• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
25 Шілде, 2012

Бегім

598 рет
көрсетілді

Бегім

(Ләйла Мұхтарқызы Әуезова туралы толғаныс)

…Бәрі де әдеттегідей күтпеген жерден басталды. Он жылдан астам бойы баспалардың тартпасында жатқан «Бесігіңді түзе!..», «Бесігіңді ая!..» сияқты Әуезов туралы әфсаналарым «Жұлдызда» жарияланып, «Бейуақ» кітабым бас­­па бетін көрген кезі. С.Қи­ра­баев, Р.Бердібаев, М.Мырзахметов сияқ­ты оқымысты ағаларым қолқа салып, ғылымға қақпайлап, ұсы­ныс жасағанына қарамастан, бойымды аулақ тартып жүргем.

 

(Ләйла Мұхтарқызы Әуезова туралы толғаныс)

…Бәрі де әдеттегідей күтпеген жерден басталды. Он жылдан астам бойы баспалардың тартпасында жатқан «Бесігіңді түзе!..», «Бесігіңді ая!..» сияқты Әуезов туралы әфсаналарым «Жұлдызда» жарияланып, «Бейуақ» кітабым бас­­па бетін көрген кезі. С.Қи­ра­баев, Р.Бердібаев, М.Мырзахметов сияқ­ты оқымысты ағаларым қолқа салып, ғылымға қақпайлап, ұсы­ныс жасағанына қарамастан, бойымды аулақ тартып жүргем.

Күндер мен айлар өтіп жатты. Қарашаның аяғына қарай кешке жақын үйге сондай бір мәдениетті адам хабарласып: «Тұрсын Құда­келдіұлы! Кеш әрі үйіңізге хабар­ласқаныма және орысша сөйле­ге­німе ғафу етіңіз. Сізбен жолы­ғып, сөйлесуге бола ма? Қызметіңізге барсам, қай уақытта қабылдай аласыз? Сіз мені білмейсіз. Менің аты-жөнім – Ләйла Мұхтарқызы Әуезова», – деді!Емін-еркіндікке үйренген Жазушылар одағы үшін мұндай сөздер бір түрлі жат естіледі екен. Қай­дағы қабылдау бөлмесі? Аты-жө­німен атауға қазір де пейілсізбін, сондықтан да бірден: «Ләйла апай! Мен сізді білемін. Осыдан 13 жыл бұрын маған мұражайдың архивіне рұқсат бермеген болатынсыз және сізді қабылдайтындай кабинетім де жоқ. Одан да мен сізге барайын, дедім». «Ой, кешіріңіз! Ол оқиға менің мүлде есімде жоқ. Бірақ сізбен қалайда әңгімелесуім керек. Ертең қызмет орныңызға барайын. Сіз әуре болмаңыз», – деді.Кездейсоқ басталған әңгіменің соңы таңертеңгі сағат 10-да сол кісінің каби­нетінде кездесу туралы уағдамен аяқталды. Не бұйымтайы болуы мүмкін? Қай пікірден бас тарт дейді? Қалай бас тартамын? Ал қызметке шақырса, әрине, бармаймын. Құдай сақтасын!Сол шешіммен таңертең мұра­жайға барсам, Ләйла Мұхтарқызы менен де ерте келіп алыпты. Мекемтас ағамен бірге кіріп, сәлем­десе бергенімде столдың үстінде сол жылы жарық көрген «Бей­уақ» атты кітабымның ашық жатқанын көрдім. Беттері сызылған. Демек, қазақша түсініп оқитын болғаны ғой, сірә, деген ой жылт етті. Орындыққа отырар отырмастан ол кісі бастырмалата:– Тұрсын Құдакелдіұлы! Менің сізге бір өтінішім бар. Егер Әуезов­тің рухын сыйласаңыз, өтінішім­нен бас тартпаңыз! – дегенде орныма отыра кеттім.Кім Әуезовтің рухын аттап кете алады?! Түні бойғы сылтауым желге кетті:– Сіз менің ойымды түсіндіңіз ғой деймін, – дегенде басымды үн­сіз изеуден басқа амалым қалмады:– Ой, мен сіз келіспейді ғой деп қатты уайымдап едім. Жақсы болды! Мен алпыс төртке келгенде мүл­дем қызметтен кетемін. Ал екі жылдан кейін орнымды сізге бере­мін. Өйткені сіз Әуезовті сүйесіз. Мен сіздің бар жаз­ғаныңызды оқып шықтым. Еш пікіріңізге қар­сы болмаймын. Лайықты адамды іздеп жүр едім. Бәрі өзіңізді айтады. Рахманқұл Бердібайұлы, Серік Смайыл­ұлы, мына Мекемтас Мыр­захметұлы, Тұрсынхан Әбдірах­ман­қызы, бәрі де. Өзге де сыйлы адамдармен ақылдастым. Ал енді бұл музейде ғылыми дәрежесіз жұмыс істеуге болмайды. Мен мына «Бейуағыңыз» үшін диссертация жазбай кандидаттық дәреже берудің амалын қарастырып қой­дым. Жо-жоқ, сізді әбігерге салмаймын. Ал авторефератты сіз бір аптада жазасыз. Ең қиыны философиядан тапсыру. Ол адаммен өзім келісем. Қызметкерлерді іріктеп алыңыз. Ал, осыдан 10 жыл бұрын сізге архивке рұқсат бермегенімді түнімен есіме түсіре алмадым. Оған шын ниетіммен өкініп, кеші­рім сұраймын. Қазір сағат он бірде институтта кеңес. Соған қатысы­ңыз. Ал құтты болсын, орныңызды көрсетейін, – деп бар жұмысты мен үшін өзі екі-үш минуттың ішінде шешіп тастады.