• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
26 Қыркүйек, 2012

Әйел әлемі

395 рет
көрсетілді

Әйел әлемі

Балуан Шолақ  ұрпағының ұйытқысы

Бүгінгі әңгіме Балуан Шолақтың кіші келіні Ғазиза Мәткенқызы жайлы. Ол Көкшенің көркем қойнауындағы Бурабайдың Кіндікқарағай ауылында туып-өсті. Әкесі Мәткен оқыған-тоқығаны мол, әрі молда, әрі кең жауырын балуан болғанын жазушы Естай Мырзахметовтің кітаптарынан білеміз. Анасы Ұмсынай 17 бала тәрбиелеп өсірген ғазиз жан еді. Ғазиза апамыздың біз көрген інілері Құрбан – колхозда есепші, Ғани – отыз жылдай мектеп директоры, Қадер – Жезқазғанның Қарсақпай зауытында директор қызметін атқарды. Сіңлілері Нәсипа айтулы ұстаз, Қазина Ұрымқайдағы кірпіш зауытының бригадирі ретінде ел есінде. Бұл да дүние тұтқасынан тәлім тарқатар ойға жетелейді.

 

Балуан Шолақ  ұрпағының ұйытқысы

Бүгінгі әңгіме Балуан Шолақтың кіші келіні Ғазиза Мәткенқызы жайлы. Ол Көкшенің көркем қойнауындағы Бурабайдың Кіндікқарағай ауылында туып-өсті. Әкесі Мәткен оқыған-тоқығаны мол, әрі молда, әрі кең жауырын балуан болғанын жазушы Естай Мырзахметовтің кітаптарынан білеміз. Анасы Ұмсынай 17 бала тәрбиелеп өсірген ғазиз жан еді. Ғазиза апамыздың біз көрген інілері Құрбан – колхозда есепші, Ғани – отыз жылдай мектеп директоры, Қадер – Жезқазғанның Қарсақпай зауытында директор қызметін атқарды. Сіңлілері Нәсипа айтулы ұстаз, Қазина Ұрымқайдағы кірпіш зауытының бригадирі ретінде ел есінде. Бұл да дүние тұтқасынан тәлім тарқатар ойға жетелейді.

Бұл күндері 91 жастағы Ға­зиза апамызды 1986 жылы Бұ­ланды ауданындағы «Отрадный» мем­ле­кеттік орман шаруашы­лы­ғы меке­месі аумағындағы Тасты­өзек ауылында көргентұғынмын. «Ұлы дала» қозғалысы төраға­сының бірін­ші орынбасары, белгілі кәсіпкер Марат Нәбиевтің бастамасымен Балуан Шолақ қорымына ескерт­кіш тас қо­йыл­ған. Сонда ғазиз ана тәубе сөзін айтып, тебірене сөй­леген. Одан кейін Жамбыл облы­сы­ның әкімі бастап келіп, баба бейітіне 16 метрлік мемориалдық ескерткіш орнатылғанда Ғазиза апайымыз­дың зыр жүгіре қызмет еткенін көргенім бар еді.

Міне, енді Ғазиза апамыздың ұлдан үлкені, Бұланды ауданы­ның орталығы Макин қаласының әкімі Шайдолла Шолақовтың бастауымен Тастыөзекке  келе жатырмыз. Жанымда «Казахстанская правда» газетінің тілшісі Шыңғыс Тәше­нов бар.  Айнала­ның көркем көрі­нісі бізді еріксіз баурап, Балуан баба заманына жетелеп бара жат­қандай сезіндік. Алайда бұра­лаң бір тұста көлігі­міз селк ете қалды. Шайдолла жымиып отыр екен.

– Ұқсастықты қараңызшы, – дейді Шәкең сонау бір өткен күн­дердің сілемінен сөйлеп тұрған­дай кейіпте. – Салт атты әкем Құ­дайберген «Кызыл кардон­ның» дәл осы бұрмасына келе бергенде май батпаққа батқан  мәшинені кө­реді. Бірсыпыра адам жол тал­ға­­майтын «Уаздың» әуресімен қы­зыл терге түсіпті. Соны әкем жарықтық иығымен итеріп шыға­рыпты. Сәбит Мұқанов, Ахмет Жұбанов, Жайық Бектұров, Ес­тай Мырзахметов еңбектерінде балуан атамызға қатысты дәл осындай көрініс бар. Ол қос ат жегілген үйме шөпті арбаны жал­ғыз қолы­мен тартып шығарған. Орыстың риза мұжығы жүгенін қолына ұстап, жаяу кете барғанда бәстің бәсіресін бұзып, арбасын қос атымен қайтып берген екен.

