Жолдыбайдың жолы жеңіл болған жоқ.
Отыз жетінші жылдың ерте көктемінде дүниеге келген ғой. Әкесі Ендібай ашаршылықтың азабын тартқан. Отыз үшінші жылы Ташкентті паналаған. Отыз бесінші жылы кәрі шалға ұзатылғалы жатқан Хадиша қызды алып қашады. Ташкенттен. Жүк пойызымен Арыс стансасына жетеді. Қос ғашық қырық бес шақырым жаяулатып, Темірлан түбіндегі ауылға келгенде, ағайын-туғандар қатты қуанады. Жас отауға жандары қалмай қамқорлық көрсетеді.
Осы қос мұңлықтан туған Жолдыбай жеті-сегіз жасынан-ақ «Бейнетқор» колхозының қара жұмысына араласқан. Әкесі Ендібайдан, сұрапыл соғыс жақтан алғаш хат келуші еді. Кейіннен екі мәрте қара қағаз жетіпті. Қаншама қиыншылықтарды бастан кешіп, талайлардың табасына тап болғанымен, Хадиша күйеуге шықпайды. Ұлдары Жолдыбай мен Малдыбайды, қызы Қарлығаны қалай да оқытуға ұмтылады.
Жолдыбайдың жолы жеңіл болған жоқ.
Отыз жетінші жылдың ерте көктемінде дүниеге келген ғой. Әкесі Ендібай ашаршылықтың азабын тартқан. Отыз үшінші жылы Ташкентті паналаған. Отыз бесінші жылы кәрі шалға ұзатылғалы жатқан Хадиша қызды алып қашады. Ташкенттен. Жүк пойызымен Арыс стансасына жетеді. Қос ғашық қырық бес шақырым жаяулатып, Темірлан түбіндегі ауылға келгенде, ағайын-туғандар қатты қуанады. Жас отауға жандары қалмай қамқорлық көрсетеді.
Осы қос мұңлықтан туған Жолдыбай жеті-сегіз жасынан-ақ «Бейнетқор» колхозының қара жұмысына араласқан. Әкесі Ендібайдан, сұрапыл соғыс жақтан алғаш хат келуші еді. Кейіннен екі мәрте қара қағаз жетіпті. Қаншама қиыншылықтарды бастан кешіп, талайлардың табасына тап болғанымен, Хадиша күйеуге шықпайды. Ұлдары Жолдыбай мен Малдыбайды, қызы Қарлығаны қалай да оқытуға ұмтылады.
Күндердің күнінде, Хадиша мақталықта жүргенде, күйеуі Ендібай елге оралып келе жатыр деген хабар тиеді. Не сенерін, не сенбесін білмейді. Азып-тозған, сақал-мұрты өсіп кеткен, қап-қара боп түтіккен Ендібайды алғаш көргенде, балалары әкеміз деуге намыстаныпты. Сөйтсе, сорлы әкелерінің шекпеген азабы қалмапты ғой. Соғыстың отына оранып, небір шайқасқа қатысып, майданның алғы шебіне шыққанда, фашистердің тұтқынына түсіпті. Германияға айдалыпты. Одан соң Франциядағы концлагерде болған. Ұйымдасып жүріп, үлкен топ түрмеден қашқан. Кеңес әскеріне қосылған. Алайда, сатқын атанып, жиырма бес жылға сотталып кете барыпты. Тек Сталин қайтыс болған соң, 1953 жылы ғана бостандыққа шығыпты. Әнекиіңіз, әке тағдыры сондай болған.
Сол Ендібайдың ұлы Жолдыбай 1956 жылы Шымкенттегі Қазақ химия-технология институтының силикат технологиясы факультетіне оқуға түсті. Бірақ, оқудың бәрі орыс тілінде екен. Ауыл баласы Жолдыбай азапқа буылды. Бір ауыз орысша білмейді. Араларында Кеңес Бекішев, Шәміл Омаров, Дәрібай Андаров дей-тұғын орысша оқып түскен жігіттер бар еді. Соларға хат жаздырды Ендібаев Жолдыбай. «Ауылдың қазақша мектебін бітіргендер қатты қиналыста. Тіл мәселесінен. Орыс тілін үйрену қиын боп жатқанда, тағы да неміс тілін оқытады. Көршілес Өзбекстанда, Ташкенттің жоғары оқу орындарында неміс тілін емес, орыс тілін шетел тілі ретінде үйретеді. ҚазХТИ-да неге солай етуге болмайды? Көмектесіңіздер!» деген мазмұндағы хатқа қол қоюшылар көп емес-ті. Қорқады. Бәрі. Тіпті, институтты тастап, қой бағатындар қатары артқан.
Алматыдан арнайы комиссия жетті. Қол қойғандардың бәрі бас тартты. Тек Жолдыбай Ендібаев қаймықпады. «Хатты жолдаған мен. Жағдай сонда айтылғандай. Қазақ балалары математиканы, химияны, физиканы «шемішкеше» шағады, орыс тіліне бола қайтадан қой бағамыз ба?» деп қасқая қарады. Комиссия мүшелері түсінді. Көп ұзамай-ақ, шет тілінің орнына орыс тілі оқытылатынға айналды.
