Қазақ баласы үшін тәуелсіздік тақырыбы асқақ рух сыйлар таусылмас жыр, ән бесігінде әлдилеген бітпес әуен. Ғасырлар бойына ұлттың ең бір асыл арманы болған тәуелсіздік еліміздің көк байрағын желбіретіп, еңсемізді тіктеді. Сондықтан да осы жылдар ішінде бұл тақырыпқа қаншама қалам тербеліп, шығармашыл жандардың шабыты шалқыды. Мәдениет және ақпарат министрлігі биыл тұңғыш рет осы ғасырлар бойғы асыл мұратты арқау еткен музыка мен драматургия саласындағы туындыларға арналған “Тәуелсіздік толғауы” конкурсын өткізген болатын. Соған орай біз осы конкурстың “Ең үздік опералық шығармалар” номинациясының бас жүлдегері, “Астана” мюзиклының авторы Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Алмас СеркебаевҚа жолығып, бірнеше сауал қойған едік.
– Алмас Ермекұлы, туған елге хош келіпсіз, менің білуімше, сіз бүгінде АҚШ-та тұрасыз, сол елдің азаматысыз, бірақ біздің ұғымымызда Серкебаев әулетін қазақ музыка өнерінен бөліп-жарып қарауға тіпті келмейді. Қалай ойлайсыз, мұхиттың аржағында жүріп осы бөлінбейтін тіннен ажырап қалудың қаупі тумай ма?
– Менің ұғымымда, біз кіп-кішкентай әлемде өмір сурудеміз. Қазіргідей “Айшылық алыс жерлерден көзді ашып-жұмғанша жылдам хабар алғызды” дегендей, ақпараттар ағыны көз ілеспес жылдамдықпен тарап жатқан мен өзімді елден соншалықты жырақта жүр екенмін деп есептемеймін. Сосын мен қазақпын, өзімді қазақ мәдениетінің Америкадағы бір өкілі сезінемін. Алдымен сізге түсінікті болуы үшін онда кетуімнің себептеріне тоқтала кетейін. 1980 жылдардың аяғына дейін мен музыка жазатынмын. Симфония жазғым келсе симфония, балет десем балет, оған Мәдениет министрлігі тарапынан тапсырыстар түсетін, шығармаларымды симфониялық оркестрлер ойнайтын, қаламақымды алатынмын, ал 90-жылдары осы механизм быт-шыт болды. Менің жазғандарым керек болмай қалды. Сөйтіп, мен нан тауып, бала-шағамды асырау үшін әуесқой композиторлардың шығармаларын өңдей бастадым. Жаңа ғана бойжеткен қыз келіп: “Менің мына әнді айтқым келеді, осыны өңдеп беріңізші”, – деп кәдімгідей мол қаражат әкеледі. Жап-жас жігітте, уылжыған қызда ақша бар да, менде жоқ. Жазып өңдеп беріп, қолыма тиген әлгі қаражатпен біразға дейін өмір сүремін. 1 ән, 2 ән, 20 ән өңдедім, одан кейін біреудің шығарғанын қайта жазғаннан жалығып, тіпті өз-өзімнен жиіркенетін жағдайға жеттім. Жоғары кәсіби білімді музыкант, композитор ретінде жоғалып, құмға сіңген судай болып, жойылып бара жатқанымды ұқтым. Осылай тығырыққа тірелгенімде, бір досым Америкаға шақырды. Көп ойландым, менің музыкамды қажет етіп жатқан ешкім жоқ, Америкаға да ол қажет емес. Бірақ әйтеуір балаларымның мұқтаждық көрмей, қалыпты жағдайда өмір сүруіне, білім алуына мүмкіндік туатын жер ғой деп тәуекел еттім. Бардым. Барған соң 2 жылға дейін ештеңе жаза алмадым. Туған жерден ажырау осылайша мені уақытша бір рухани күйзеліске алып келді. Бірақ артынан үйреніп, музыкамды жазып, шығармашылық қалыбыма келдім.