Шындығында, Құдайбергенді «әкесінің аузынан түсіп қалған­дай» деген сөзді жиі еститінбіз. Балуан­дығын былай қойғанда әнші, күйші, ағаш шебері болған көрінеді. Оның өз қолымен жаса­ған қара домбырасы қазір де сақтаулы. Қаршадайы­нан колхоз, совхоздың қара жұмы­сына араласып, Макин қаласын­дағы Ленин атындағы зауыттан зейнеткер­лік­ке шыққан. Ғазизамен әй-шәйсіз 36 жыл отасып, 73 жасында дүниеден озды. Аузынан Алласы, қолынан Құраны түскен емес.

Төрт көшелі Тастыөзектің ең­селі үйі бой көрсеткеннен-ақ Шай­долла мазасыздана бастады. «Қап, жаңа хабарласып алуым керек еді» дейді.  Айтқандай, Ғази­за апамыз үйде жоқ болып шық­ты. Кеше ғана Астанадағы қызы Асыл өзімен бірге алып кетіпті. Шайдолла қызық, анасын қарын­дасы ұрлап алып кеткендей кү­йіп-пісіп жүр. Мен еш өкінген жоқ­пын. Дәм бұйырса, кездесе жатармыз. Он екі құрсақ көтер­ген кейуа­наның тоқсаннан асқан шағында ұрпағын аралап жүруі, ал жігіт ағасының анасын іздеп қиғылық салуы кез-келгеннің басына жаз­баған бақыт.

Үлкен үйден дәм татып, Балуан бабамыздың кесенесіне тәу еттік. Қайтар жолда Шайдоллаға алыстан орағытып сауал қойдым. «Кіндіққарағай тумасы, журналист досым Мәули Әлімовті біле­сің. Марқұм мынадай өлең айтушы еді: «Шолақова шонтиды, Партаға кеп қонжиды…».  Бұл кім?

– Бұл менің әпкем Әйбат қой. Екеуі сыныптас, деп жанары жар­қырай әңгіме бастады. – «Қонжи­ды» деген сөзде мән бар. Үлкен апамыз Манат екеуінің арасында бала тұрақтамай, шетіней берген­дік­тен кіндігін Қыстауқарағай ауы­­лының қияңқылау бір ұл баласына балтамен кестірген екен. Атамызға тартқан алып қыз болды. Мазақ­тап, намысына тиген балаларды ұрып жығып, сынып бөлмесінің ортасына үйіп қояды екен. Көкше­тауға таяу Кенесары ауылында тұрады, кіре кетсе­ңіздер болады.

Межелі жерге жеткен соң жұ­мысы көп әкім Макинкада қалып, Кенесарыға да келіп жеттік. Жол жиегіндегі коттедж үйде тұрады екен. Алдында екі қызыл бұзау арқандаулы тұр. Осы сәт орнымда қалшиып тұрып қалдым. Құдай­дың құдіреті, әлгі бұзаудың  біреуі­нің маңдайында «7» әрпі тайға таңба басқандай көрініп тұр. Оны ұялы телефоныма түсі­ріп алдым.

Енді мына қызықты қараңыз, Әйбат апа 2006 жылғы 31 жел­тоқсанда, Құрбан Айттың бі­рін­­­ші күнінде бүйірінде «Алла» деген жазуы бар қозы туғанын айтып, ұлы, ауыл имамы Мұрат Қа­былбаевтың қозыны ұстап тұрған суретін көр­сет­ті. Діндар ана қа­жылыққа барып келген. Халық емімен айналысады. Енді білдік, Шайдолла да, оның келіншегі Дә­мелі де қажылық парызын өтеп қайтыпты. Мұның бар­лығын Балуан Шолақ бабала­рының аруағы желеп-жебегені деп біледі.

– Шешеміз шілде айының со­ңын­да біздің үйге келеді. Тіпә-тіпә әлі ширақ, –дейді Әйбат апа. – Әке­міз қайтыс болғанда Манат, мен, Қай­ролла, Шайдолла ес біліп қалға­нымызбен, Асыл, Хамидолла, Есенбайлар әлі кішкен­тай еді. Үкіметтің берген 4 рубль жәрде­мақысымен бәрімізді жет­кізді. Қой бақты, сиыр қайырды, бал­шық илеп үй салды, қара жұмыс­тың бәрінен қайыс­пады. Қолы шебер. Түбіт шәлі тоқып, текемет, алаша басатын. Мо­йымайтын қа­жырлылығының арқа­сында Шай­долла Алматы физкультура институтын, Асыл Қа­ра­ған­дыдағы ко­опе­ративтік институтты, Есенбай Целиноград машина жасау техни­кумының күндізгі бөлімін бітірді. Баршамыз ел қатарлы жұ­мыс іс­теп, анамызды қуантқан­даймыз. Ол кісінің 20 немересі, отызға жуық шөбересі бар. Марапаттан да кенде емес. Соның ішінде Шу қала­сына арнайы шақыртылып, Балуан баба­мыздың ескерткішінің ашылуына қатысқанын, арнайы медаль алға­нын мақтан етеді. Баба ұрпағының ұйтқысы болып жүрген анамызды әрқашан ардақ тұтамыз.