Рух туралы айтқан соң басым иіліп, үнсіз көніп қалғаным рас еді. Мына сөздердің арасында демімді ішіме тартып алған мен түндегі ойларымды зуылдата жөнелдім. Райынан қайтар деген дәме де бар. Мекемтас ағам санымды шымшылап, көгертуге айналды. Оған да қара­ма­­дым. Соңғы сөзді айтқанда Ләй­ла апай сәл жымиып:– Мен осы сөздерді күткем жә­не өзің туралы толық білемін. Еш­кім де бетіңе келмейді. Ал енді дис­сертация жайын маған жібер. Мен де бір шарт қоюым керек емес пе. Сөйтіп, баяғыда сені ренжіт­кенім­нің есесін қайырайын. Шын айтамын, соны еш есіме түсіре алмай қойдым. Жүр, қызметкер­лер­мен жеделдете таныстырайын. Содан соң институттың ғылыми кеңе­сіне барайық, – деді де өзімсіне орнынан жымия тұрып қолымды алды.Бүкіл ғұмырымды өзгертіп жі­берген осынау он минуттың ішін­де алдағы күндердің сыбағасынан мүлдем мақұрым едім. Қалайын, қаламайын, әйтеуір еркімнен тыс қас-қағымда Ләйла апай қалған ғұмырымның арнасын өзгертті де жіберді. Абай айтқандай, шығы­сым – батыс, батысым – шығыс болып шыға келді.Көп кешікпей Әдебиет және өнер институтына келіп кірдік.Мен әркіммен сәлемдесіп жүр­ге­німде, кеңес басталып кетіпті. Кіріп барғанымда Серік Қирабаев аға: «Мына Тұрсын қашқақтап жүр еді. Бізге көнбей, ақыры Ләйла апа­йының тілін алыпты ғой. Акаде­миктерді сауатсыз дейтін пікірі бар. Енді солардың қатарына өзі де қосылды. Құттықтаймыз. Әзілдеп айтам, орныңды енді таптың, жа­зушылық ер­кіндігіңе мін тақпай­мыз», – деді. Содан кейін Евгения Ва­сильевна Лизунова орнынан тұ­рып: «Ләйланың бауыры сенбісің», – деп құттықтап, қасына отыр­ғыз­ды. Терезенің алдындағы сол орын әлі де маған ыстық көрінеді.Міне, менің мойныма Мұхтар Әуезовтің қара шаңырағының ұлы салмағы осылай түсіп еді.Ол тұс – тәуелсіздіктің таңы жақындап келе жатқан, бұрынғы түсінік­тердің көбесі сөгіліп, зиялы­лардың ақыл-ойы еркін тыныс ала бастаған кез-тін. Сонымен қатар пенделік анайылықтың да бас кө­теріп, құндылықтардың бағамы өзгерген өтпелі тұстың қарсаңы еді. Адамдардың мінезі, көзқарасы, жүріс-тұрысы, киім киісі, қарым-қатынасы, пейілі мен пиғылы, сыйласымы мен сыры сәт сайын құбы­лып, санаң санда­лысқа түскен, өлі­ара шақ болатын. Со­ның барлығы күнкөріске келіп тірел­гендіктен де ғылымның да желіні суала бастады. Империяның күйреуімен бірге қатыгездік пен ізгіліктің өлшемі араласып кетті.Мұның барлығы Алматыдағы үлкен үйдің бірінің құт ұясын ұстап отырған Ләйла апайға қатты батты. Бірақ сырын ашып, сынын білдірмеді. Қандай күй­зелістің үс­тінде жүрсе де, тіпті ғылыми ке­ңес­те отырса да тура сағат 12-де орнынан тұрып, жайлап басып Төлебаев көшесімен құлдилап ке­тіп бара жататын. Өйткені, өйт­кені… тура сағат 13-те қайнағасы Димаш ағамыз, Димекең, дегдар түстікке отыратын. Осынау киелі екі адам ата мен келін арасындағы жіпсіз сыйласым әкесі мен қызы­ның ара­сындағы сыйласым сияқты қасиетті әрі жан сүйсінетіндей те­рең еді. Димекең үйде көңілді отыр­са, келіні Ләйла апай түзде жарқын жүретін. Димекеңнің қаба­ғына күннің де көлеңке түсіргенін қаламайтын.