Менің бұл жағдайға жетуіме мына біз өмір сүріп жатқан әлемнің алақандай екендігін ұғынуым әсер етті. Ал негізінде мен өзімді қазақ мәдениетінен ажырата алмаймын. Дегенмен, менің жазғандарым тек қазаққа ғана арналмаған, ол Абай айтқандай, өз ішіңде марқайып толуға емес, жалпы әлемдік мәдениетке бағытталған. Солай айтқаныммен, менің шығармаларымнан шетелдік әріптестерім қазақ әуезін танып жатады. Қазақ музыка өнері, әкемнің айтатын әндері, қазақ күйлері менің қаныма сіңген, менің осы жерде кіндік қаным тамды, осында мектепке бардым, консерваторияда оқыдым, жігіт ағасы атанғанша елімде есейдім, сондықтан менің қазақ екенім қай қиырда жүрсем де жадымда.
Туған еліме кіндігімнен байланғанымнан да шығар, мен Америкада жүріп “Томирис”, “Тілеп пен Сары қыз” операларын жаздым, ол Абай атындағы опера және балет театрының сахнасында қойылды. Жалпы қазіргі заман адамына уақыт табу деген қиынның қиыны, ал елге келген кезде мен осы уақыт тапшылығын өте айқын сезінемін. Себебі, әкеммен, осында тұратын бойжеткен қызыммен, ұлыммен кездесуден тыс достарымды, әріптестерімді көруге де уақыт тапқым келеді.
Кейде мені Отанымды қиын күндерде тастап кеттім-ау деген ауыр ойдың мазалайтыны да рас, бірақ менің шығармам АҚШ-та “Карнеги холлда” орындалып, оны қазақ композиторы жазған деп өзгелердің қазақты тануы жұбатады. Осылайша, мен ұлт мәдениетіне қызмет етіп жүрмін деп те ойлап қоямын. Осы ой көңіліме жоғарыдағыдай сәттер келгенде жүрегімді тыншытқандай болды.
– Алматыдағы кездеріңізді, осында оқығаныңызды, достарыңызды сағынатыныңызды айтып жатырсыз. Сіз Ғазиза Жұбановадан тәлім алдыңыз. Ұстазыңыз кезінде өзінің бір сұхбатында болашағынан көп үміт күтетін шәкіртім деп сіздің есіміңізді атап, “ол консерватория қабырғасында-ақ өзіндік жолы бар дарын иесі екенін көрсетті, өзіндік мінезі бар, тіпті ұстаздарының кейбір айтқан пікіріне дау айта алатындай дәрежеде” деп бағалағаны бар. Ұстаз үмітін ақтау жағына әңгімемізді бұрсақ қалай қарайсыз?
– Өкінішке қарай, Ғазиза Ахметқызы арамызда жоқ, мен ол кісінің айтқанындай болуға, үмітін ақтауға тырыстым. Өзімнің сол кісінің шәкірті болғанымды арада қанша жылдар өтсе де зор ризашылық сезіммен еске аламын. Ол кісі тек жоғары кәсіби білікті, талантты композитор ғана емес, адамгершілігі мол, кісілікті, біреудің көңіліне ауыр тигізбестен ойын шебер жеткізетін биік мәдениетті адам еді. Менің ұғымымда, Ғазиза Ахметқызы сияқты адам сирек. Өз басым ондай ұстазды одан кейін де, бұрын да кездестірген емеспін. Ғазиза Ахметқызы мені Алик дейтін. Тіпті сабаққа келгенімде бірдеңе айтайын десе де оны өзгелердей емес, басқаша жеткізетін. “Алик, сен бұдан жақсы жаза аласың ғой”, дейтін. Болды, осыдан кейін мен өз-өзімді жеп, қалайша осындай шикі материалды ұялмай алып келдім деп, жерге кіріп кете жаздайтынмын. Ол кісі маған әр шығармаға үлкен жауапкершілікпен қарауды үйретті. Әлі күнге дейін бір дүниені қолға аларда мен артыма қараймын. Бұрынғыдан осал түсуіме болмауын басты назарда ұстаймын. Әр шығарма сайын алар асуың биіктей түседі, әрбір жаңа нотаны алу қиындай түседі. Кейде осынымның өзі дұрыс та емес шығар деп ойлап та қоямын. Себебі, шығармашылық адамы өзінің алдында жазған туындыларынан қайтсем артық жазамын деп бір спираль бойынан шыға алмай қалу қаупі де туып қалама деп ойлаймын.