Бақберген АМАЛБЕК,

«Егемен Қазақстан».

Ақмола облысы,

Бұланды ауданы.

 

Қарлаг құрбандарын түгендеу бүгінде журналист Екатерина Кузнецованың

басты мақсаты болып отыр

Қарағандылық Екатерина Куз­нецова кезінде Кеңес Одағы ха­лықтарының шетсіз-шексіз да­ла­лық түрмесіне айналған атышулы Қарлаг туралы 30 жыл бойы тір­нектеп жинақтай келіп, талай ма­қала жазған еді. Ол ең­бектері оқыр­ман қауым назарына ілікпей қалмады. Соларды құрастырып, былтыр жарыққа шығарған «Қар­лаг ОГПУ-НКВД: Столыпиннен Гулагқа дейін» туындысы  тіпті, шет­ел­дік тарихшылар тарапынан да қызығушылық тудырды. Жалпы алғанда бұл оның шығар­ма­шылық жолындағы алғашқы сү­белі  еңбегі емес. Олай дейтіні­міз,  «Қанды 37. Қуғын-сүр­гін­дегі Қа­зақ­стан», «Темір тордағы Қар­лаг» атты және ату жазасына ке­сіл­ген­дердің тізімі жариялан­ған жинақ­тары тозақ отының бұрын-соңды мәлімсіз сырларын  бүге-шігесіз  алғаш алға жайған болатын.

Екатерина Борисовнаның атал­­ған тақырыпты қаламға қазық қылуы жайдан-жай емес-ті. Қы­тай­дың Далян қаласында дүниеге келген ол осындағы ортадан ке­ңес­тер еліндегі саяси зорлық-зом­былықтарды естіп өсті. Ағылшын, қытай тілдеріне жетік әкесі ашылып сыр шашпаса да өміріне, балаларының бо­лашағына алаң­дау­шылық көңіл-күйі жағдай­ла­рының бұлдырлы­ғын аңғартатын. Үнемі үрей үстінде тірлік кешкен  Колоколовтар отбасы Сталин өл­геннен кейін ғана Хрущевтің жы­лы­мық кезін пайдаланып, тарихи отанға оралуға  бет алыпты. Со­ның өзін­де елдің ірі қалаларының біріне қоныстануға рұқсат етіл­мей, тың игеруге тілек білдіру­шілер ретінде Қазақстанда қал­ды­рылады. Ақмоланың іргесін­дегі Киевка селосына тап болған бұ­лар ес жинаған соң Қараған­дыға табан тірейді.

Тағдырдың жазуын қараңыз­шы, жас қыздың мұнда  Қарлаг­тың  қыл көпірінен өткен, бірақ ел­деріне қайтуға жолы кесілген жандармен аралас-құралас бола­тын­дығы қаперінде жоқ-тын. Олар қалада көп екен. Өзі білім жал­ғастырған мектепте ағыл­шын тілі­нен, физика пәнінен сабақ беруші ұстаздарының Қа­рағандының ай­на­ласындағы ті­кенек сымды қор­шауларда 10 жылдан астам жа­зықсыз зардап шеккендерін кейін­нен білді.

Жастайынан армандаған ма­ман­дығына қолы жетіп, облыс­тық «Индустриальная Караганда» га­зетіне жұмысқа орналас­қанда  зо­ба­лаң жылдар зұлма­тын көріп, тақсыретін тартқан­дар әлі аз болмайтын.  Редак­цияға жиі соғатын аға әріптесі Жайық Бектұровтың сталиндік зұлымдықтың куәгері екенін зайыбы арқылы біліп, сыр тартуға талай талаптанған. Адам төзгісіз азапты бастан кешірген осы бір аяулы жанның кейде оңа­ша сәттерде айтып қалатын әңгі­мелері қойын дәптеріне түртіле беретін. Көптен көкейін маза­лаған тақырыпқа осылайша сүр­леу салынып, өткендегі ала­пат-кесапат­тардың  себеп-салдарын ашып көр­сетуге құлшыныс кү­шейген. Зерттеулік ізденіс­терді тоқтат­пауы ақырында жемісі мен же­ңісін әкелді. Қоғамда  күрт өзгеріс туып, талай жылғы құпиялар ашыла бастағанда саяси тұт­қын­дар тоғытылған ке­ңестік лагерь­лер­дің алыбы Қарлаг жайлы ал­ғашқы деректі материалдар бұл уақытта қалам тәжірибесі толыс­қан Кузне­цованың  қолынан бірінен соң бірі шығып жатты.

