Халқымызда белгілі бір мінез бен қылыққа, әрекетке қарата айтылатын: «Атының озғаны-ай!» деген сөз бар. Бұдан аты озған жанның өзгелерден мерейі үстем, еңсесі биік, көңілі шат болатындығын аңғарамыз. Соңғы кездері алыс-жақын елдерде өткен аламан бәйгелерде алдына қара салмай суырыла озып, шетелдік ипполог-ғалымдардың назарын өзіне аударған адай жылқысының аты жақсы жағынан естілуде. Бұл – экономикалық-әлеуметтік дамуы тұрғысынан өзімен деңгейлес мемлекеттерден мойын оздырып, алдыңғы қатарлы елдерге дүбірлеген тұяғының дыбысын естірте алға ұмтылған тәуелсіз еліміздің аты мен атағының озғандығының дәлелі.
Халқымызда белгілі бір мінез бен қылыққа, әрекетке қарата айтылатын: «Атының озғаны-ай!» деген сөз бар. Бұдан аты озған жанның өзгелерден мерейі үстем, еңсесі биік, көңілі шат болатындығын аңғарамыз. Соңғы кездері алыс-жақын елдерде өткен аламан бәйгелерде алдына қара салмай суырыла озып, шетелдік ипполог-ғалымдардың назарын өзіне аударған адай жылқысының аты жақсы жағынан естілуде. Бұл – экономикалық-әлеуметтік дамуы тұрғысынан өзімен деңгейлес мемлекеттерден мойын оздырып, алдыңғы қатарлы елдерге дүбірлеген тұяғының дыбысын естірте алға ұмтылған тәуелсіз еліміздің аты мен атағының озғандығының дәлелі.
Адай жылқысы – беріде пайда болған немесе селекционер мамандардың әртүрлі қылқұйрықтарды өзара будандастыру арқылы ет пен сүт бағытында «қолдан жасаған» жылқы тұқымы емес, тағдыры мен тұрмыс-тіршілігі жылқы түлігімен тамырлас қазақ халқының ұлан-ғайыр даласында сақталған қылқұйрықтың бір түрі, халқымыздың бағзы тарихынан қалған табиғи таза тек. Пошымы жағынан биік бойлы, сұлу, мойыны ұзындау, шоқтығы биік, арқасы мен сауыры ұзын әрі салыңқы, етсіз аяғы жуан, құйма тұяқты болып келетін бұл жылқының суық пен ыстыққа төзімділігінің, алыс жүріске шыдамды, қуса жетіп, шапса озатын жүйріктігінің негізі осы табиғатпен үндестігінде, яғни табиғаттың өз төлі болуында жатса керек.
Жаңалыққа да, жан-жануарға да жаны құмар орыс ғалымдары Қазақстанның батыс бөлігіндегі адай жылқысына айрықша көңіл бөлді, қызыға зерттеді. Жалпы, бұл жылқы туралы сөз қозғағанда, Я.Я.Полферовтің, Г.В.Сизоновтың, Ю.Н.Барминцевтің дәйектеріне жүгінбей кете алмаймыз. Алғашқысы 1899 жылы Ресейдің «Конезаводство» журналында «Лучшие породы киргизской лощади – адай» атты мақала жариялап, қазақ жылқысының атын әлемге танытуға алғашқы қадам жасаса, соңғысы: «Адай жылқылары қазақ жылқыларының басқа тектерімен салыстырғанда ең ірі тұқымдарының бірі болып табылады», деп бағалайды. Қазақстандық ғалымдар – А.Иманғалиев «Адай жылқысы» кітабын жарыққа шығарса, М.Нұрышевтің монографиясы академик И.Н.Нечаевтің ықыласына ие болған. Ауыл шаруашылығы саласының білгірі, Маңғыстау облысында біраз жыл осы салада басшылық қызметте болған кезде адай жылқысын танытуға, зерттеуге күш салған азамат Сәбит Әбішев өзінің аталмыш жылқыға ынтызарлығының қалай пайда болғандығын былай деп әңгімелеген. Автор: «Ұйқылы-ояу көзбен ер басынан ұстап отырып жылқы жинауға кетемін, өріске жеткесін 4-5 сағат желдіртіп жүріп бірнеше үйірді түгендеп, бас-аяғын жинақтап, суару үшін құдыққа бағыттаймын. Суға түс мезгілінде жетіп, шығырға отырамыз. Сол кезде байқағаным – алакөбеңде мінген атым әрі-бері ойқастап, жылқы жиып, ауылға айдап әкелгенімде міні құрымайтын. Оның үстіне Ізтұрған, Әбдірахман деген ферма бастықтары бәлен деген жерден шықтық деп түскі шайға Шетпедегі біздің үйге келетін. Есейген соң олардың атқа қонған жерлері Шетпеден 250-300 шақырым екендігін білдім», деп еске алады.