Орысшаға нашарлау қазақ балаларына бұл әжептәуір жеңілдік еді. Өкінішке қарай, жасыратыны жоқ, орыс мұғалімдерге мұндай жағдай ұнай қоймады. Ғылым докторы, профессор И.Т.Лагунина бастап, тағы біреулер қостап, бесінші курста жүрген Жолдыбай Ендібаев, Кеңес Бекішев сияқты бір шоғыр талантты студенттерден кек қайтаруға кірісті.
Жағдай ушыға түсті. Декандар да, олардан жоғарылар да дәрменсіз. Лагунинаға ашық қарсылық жасай алмайды. Сол кездегі институт басшысы Сұлтан Сүлейменов «сыбырлады». Студенттерге. Жоғарыға хат жазу керектігін меңзеді. Алматыдан тап төрт жыл бұрынғыдай комиссия жетті. Қырғын айтыс-тартыс үдеді. Ақырында қазақ студенттерінің білім сапасы бәрін жеңіп шықты.
Арада қаншама айлар аунап, жылдар сусыды. Түлектер ҚазХТИ-дің 40 жылдығына шақырылды. 1983 жылы ғой. Ректор Шаяхмет Молдабеков еді. Лагунина да салтанатқа қатысқан. Қиын ғой. Сонда атақты профессорыңыз өз түлектерінің беттеріне тіке қарай алмады. Институт қырыққа толғанда баяғы Бекішев Кеңесіңіз – республика Құрылыс материалдары министрінің бірінші орынбасары, ал Жолдыбай Ендібаевыңыз – «Талдықорған құрылыс материалдары бірлестігінің» Бас директоры болатын.
«Айналайындар, Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін терең ұғынып, терең түйсінуіміз керек. Бәрін тізбелеп айтсақ, әңгіме ұзап кетеді ғой, – дейді Жолдекең күрсініп. – Бүгінгі жастардың білгені дұрыс, кеңестік кезеңдерде ұлт кадрларының көрмегені жоқ қой, жоқ…»
1961 жылы Жолдыбайлар мен Кеңестер ҚазХТИ-ді тәмамдады. Шымкент цемент зауыты жаңадан іске қосылған. Жас мамандарға жолдама берілді. Сол кәсіпорынға. Арман жолында алып-ұшқан албырт инженерлердің маңдайлары тасқа тиді. Әуелден-ақ. Социалистік Еңбек Ері, ШЦЗ директоры А.Д.Туманов таңертеңнен қара кешке дейін күткен мамандарды қабылдамады. Сөйлеспеді де. Кейіннен: «Орын жоқ, тек қатардағы жұмысшы етіп қабылдай аламын, әйтпесе, қой бағуға бара берсін», депті. Тауы шағылып, ұстаздарына қайта келген Кеңестер мен Жолдыбайларға олар да: «Біз ештеңе істей алмаймыз, Тумановтың герой екенін білесіңдер, оны обкомның біріншісі Ливенцовтың өзі қолдайды», – деді. Лажсыздан жолдаманы қайта жазып, Састөбе цемент зауытына жіберді.
Алыстау аймақтағы Састөбеде де жағдай мәз емес-ті. Зауыт директоры А.П.Хлебов, орынбасары М.Иванников, цех бастықтары да, бас инженерлер де, тіпті, қалған мамандар да түгелдей орыс ұлтынан екен. Бір жыл жұмыс істеді Ендібаев Жолдыбай. Күндердің күнінде цех бастығы В.Ф.Люстаев тізесін батыра бастады. Қазақ жастары жоғары білімді. Білгір-ақ. Орнымды алып қояды деп қауіптенетін. Зауыт басшылары қатысқан бір жиналыста Жолдыбай кәдуілгі мінезіне салып, тіке тартты: «Біздің цехымыздың бастығы Люстаевтың бес кластық білімі бар. Өзі араққа салынған адам. Зауыттың көмірін ұрлатып саттырады. Арақ үшін. Мені ең артта қалған ауысымға жіберді. Істеп жүрмін. Бірақ тәртіп жоқ. Цехтың экономикалық көрсеткіштері көтерілмейтіні осыдан», деді.
Зауыт басшылары Жолдыбайды сәл де болса өсіруге мәжбүрленді. Жоғары білімді, тәжірибелі, ұлты қазақ маман Тұрар Рахманқұлов цех бастығы қызметіне жоғарылады.
Баяғы Кеңес Бекішевті республика Құрылыс өнеркәсібі министрлігі Састөбе цемент зауытына директор етіп тағайындап, бірақ обком хатшысы Ливенцовтың қарсы болуы, ақырында бұл мәселеге Д.А.Қонаевтың араласуы – өз алдына үлкен хикая. Осы жағдай жөнінде біраз жылдар бұрын «Егемен Қазақстан» газеті жазған да еді.