Бірде Әуезов қорын құру туралы ұсыныс айтқанымда: «Бір топ адамдар Димаш Ахметұлының да қорын құруды ұсынып жүр. Ол кісі әзірше қарсы. Алдын кесіп өтпейік. Әдеп сақтайық», деді. Күндер өтіп жатты. Телефон шалынды. Тұтқа­ны көтергенімде ар жағынан қар­лы­ғыңқы дауыс: «Ләйла апайыңыз бар ма екен?» – деді. Тұла бойым шымырлап кетті. Сасып қалып: «Асса­лау­мағалей­кум!», – дедім – «Ә, сен әлгі Ләйланың бауыры Тұр­сынсың ба? Ләйланы қуанды­рып жүргеніңе рахмет. Екеуміз кәрі құдамыз ғой. Жақсылап бір әңгі­меле­серміз. Сендер Мұхаңның қо­рын құрмақ­шы екенсіңдер. Соны маған қаратып, кешіктірмесін деп, жаңа ғана келі­сім бердім. Құрыл­тайын Мұхаңның мұража­йында өткізіңдер дедім. Соны Ләйлаға дер кезінде айту керек болып тұр. Сөйтіп, сендердің де жолдарыңды ашып берейін дедім. Қарсы емес­сің бе?», – деп жұмсақ күліп қоштасты.Бұл неткен мәдениет, бұл нет­кен сыйласым! Димекең мен келіні Ләйла апайдың арасындағы киелі құрмет осындай еді.Сөйтіп, Ләйла апай екеуміздің ара­лығымыздағы ең басты «өткел» алынды. Димекең мені жатсынбады, бауырына тартты. Тіпті «кәрі құда» – сарсүйек боп шыға келдім. Бұл дегенің үлкен сенім еді. Бір күні: «Ләйланың бауыры сенсің бе? Мен сенің жездең боламын», – деп жайдары күліп Асқар Мең­лі­ахметұлы мұражайға келген соң, оған: «Мен де сенің жездеңмін», – деп Асанбай Асқаров қосылды да элитаның есігі жайлап ашыла берді. Димекеңнің өзге де туыстары, достары, жиендері өзімсіне бауырына тартты. Бұл, әрине, мен істеуге тиісті жұмыстың ең өзекті дәнекері еді. Ол ортаның сеніміне кірмесең мұндағы қызметкерлер Мұхтар Әуезовтің мұра­жайына кез­дейсоқ келіп қалған біреу ре­тінде қабылдайтын. Ал олай көріну маған қорлық еді.Сол алғашқы бой үйрету барысында, жаңа жылдың қарсаңы бол­ғандықтан ба, Ләйла апайдың өзі дастарқан жайып, қызметкерлердің басын қосып, ең жақын құрбы, дос­тары Махфуза, Оразгүл апайларды шақырып, таныстыру рәсі­мін өткіз­ді. Жалпы, Ләйла апай бұл жағына келгенде жомарт әрі мәрт еді. Әкесінен қалған үй-ішілік дәс­түр бойынша шампанды ауладағы қарға жасыра көмдіріп, отырыстың аяғына таман бәріміз де соны іздеуге шық­тық. Сол Мұхаң салған дәстүрмен далаға шығып, шампанды ашып, мәз бола жүріп дәм тат­тық. Сондай отырыстарда әкесін еске алатын.Ол өзінің тіршілігінде ешқан­дай мұқтаждықты көрмей, бірақ орынсыз еркелікке бой алдырмай бұла өсті. Ал әкесінің еркелеткен не өзі еркелеген сәттерін сондай бір сағынышпен, жарасымды мақ­та­ныш­пен жымия отырып әңгіме­лейтін. Бегімнің бегі, әрі ерке, әрі өте нәзік жанды мәдениет иесі, қайран Ләйла апай – Ләйла Мұх­тарқызы сол жолы:– Мұхтар Омарханұлы 1954 жылғы жаңа жылды Мәскеуде қарсы алатынын айтып: «Ләйла­жан! Мен осы мерекені өзіңе тойлап беріп барып аттансам деймін. Мен де студент болғамын. Солар риза болатындай кеш ұйымдастыр. Достарыңның бәрін шақыр. Серги­тін шағым енді туды. Дастарқаны жомарт, қызуы мен қызығы мол болсын. Еш­теңеден қысылма. Бәрі­нің әкесі профессор емес шығар (өзінің профессор атағын ерекше масаттанып айтатын). Әлгі сугробты ұмытпа!», – деді. Ой, қуан­ғаным-ай! Ештеңеден аянғаным жоқ. Достарымның бәрін жидым! Мәс­кеу дүкендеріндегі керек заттан алма­ғаным жоқ. Сондай бір риза, салтанатты кеш болды. Студенттер: «Мұхтар Әуе­зовті көре­міз,» – деп қуанады. Ал мен әкемнің қасымда болғанына қуана­мын. Шампанды даладағы қарға тығып қой­дым. Түн ортасынан ауа барлығымыз шығып, күртік қар­дың астынан суық шампанды ал­ғанда, студенттер таң қалды. Мұх­тар Омарханұлының үйде сондай әдеті болатын. Сол кеш есімнен кетпейді. Қазір де сонда болған­дар ұмытпай айтып жүреді. Асқар Меңлі­ахметұлымен де сол кеште жақын таныс­тым,– деген еді сондай бір рахаттанған сезіммен.