 1940 ж.) жинағына «Доктордың қы­зы» деп аталатын повесі басылғанын көзі көріп кеткен. Кейіннен, 1978 жылы Алматыдан шық­қан «Жыр аманаты» жинағына оның бір топ өлеңдері енген. Рас, 1989 жылы «Жазушы» бас­пасынан Тәшібай­дың шәкірті болған ақын Әбулақап Райымбеков ұстазының шығарма­ларын жинап, «Мен өмірге ғашықпын» атты өлең, әңгімелерін құрастырып бастырды. Бірақ ол кітапқа да қаламгердің барлық жазғандары толығымен басы біріктіріліп, берілген жоқ.

Торғай өңірінің Бестау деген жерінде (қазір Қостанай облысының Қамысты ауданы) 1910 жылы дүниеге келген Тәшібай Әлмұхамбетов балалық шағын Ұлытау, Қарсақбай, Жезқазған атырабында өткізіп, сол аймақта және Семей қаласында педагогтік қызметтер атқарғанын білеміз. Демек, осы өңірлерден оның шығарма­шы­лығының, азаматтығының беймәлім де өнегелі тұстарын әлі де іздестіре түссе абзал болмақ. Мысалы, Тәшібайдың ұстаздық, тәр­биешілік, шығармашылық жұмыстармен бірге қоғамдық тапсырмаларды да зор жауапкерші­лікпен белесене атқарғанын білеміз.Осы сөзі­міздің бір дәлелі – 1942 жылдың 6 шілдесінде Жезқазған аудандық атқару комитеті Тәші­байды аудан бойынша халық ауыз әдебиетін жинау және тарихи ескерткіштерді есепке алу жөніндегі экспедицияға жауапты қызметкер етіп жіберген екен. Әттең, қызу басталған осы жұмыс мол қайтарымды болар ма еді бәлкім, енді дендеп зерттеу жұмыстарына кірісіп, аз уақытта тарихымыздың мол мұрасын зерделеп үлгерген талапты жастың мұратты ісі соғыс кесапатына кезігіп, өшіп тынды. Осы жерде сан қырлы талант иесінің 1938 жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогика институтын бітірген соң Том мемлекеттік педагогика институтының аспирантурасына түсуінің өзі оның ғылыми жұмысқа ден қоймақ ойының ұшқынын айқын аңғартпай ма? Әйткенмен де, Тәшібайдың әлгі біз шетін суыртпақтаған зерт­теулерінің нәтижелері әлі күнге күңгірттеніп жатуы ойландырады. Бұл әрине ұрпақтар мой­нындағы парыз екені белгілі. Ендеше, селқостықтан сілкінген жөн.

Қысқа ғұмырында халқы үшін рухани мол мұра қалдырған Т. Әлмұхамбетовтың 100 жыл­дығын Байқоңыров атындағы Жезқазған уни­вер­ситетінің ұжымы Жеңістің 65 жылды­ғымен ор­ай­ластырып, республикалық ғылыми-прак­тика­лық конференция негізінде атап өткені көңіл марқайтатын өнегелі іс болды. Ұстаз, ақын, жазушы, азамат туралы әсерлі әңгіме өрбіді. Лайым, осы басталған әңгіме жалғаса берсінші…

… Әзағаңның ұстазы Тәшібай аға осылайша әдебиеттегі орнықты орнымен, педагогтық жаңашылдығымен, ғылымға деген іңкәрлігімен ерекшеленген тұлға болып шықты. Ұстазына қарап шәкірті бой түзейді екен-ау! Соның бір жарқын мысалын әңгіме еттік емес пе! Мұндай өнеге өрісті келеді. Келер күндерден келісті әңгіме күтіңізші…

Қайсар ӘЛІМ,

«Егемен Қазақстан».