– Ал енді шығармашылық конкурстан бас бәйге алған мюзиклге келейік. Оны жазу идеясы қалай келді, сюжеті қайдан алынды? Мюзиклдің либреттосын жазған автор да Германияда тұрады екен, бұл шығармашылық одақ өмірге қалай келді?
– Әңгімеміздің басында айтқандай, интернет барда жер қашықтығы сөз емес болып қалды ғой. Сіз сұрап отырған шығармашылық одақ осы ғаламтордың арқасында жүзеге асты. Таңертең ұйқыдан тұрысымен Германияның Ганноверінде тұрып жатқан Юрий Кудлачпен хабарласамын. Оған жазғандарымды орындап беріп, айтып беремін, ол да маған өз ойын осылай жеткізеді. Тіпті жер қашықтығын еш сезінгеніміз жоқ, бір-біріміздің тура қасымызда отырғандай, кейде қызыл кеңірдек болып айтысып, кейде қарқылдап тұрып күліп алатынбыз. Сізге қызық айтайын, менің оны жанымда отыр деп сезінгенім соншалық, кейде оған, мына жер маған онша келіңкіремей тұрғандай деп айтсам, жанымнан “Ой, саған ештеңе ұнамайды, жағу мүмкін емес”, деген оның айқайы шығатындай сезілетін. Шығармашылық байланысымызға жер алыстығы еш әсерін тигізген жоқ, жазу үстінде шығармашылық ізденіс кезінде көп айтыстық, сонымен бірге жұмысымыз өте бір жайлы, көңілді жүрді. Ал Юрий Кудлачты Алматыдан танимын, ол кәсіби музыканттар арасында үлкен беделге ие, білімді де, талантты жігіт, мықты пианист.
Мюзиклдің идеясы мен сюжетіне келсек, оны айтқан, министр Мұхтар Құл-Мұхаммед. Күн санап жасанып, таранған Астана, ондағы көкке ұмтылған Бәйтерек, оның саясында махаббатын тапқан жапон қызы мен қазақ жігітінің арасындағы сүйіспеншілікті арқау етсеңіз қалай болады деді. Маған идея керемет ұнады да, Юрамен хабарластым. Нәтижесінде, бір аз ғана уақыттың ішінде “Астана” мюзиклі өмірге келді. Оның алғашқы аты “Бәйтерек”, одан “Бәйтерек сыйы” болды, ақырында “Астана” деген атауға тоқтадық. Себебі, Астана арманның қаласы, жастардың, болашақтың қаласы және бұл армандар жүзеге асатын қала. Сондықтан да осы атау лайық болар деген тоқтамға келдік, себебі мюзиклдегі бар оқиға осы қалада өтеді.
– Ал оның нақты прототиптері бар екенінен хабарыңыз бар ма?
– Жоқ, білмедім.
– Ендеше, біліп жүргеніңіз артықтық етпес. Ол – Күләш Байсейітова атындағы опера және балет театрының солисі Сүндет Байғожин мен оның зайыбы, осы театр балеринасы, жапон қызы. Ал енді негізгі әңгіме барысына оралсақ, болашақта мюзикл сахналанғанда сіз оның дайындалу барысына қатысасыз ба? Және сіздің ойыңызша, опера өнеріне мемлекет тарапынан қолдау қаншалықты қажет?
– Мен өзіңіз айтқандай, мұхиттың аржағында тұрамын ғой, сондықтан оның дайындығына қатынасамын деп айтуым артық болар. Дегенмен, дайындық кезінде, премьераның алдында, сосын көрерменге алғаш қойылғанда келуім қажет деген ойдамын. Ал мюзиклдің қай сахнада жүретіні әлі шешілген жоқ, министрлік оны сахналау үшін конкурс жариялаймыз деп отыр.