– Олар  әрқилы қабылданды. Әсіресе, осынау лагерьдің Спас­скідегі, Долинкадағы, Дубовка­да­ғы, Ақтастағы бөлімшелерінің бұ­рынғы көзі тірі лауазымды қыз­мет­керлері мен күзетшілері арасында қатты ашу-ыза ту­ғызды. Мақа­лаларды жариялауды тоқта­ту­ды талап еткендер де болды. Алайда, бұлтартпас дә­лелдер, за­манның жылы лебі өрекпушілер желігін су сепкендей тез басты. Содан бері 200-ден астам материал жария­ла­нып, таңдаулылары кі­тап­­тарыма енгізілді.

Расын айтқанда, бұл ауыр та­қырып. Жазу барысында жан сыздатып, өзек өртеп  отырады. Бірақ ақиқат үлкен сабақ. Сон­дықтан Қарлаг қасіретін барынша ашып көрсетуді жалғастыру  қаламгер­лік парызым деп бі­лемін, дейді Екатерина Борисовна.

Әділетін айтқан жөн, оның ма­қалалары арқылы  соңғы уақытқа дейін тағдыры белгісіз болып келген біраз адамдардың  есімдері қайта тірілді. Мәселен, Кәрібоз Шектібаев атты аза­маттың Қара­ғанды қаласының тұңғыш басшысы міндетін атқарғаны былтырдан бері ғана мәлім болды. Оған  қызметі жоғарылау кезінде жал­ған жала тағылып, ату жазасына кесілгені туралы деректі жария еткен де осы кейіпкеріміз. Сол үшін Кузнецоваға Шектібаев ұр­пақ­тарының алғысы шексіз. Округ­тік прокурор Хамза Дәуі­тов­тің заңдылықты қорғап, әділ­дікті талап етуге тырысуы  баскесерлерге ұнамауы салдарынан өзі құрбан болуы жаңадан ашылған мағлұматтардың бірі. Қарлаг құр­сауында кәмелетке толмаған жа­сөс­пірімдердің де аз болма­ған­ды­ғын, атап айтқанда соғыс жылдарында 16 жасқа дейінгі 40 бала­ның, ал 18 жасқа толмаған 180 жеткіншектің ересектермен  бірге азап шеккенін анықтаған да  сол. Бір айта кететін жайт, сол жеткін­шектердің ішінде Ленин туралы деректі фильмдер түсірген Борис Гибердің, Ко­минтерннің мүшесі Александр Пятницкийдің балалары бол­ғаны да айғақталды.

Бұл күнде қаламының басты тақырыбын зерттеп, тың мақа­ла­­­ларды жазуды жалғастырушы, қиын­нан қия қазған   әріптесіміз Екатерина Кузнецова  шығарма­шы­лық мақсатына берік.

Айқын НЕСІПБАЙ,

 «Егемен Қазақстан».

ҚАРАҒАНДЫ.

Суретте: Е.Кузнецова мен  Ж.Бектұров.

 

Алтын басты  аналар көп қазақта

Әрбір қазақ әйелі – даналық мектебі, сұлулық символы. Мысал үшін әкемЙамұхаммедтің Үрәйла, Шоқан деген екі анасы жайлы айтқым келеді.Атам Әділбек бел құдалықпен алған алғашқы әйелінің денсаулығы сырберген соң, өзі ұнатқан жас жесір Үрәйла анамызға үйленеді. Атамыздыңанасы алғашқы келініммен бірге боламын деп, еншісін алып бөлек кетеді.Үрәйла анамыз екі ұл табады. Аттарын Йамұхаммед, Жармұхаммед деп өзіқояды. Өзі арабша еркін білген, Құран оқып, дұға жасап, халықтыемдеумен айналысқан адам. Абысындарының «Жәкеміз қыздай алмады»деген сөзі әсер етті ме, қырыққа келгенде Үрәйла анамыз 20 жасарнемере сіңлісі Шоқан анамызды атамызға өзі қосады. Оның өз атыІзбайда болған, атамыз еркелетіп Шоқан атап кетіпті.

Әжелер атамыздың үш күн бойы жас қалыңдығының жанына жоламағанын айтатын. Төр­тінші күні де екі құлынын иіскеген болып жанына жантая берген атамызды Үрәйла анамыз «Бар жанына!» деп қам­шымен салып қалған дейді. Өз төсегіне бұдан кейін атамызды жолатпапты. Сіңлісіне мал-жан­­ды табыстаған Үрәйла анамыз сол кеткеннен ел аралап, халықты емдеген. 30-шы жыл­дардағы ашаршылықта Әулие Ата аймағындағы Құмбел, Қа­ра­құм, Құмжота белдерінен түр­лі шөп тамырларын тасып, бір рулы елді аман алып қал­ғанын білетіндер тамсана айтатын. Өзі де сол жылдары қай­тыс болыпты. Құдайдың құды­реті ғой, Шоқан анамыз құрсақ көтермепті. Әпкесінен қалған екі ұлды өз баласындай етіп өсірген.