Бұл – әкелі-балалы екеуі масаттанса – масаттанатындай күн еді. Өйткені ол күн – Мәскеуге баспаналап барған Мұхтар Әуезовті уни­верситеттің профессор­лы­ғына бе­кі­ту туралы бұйрық беріліп, бес жыл­ға созылған қуғыннан құты­лып, еркін тыныстаған сәт болатын.Көктем күндерінің бірінде Ләйла апай мұражайды өзі аралатып жүріп таныстырды. Мұхаңның көзі тірісінде қан­дай зат қай жерде тұрды, оның қандай тарихы бар, неге былай өзгертті, соның барлы­ғын асықпай айтып берді:– Ол кездегі идеологиялық-мұ­ражайлық ұстаным бойынша ме­муарлық көрмелерге онша маңыз берілмейтін. Бәрі де идеяға бағын­дырылатын. Екін­шіден, Валентина Николаевна да: «Біздің тұтынған заттарымыз кімге керек, одан да жазушылығы ашық көрінсін», – деп өтініш етті. Сол уақытта Алматыда жа­зушылардың кезекті құрыл­тайы өтетін болып, бәрін де қарбалас істедік. Біраз заттарын Шолпан Атадағы саяжайға бердік, – деп түсіндірді.Мұрағаттарды таныстыра келіп, Ләйла Мұхтарқызы өзіне тән жұмсақ жымиыспен:– Тұрсын! Сен Алаш тарихымен айналысып жүрсің ғой. Бізде Әлихан Бөкейхановтың қызы Лиза Әлиханқы­зының әкеме тапсырған архиві бар. Оның тарихы былай. Елуінші жылдар­дың екінші жартысында Мұхтар Омарханұлы Мәс­кеуге келіп, бір салтанатты жина­лысқа қатысты. Екеуміз театрға бардық. Фойеде бір әйел анадайдан: «Әй, Мұхтар!», – деді өктем дауыс­пен. Әкем де тез үйіріле кетті. Мен бұрын ол кісіге мұндай өктем сөйлеген адамды көрген емеспін. Әкемнің әлдебір бейтаныс әйелдің алдында елпектегеніне таң қалдым. Екеуі ұзақ шүйіркелесті. Қоштасқаннан кейін маған бұры­лып маңызды кейіппен: «Бұл – Әлихан Бөкейхановтың қызы Лиза, Смағұл Сә­дуақасовтың әйелі. Жастығымыз да, достығымыз да жа­расқан адам еді. Үйін­де Сма­ғұлдың біраз архиві сақталып қалыпты. Соны маған тапсыр­мақ», –  деді. Арада біраз күн өткен соң сол архивті Алматыға алып кетті. Осы жайды Валентина Ни­колаевнаға айтқа­нымда: «Бөкей­ханов – бұлардың көсемі. Ол өзі сондай сұсты, мысы басым адамтын. Ленин­градтағы біздің үйімізге келерде Мұхтар сондай қатты әбі­гермен дайындалатын. Оның алдында балаша елпек қағатын. Менің де бетіне қарап сөйлеуге батылым жетпейтін. Қорқатын­мын. Ал Смағұл біз үйленген жылдары ақша жіберіп тұратын»,– деді. Ол архив осында. Не бар екенін толық білмеймін. Сен көр, – деп Талатбек Әкімге мұра­ғаттарды алдырды.Мұражайдың қолжазба бөлімі­нің иесі Талатбек Әкім ұсынған орамда: 1.Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романының қолжазбасы. 2.Жүсіпбек Аймауытовтың Смағұл Сәдуақасовтың анкеталық сұра­ғына 1927 жылы 3-ғинуарда қайыр­ған жауабы. 3.Мұхтар Әуезовтің анкеталық жауабы. 4.Бернияз Кү­леев­тің 2 томдық өлеңдер жинағы. Ішінде әңгіме, қарасөздері аралас­қан роман бар. 5. Әртүрлі қиын­дылар мен үзінділердің ішінде «21/ІV.22 ж» деп қол қойылған С.Сәдуақасовтың «Сәрсенбек» деген романы бар екен. Бернияздың өзіміз білетін, 1968 жылы шыққан «Айтшы, ақ қайың» атты жинағы қысқарып шыққан ғой. Ал мына толық нұсқасы басылым көрмеген. Оны талантты да ойлы сыншы Тұрсынжан Шапайға, ал Смағұлды Дихан Қамзабекке ұсындым. Сма­ғұлдың мұрағаты Диханды доктор­лыққа жеткізді.