Операны музейлік жанр деп менің де айтқаным бар. Иә, Чайковский, Моцарт, Верди сынды ұлы композиторлардың шығармаларын жұртшылық музейлердегі шебер суреткерлердің қолынан шыққан туындылардай тамашалайды, сүйсінеді, ләззат алады. Ал жаңа опера туындылары ондай ықылас-пейіл тудырмайды. Қазіргі күні бұл жанрдың үлкен бір дағдарыс алдында тұрғаны шындық. Әлемде солай, балетке барушылар көп те, операны тыңдаушылар қатары жыл өткен сайын сирей түсуде. Біздің мюзикл жанрын алуымыз да осы ойдан туды. Бұл шоу, оған жастар келеді, сондықтан осы арқылы жастардың кәусар өнерге деген қызығушылықтары оянсын дедік. Мюзикл дегеніміздің өзі – заманауи опера. Әрине, өнердің қай түріне де мемлекет тарапынан қолдау қажет. Өйткені, ол рухани кемелдікке бастайды. Біз экономикалық жағынан керемет қуаттылыққа ешқашан жете алмаймыз, егер, қоғамның рухани ұстыны төмен дәрежеде болып келсе. Өйткені, материалдық байлық пен өнер, білім деген құстың қос қанатындай, біреуі жоқ болса шырқау биік түгіл, жерден көтерілу де мүмкін емес.
– Әңгімеңізге көп рахмет, біздің оқырмандарымызға жақсы әңгіме айтып бердіңіз. Сіздің “Ақсақ-Құлан” деп аталатын алғашқы балетіңіз өткен ғасырдың 70 жылдары хореографиядағы үлкен оқиға деп бағаланған еді. Ол бірқатар әлем театрларының сахнасында қойылып, бұл еңбегіңіз үшін Швеция королінің наградасы – Муар лентамен марапатталғаныңызды білеміз. Ал 1980 жылы “Брат мой, Маугли” рок-опера-балетіңіз өнер әлемінде А. Рыбникованың “Юнона мен Авосымен” теңестірілді. Бүгінгі күні сіздің шығармаларыңыз Алматы, Бостон, Ташкент, Мәскеу, Прага, Нью-Порт, Нью-Йорк қалаларының сахналарында орындалып, оларды тыңдаған жұрт қазақ баласының өнеріне алақандары қызғанша қол соғуда. Енді, міне, сіз америкалықтарға қазақ ұлтының музыка өнерін танытып жүрсіз, осы еңбегіңіз жемісті болсын. Сізге шығармашылық табыс тілейміз!
Әңгімелескен Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.
КЕТПЕН КӨТЕРГЕН ҚАРТ
Оңтүстіктегі алқалы отырыстардың бірінде газетіміздің басшысы Сауытбек Абдрахманов оңтүстіктің атын шығарған еңбекқорлықтың кейінгі жылдары бәсеңсіп бара жатқаны туралы жаны ауыра сөз қозғады. Ересектері тұрғай, мектеп жасындағы балалары көзін тырнап ашысымен ойынды қоя тұрып алдымен үй шаруасын тындырып алуды дұрыс көрер екен.
Оңтүстіктің ырысы – ақ мақтаның жазғы шабық, күзгі жиын терімге еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін тартылады десек, әсіре қызыл сөз емес еді.
Осылайша, еңбекпен көзін ашқан, Қазақстанның өзге өңірлеріне бірді екі ете алатын епсектігімен көрінген, пысықтығымен танылған оңтүстіктің кейінгі жылдары көрші мемлекеттегі ала топылы ағайындар бала-шағасымен келіп теріп бермесе қозалығына баруға бетінен басатындығы қалай? Кей жылдары кейбір алқаптарда мақта дұрыс терілмей күздің сілбілеген жауынына ұрынып жатады. Су өткен соң мақтаның сорты төмендейтіні белгілі. Сорты төмендеген соң бағасы да түседі. Қолға шақа аз тиген соң үйдегі көңіл-күйге де әсер етеді. Кейінгі жылдары көрші мемлекет шекаралық қақпасын тарс жапқаннан кейін диқандардың алдында жұмысы жоқ адамдарға сауын айтып, терім бағасын көтеріп жатқан жағдайлары бар. Сөйтсе де көрші мемлекеттің қақпасына үңіреңдеп, екі көзі алақ-жұлақ етіп қарап қоятыны және бар. Қазақтар неге еңбектен шығып қалды? Жауаптар көп.
Біздің Рақым деген досымыз айтар еді. Төле би ауданының тау бөктеріндегі атақты қымызшы ауыл Диқанкөлде дүниеге келген жігіт дүниені ерте құрап үлгеріпті. Бес-алты жасында таң бозалаңында тұрады екен. Бұл мезгілде бақшалықта түнімен жел сыбдырынан төгілген алмалар, өріктер сап-сары алтындай болып жарқырап жатады. Рақым іріктеп екі шелекке салып, ауылдан Шымкентке қатынайтын автобуспен базарға келеді екен. Сырттағы сауда қатарына тұра қалып, қалтасына ақшасын басып, екі шелегін қаңғырлатып, әке-шеше, бауырларына базардан тәтті-дәмділерін алып, әндетіп ауылына қайтады екен. Ешкімді алдап-арбаған жоқ, өз ауласының өнімі.
