БАҚ тілі мінсіз болсын десек…
Бүгінгі таңда Қазақстанда қазақ тілінде 449 газет пен 117 журнал шығады екен. Оның сыртында қазақ, орыс тілдерінде екі тілде шығатын газет-журналдар тағы бар. Кеңестік дәуірмен салыстырғанда қазақ басылымдары санының бұлай артуы тәуелсіздік арқасында қол жеткен жетістік екені даусыз. Осы басылымдар қазақ тілінің шешімін таппаған сан алуан мәселелерін үздіксіз көтеріп, тіліміздің дамуына, оның Ата Заңда көрсетілген мәртебесіне сәйкес қолданылуына қатысты жазудан жалыққан емес. Тек журналистердің ғана емес, тілші ғалымдар мен филологтардың, тіл жанашырлары мен түрлі сала мамандары тарапынан тілдің жайын сөз еткен сан алуан мақалалар да негізінен қазақ тілінде жарық көретін газет-журналдарымыз арқылы қалың жұртшылыққа жол тартады.
БАҚ тілі мінсіз болсын десек…
Бүгінгі таңда Қазақстанда қазақ тілінде 449 газет пен 117 журнал шығады екен. Оның сыртында қазақ, орыс тілдерінде екі тілде шығатын газет-журналдар тағы бар. Кеңестік дәуірмен салыстырғанда қазақ басылымдары санының бұлай артуы тәуелсіздік арқасында қол жеткен жетістік екені даусыз. Осы басылымдар қазақ тілінің шешімін таппаған сан алуан мәселелерін үздіксіз көтеріп, тіліміздің дамуына, оның Ата Заңда көрсетілген мәртебесіне сәйкес қолданылуына қатысты жазудан жалыққан емес. Тек журналистердің ғана емес, тілші ғалымдар мен филологтардың, тіл жанашырлары мен түрлі сала мамандары тарапынан тілдің жайын сөз еткен сан алуан мақалалар да негізінен қазақ тілінде жарық көретін газет-журналдарымыз арқылы қалың жұртшылыққа жол тартады. Жалпы, қазақ тілінің мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын да қазақ баспасөзі, қазақ тілді журналистер қауымы екені баршамызға белгілі. Тіліміздің дамуы мен қолданысына елеулі үлес қосып отырған төл баспасөзіміздің тілі жөнінде дүркін-дүркін сөз қозғалып жатады. Бұл мәселе тіл мамандарының назарынан да ешқашан тыс қалып көрген емес. Жекелеген мақалаларды айтпағанда, әр кезеңдегі қазақ мерзімді басылымдарының тілін зерттеуге арналған монографиялар жазылып, бірқатар кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғалды. Осы дәстүрді жалғастырып, біз де кейінгі бес-алты жыл көлеміндегі баспасөздегі сөзқолданыс, сөзжасам, терминжасам мәселелерін қарастырып жүргендіктен, жинақталған деректер негізінде кейбір ойларымызды ортаға салуды жөн көрдік. Әрине, қазақ баспасөзінің бүгінгі биігінде ондағы тіл мен стиль мәселелерінің негізінен ойдағыдай шешіліп келе жатуының мәні үлкен. Газеттер мен журналдардағы мақала, сұхбаттардың тілі жетік, содан да ойы айқын бола түскені талас тудырмайды. Әйтсе де, қолдағымызды ешкім де тартып алмайтынын ескере кетіп, бұл мақалада біз негізінен баспасөз тілінің мәдениетіне, сөзқолданыcта орын алып жүрген кейбір кемшіліктерге баса тоқталамыз.