Студент кезінде жылқы туралы көп ізденген Сәбеңнің айтуынша, орыс ғалымдарының қазақтың бұл жылқысына аңсары аууы әріден басталған. Патша үкіметінің 1877 жылғы Ахал жазығына шабуылы жайлы жазылған офицер М.Арнольди жазбалары біраз жайды аңғартады. Әскерлер Ахалға аттанбас бұрын Маңғыстаудағы Форт-Александровскіге, қазіргі Форт-Шевченко қаласына шоғырланады да, жергілікті 150 шамалы жігітті айлық тағайындап, аттарымен әскер қатарына алады, оларды милиция деп атайды. Маңғыстаулық өлкетанушы Ә.Спан деректеріне сүйенсек, жылқы туралы таным-түсінігі, таңдауы бар атты әскер командирі М.В.Арнольди адай жылқыларының төзімділігіне таңданыс білдіреді. Олардың сусыз 100 шақырым жерді ала беретінін, тек жусанға жайылғанның өзінде арықтамайтынын, ауырмайтындығын, ер-тұрманының нашарлығына қарамастан арқаларының жауыр болмайтынын, тұяқтары мықты болғандықтан тағалаудың, құйрық-жалын күзеудің қажеті жоқтығын, 3-4 сағат шауып келіп құдықтан су іше беретінін, ал иелерінің оларды судан соң өкпелері қабынбасын деп аз-маз желдіртіп алатындығын айтқан Арнольди бұл жылқылардың орыс-казак полкында күтім көргесін тіпті күшейіп кеткендігін жазады. Офицер жүздігінің көп аттарын қазақ жылқысымен алмастырады және «бұл ісінің өте дұрыс болғандығын тәжірибе көрсетті» деп жазады М.Арнольди. Қазақтар айырбаспен алған кабардалық жылқыларды сойып алады. Жорық сәтсіз аяқталып, ауру-сырқау солдаттары мен арық-тұрақ күш-көліктерін ілбітіп патша әскері Фортқа оралады. Осы сапарда 2 мыңға жақын шақырым жолды шаршамай жүрген адай жылқылары күйлі қалпын үзбей келеді. Сол себепті М.В.Арнольди Ахал жазығына жасаған екінші жорығында әскердегі аттың бәрін адай жылқысына алмастырады.