Қазір базардан Рақым секілді шелек көтерген қара сирақтарды аз көресіз. Жоқ емес бар. Көтерме саудадан алынған азық-түліктің үстіне тиын-сиын қосып сатып тұрған ата-анасының қасында, болмаса белі майысып тәшкі сүйреп жүреді, әркімге емініп.
Оңтүстікте өзбек, тәжік ұлт өкілдері жиі қоныстанған ауылдар бар. Ешқайсысы үкімет не береді екен деп күтпейді. Бірі мал бордақылайды, бірі жылыжай ұстайды. Сол ауылдарда қазақ отбасылары да тұрады. Бір күйініштісі, әкімдік пен үйінің арасында құйыннан дауыл тұрғызып жүретін де солар. Зейнетақы неге аз? Атаулы көмек неге көбеймейді? Бұл үкімет бала-шағаны аштан қыра ма қайтеді? Аспан ашық, күн жарықта найзағай ойнатып, әкімқаралардың екі аяғын бір етікке тығардай нығызданып жүреді, күпсіп сөйлейді. Сонау бір жылдары Әлішер Пірметов деген досымыз Кентау қаласында әкім болып тұрғанда бір жағымсыз әңгімеге куә болғанымыз бар. Облыс әкімі кедейшіліктің шегін қысқарту керек, атаулы көмек алатындарды азайтыңдар деп аудан, қала әкімдерін қуырады. Сондай топпен кездескенде, әкім суармалы жерді қала қаржысына айдатып, тұқым егуге жәрдемдесетіндігін айтты. Мал ұстағылары келгендерге сауын сиыр бергізбекші болды.
Сонда бір келіншек көкбеттеніп: “көкөніс өсіретін, кетпен көтеріп жүретін сарт емеспін, сауын сиыр берсеңдер атаулы көмектен шығарып тастайсыңдар. Екеуінің де керегі жоқ. Үкіметтің біз сияқты кедей-кепшікке беріп жатқан ақшасын аяйсыңдар ма, кедергі жасамаңдар” деп кесіп айтты. Сол жиында оны қолдаған адамдардың аз болмағандығы жүректі мұздатып еді. Елбасының жылдағы дәстүрлі Жолдауынан да мемлекетте қандай жұмыстар жүргізілетінін емес, елге қандай жеңілдіктер жасалатындығын күтіп үйренгеніміз де масылдық пиғыл сияқты.
Қаруымыз қалам болғаннан кейін ел ішіндегі өз еңбегіне жалынған азаматтарды іздеп-тауып, оны насихаттау арқылы атаулы көмекке күні қарап жүрген қандастарымызға ой түсірсек екен деп тілейміз.
Жақында кетпен көтерген сексен жастағы ақсақалды алқап басында ұшыраттық. Балаларына бағыт-бағдар беріп жүр. Төлепов Айдарбек қажы. Он үш жасынан үлкен еңбекке араласқан ақсақал бүгінде өзін бақуатты, дәулетті саңайды. Арғы аталарынан ат басындай алтын мұраға қалмапты. Үлкен бастық та болмаған. Мамандығы – агроном. Шымкент қаласының іргесіндегі ауыл қала халқын көкөніс дақылдарымен дайындау мақсатында құрылған еді. Осы кеңшарда қарапайым жұмысшыдан агроном, шаруашылық басқарушысы, директордың орынбасары қызметтерін атқарған Айдакеңді іздеген жұрт кеңседен емес, алқап басынан табатын. Ол басқарған шаруашылықта 1 гектардан 20 тонна қырыққабат, 40 тонна қызанақ алынып жүрді. Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне бірнеше рет қатысып, кеудесіне жарқыратып медальдар тағып қайтты. Көрмеге тек мықтылар, мыңнан озғандар барады. Төлепов Айдарбек өсірген қырыққабаттың бірі 22 кило тартқанда, талай мәскеуліктер қазақ диқанының еңбегіне аузын ашып, көзін жұмыпты.