Әрине, қазақтың тілін бір кісідей білетін, қаламы төселген, әр сөзді талғап-таңдап орнымен қолданатын, қағаз бетіне түскен немесе аузынан шыққан әр сөйлеміне үлкен жауапкершілікпен қарайтын тәжірибелі, білікті журналистер де аз емес. Олардың жазғанын кім де болса сүйсініп оқиды, сөйлеген сөзіне зейін қойып ілтипатпен тыңдайды. Алайда үнемі олай бола бермейді. Кез келген өзге салалардағы мамандар сынды журналистердің де біліктілігі, кәсіби деңгейі, жазу шеберлігі, сөз қолдануға деген жауапкершілігі бірдей емес. Сондай-ақ газет-журналда тек журналистердің ғана емес, білімі мен кәсіби дайындығы, тілді білу деңгейі әркелкі түрлі сала мамандарының жазғандары да жарық көріп жатады. Осының бәрі баспасөз тілінің сапасына әсер ететіні сөзсіз. Бұл секілді факторлардың қай-қайсысын да ескере отырып, бүкіл қоғам көз тігетін қазақ баспасөзі тіл мәдениетінің жоғары болуына, әдеби тіл нормаларының сақталуына, публициcтикалық стильдің кемелдене түсуіне айрықша мән беріп отырғанымыз абзал. Бұған қолына қалам ұстағандар да, осы басылымдардың оқырмандары да мүдделі болуы керек.
Әр сөзді мағынасына қарай орнымен қолдану – тіл мәдениетінің ең өзекті мәселелерінің бірі. Сөзқолданыс барысындағы орын алатын кемшіліктер көбінесе сөз мағынасын анық білмеуден, оның тура мағынасы мен ауыс мағынасының аражігін айқын ажырата алмаудан, синонимдер қатарынан қажет сөзді таңдап-талғап пайдаланбаудан немесе жауапсыздық салдарынан туындап жатады.
Мына сөйлемге назар аударып көрелік: «Отандық телеарнаның озық майталмандары кімдер?» (Әйгерім Бақытқызы. «Айқын», 29 желтоқсан 2011 жыл. № 244). Онсыз да «озық, озат, асқан шебер» деген мағынаны білдіретін «майталман» сөзінің алдына «озықты» қосақтау мүлде артық. Озық емес майталман болмайды. «Майталман» деген озықтың озығы. «Өз ісінің хас шебері» деген мағынаны білдіріп тұрған «майталман» сөзінің алдынан тіркескен «озық» оған қосымша мағына үстеп, әр беріп тұрған жоқ. Керісінше, көлеңкесін түсіріп, артық қолданылғаны көзге ұрып тұр. Суретші салған суретін әрлендіре түсем деп әр түсті бояуларды артық жағып алса, бояулар үйлесім таппай, баттасып, суреттің әрін қашырып алуы мүмкін. Қалам ұстаған жан да сөздерді талғап, таңдап артық та кетпей, кем де түспей, мағына үйлесімін тауып орнымен қолданбаса, сөйлемнің де әрі қашып, айтылмақ ой бұлыңғыр болып қалмақ.
«Алматы ақшамы» газетінің 2011 жылғы 27 тамыздағы № 100-101 нөмірінде «Дүние дүрмек» айдарын әзірлеген жас журналист Айкерім Раисқызы шағын мақала тақырыбын «Гауһар тасты жұтып қойды» деп атапты. Бұл тақырыпты оқыған адамның басына алдымен Гауһар есімді адам тасты жұтып қойған екен ғой деген ой келеді. Алайда мақала мәтінін оқыған соң бәрі басқаша екенін түсінеді. Онда: «Қожайын дүкенге келген тұтынушыға қызмет көрсетуге кеткенде ит үстел үстіндегі қорапсыз жатқан гауһар тастарды жұтып жібереді» – делінген. Тасты жұтқан Гауһар есімді адам емес, «Медовая Булка» атты ит екен. Әрине, оқырмандарды шатастырмай бұл мақалаға «Гауһар тасты жұтқан ит», «Ит гауһар тастарды жұтып қойды» немесе басқаша да тақырыптар қоюға болар еді. Бұл жерде жас журналисті ғана кінәлап қою әділетсіз. Мұнда атауларды бір ізге түсіру, сөздерді қосып немесе бөлек жазу мәселесі де көрініс береді. Кейінгі жылдары асыл тастың бұл түрі «гауһартас» түрінде бірге жазылып та жүр. Сөз болып отырған мақала тақырыбында бұл сөз осылай «гауһартас» түрінде бірге жазылғанда да ешқандай сұрақ туындамаған болар еді.