Осы жерде айтпағымыз – сол кездегі кабардин жылқыларының қазақтың адай жылқылары қасында жіп есе алмай қалуы қалай, ал бүгінде олардың тұяқтыға жүлде бермеген желден жүйрік ретінде айдай әлемге мәшһүр болуы қалай? Не себеп? Осы жерде тағы бір ой келеді. Кеңес өкіметі орнасымен елдегі қорғаныс күші де, техника күші де жылқы болды. Сондықтан оны асылдандыру, жинақтау, қай жылқыға мән беру керек, ол бағытта қандай жұмыстар атқарылуы тиіс екендігі нақтыланып, ауқымды жұмыс жүргізіле бастаған. Қазақстанда ашылған бөлімде Маширов бастаған ғалымдар осы елдегі жылқыларды іріктеп, қазақ жылқыларын батыстағы тұрқы ұзындау, мініске төзімді, оралымды, ширақ, берік, азық-түлікті көп қажет етпейтін адай жылқылары, Орталық Қазақстандағы тұрқы келте, етті, сүйекті жабы тұқымды жылқылар және тауға жүре алатын, мініске жақсы, жеңіл найман жылқысы деп үшке бөледі де, стратегиялық бағытта өсіру үшін адай жылқысына тоқталады. 1941 жылы аймақтық мемлекеттік Гурьев асыл тұқымды адай жылқысын өсіретін мекеме – «Госплемрассадник» ашылып, Мәскеуге тікелей бағындырылады. Соғыс басталысымен баяғы Ахал жорығынан бері қарай адай жылқылары көкейлерінде қалған мәскеулік әскерилер Маңғыстаудан жылқы ала бастайды. Қапелімде кеп жылқы ұстап беруді талап еткенде іріктеудің ыңғайы келмей қалады да, алғашқы лекте сүт бетінің қаймағы дерліктей өңкей таңдаулы жылқылардан, алтын құрсақ биелерден құралған 480 бас кете береді. Жоғарыда айтылған аймақтық мекеме 1956 жылы жабылғанда ең соңғы басшысы болған Балыбай Кірбасов осы оқиғаны «сүліктей болған, аяғының желі бар әдемі тор биемді бергім келмей анда-мында қуалап жасырып едім, болмады, алып тынды» дейді екен кейін өкінішпен. Осы 480 жылқы түгелдей Кабардиннің орталығы Нальчикке апарылып, жуасытылады. Кейіннен тағы жылқы алынып, майданға Маңғыстаудан барлығы 3000 жылқы кетеді. Бұлар да Нальчикке барады. Сәбит Әбішовтің айтуынша, 1942 жылы соғысқа алынып, Нальчикте аспаз болып жүрген маңғыстаулық Мөңке Монтыбайұлы: «Маңғыстаудан жылқы келіпті» дегенді естіп, стадиондағы аттарға бас білдіріп жүрген топқа барады. Кең алаңда 10-15 жігіт жылқыларды ноқталап алып қуалап жүр дейді. Бұйрық беріп тұрған асханадан келіп тамақ ішіп, жақсы қарым-қатынаста болып жүрген мұсылман жігіті болғандықтан, бұл қасына барып: «Бізде жүгендеп, мініп жуасытады», дейді. Сонда әлгі «сен жуасытып бер» деп жабыса кетсе керек, Мөңке кешке дейін төрт тұлпарға бас білдіріп, жүгендеп, тартпасын тартып, бекітіп-тұсап, «міне, осылай» деп алдарына көлденең тартады. Ол Мөңкені осыдан кейін қасына көмекші етіп алады, кейіннен Маңғыстаудан тағы жылқы келеді, сөйтіп Мөңке соғыста жылқы жуасытумен айналысады. Бүгінгі кабардин жылқыларының жүйріктігі туралы осындай бір гәп бар… Соғыстан соң жылқылар елге оралған жоқ, кабарда елінде қалды. Ауызымен құс тістеген кабардалық жүйріктер қазақтың адай жылқысының тұқымы болмасына кім кепіл?
Соғыс аяқталып, Алматыда өткен республикалық Жеңіс шеруінде маңғыстаулық Тасқара Сағындықов қосқан шабдар ат 1-орынға ие болады да, оны республика Министрлер Кеңесінің төрағасы Н.Оңдасынов ипподромға сый ретінде алып қалады. Соғыстан соңғы жылдары адай жылқысының салмағын арттырып, еттік бағытта дамыту үшін Доннан, Қостанайдан зауыттық жылқылар, 70-80 бас айғыр әкелінеді. Алайда, Маңғыстаудың қытымыр табиғатына төзбеген олар 1971-1972 жылдардағы қыстан шықпай қалады. Табиғаттың бұл сұрыптауынан осы жердің ыстық-суығына әбден бейімделген жергілікті адай жылқылары ғана шығады, бұл жағдай сырттан жылқы әкелуді тоқтатуға мәжбүр етеді және адай жылқылары таза тек ретінде өсіріле бастайды.