1972 жылы “Ленин” орденімен марапатталған диқан 1990 жылы зейнеткерлікке шыққан. Ұзақ жылғы еңбегіне 47 гектар суармалы жер берілген. Айдарбек қажының бары да нары да-осы қасиетті жер. Байлығының бастауы да осы. Отанасы Күміс екеуінің шаңырағынан төрт ұл, төрт қыз өсті. Бәрі әке ыңғайын бағып, еңбекке икемді болып өсті. Қалмахан, Нұрмахан, Бақытжан, Қанатжан әке қатарында тұрып кетпен шапты. Күтімін тапсаң Жер-Ананың берер несібесі көл-көсір ғой.
“Диқаншылық көлеңкеде жатқанды қаламайды” дейді Айдарбек қажы. Бұнысы ерінбей еңбек істесең, аузы-басың майланады деген сөз ғой. Мамандығы агроном болғаннан кейін жердің жағдайын жақсы біледі. Қанша су ішу керек, тыңайтқыш көлемі қандай, дақылдардың кеселі бар ма, тез анықтайды. Тапсырмалар береді.
Сол 47 гектар Төлеповтар отбасына ырыс болып кіріпті. Екі тракторы бар. Көкөністен бөлек мал ұстайды. Жерінің үлкен жолға жанасатын шалғайынан мәшине жөндеу стансасын салдырып жатыр. Құдай қаласа, 10-15 отбасы осы жерден нәпақа табады.
– Елбасының Жолдауын қыбыр етпей аяғына дейін тыңдадым, – дейді Айдарбек қажы. –Мемлекетіміз өрлеу үстінде. Үкіметке қарап ауыз аша бергенше мемлекет берген жеңілдіктерді пайдаланып шаруашылықтарын жүргізіп алу керек қой бұл жұрт. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің саясаты маған ұнайды. Мемлекеттің қаржысын талан-таражға салғысы келетін шенеуніктердің алдын кесіп, диқандарға барынша жағдай тудырып жатыр. Көзіміз бар, көкірегіміз ояу көріп те, естіп те отырмыз облыста үлкен шаруалар жүріп жатыр. Қазақстан мемлекетінің әлемде беделді, дәулетті болғаны қазақ ұлты үшін де зор абырой, үлкен қуаныш. Аллатағаланың өз тарихында талай теперіш көрген, жойылып кету қаупі де болған ұлтымызға берері көп болғай. Еліміз, Елбасымыз аман болсын.
Сексендегі қария осылай толғайды. Сонау бір жылдары Күміс ана екеуі Алматы облысындағы “Қапал-Арасан” санаторийінде дем алыпты. Бір басқосуда жергілікті агроном голлан сортынан бір гектарына 12 тоннадан картоп алғанын айтып мақтанып қоймаса керек. Кеңшар директоры күйіп кетіп, “мына ақсақал бір гектардан 35 тонна алса да кеудесін ұрып жүрген жоқ, одан да тәжірибесін үйренсеңдерші” депті.
– Пейілің таза болмаса жинаған мал-дүниең бойыңа жұқпайды, – дейді абыз қарт. –Береке болу үшін арамдық араласпау керек. Он тиындық арамдық мың теңгелік берекені сүйреп кетеді. Осыны балаларыма үнемі айтып отырамын. Құдайға шүкір, мемлекетіміз көрші елдердей емес, диқан-шаруаларға барлық жағдайды туғызып жатыр. Егін ексең де, мал өсірсең де қайтарымы деп қаржы береді. Осы игіліктерді пайдаланбай тағы бере бер дегеніміз ол – масылдық. Ал, оның арты қиын болады.
Сегіз ұл-қызынан 27 немере, 4 шөбере сүйіп отырған қария осылай толғап сөйлейді. Үкімет маған да көмектессін демейді, өзінің 47 гектар жерінде маңдайтерімен алған өнімдерінің бір бөлігін аз қамтамасыз етілген отбасылар мен балалар үйіне апарып береді.
Ал, бізде 47 гектар емес, жүздеген гектар суармалы жер алып, басына бір шыбық шаншымағандар қаншама...
Бақтияр ТАЙЖАН, Оңтүстік Қазақстан облысы.