Содан бастап менің көкейімді: «қалайда мемуарлық мұражай жасау керек», – деген ой мазалай бас­тады. Сол үшін қырғыз ағайын­дарға барып, ондағы Аалы Тоқом­баевтың мұражайын көріп, Түгел­бай Сыдықбековпен әңгімелесіп, ойымды сабақтағым келді. «Манас» эпосына қатысты көптеген деректер жинадым. Оның өзі дербес әңгіме. Бұдан кейін біздің үйдегі жамағатымыз жол апатына жолы­ғып, алты ай төсек тартып қалды. Соған қапталдаса Жәнібек Кәр­ме­нов те жол апатынан қаза тауып, кірбіңді күндер көбейіп кетті…Ләйла апайдың бір таң қалар­лық мінезі ырымға сондай сенетін. Мені әлгіндей сәтсіздіктер айналдырып кеткенде кәдімгідей қина­лып: ұшық­татып ал дегендей емеурін білдіргені де бар. Тіпті, егер жа­ңылмасам, менің сыртымнан сондай бір мінәжаттық рәсім жасады-мыс дегенді естіп қалған да сияқ­тымын. Әлде маған солай көрінді ме, кім білсін, әйтеуір ақ тілеуін аямағаны анық. Шіркін, сондай мейірімнің ала­қанында жүр­ген күндер-ай де­сең­ші. Көк­темгі 8 наурыз мейра­мындағы отырыста Ләйла апайдың былай дегені бар.– Сондай үлкен, ақылды адам болғанына қарамастан, папам ырымға қатты сенетін. Бірде Шымкенттен қаба­ғын шытып келді. Сөйтсе, Қажымұ­қанның тұрған үйіне барғанда есік алдындағы кішкене тасқа сүрініп кетіпті. Соны көңіліне қатты алып: «Япырмау, Қажекеңді ренжіткен жерім жоқ еді. Әруағы мені неге шалды екен, ә», – деп кәдімгідей алаңдап жүрді. Папамның ырымшылдығын мен кан­дидаттық диссертация қорғай­тын кезде тағы да бір байқадым. Қатты толқыдым. Соның алдында папам мен диплом қорғарда маған Құнанбайдың шапа­нының бір түй­месін сыйға тартып тұрып: «Елуін­ші жыл­дардағы қиын кездерде мен осы түймені қалтама салып алатынмын. Мінбеге шығып, сөйлер кезде осы түймені ала­қаныма салып аламын да, іштей Құнан­бай­дың әруа­ғына бір сыйынып алып, сөйлей жө­нелемін. Әйтеуір бәрі де сәтті аяқта­латын. Енді сен ал. Атаң­­­ның әруағы сені қолдап жүр­сін», – деген болатын. Қорғау сө­зінде сол түймені қалтама салып алдым да, қолыма қатты қысып тұрып «так шпарил» дейсің. Қалай аяқ­таға­нымды білмей қалдым. Кейін соны бақылап отырған Евгения Васильевна сондай қызық етіп әңгі­мелеп, жұрттың бәрін күл­дір­гені бар. Кейін сол түй­меден алқа жасап, докторлық қор­ғағанда оны мойныма тағып алдым. Мамам: «Ал Құнанбайдың немересі енді тоқта­май сөйлейді», – дейтін өт­кен­ді еске алып: «Әрине, ол сенің атаң емес, менің атам. Сондықтан да мені қолдайды. Тек бұл жолы ешкімге айтып қойма», – деуші едім мамама. Сол түйме, міне, – деп мойнына асқан алқа­сын көрсетті.Жалпы, ұлы адамдардың тағды­рын зерттеп, ұрпақтарымен араласу – аса шетін мәселе. Отбасылық құпиясы мен жеке өміріне қатысты уағда бере отырып сұрайтын шын­дықтар болады. Ондай сыртқа шықпайтын оқиғалар мен үй-іші­лік қарым-қатынастар Абай мен Әуезовтің де өміріне молынан тие­сілі. Мұражайдың ішкі-сыртқы жағд­айымен әбден танысып, ғылыми жұмыстардың бағытын, қызметкерлердің мүмкіндігін біліп, тиісті тұжырым мен атқарылуға тиісті істердің жоспарын жасап, мамандармен ақылдасып болған соң, Мұхтар Әуезовтің туғанына 100 жыл толуына орай мерекеге байланысты қаулының нұсқасын Ғалым Доскенов екеуміз дайындап алдық. Содан соң Ләйла апаймен оңаша ұзақ сөйлестім.