Әкеміз Йамұхаммед анасы Үрәйла қайтыс болған соң Тараз қаласына барып, сол жер­дегі балалар үйіне орналасыпты. Көп ұзамай соғыс басталып кетіп, әкеміз бес жыл бойы майданда болған. 1947 жылы кеу­десі орденге толып еліне орал­ған. Шоқан анамыз қайратты адам болған екен. Соғыс жылдары картоп, қызылша жинаудан дүниежүзілік рекорд жасап, Со­циалистік Еңбек Ері атағын алады. Калинин қол қойған қағазды Алтын жұлдызымен бірге Кү­ләш Байсейітова өзі әкеліп, кеу­десіне тағып кетеді. Қазір Бай­зақ ауданында Шоқан анамыз­дың бюсті тұр. Жармұхаммед ағамыз соғысқа қатысады, со­ңынан әскери қызметте қалып, елге 1949 жылы денсаулығына байланысты оралады да, бір ай ішінде қайтыс болады. Біз Үрәй­ла-Шоқан аналарымызға бас иіп өстік. Оларды бөлмей-жармай жақсы көрдік. Әкеміз Йамұхаммедтен үш ұл, үш қыз тарадық. Өсіп-өніп отырмыз. Әке­­міз де, анамыз да бүгінде о дүниелік. Шоқан анамыз 1969 жылы қайтыс болған. Өз анамыз Арзан да енесі Шоқан анамызды аялап өтті. Әр қазақ отбасында алтыннан ескерткіш қояр­лық аналар бар екеніне сенімдімін.

Ләззат

ЙАМҰХАММЕДҚЫЗЫ,

Қазақ қыздар

педагогикалық

университетінің доценті.

 

Неге қаштың, қалқам?

Ата-анасына айтпай өзге босағаны аттап жататын қыздарға құлаққағыс

Ауылдан келген жиенім қолыма бір жапырақ қағаз ұстатты. Апайымның жазған хаты екен. Асығыс жазған хаттан ұққаным –сені бір жігіт алып қашып кетіп, ағайындары үйге кешірім сұрап келіпті. «Балалардың уәделері бар екен. Қыздарыңыз біздің үйге келін болып түсті». Кешелі бері өзіңді жоғалтып, дел-сал болып отырған ағайын дүрліге көтерілгенде, олар сенің қолыңмен жа­зыл­ған хатты кесе-көлденең тартады: « Мама, папа, кешіріңіздер. Мен өз еркіммен келдім». Бір жапырақ қағаз ашулы ата-анаңның аузын буып, босағамызды бүгін аттап отырған бөтен жандардың алдында бейшара күй кештірді. Қыз қашып кеткен үйде осылай        боларын сен ойламаған шығарсың, қалқам…

«Қашып кетті» деген сөз қандай ауыр еді…

Неге қаштың?

Аппақ арманына баратын жолға адам ұрланып, қашып шы­ғатын заман ба қазір? Қашып кету деген – теңсіздіктен, қорлық­тан бас сауғалағандардың амалы құрығаннан баратын жолы ғой. Ал сен қашып кететіндей ата-анаңның үйінде, оң боса­ғаңда қандай қиындық көріп едің, қалқам?

Сен бір үйдің отының алды, суының тұнығы едің Айжаным. Бұл күнде марқұм болып кеткен әжеңнен бастап бүкіл әулет, одан қалды нағашы жұртың сені еркелетіп, бетіңе жел боп тимей өсірді. Әр қадамыңа қуанып әр ісіңе сүйсініп, келешегіңе үлкен үміт артып отыр едік. Мынау ісіңмен ата-анаңның көкте шарық­таған көңілін жерге бір-ақ ұрдың ғой.

Иә, артыңнан ерген екі ұлдың жөні бір бөлек, өзіңнің жөнің бір бөлек екенін біліп өскен бала едің. Бойжеткеніңді біліп, «Қызымды сән-салтанатымен ұзатар кез де алыс емес» деп, анаң былтырдан бері жасау жинай бастаған. Ата-анаңның алдынан өтіп, батасын сұрасаң жолыңды кім кес-кестер еді? Ағайын-ту­ғанның басын қосып, ақ тілектерін айтып, құтты орныңа үлпіл­детіп апарып қондырмас па едік? Алды-артыңа қаратпай, түн жамылып қаша жөнелетіндей не күй түскен екен бастарыңа?

«Қашып кетті» деген сөз қандай ауыр еді… Бірақ қанша ауыр болса да, ата-ана баласы үшін не нәрсеге төзбейді? Біз де төздік.

Тек барған жерің бағыңды ашсын, қалқам!

Камал ӘЛПЕЙІСҚЫЗЫ.