«Қымбат автограф» («Егемен Қазақстан», 23 тамыз 2008 жыл. № 260) деген мақала тақырыбындағы «автограф» сөзі мақсатты қолданылғанға ұқсайды. Орыс тіліндегі «автограф» сөзінің тіліміздегі баламасы «қолтаңба» сөзі. «Автограф» сөзінің тілдік қолданысымызда болғаны белгілі. Алайда осы сөздің орнын «қолтаңба» сөзі алмастырып, жаппай қолданылатын деңгейге жетіп, әдеби тіл сөздігі мен қазақша-орысша, орысша-қазақша сөздіктеріміздің бәріне енгеніне, қолданысы орныққанына да едәуір уақыт өтті. Соған қарамастан, мақала мәтінінде «қолтаңба» сөзін қолдана отырып, тақырыпқа «автограф» сөзі алынғанда не мақсат көзделді екен деген ойға қалдық. Біздіңше, тақырыпты «Қымбат қолтаңба» деп қойғанда екі сөздің басындағы дауыссыз «қ» дыбыстары өзара үндесім тауып жарасып-ақ кетер еді. Мәселен, «дүбірлі дода», «жасыл желек», «қылықты қыз», «терең теңіз» деген тіркестердегідей дыбыстар үйлесімі көрер көз, естір құлаққа жағымды әсер етіп, оқырман назарына ілінер еді.
Кейде басылымдарда сөз тіркесі, сөйлем құрамындағы етістіктердің мағынасына қарай дұрыс қолданылмай, сөйлем баяндауыштары тиянақсыз болып жататын тұстар жиі ұшырасады. Көзге түскен көп мысалдың екі-үшеуін ғана келтірелік. Мысалы, «Ер мен әйел арасындағы қарым-қатынаста азаматтың еңсесі түспеуін, арудың сағы сынбауын мансұқтау» («Нұр Астана», 19 наурыз 2008 жыл. Бетті әзірлеген: Г.Әбжәлелқызы). Сөйлем аяқталмай қалған, айтылмақ ой түсініксіз. «Мансұқтау» етістігі орынсыз қолданылған. Ескендір Ертай «Теміржол тұрғызу – аса күрделі үдеріс» («Алаш айнасы», 8 шілде 2011 жыл. № 117) деп жазыпты. Осы сөйлемде «тұрғызу» сөзі орынды қолданылып тұрған жоқ. Үй, ғимарат, мұнара, т.б. тұрғызылады. Ал жол қалай тұрғызылады, ол салынады немесе төселеді.
Тілде кез келген дыбыс пен дыбысты, сөз бен сөзді тіркестіріп, дыбыстар тіркесін немесе сөз тіркесін тудыра беруге болмайды. Қатар тұра алмайтын, өзара үйлесім таба алмайтын дыбыстар да, сөздер де бар. Сөз сөзге шуағын төгумен қатар, көлеңкесін де түсіретіні белгілі. Осыны ескермей қиыннан қиыстырып, тың сөз тіркесін туғызам деу үнемі сәтті бола бермейтінін де ескерген абзал. Ондай мақсат қоймағанның өзінде сөз қолдануға, тіркес үйлесімділігіне жауапсыз қарамаған жөн. Мына мысалдарға назар аударалық: «Спорт тақырыбында қалам қозғау ер журналистер үшін ғана емес, нәзік жанды аруларымыз үшін де өте қызық» («Дала мен қала», 7 наурыз 2008 жыл. Дайындаған: Азиз Ордабаев). Тілдік қолданысымызда орныққан «қалам тербеу», «қалам тарту» секілді тіркестер тұрғанда, «қалам қозғау» деген «жаңа тіркес» жасап қолданыпты. Сәтті қолданыс дей алмаймыз. Бұл тіркес қаламмен жазу емес, «қаламды бір жерден алып, екінші жерге жылжыту», «қаламды орнынан қозғау» деген түсінік туғызады. Сондай-ақ бұл сөйлемде «әйелдер», «қыздар» деген мағынада жұмсалатын «нәзік жандылар» мен «аруларды» қосақтап қолданудың да қажеттілігі көрініп тұрған жоқ. «Айқынның» (26 шілде 2011 жыл. № 135) бас мақаласының тақырыбы «Салтанат қақпасы» ұрпаққа ой беруге тиіс» деп беріліпті. «Ой беру» деген қолданыстың не берерін білмедік, біз осы сөйлемде тілімде қолданысы орныққан «ой салу» деген тіркестің қолданылғаны оң болар еді-ау деген ойда қалдық.
