Түркістанда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында жарық көрген «Оңтүстік Қазақстан облысының тарихи орындары мен киелі жерлері», «Оңтүстіктің қасиетті орындары: аңыз-әпсаналар» атты қос кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті.
Үш тілде шығарылған кітап-фотоальбомда Түркістан облысының тарихи орындары түгел қамтылған. Киелі орындар мен ескерткіштер туралы мағлұматтар қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде беріліп, суреттермен көмкерілген. Ал «Оңтүстіктің қасиетті орындары: аңыз-әпсаналар» атты кітапта аймақтағы әулие-әмбиелер, ел аузындағы тұлғалар туралы аңыздар мен әңгімелер жазылған. Көне замандардан сыр шертетін әпсаналар мен қызықты деректер мол.
Облыстық ішкі саясат басқармасы ұйымдастырған тұсаукесер рәсімінде облыс әкімі Жансейіт Түймебаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жарық көрген туындылардың маңыздылығына тоқталып, оқырман үшін қажет дүниелер көп екенін атап өтті. «Біз өз тарихымыз бен туған өлкеміздің сан ғасырдан бері келе жатқан шежіресін білу арқылы ұлттық болмысымызды, ұлттық кодымызды сақтай аламыз. Бұл кітаптар рухани жаңғыру үшін өте маңызды. Қысқасы, мұндай кітаптар оқырманға жетіп, рухани қазынадан әрбір азамат сусындауы тиіс», деді Жансейіт Қансейітұлы. Сондай-ақ «2017 жыл: айшықты оқиғалар» атты кітап та оқырманға жол тартты. Бұл кітап оқырмандарды өткен жылғы айрықша оқиғалардан хабардар етеді.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Түркістан облысы