 

Ең жас батыр ана

Бұ қазақта балағынан бала саулаған аналар аз болмаған. Алаштың айбарына айналған, қазақтың қаймағына баланған, ұлттың ұятты ұлдары мен қылықты қыздарын дүниеге әкелген алтын құрсақты аналар талай қиын-қыстау күнде де ұрпақ жалғастыруды тоқтатпағанына тарих куә. Нәубет қырғында, сұрапыл соғыста, аштық алқымнан алғанда да қарға тамырлы қазақтың кіндігінен бала өрбіп жатқан. Заман тыныш, бейбіт өмірде бір баламен шектеліп жатқан адамдарды көргенде ата-бабаларымыздың ұлтты сақтаудағы жанкештілігі еріксіз осылай еске түсе береді екен.

«Бір баласы бардың шығар-шықпас жаны бар». Біз айтқан сөз емес. Бабалардан қалған аталы әф­сана. Бүгінде қанша қазақтың «шы­ғар-шықпас жаны бар» екенін біл­мейміз. Бірақ аз еместігін іші­міз сезе­ді. Дағдарысты сылтау етіп, қым­батшылықты тілге тиек қылып, баспана мәселесін алға тартып талай отбасы бала санына саналы түрде шектеу қойып отыр. «Алдымен осы көзге көрінгенді жетіл­діріп алайықшы». Көп ау­зын­дағы ақталу сөздің бірі осы.

Дегенмен, бұлай қайғының қа­мытын киіп алуға да болмайды. Бір­ді екіге жалғай алмай жатса да, баспаналы болу бақыты бұйыр­май тұрса да, тұрмыстық жағдайы тым төмен болса да өмірге бала­ның бірінен кейін бірін  әкеліп жатқан отбасылар бар. Сондай отбасының бірі Қызылорда қала­сында тұрады. Өмірге жеті бірдей жеткіншекті әкелген ана туралы айта бастасақ, сіздің көз алды­ңызға кексе келін­шектің елестеуі мүмкін. Бірақ, қателесесіз. Ол – бар-жоғы 26 жасқа жаңа толған, қылықты қыз күні кеше ғана өт­кен Нәзира Сарбалиева. Мына заманда жап-жас болып жеті бала тапқан ананы кездестіру оңай емес. Біз батыр ананы қала әкімі Мархабат Жа­йым­­­бетовтің қабыл­дауында кездес­тірдік. Шаһар басшысы қаладағы батыр аналардың басын қосып, «Алтын алқа» мен «Күміс алқаны» табыстауға арнайы жинаған екен. Сол ана­лардың ортасында Нәзира да болды. Ол – Қы­зылорда об­лысындағы ғана емес, бүкіл республика шеңберіндегі ең жас ана. Нәзира сол жолы қала әкімінің қолынан «Күміс алқа» алып шықты. Заң бойынша ол «Алтын алқа» иегері болуға тиіс-тін. Сөйт­сек, осыдан бес ай бұрын өмір­ге келген Нұрмұхаммед бір жасқа толғанда «Алтын алқаны» тағы алады екен.

Нәзираның жұбайы Самат Аязбай деген азамат. Ағыл-тегіл ақша­сы жоқ. Күнкөрісін жеке кө­лігімен адам тасып тауып жүрген жігіт. Сөйте тұра Құдайдың берген қара­құлақтарын қабыл алып, шиеттей бала-шағасын шамасы кел­генше асырап, тарықтырмай жүрген адам. Жеке баспаналары да жоқ. Қо­лын­да анасы бар. Пәтер жалдап тұра­ды. 7 баланы жаутаң­датпай асы­раудың өзі оңай емес екенін біле­сіз. Самат пен Нәзира соның бәрін қыңқ етпей көтеріп, алдарына ас­қақ арман қойған жас отбасы. Енді осыған риза болмай көріңіз.

Жас отбасының алғаш көрген қызығы – Нұрбибі. Бүгінде ес жиып, артындағы іні-сіңлілеріне қа­райтын­дай дәрежеге жеткен. 6-сыныпта оқып жүр. Одан кейін өмірге келген Аруна 5-сыныптың оқушысы. Екі қыздан кейін Жа­ратқан жас отбасыға егіз сыйлады. Сол егіздер қазір 4-сыныпты аяқтады. Аттары да әсем – Нұр­сұлтан және Нұрсара. Егіздерден соң жарық дүние көрген Нұр­дәулет 5 жаста. Алтыншы бала­ның аты – Нұрислам. Ол екі жасқа келді қа­зір. Әзірге кенжелері – Нұр­мұхам­медтің 5 айлық екенін жоғарыда айттық. Солайша, бір отбасында өрімдей үш қыз бен тұлымды төрт ұл өсіп жатыр.