«Алматы ақшамының» 2012 жылғы 27 наурыздағы № 36-санында Айнабай Мәдидің авторлығымен «Асық атуды» хансулық қос фотосуретші жығылып жатып, суретке түсірді» деген тақырыппен мақала жарияланыпты. Мақала тақырыбына қарап, қытайлық фотографтардың екеуі бірдей жығылып бара жатып немесе құлап қалған соң суретке түсірген екен деген ойға қаласыз. Мақаланы оқып көрсек, олай емес екен. Оны автордың мақала соңындағы «Ал, «Асық ату» сәтін хансулық (қытайлық) фотосуретшілер қос қапталдан жығылып жатып суретке түсіргенін көрдік» деген сөйлемін оқығанда білдік. Қытайлық қос фотограф ешқандай да жығылмаған. Еңкейіп «асық ату» кезіндегі балалардың эмоциясын, қимылын, асықты көздеген, шиырып тұрған сәттерін қалт жіберіп алмау үшін қытайлық фотографтар асық атушылардың екі жағынан жатып түсірген. Олар жығылып-сүрінбеген, бірнәрсеге шалынып та құламаған. Өздерінің қалауымен жатып түсірген. Бұл жерде мақала авторы «жығылу» сөзінің мағынасына мән бермей, оны мақала тақырыбында да, мақала соңындағы сөйлемінде де орынсыз, артық қолданған. «Жығыл» (жық-ыл-у) сөзі ырықсыз етіс тұлғасындағы етістік. Яғни, адам ерікті түрде жығылмайды, құламайды. Cондықтан «жығылып жатып» демей-ақ, «жатып суретке түсірді» десе жеткілікті еді. Ал одан да әсерлірек тақырып беру қажет болса, «жата қалып», «етпетінен жатып», «шалқасынан жатып» немесе басқаша да құбылтып жазуға сөз табылар еді ғой.
Жекелеген сөздерді, сөз тіркестерін калькалаумен қатар, тұтас сөйлемдерді орыс сөйлемінің қалыбына салып құрау да белең алып бара жатқан құбылыс. Ақтаулық заңгер маман Қамысбай Бесінбергенұлы мақаласындағы бірқатар сөйлемдер еріксіз көңіл аудартады. Мысалы: Мен айтар едім, осы «инвестиция» тарту деген нарықтың жаңалығы бар-ау, біздің қазақтың түбіне жетеді деп. Мен айтар едім, бұл фактілер – Қазақ еліндегі таза көрініс, өмір шындығы. Автордың бұл сөйлемі орыс тіліндегі «Я бы сказал…» деп басталатын сөйлем үлгісімен жасалған. Ал оның «Кейде мен ойлаймын, жақсы…, Қазақ елінің ересектері, өз жерінің байлығының пайдасынан үмітін үзіп, құлдық сезімге қарай ойысып барады делік, ал жастарымыз не ойлайды» деген сөйлемі орыс тіліндегі «Иногда я думаю, хорошо…» түрінде келетін сөйлемнің қазақша тікелей көшірмесі. («Жас Алаш», 18 қаңтар 2011 жыл. № 3). Бұл сөйлем де орыс тіліндегі «Я не понимаю…» деп басталатын сөйлемнің ізімен құрылған. Мақала авторының орысша оқыған, орысша ойлайтын, қазақша көп жазбайтын адам екендігі анық аңғарылып тұр. Құдайға шүкір, бізде орысша оқығандар, орыс тілінде ойлайтындар, қазақша сөйлеп, жазуға шорқақтар жеткілікті. Олардың қазақша жазуға талпынғанын қуана құптайық. Алайда жазғандарының бәрін түзетпей газет-журналдарымызға баса берсек, шығатын кітаптарын редакцияламай-ақ жариялай берсек не болады? Сонда жазу мәдениетін сақтауды, БАҚ тілінің сауатты болуын кімнен талап етеміз?
«Қазіргі кезде бұл жол апаты құзырлы органдармен тексеріліп жатыр» (Нұрила Бектемірова. «Қазақстан-Zaman», 2 ақпан 2012 жыл. № 05) деген сөйлемде «құзырлы органдармен тексеріліп жатыр» (В настоящее время данное дорожное происшествие расследуется компетентными органами) сөйлеміндегідей «компетентными органами» тіркесін дәлме-дәл көшіріп аударудан туындаған. Дұрысы бұл сөйлемді «Қазіргі кезде бұл жол апатын құзырлы органдар тексеріп жатыр», деп құрағанда, аударма шырмауына түсіп сіреспей, жатық айтылған, жеңіл оқылған болар еді.
