Тәуелсіздік мерекесінен кейін «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Қоғамдық кеңесінің мүшелері кезекті рет тоғысып, биылғы «жаңа өнімдер» мен алдағы жылға межеленген жоспарларды талқылады. Сондай-ақ қазір Парламент Мәжілісінде елдің көп пәтерлі тұрғын үйлер қорына күрделі жөндеу жүргізуді қаржыландыру мәселесі көтерілгені аян. Осыған орай Қоғамдық кеңес мүшелері банктің басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимовамен бірге бұл бағыттағы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің рөлін талқылады.
Биыл алғашқы лекте екі мыңға жуық әскери қызметші жеңілдетілген заем алды
Әскерилердің баспаналы болу мәселесін шешуге, яғни жаңа әлеуметтік бағытта өнімдер әзірлеп, оны жүзеге асыру ісіне ТҚЖБ қоғам белсенділерін қоса жұмылдырып отыр. Ал Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жанындағы Қоғамдық кеңестің құрамында осы тақырыпқа қалам тартқан танымал журналистер, қоғам қайраткерлері мен банк салымшылары кіреді. Сондай-ақ осы жолы Қоғамдық кеңес мүшелерінің қатары толыққанын атап өткен жөн.
Сонымен кезекті отырыста Қоғамдық кеңестің төрағасы, белгілі журналист Сергей Пономарев «әскери өнімге» қатысты Алматы, Астана, Тараз және Семей қалаларындағы әскери бөлімдерге барып, жаңа тұрғын үй бағдарламасының несиелендіру шарттарын түсіндіріп, әскери қызметшілердің пікірлерін біліп қайтқанын атады.
– Әскери бөлімдердегі сапарлар нәтижесінде банк клиенті атанған Отан қорғаушыларымыздың пікір-ұсыныстары жиналды. Қолға түскен ақпараттың бәрін банк басшылығына тапсырдым және алдағы жылы әскери қызметшілердің бұл ұсыныстары ескеріледі деп үміттенемін. Қазір оларға 1 845 жеңілдетілген заем берілген және 300-дей несие өтініші қаралып отыр. Банктің қолдауына Қоғамдық кеңестің бақылауы қосылып, әскери мамандар пәтер жалдаушыдан баспана иесі мәртебесіне өтуде. Бұл игі іс жалғасын таба береді деп сенемін, – деді Сергей Пономарев.
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимованың түсіндіруінше, биыл пулға іліге алмаған әскери қызметшілер Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі шоттарына ақша жинауды әрі қарай жалғастыра алады. Бұл үшін банк барынша жайлы және қауіпсіз жағдай жасап отыр. Ең бастысы, әскери қызметшілердің шоттарына ерекше мәртебе және қол сұғылмаушылық кепілі берілген. Олардың жинаған қаражаты бюджет есебіне алынбайды. Оларға тыйым салуға болмайды және уақтылы төленбеген қандай да бір өзге несие бойынша екінші деңгейлі банктер төлем талаптарын қоя алмайды. Сондай-ақ бұл депозиттердегі тиімді жылдық сыйақы мөлшерлемесі 13,3%-ға дейін баратынын айта кету керек.
Қазақстанда шамамен 70 мыңдай әскери қызметші тұрғын үй төлемдерін алады. Демек бұл – тұрғын үйге мұқтаж әскерилердің саны. Сондықтан ТҚЖБ осы азаматтардың баспана мәселесін алдағы 5-6 жылдың ішінде шешуге ниетті.
Көп пәтерлі үйлердің көпшілігіне күрделі жөндеу керек
Елімізде бүгінгі таңда 146 763 мың шаршы метр көп пәтерлі тұрғын үй қоры болса, бұлардың салынғанына алды 60 жыл және олардың 1,8 пайызы апатты жағдайда, сондай-ақ 25 пайызы күрделі жөндеуді күтіп тұрғанын ескерсек, бұл мәселе көкейкесті екендігін көрсетеді. Ал бұл іске 589 миллиард теңге қаражат керек. Сондықтан Парламент тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы нарығының құрылымын түпкілікті өзгертудің кезі келгенін түсініп отыр. Өйткені 10-15 жылдан кейін қалған үйлерге де күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет болады. Уақыт өте келе ол мемлекет үшін толайым мәселеге айналмақ.