Әңгімені өте қинала отырып тың­дады, мұражайдың мүлдем қаусап тұрғанын естігенде сенбеді, аралатып көрсеткен соң, әдетте­гідей қолын кеудесіне апарып тұрып: «Сақтай гөр! Мен дәл мұндай күйде екенін білмеппін. Бұрын неге ойға келмеген. Заман болса мынау, енді бізге кім қол үшін береді? Сақтай гөр!», – дегенде көзінен жасы ыршып кетті. Маған да оңай салмақ емес. Үнсіз қалдым. Бөлмесіне барып ұзақ отырып, бір уақытта мені шақырды да бірден өзінің байыпты мәне­рімен, бірақ нақтылап былай деді:– Маған қанша ауыр болғаны­мен шындықты айтқаның жақсы болды. Саған мұражайдың ұйым­дас­тырылу тарихын айтайын. Мұх­тар Омарханұлы дүниеден қайтқан кезде қазіргі Төлебаев – Фурманов, Абай – Құрманғазы кө­шелерінің арасы бос болатын. Бұл академияға қарасты жер еді. Тек Қаныш Иман­тайұлы мен біздің үй ғана бар-ды. Жазушылар одағы мен Ғылым академиясы Мұхтар Омарханұлын үлкен бақ­шаның тура ортасына жерлеуді ұсынып, Министрлер Кеңесіне ұсыныс жасап, олар оған қолдау көрсетті. Алайда Валентина Николаевна қарсы болып: «Мұх­тардың зиратының қасында қалай тұрамыз?», – деді. Бұл дұрыс қар­сы­лық еді. Димаш Ахметұлының қолдауымен Әуезовті мәңгілік есте қалдыру жө­ніндегі қаулы оның қырқы берілгенше шығып үлгерді. Институттың, театрдың, көшенің аты берілді. Институттың жанынан Әуезов мұраларын зерттеу бөлімі ашылды. Кейін сол бөлімнің не­гізінде осы мұражай құрылды. Тікелей қалаға қарасты болса, мұражай ғана болып қалатын еді. Сондықтан да «Пушкин үйі» сияқ­ты жазушының шығармашы­лық және ғылыми мұраларын зерттеп, жариялау мақсатында мұражайдың Ғылым академиясының қарама­ғын­да болуын қаладық. Қазір, сен айтқандай, мұражай ретінде оған тиісті орындар қаржы бөлмейді, тек зерттеу жұмыстары ғана жүр­гізіледі. Қалай болған күннің өзінде мұражай академияның құра­мында болғаны дұрыс. Ал жеке ғылыми орталық ретінде оған жоғарғы орындар рұқсат бере ме, жоқ па? Бұл қалпымен мына үйдің күйі кететіні анық.Мен былай шештім: бұл мәсе­лемен айналысуға мен саған толық ерік беремін. Ғылыми жұмысты да қолыңа ал. Қызметкерлерді де өзің ірікте. Елу томдық басылымды мына күйде шығара алмайсың. Еш­кімнің бетіне қарама. Қаулының нұсқасымен үйде отырып асықпай танысайын. Ал қимыл еркіндігі туралы Серік Смайылұлына айтамын. Бізді қолдайды. Айтпақшы, кандидаттық қорғау үшін философиядан және шет тілінен емтихан тапсыру керек. Ең қиыны сол. Мен оның меңгерушісімен келісіп, сені тізімдетіп қойғам. Кеше де сөй­лестім. Келесі аптада емтихан. Мең­герушісіне барып жолық. Ал ағылшын тілінің орнына араб тілінен тапсыруға Мәскеуден келі­сім керек екен. Оған да хат жаздым. Зоя Сергеевна көмектесуге уәде берді. Тек автореферат жазсаң болды, – деді.Мұндай қамқорлықты бұрын­ды-соңды ешкімнен естіп, көрме­ген мен, кәдімгідей толқып кеттім. Ол кісі бір адамға жақсылық жасаса, маған-ақ жасаған шығар.Философиядан бір академик пен Мұхамеджан Қаратаевтың ұлы Мерлан алатын болды. Мерланның үні жылы. Ал қабағын түйген академик ағатайым… Ол кісінің бұй­рық раймен: «Кеңес философтарынан кімді білесің? – дегені. – Таза философтан Ильенко ғана бар. Қалған­дары: философия тарихы мен Кеңес өкіметі кезіндегі таптық сананың өзгеруі сияқты еңбек жаз­ған түсіндірушілер,» – деп қойып қалғаным. Ағатайым қата­рынан үш екі қойды. – «Енді мен қояйын», деп табельді тез алып үлгер­ген Мерлан оған үш қойды. Орнымнан көтеріле бердім. Со­ңым­нан қуа шыққан Мекең: «Жанды жеріне тиіп кеттің. Бұл кісі колхоздастыру кезіндегі шаруалар­дың санасының оянуы тарихынан қор­ғаған. Алайда жаңағы адамнан басқа таза философ жоқ… Үш екі, бір үшпен, қорытындың бағаң үш болды,» – деді күліп. Емтиханнан соң Ләйла апайға қысылып-қым­тырылап әзер келдім. – «Ой, өтіп­сің ғой. Құтты болсын. Біздің музейге жұмыс істеуге келген үш жазушы да емтиханнан өте алмай, екі жыл тапсырған. Қайта бірден өтіп кетіпсің. Жақсы болды,» – деп қарсы алды ол кісі.