Сөзқолданыс туралы сөз қозғағанда баспасөздегі терминдердің қолданысы туралы да айтуға тура келеді. Мерзімді баспасөзде Мемтерминком бекіткен терминдердің бірізді қолданылуы өте маңызды. Бұл бекітілген атаулардың қолданысы тұрақтап, оларға көпшіліктің көзі үйренісіп, санасына тез сіңуі, тілде жарыспалылықтың орын алмауы үшін қажет. Алайда осы қажеттіліктің өтелуіне жете мән берілмей жататын тұстар да жиі байқалып жатады. Мәселен, «Ресейдің «Газпромы» Орынбордағы газ және мұнай өңдеу зауытындағы қазақстандық-ресейлік біріккен кәсіпорындағы жұмысын бастауды кешіктіріп отыр» («Түркістан», 30 қазан 2008 жыл. №44) деген сөйлемде ресми бекітілген «бірлескен кәсіпорын» орнына «біріккен кәсіпорын» деп қолданылған. Бірігіп кету мен екі кәсіпорынның дербестігін сақтай отырып, бірлесіп жұмыс істеуінің үлкен айырмашылығы бар. Ал «Күдікті екі адам болғандықтан, полиция қызметкерлері осы дүкенде торуыл қойып, екінші сезіктіні де құрықтады» («Егемен Қазақстан». 20 желтоқсан 2008 жыл. № 405-412) деген бір сөйлемде «подозреваемый»-дың баламасы ретінде бекітілген «күдікті» мен оның бекітілмеген жарыспа нұсқасы бір сөйлемде қатар қолданылған. Мемтерминком консультативтік-кеңесші орган болғандықтан, ол өзі бекіткен терминдерінің бірізді қолданылуын міндеттей алмайды. Сондықтан көптеген бекітілген атаулардың қолданысқа еніп кетуіне баспасөздің ықпалы зор екенін БАҚ өкілдері ескерсе дейміз.
Тағы бір мысалға назар аударып көрелік: «Сондай-ақ ұйқысыздық пен ұйқысы қанбайтындардың бас миының жұмысы нашарлап, ашуланшақ болады дейді» («Ана тілі», 16-22 маусым 2011 жыл. № 24) Бұл сөйлемдегі «бас миы» деген орыс тіліндегі «головной мозг» дегенді калька жолымен тікелей аудару барысында пайда болған жасанды атау. Өзімізге өзіміз жау болмасақ, мұндай баянсыз тірлікке баруға тиіс емеспіз ғой. Сол себептен де қолымызға қалам алған үлкеніміз де, кішіміз де сөз жасауға, сөзді қолдануға, өзге тілден аударуға үлкен жауапкершілікпен қарауға тиістіміз. Айналып келгенде, мұның бәрі ұлттың тілін жетік білу мен кәсіби біліктілікке келіп тірелетіні айдан анық. Осы ап-анық нәрселерді ескере отырып маман дайындай алмау, сол жоғары талапқа сай келетін мамандардың өз орнында қызмет етпеуі, білетін ісінің басында болмауы тек журналистика мен тіл саласы ғана емес, қоғамдық өміріміздің басқа да барлық саларындағы шешімін таппаған мәселелердің қордалана беруіне апарып соғатыны сөзсіз. Тілді және тілдің жай-жапсарын, оның ішкі мәселелерін жақсы білмейтін, кәсібін өз деңгейінде меңгермеген маман, қанша жерден ниеті түзу, қаншалықты тілге жанашыр болса да, тіліне қызмет етем деп жүріп, оған пайдасын емес зиянын тигізіп, артық қылам деп жүріп тыртық қылуы мүмкін. Тіліміздің «тәніне» тыртық түсіріп алмау үшін қылпылдаған қандауыр ұстаған оташы – хирургтей, біз де қаламымызды шеберлікпен, асқан жауапкершілікпен байқап-байқап қолдануымыз керек. Бүкіл қоғамға, халықтың аса қымбат қазынасы тіліне, ұлттың санасына ықпал етуі жағынан қалам қандауырдан әлденеше есе қуатты құрал. Сондықтан да мұндай қуатты құралды қолға алғанда, бүгінгі қаламымыз пернетақтаны басқанда, негізгі айтпағымыз жазуға, сөз қолдануға келгенде қай-қайсымыздың да мойнымызда зор жауапкершілік тұрғанын бір сәт те ұмытпауға тиіспіз.