Осы орайда Мүлік иелері бірлестігін (ОСИ) құру ұсынылып отырғаны белгілі. Бірақ оны қай банк мойнына алады? Бұл салада аса күрделі қаржылық операцияларды жолға қою мен пәтер иелері болып табылатын салымшылардың қаражатын шоғырландырып, тек тиісті мақсатқа жұмсап, қолды болып кетпеуіне қандай қаржылық жүйе кепілдік бере алады?
Осынау аса маңызды жауапкершілікті «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ мойнына алуға дайын. Сол себепті қаржылық ұйым арнайы бастама да көтеріп отыр. Банктің бұл мәселені шешу үшін қандай жолдар ұсынатыны туралы басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова Қоғамдық кеңес мүшелеріне тарқатып, айтып берді.
– Бір жағы бұл тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы нарығын біріктіру үшін ғана емес, оны тәртіпке келтіріп, ашықтығын қамтамасыз етуде де аса қажет. Өйткені әрбір отандасымыз жақсы, жөндеу көрген үйде тұрып, күйлі болуға мүдделі. Сондықтан да көп пәтерлі үйлердің күрделі жөндеуіне жұмсалатын қаражатты бір жерге жинақтап, сол мақсатқа жұмсау жайындағы аманатты ТҚЖБ мойнына алып отыр, – деді банк жетекшісі.
Өйткені алдағы 10-15-20 жылда қалған 65 пайыз тұрғын үйлерге де күрделі жөндеу қажет болмақ. Банктің есептеуінше жыл сайын бұл бағытта 75 миллиард теңге қаражат жинақтауға болады. Үш жылда оны 250 миллиардқа жеткізіп, үлкен қор жасақтауға әбден мүмкіндік бар. Мұндай күрделі жөндеу жұмыстарын қамтамасыз етудің тиімді тетіктерін Батыс Еуропа, яғни Германия, Венгрия елдері қолданып келеді.
Қысқасы, есіктен еніп келе жатқан 2019 жылдың басында Мәжіліс пен Сенат бұл бағдарламаны заңнамалық тұрғыда қарастырады.
Салымшылар сенімі
Қалай десек те төрт бірдей девальвация халықтың жинақтаушы жүйеге деген сеніміне селкеу түсіргені аян. Алайда Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары бүгінде 1,2 миллионға жеткенін ескерсек, банк салымшылар сенімінен шығу үшін аз жұмыс атқарып отырған жоқ. Бұл – жаңа қоныс тойлар, бірінші баспаналы болу бақыты мен пайызы төмен жеңілдетілген несиелер.
Сондықтан жаңа жобалар мен акциялардан бөлек, Қоғамдық кеңес мүшелері банкпен бірігіп тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің ең басты мақсатын, яғни табыс көлеміне қарамастан, барлық азаматтарға қаражат жинап, кейін үй сатып алуға немесе салуға тиімді несие ресімдеу мүмкіндігін беруді насихаттауды жалғастырып келеді.
– Халықтың қаржылық сауаттылығының өсуі Қоғамдық кеңеспен бірлесіп жүргізілген жұмыстардың нәтижелі болғанын білдіреді. Бұған тұтынуды емес, қаражат үнемдеп, ақша жинауды құп көрген Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшылары санының өскені дәлел. 2018 жылдың 11 айы ішінде банкте 347 574 жаңа депозит ашылды. Жалпы алғанда, біздің банкте қазір 1,2 миллионнан астам адам баспаналы боламын деп қаражат жинап жатыр. Олардың шоттарындағы жалпы жинақ сомасы 583,3 млрд теңгені құрайды, – деді Ләззат Ибрагимова.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