Жас отбасы Қызылорда қала­сында жаңа ғасырдың басынан бері тұрады. Нәзира осындағы «Өрке­ниет» педагогикалық кол­лед­жіне түскен. Мамандығы – бастауыш сынып мұғалімі. Бірақ бірінен соң бірі жарық дүниеге келіп жатқан балаларының жағ­дайымен оқуын толық тәмамдай алмай жүр. Дегенмен, жеті баланы өмірге әкелген жап-жас анадан жап-жақсы маман шығатынын ішіміз сезеді.

– Құдайға шүкір, Самат ұлым­нан жеті немере сүйгеніме өзімді бақытты санаймын. Ұлым мен келінім бір-біріне адал, мейі­рімді. Күнкөрісіміз де жаман емес. Бі­реуден ілгері, біреуден кейін дегендей, тұрмыс кешіп жатқан жай­ымыз бар. Басты арманым, ұлым мен келінім балапан­дары­ның қы­зы­ғына бөленіп, тұрмыста таршы­лық көрмесін.

Жас отбасының көп жылдан бері көксеген арманы да жоқ емес. Ол – баспана. Өздерінің күшімен баспана алуға не салуға шамалары жетпейді. Сондықтан мемлекет тарапынан бір қамқор­лықтың болға­нын қалайды.

– Қазіргі баспанамыз – Самат­тың нағашыларының үйі. Бала­лары­мыз­­дың алды алтыншы сыныпта оқи­тындықтан, басыбайлы өз пәтеріміз болса деп армандаймыз. Қала әкімінің қабылдауында бол­ғанымда, кiшi баламыз 1 жасқа толғанда «Алтын алқа» тағатынын жеткізді. Ендігі кезекте мемлекет тарапынан бір үй берілсе қуаны­­шымыз шексіз болар еді ,– дейді батыр ана.

Жеті сәбиді өмірге әкеліп, жи­ырманың бел ортасында батыр ана атанған Нәзираның жағдайы елге тез тарап кетті. Көптеген бас­пасөз құралдары жас отбасының баспана мәселесіне алаңдап, сол тұрғыда қалам тербеп жатты. Осы орайда біз Қызылорда қаласының әкімі Мархабат Жайымбетовтен жас от­ба­сының баспана мәселесін қалай оңтайлы шешуге болатынын сұраған едік.

– Өзіңіз білесіз, өткенде Нәзира Сарбалиеваға «Күміс алқа» тақтық. Енді «Алтын алқа» алатыны да күмәнсіз. Еліміздегі ең жас батыр ана біздің аймақта, оның ішінде Қызылорда қаласында тұратынына шын қуаныштымыз. Жас болса да өмірге жеті бала әкелген батыр ананың баспана жағдайынан облыс әкімі толықтай хабардар. Алдағы уақытта аймақ басшысының қол­дауымен Нәзира Сарбалиеваның баспана жағдайын шешеміз деп отырмыз.

Ержан БАЙТІЛЕС,

«Егемен Қазақстан».

ҚЫЗЫЛОРДА.

 

Кәдеге асар кеңестер

Лимонды 5-6 минут ыстық суға салып қойса, шырыны жақсы бөлінеді.

Лимон қабығын тастамаңыз. Ыдыс жуғанда суға салсаңыз, әсіресе шыны ыдыстар жарқырап шыға келеді.

Сүттің түбі күйіп кетсе, оны дереу басқа ыдысқа құйып, бетін төрт қабатталған сулы шүберекпен жауып, тағы да бір қайнатып алсаңыз күйік дәмі қалмайды.

Егер шыныдан жасалған бұйымды қапелімде сындырып алсаңыз, оның сынығын қолмен жинамаңыз. Ол үшін мақтаны сулап жинаңыз, майда сынықтардың бәрі соған жабысады.

Пиязды, сарымсақты аршыған соң қолды ылғалды тұзбен немесе помидормен сүртіп барып жусаңыз, иіс қалмайды.

Тұз құрғақ әрі сусып тұрсын десеңіз, тұз салғышқа 2-3 түйір күріш салсаңыз, күріш дымқылды сорып алады.

Картопты және басқа да көкөністерді аршып тазартқанда саусақта дақ қалады. Ал қолыңызды бір қасық сірке суы қосылған ыстық суға бес минуттай уақыт батырып отырсаңыз, қолыңыз дақтан да тазарады әрі теріні де жақсартады. Болмаса тіс пастасымен саусағыңызды сүртсеңіз де дақ оңай кетеді.

Қамыр илегенде қолыңызға өсімдік майын жағып алсаңыз, қамыр жабыспайды.

 

Сұрақ сізден, жауап бізден

Қыс кезінде суық тиіп ауырмайтын адам аз шығар. Сол кезде уыс-уыс дәріішетініміз де өтірік емес. Ал қайсы­біреулер сол дәрілерді мүлдемқолданбаймыз дейді. Өзде­рінің айтуынша, олар дәрілік шөптердіпайдаланады екен. Ең қызығы, олар бұл шөптерді дәріханалардан дасатып алмайтын көрінеді. Оларды жаз кезінде өзіміз жинап, кептіріпаламыз дейді. Мұндай тәсіл қауіпті емес пе, соны білгіміз келеді.