Баспасөзде жиі көрініс беретін кемшіліктің бірі – тұрақты сөз тіркестерінің дұрыс қолданылмауы. Мәселен, «АҚШ спортшылары жан салмады» («Айқын», 3 қыркүйек 2010 жыл. № 161). Тілде «жанын салды» деген тіркес «аянып қалмады, бар күш-жігерін жұмсады» деген мағынада қолданылады. Бұл тіркес негізінен болымды мағынада жұмсалатын болғандықтан, осы сөйлемді оқыған адамның басында «АҚШ спортшылары не үшін аянып қалды екен» деген ойдың қылаң берері табиғи нәрсе. Алайда мақаланы оқысақ, керісінше, АҚШ спортшылары бәрінен үздік шыққандығы айтылыпты. Сонда барып біз «бәрінен озды, үздік шықты, ешкімді алдарына шығарған жоқ» деген ойдың айтылмақ болғанын ұқтық. Тіліміздегі осы мағынаны дәл беретін «алдына жан салмады», «алдына қара салмады» деген тұрақты тіркестің дұрыс қолданылмауы салдарынан сөйлем мағынасы өзгеріп, айтылмақ ой бұрмаланып, оқырманға дұрыс жетпеген. Яғни, тұрақты тіркес құрамындағы «алдына» сөзі алынып қалғандықтан осылай болған. Мұндағы бар мәселе – тұрақты тіркестің құрамындағы сыңарларының ешқайсысы өзгертілмей, қысқартылмай, басқа сөзбен алмастырылмай, тұрған орнында, жеке сөздер сияқты дайын қалпында қолданылатынын ескермеуден туындап отыр. Сол себептен қалам алған қауымның қай өкілі болса да қашанда осы жайды ескерсе екен дейміз. Тұрақтылығын бұзуға болмайтындықтан да олар «тұрақты тіркестер» деп аталмай ма? Сол ұзақ жылдар бойы қалыптасқан тіліміздің тамаша байлығы болып саналатын тұрақты тіркестердің тұрақсыздануына жол бермей, оларды мағынасына қарай орнымен жұмсай білсек, ойымыз орнықты, сөзіміз салмақты бола түсетініне ешкім күмәнданбаса керек.
Кейде тіліміздегі тұрақты тіркестер сұранып тұрған жерде оларды қолданбай, айтпақ ойды көмескілендіретін сәтсіз сөз тіркестерін пайдалану деректері де кездесіп жатады. Мысалы, «Алматы ақшамында» (12 наурыз 2009 жыл. № 29) таиландтық боксшыны рингте ұрып құлатқан қазақстандықтың мықтылығын айтпақ болған журналист екі аяғы көкке көтеріліп құлап жатқан боксшы түсірілген фотосуретке былай деп жазады: «Тараздық (танк) таиландтың аяғын көкке көтерді». Тараздық жатқан тайландтықтың («тайландтың» емес) аяғын көтерген жоқ, ол жерлесіміздің қатты соққысынан аяғы көктен келіп құлады. Осы көріністі қазақ тілін жетік білетін журналист «аяғын аспаннан келтірді» деп жазған болар еді.
Баспасөз беттеріндегі кейбір мақалаларда сөздердің орын тәртібін сақтамағандықтан, сауатты құрылмай жататын сөйлемдер де ұшырасып жатады. Мысалы, «Ұланбатырда ең үлкен тұмауға қарсы тұмылдырық тігілді» («Алматы ақшамы», 21 қараша 2009 жыл. № 136) деген сөйлемге назар аударып көрелік. Хабарланбақ болған жаңалық тұмаудан сақтану үшін киетін «ең үлкен тұмылдырықтың тігілуі» туралы екен. Алайда бұл сөйлемді оқыған адам бастапқыда әңгіме өте кең тараған, жұқпалы тұмау туралы айтылып отыр ма деп қалады. Оқырман айтылмақ хабардың ол емес екенін мақала мазмұнымен танысқаннан кейін ғана барып, мәселенің мәнін түсінеді. Себебі, сөйлемде «ең үлкен» тіркесінің орын тәртібі сақталмай, анықтауға тиіс «тұмылдырық» сөзінің алдынан емес, «тұмау» сөзінің алдынан қолданылған. Егер «Ұланбатырда тұмауға қарсы ең үлкен тұмылдырық тігілді» делінгенде, сөздердің орын тәртібі бұзылмай, айтылмақ ой анық, сөйлем де дұрыс құралған болар еді.
