Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты мен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында институтта академик Әбдуали Туғанбайұлы Қайдардың ғылыми ғұмырбаянына арналған «Өнегелі өмір» сериясының кезекті басылымы мен «Тіл-ғұмыр» кітаптарының тұсаукесерін және академик Әбдуали Қайдар атындағы этнолингвистикалық кабинетінің ашылу рәсімін өткізді.
Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА корреспондент-мүшесі Ерден Қажыбек кіріспе сөзінде академик Қайдардың тіл білімін дамытуға сіңірген орасан еңбегін атап өтті. Бұдан кейін сөз алған академик Өмірзақ Айтбайұлы ғалымның бірнеше ғылыми ерліктерін баяндап берді. Тіл білімінде жаңа салалардың негізін салғандығын, шәкірттерге жасаған қамқорлықтарын айтты. Академик Әбдуали Қайдар ғылыми қызметінде 14 ғылым докторын, 75 ғылым кандидатын тәрбиелеп шығарған екен. Академик Әбдуали Қайдар Қазақстанның латын әліпбиіне көшу мәселесін ең алғаш болып көтерген ғалым.
«Жер жүзі өркениетті елдердің барлығы өздерінің жазу мәдениетін компьютер техникасы арқылы дамытып отырған бүгінгі таңда мұндай болашағы зор мүмкіншілікті біздің де толық пайдалануымыз керек. Ал бұл техниканың тетігі латын жазуында екені айдай анық. Сондықтан да латынды қабылдау деген сөз – болашақпен санасу» деп жазды академик өзінің мақалаларының бірінде. Сол тұста көрнекті тілші ғалым, академик Рабиға Сыздықова: «Академик Ә.Қайдаровтың ана тіліне істеген қызметінің екінші түрі – 1990-жылдардан бастап қауырт жанданған тіл саясатына қатысты қоғамдық іс-әрекеттері. Бұған ғалымның азаматтық ар-ұжданы мен ұлттық намысы апарды. Ә.Қайдаров принциптілік пен табандылық көрсетті» деп жазды.
Тұсаукесер рәсімінде ғалымның профессор А.Жұбанов, профессор Ж.Мәнкеева, профессор Р.Шойбеков сияқты әріптестері, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры Ф.Оразбаева, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Г.Смағұлова сияқты шәкірттері академик туралы ізгі ниеттерін арнады.
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