Қорабаевтар отбасы.

Астана.

Дәрілік шөптерді қай кезде қалай жинауды білмейтіндер бұл іспен әрине, әуестенбегені жөн. Өйткені, дәрілік шөптердің шипасы болуы дәл осығанқатыс­ты. Түйіп айтқанда, дәрілік шөп­терді қай кезде, қалай жинауды білуменқатар, оның нендей сыр­қатқа пайдалану қажеттігін бі­лу шарт. Бұл сөзіміздіңбір дә­ле­лі ретінде біз бүгін емдік қа­сиеті де, түрі де жұртқа кеңі­нен таныс әріеліміздің бар айма­ғында дерлік кездесетін бірер дәрілік шөпті жинау жайынайта кетпекпіз.

Шайқурай. Бұл шөпті енді бүр­­шіктеп гүлдей бастағанда жи­­­­­найды. Сабағыныңжоғары жа­­ғын қырқып алған шөпті ша­тырдың астында не жақсыжел­­де­нетін үйде ауық-ауық аударыстырып тұрып кептіреді. Егер оны дұрыскептірмесе, онда шөп қызып, қарайып кетеді.

Бұл шөп емге тұнба ретінде қолданылады. Яғни 20 грам шөп­ті бір кесе ыстықсуға салып булайды да, әбден суыған соң сүзіп, бір ас қасықтан күнінен үшмез­гіл ішеді. Тұнбасы ас­қа­зан-ішек, бауыр ауруларына және іріңде­ген жараныжууға пайдаланады. Әри­­­не, бұдан басқа да жағдайда қолдануға болады. Алайдаоны дә­­­рігердің айтқаны дұрыс бол­мақ.

Жолжелкен. Бұл шөпті жол жиектерінен, бақшалардан, ша­бын­дықтардан жиікездестіруге болады. Оны гүлдегеннен бас­тап», қурағанша жинауға болады.Яғ­ни, түбінде тұқым қал­дырып жа­пырақты зақымдамай қыр­қып алады. Бұлшөпті ха­лықтың медицинада сөлін алып та, тұн­ба жасап та жиі пайдаланған.

 

Сүйіктімнің сүйген асы

Қарыннан жасалған орама

Әдетте жас келіншектер қарынды тазалаудан ерінеді. Көбіне қоқысқа тастайсалады. Оның бәрі қарыннан өте дәмді ас даярлауға болатынын білмегендіктенғой. Ендеше, біз бүгін қарыннан жасалатын тағамдардың бірі жайлы әңгімелепберейік.

Қарынның бүрін қырып, тазалап жуып, үстелдің үстіне жан-жағынан тартыпжаяды да төрт бұрышты формаға келтіріп, құрышын кесіп алады. Құрышымен қарынның қалыңдау кесінділерін қазанға салып, тұзы татымды суда әбденжұмсарғанша пісіреді. Піскен соң сорғытып алып кеспеше жіңішкелеп турайды.Бұған пісірілген тіл, ет пен сәбізді де кес­пе тәрізді турап, ал пиязды майға сәлғана қуырып алып қосады. Осылардың үстіне шикі жұмыртқа қосып, оны жақсылап араластырады.

Енді қарынды тақтайдың үстіне жайып (бүрін сыртына қаратып), үстіне жұқалап тілінген құйрық май тілімдерін, оның үстіне манағы дайындалған қосындыны жаймалап салады. Одан кейін қарыннан орама жасап, оның сыртынан дәкемен орап, жіппен айналдыра байлап тастайды. Одан кейін қазанға су құйып, шамалы тұз салып ораманы баяу отта 4-5 сағат қайнатады. Дайын ораманы сүзіп алып, әбден салқындаған соң жіп пен дәкені еппен шешеді. Қарынды дөңгелектеп турап (4 мм қалыңдықта) жайпақ тәрелкеге салады. Ораманың жан- жағын зәйтүн жемісімен, көкжелкен жапырақтарымен, қияр тілімдерімен сәндейді. Дастарқанға салқын күйінде беріледі. Бұл тағамды әзірлеу үшін шамамен 2 000 грамм қарынға 150 грамм тіл, 200 грамм піскен ет, 4-5 пияз, 1 ас қасық маргарин, 1 ас қасық ұн, 2 жұмыртқа, 120 грамм құйрық май, 2 түйір қара бұрыш, 2 түйір хош иісті бұрыш, 50 грамм сәбіз, 2-3 тал көкжелкен (петрушка) жапырағы, 1 қияр, зәйтүн жемісі қажет екенін де есте ұстағаныңыз жөн.