Емтиханды мен емес, өзінің беделі тапсырғанын қайдан білсін. Дегенмен де болған жайдан   еме­у­­р­­ін танытып едім, мән бермеген болды. Зады, менен бұрын хабарын алып үлгерген сияқты. Авто­рефе­раттың орысшасын өзі редакциялап шықты. Пікірлерді де өзі ұйым­дас­тырды. Маған тек мінбеге көтерілу ғана қалды.Қорғаудан кейін сол күні З.Қаб­долов, С.Қирабаев, З.Ахметов, Р.Бер­дібаев, М.Мырзахметов сияқ­ты үл­кен кісілер тұңғыш рет біздің үйдің табалдырығын аттады. Ләйла апай бәрінен бұрын келіп, кітап­тарға қарап, бір кезде төбедегі жа­ла­ңаш шыраққа көзі түсіп, ұзақ қарады. Түсіне қойдым, жазу­шы­ның осындай жұпыны болатынына таңыр­қаған сияқ­ты. Сол сәтте, 86-жылғы 16 желтоқсан күні Жазушылар одағының қабырға­сынан түсіріліп жатқанда үйге алып келген Димекеңнің портретін көріп қуанып кетті. Сол сәтте: «Бірінші, академик ағамнан барып кешірім сұрайын. Екінші, бір люстра алып, үйдің еңсесін көтеріп, Ләйла апайды қонаққа қайыра ша­қырайын,» деген ой келді. Ауру­ханаға түсер алдында: «Димекең­нің жаңар­тыл­ған бөлме­сіндегі люстра сондай жақсы. Саған сыйла­ғым келіп жүр, базарлық үшін, портретімен жарасып тұрады,» – деді жымиып.Жарасуын жарасар еді ғой, бірақ… Оған қайырымы қысқа өмір мұрша бермеді-ау.Ол кезде аса қиын кезеңдер күтіп тұрды. Оның барлығына тоқталып жатпаймын. Тек Ләйла апайға қатысты жайларды қамтып өтпекпін. Ол өте бір қиын жылдар болатын. Мұражайдың қызмет­кер­лері ғылыми бөлімнің қызметкері ретінде жалақы алады, ал мұра­жай-үй академияның ресми қара­жаттық есе­бінде жоқ, тек жалпы ғимараттың санатында. Сондықтан да көрмелер бір мерейтой мен екінші мерейтойдың қар­саңында ғана қайта жасақталады екен. Тіпті, құбырдан су кетсе, инсти­туттың шаруашылық басшысына хабарлайсың, ол Қоғамдық ғылым­дар бөліміне барады, ол адам академия президентіне, ол шаруа­шылық бөліміне пәрмен береді. Сонымен екі күн уақыт кетеді (Бір рет солай болғаны да бар). Өз бетінше дербес ғылыми жұмыс жүргізе алмайды. Мұражайды қа­ла­ның есебіне өткізу және қи­сын­сыз. Ал күрделі жөндеуге ака­де­мия­ның қаражаты жоқ. Осы мәсе­лені институт директоры С.Қи­рабаев ағаға түсіндіріп ем: «То­лығымен қолдаймын. Менің атымнан хат жаз. Ісспарда жүр­сем…», – деп қолын қоюға рұқсат берді. Осы мағыналас пікірді ака­демияның президенті К.Сағадиев ағамыз да айтты. Менің Үкіметті хаттың астына алған «шабуылым» осылай басталды.Өз жазған хатым өзіме қайтып келе берді. Сонда да қайтпадым. Бірде Ләйла апай Олжасты есіне алып, соған кіріп шығуымды ұсынды. Кешке қарай Ол­жекеңе кіре сала заманақырды төндірдім. Өзінің үйреншікті сөзін айтып, әр жерге телефон шалды. Пре­зи­дентсіз бұл мәселе шешіл­мей­тіндей сыңай бай­қалды. Хатты тас­тап кеттім. Ләйла апайға айтып едім, кәдімгідей қуанып қалды. Ертеңінде ол кісі емделуге жатуға тиісті еді. Кенет… таңғы 8-де телефон шалынып, қоңырау соққан жігіт Президент аппаратынан еке­нін, жаңа ғана Сүлейменовтің президентке кіргенін, сағат 9-да шұ­­ғыл түрде мұражайға келуімді бұ­й­ырды. Ләйлә апай ауруханада, ол уақытта қалтафонның жоқ кезі. Алып-ұшып мұражайға бардым. Архитектор-конструкторлар С.Тәшкенбаев пен Ш.Матайбековті шақырып үлгердім. Сағат 11-де Премьер-Министрдің сол кездегі орынбасары Ғ.