«Өмір – өзен деген сөз керемет ұнайды маған, – дейді Жолдекең біразырақ ойға түсіп кетіп. – Уақыт өте берді. 1977 жылдың соңында, сол Састөбеде, цемент зауыты директорының орынбасары едім. Алматыға министрлікке шақырды. «Талдықорғанда көп жылдан бері артта қалып келе жатқан темір-бетон зауыты бар екенін жақсы білесіз. Жақында обком сол зауыттың директорын орнынан алды. Сізді сонда жіберуді ұйғарып отырмыз», – деді министріміз.
Ары ойланып, бері ойланып, келісімін берген Ендібаевыңыз ендігі қорлықты Талдықорғандағы обкомның екінші хатшысы Т.М.Курганскийден көрген. Құрылыс саласының хатшысы В.И.Коптин дегенді шақырып алып: «Министрдің бұйрығын біз мойындамаймыз. Өзімізде тамаша маман бар», – дейді. Қайтадан министр араласып жүріп, обкомыңыз Ендібаевыңызды уақытша қабылдауға келіседі.
Ендібаев Жолдыбай жұмысқа ширығып кірісті. Шаш-етектен шығынға батып қалған темір-бетон зауытының шылбырын иығына салып, өршелене өрге сүйреді. Басшылары бар, мамандары мен жұмысшылары бар, барша кадрларының 95 пайызы өзге ұлт өкілдері екен. Салқындық сезіледі. Жан-жақтан. Обкомнан да. Ұжымнан да. Не істемек керек? Темір-бетон зауыты туралы қалада да, бүкіл облыста да тек нашар әңгіме айтылады екен.
Бәріне шыдады. Төзді. Топ-топ боп, не жұмысы жоқ, не басқасы жоқ күйде көшелерде жүрген қазақ балаларынан сыр тартты. Зауытта қуана-қуана жұмыс істер еді. Бәрі «прописка» деген тәртіптен зардап шегулі. Жеккөрінішті болатынын біле тұра Ендібаев Жолдыбай «пропискасыз» қазақ ұландарын қабылдауға кірісті. Табалдырықты тоздырып жүріп, Алматыға барып жүріп, 60 пәтерлік тұрғын үй салуға қол жеткізді. Ол пәтерлер «тәртіп» бойынша бөлінсе, қазақ жастарына түк те тимейтін болған соң, ебін тауып, отбасылық жатақхана ретінде ресімдеді.
Ойхой, бұл Ендібаевыңыз осылайша Талдықорған темір-бетон зауытын он жыл басқарды ғой. Осы он жылдың ішінде ол зауыт озат кәсіпорындар қатарына қосылды. Оңай болған жоқ, әрине. Талай айқасқа кірді. Талай сөз естіді. Қуғынға да түсті. Қайтпады. Қайрат танытты. Қажыр көрсетті. Қазақ басшыларды, қазақ мамандарды, қазақ жұмысшыларды көбейтті. Жастардың қамқоры ретінде танылды. Міне, осындай шақта қазақтың айтулы азаматы, Талдықорған педагогика институтының ректоры, белгілі ғалым Мырзатай Жолдасбековпен танысыпты. Ойда жоқта. Бір қазақ басшының үйінде. Сол таныстық адал да айнымас достыққа ұласыпты.
«Мырзатай Жолдасбековпен танысып-достасуым мені биік белеске көтергендей еді, – дейді Жолдыбай ағаңыз. – Рухани жағынан нығайдым, көп жағдайда мұңдасып-сырласып, ақылдасып-кеңесіп жүретін едік. Ұлтжанды тұлға ғой менің Мырзатайым…»
Алпыс пәтерлік, отбасылық жатақхана салып, басым бөлігін ұлттық мамандар мен жұмысшыларға беруі беделін биіктетіп әкеткен. Одан кейін қаншама құрылыстар салды. Қаншама үйлер бой көтерді. Талдықорған темір-бетон зауыты қала мен облыс бойынша ғана емес, республикада да таңдаулы кәсіпорындар қатарында аталуға айналды. Өзі «Құрмет белгісі» орденін омырауына тақты. Он жыл. Аз уақыт емес, әрине. 1988 жылы Ендібаев Жолдыбай «Талдықорған құрылыс материалдары» бірлестігінің Бас директорлығына жоғарылатылды. Тағы да төрт жыл зулап өте шығыпты.
1991 жылы Оңтүстік Қазақстанға оралды. Талдықорғандықтардың жібергісі келмеген. Қимай-қимай шығарып салған. Жасының егде тарта бастағанына қарамастан, АҚШ-қа, Германияға барып оқыды. Нарыққа икемделді. Ізденуден жалықпады. «Жергілікті құрылыс материалдары» бірлестігінің Бас директоры болды. Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы Ендібаев Жолдыбайдың Шымкенттейін шырайлы шаһардың, облыстағы басқа да қалалар мен аудандардың көркеюінде үлкен-үлкен үлесі бар. 1996 жылдан бері «Құрылыс материалдары» ЖШС директоры. Зайыбы Шәмшияға да, үлкен ұлы Асқар бастаған бала-шағасына да, түрлі-түрлі кездесулерде сырласатын жастарға да: «Е-е, тәуелсіздікке ештеңе жетпейді, бостандығымызды бағалайық, азаттығымызды аялайық», – дейді тебіреніп.
Мархабат БАЙҒҰТ,жазушы.