Көптік жалғауын орынсыз жалғау да көптеп кездесетін кемшіліктің біріне айналып барады. Оған да мысал жетіп артылады. Солардың бір-екеуін ғана келтірелік. Мәселен, «Қазіргі уақытта шамамен 500 шаруалар ІКС-тің қамқорлығымен жұмыс жасауға тілек білдірді және орталықпен селекциялық үдерісті ғылыми қолдау туралы шарт жасасты». (А.Күрішбаев. «Егемен Қазақстан», 19 ақпан 2010 жыл. № 61-62 ). 500 шаруалар емес – 500 шаруа. Есептік сан есім анық жазылып тұрғаннан кейін көптік жалғауын жалғаудың жалғанбайтыны белгілі. Осы қарапайым ереже неге бұзыла береді? Ғалым Сүлеймен «Яғни, Ресейден келген қос зілтеміршілердің өзара тартысы соңғысының пайдасына шешіліп жатса, еш таңдануға болмас» («Айқын», 14 мамыр 2009 жыл. № 84) деп жазыпты. «Қос» деп бастаған соң көптік жалғауын жалғамай-ақ «қос зілтеміршінің» деген дұрыс еді ғой.
7-8 жасқа дейінгі балаларға ғана «жасар» деп қолданылатындығы баспасөзде жазылған еді. Бірақ ол қаперге алынып жатпаған тәрізді. «Халық сөзі» (20 сәуір 2012 жыл, №31) газеті шағын мақала тақырыбын «31 жасар «сәби» деп атаса, «Алматы ақшамынан» (18 ақпан 2010 жыл. № 20) «Қытайлық 34 жасар Фэй Юфу оянбастан 203 күн бойына ұйқыға шомған» деген сөйлемдерді оқыдық.
Қазіргі қазақ баспасөзінің тіліне, ондағы сөзқолданыс мәселесіне назар аударғанымызда негізінен осы жоғарыда көрсетілгендей олқылықтар көбірек орын алып жүргені байқалды. Соңғы 4-5 жыл көлемінде газеттерден жиналған материалдар мұнымен шектелмейді. Олардың бәрін тізіп жатуды мақсат етпедік. Біз тіл маманы ретінде, олардың ішіндегі жиі орын алып жүргендеріне қалам ұстаған қауым назарын аудартуды міндетіміз санадық.
Көптеген оқырмандар «газеттен оқыдым», «газетте осылай жазған» деп газет сөзін алға тарып, онда жазылғандарды қашанда дұрыс деп қабылдайды. Әр сөздің қолданысына, сөйлемнің құрылымына мән беріп оқитын, кей қолданыстарға күмәнмен қарайтын, ондайларды бірден қабылдай қоймайтын талғампаз оқырманның өзі, сол сөз тіркестері мен сөздерді газеттен қайта-қайта оқи берсе, олардың да біртіндеп көздері үйренеді. Бұл газеттің қоғамдық санаға, тілдік нормалардың қалыптасуына ықпалының зор екенін көрсетеді. Баспасөзде әр сөздің қолданысына үлкен жауапкершілікпен қараудың қажеттілігі де осы себептен туындайды. Сондықтан да БАҚ тілі мінсіз болсын десек, онда кемшіліктердің орын алуына жол бермей, кездескендерін дер кезінде түзетіп отыру өте маңызды. Жазу мәдениетіміз жеткен биігінен төмендемей, жетіле түсуіне, көсемсөз стилінің кемелдене беруіне кәсіби біліктілікпен атсалысу қолына қалам алған әр азаматтың міндеті.
Шерубай ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ,
филология ғылымдарының докторы,
профессор.