Әбілсейітов, академия президенті К.Сағадиев, Мә­дениет министрі Т.Мамашев, қала әкімінің орынбасары және Олжас­тың өзі келді. Жағдайды айтып мен де зуылдай жөнелдім. Құжаттарды жасауға қаржы бөлінсін және мұ­ра­жай бүгіннен бастап жабылсын деп пәрмен берілді. Мұра­жайға дербес мекеме ретінде құжаттар жасап, қаулы дайындауды тапсырды. Ұйымдастыру ісін бас редак­торлықтан мұражайға қызметкер ретінде келуге келісім берген Ғалым Доскеновке тапсырдым да, өзім Ләйла апайға қарай алып ұш­тым. Әрі көңілденіп, әрі мұ­ңайып, әрі алаңдай отырып тыңдады. «Бар ерік өзіңде, мұражай саған аманат», – деген сөздерді баса айтты. Мен әзілге қарай алдарқата бердім. Салмақтың ауыры енді түскенін сездім. Бұл 1993 жылдың 24 сәуірі еді.Ләйла апай өмірінің соңғы бір жылында ондай қиналыстарды көп көрді. Әсіресе, Мұхтар Әуезовтің мұражайы қатты алаңдатып, өмірі табалдырығын аттамаған мекеме­лерді аралап, қысыла отырып қар­жы туралы әңгімелегенде көзіне жас үйіріліп қалатын. Сол кездегі Ұлттық банктің төрағасы Ғ.Бай­наза­ровқа, Жоғарғы Кеңестің төр­ағасы С.Әб­ділдинге, ғылым саласынан депутат боп сайланған Ө.Жолдасбековке бардық. Сыртқа шыққан соң қол орамалымен кірпі­гіндегі шықты сүртіп тұрғанының сан рет куәсі болдым. Ең соңында бір үлкен банктің төрағасы қаба­ғын қарыс жауып, Әуезов деген есімнің оған ешқандай бедел емес екенін айтқанда, бұрыннан науқас­танып жүрген ол: «Құдай сақта­сын!» деп жүрегін ұстап шығып еді. Содан екі күн өткен соң ауруханаға түсті. Бұл жолы осы уақытқа дейін қойылып келген диагноздың теріс екендігі, қолқа тамырында сызат бар болғаны анықталыпты. Алқына тыныс­тап отырды. Зоя Сергеевнаның қайтыс болғанын дер кезінде ешкім білмей қалғанын, оның үйіндегі мүлкін күтуші әйелдің білдіртпей сыртқа тасып, үптегенін, бірақ ол кісіні есте қалды­рарлықтай шара қарас­тыратынын айтты. Ойымда еш күдік жоқ мен көңілін көтеруге тырыстым. Бір сағаттай әңгі­мелесіп, қаперсіз мамырдың демалысына шықтық. Күтпеген жерден Асқар Меңліахметұлы өкінішпен: «Тұр­сын, Ләйла апайыңнан айырылып қалдық…», – деп хабарлағаны. Дү­ниеден қайтарда да ұлы Диярға: «Музей, музей, музей!» – деп қайталап кетіпті. Өзі тура 30 жыл басқарған мұражайдың меңге­рушісі тура әкесі сияқты 64 жасқа екі ай қалғанда көз жұмды.Өзінің жеке басынан үй-ішінің бақытын жоғары қойды. Халқы­ның қызы, елінің келіні, келінде­рінің енесі бола білді. Ол кісі біз үшін Мұхаңның тірі көзіндей еді. Әттең, мұражай үшін ең бір қиын кезеңде көз жаздырып кетті. Бірақ, қазақ халқы барда Мұхтар Әуе­зовтің есімі ешқашан өлмейді. Ендеше, сол бір қасиетті шаңырақ­тың аясынан келер ұрпақ Ләйла Мұх­тар­қызының да жүрек жылуын, жанар мейірімін сезіп тұрары анық. Ләйла апайдан кейін кенет Ернар Мұхтарұлы, одан кейін Ди­ме­кең өмірден қайтты да, бұрынғы көз­қарастар мен қатынастарға бас­қа пиғылдар араласты. Бет шырайын бергендер жүздерін теріс бұр­ды. Алайда: «Аманатты пары­зың­ның бар­лығы да орындалды, мұра­жай да қалпына келді, «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығы болып құ­рылды. С.Қирабаев, З.Ахметов, Т.Кәкіш, Р.Нұр­ғали, Б.Майтанов сияқты ғалымдар мен Ж.Аупбаев, Ғ.Доскен сияқты архив жұ­мы­сынан қайтпайтын азаматтар қыз­метке тартылып, 100 жылдық мерейтой да салтанатпен өтті, елу томдық ака­демиялық басылымды жүзеге асыру мүмкіндігі де туды, тек соның қызығын көруге жазбады, Сізге, Ләйла апай!», – деп осы естелікті аяқтағым келеді.Тұрсын ЖҰРТБАЙ,жазушы.