Енді бір сөз адай жылқысы тұқымының Орынбор, Қазақстанның Торғай өңіріне және батыс бөлігіне кең тарауына қатысты болмақ. Кезінде адай жылқыларын әскери бағытқа бейімдеп өсіру үшін Торғайдан 3 зауыт ашып, оған Маңғыстаудан біраз жылқы кетеді. Сондай-ақ төрт түлік малы Маңғыстау даласына сыймаған ірі байлар арнасынан төгілген астай ырғала-жырғала өзге аймақтарға жайыла қоныс тебеді. Мысалы, Қалнияз Жұбан деген бай 10-15 мың адай тұқымды жылқымен қыста Жем бойын жайлап, одан әрі Торғай бетіне шығып кетсе, енді бір байлар Жем, Сағыз, Қобда, Жайықтың бергі сағалары, Жайықтан әрі өтіп Еділге қарай 10 мыңға жуық жылқымен бұлар кетеді. Маңғыстау бетінен таңдап жиған адай тұқымды 10 мың жылқымен Пірәлі ханның, сонымен қатар, осынша жылқыны алдына салып Әбілқайыр ханның балдызы Мырзатай батырдың, 5000 отбасымен қыруар жылқы айдап Сүйіндік руының Оралдың бергі құйылыстарына шығып кеткендігі айтылады. Айтулы байлар батыс өңірді жайыла қоныс еткен 1868-1870 жылдары олармен бірге адай жылқысының 47 пайызы кетеді де, қалған бөлігі Маңғыстауда қалады. Қазіргі қазақтың атын шығарып, олжа салып жүрген пырақтар – осы қалған жарты бөліктің тұқымдары.
Адай жылқысы біраз жылдар танылмай, шындығында таныла алмай келді. Оған себеп біздің халқымыздағы ең кертартпа мінез руға, жікке бөлінушілік болды деп ашық айтуға болады. Жылқының атауы оның бағын байлауға, шетқақпай болуына әсерін тигізбей қоймады. Қиын кезде білек пен бәтуа біріктіріп, бірге қуанып, бірге қиналған бабаларымыздың мәрттігі бізге бірде жетіп, бірде жетпей жатса, сол жетпегеннің ішінде адай жылқысы да жұтылып кете барды. Соңғы кездері адай жылқылары Тәуелсіз Қазақстанның көк байрағын биікке көтеріп, айтулы жарыстардан алтынмен оралып жүр.
Елбасы Н.Назарбаевтың аграрлық секторды дамыту бағытындағы тапсырмаларына орай, Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауымен, облыстағы ауыл шаруашылық басқармасы еліміздің Ат спорты қауымдастығымен бірге, 2011 жылы сәуірде Ақтұмсықта 90 шақырымдық ат бәйгесін ұйымдастырды. Оған қатысқан халықаралық дәрежедегі судьялар, мал дәрігерлері адай жылқысының халықаралық стандарттарға сай екендігін айтса, бір айдан соң Алматы қаласында өткен Азия ойындарының чемпионаты – Қазақстан халқы III спартакиадасында адай жылқылары алдыңғы үш орынды да ешкіммен бөліскен жоқ. Бұл жеңістер атқұмар азаматтардың қызығушылығын одан әрі серпілтіп, қанаттандыра түсті. Осы жылы шілде айында Ресейдің Рязань облысында өткен халықаралық «Достастық кубогы» жарысында адай жылқылары 80 шақырымдық қашықтықта мәреден 1-ші, 3-ші және 4-ші болып өтеді. Осылайша, кубокпен бірге «Көрермен көзайымы» сыйлығы да қазақ жылқысының еншісінде кетеді. Осы жарыстың нәтижесі адай жылқыларының даңқын жарты әлемге танытты. Ал елге келген соң түрлі жарыстарда жүлде салған 23 атқа Қазақстан Ат спорты қауымдастығының «ҚР спорттық жылқы құжаттары» куәлігі берілді.
Адай жылқылары биыл да жеңіссіз болған жоқ. Астана күні қарсаңында елордада Қазақстан Республикасы Президенті кубогы үшін өткен халықаралық турнирде алдына қара салмаған жылқылар артынша тағы да Рязаньға аттанды. Бұл жақта ТМД және Балтық бойы елдері фестивалінде біраз елдердің 117 тұлпары бақ пен бап жарыстырған алыс қашықтықтағы аламанның 80 шақырымдық алғашқы жарысында адай жылқылары іркес-тіркес бірімен-бірі иық тірестіре мәре сызығын кесіп өтеді. Жүлденің үшеуі бірдей қолдан сусып, көз алдарында Қазақстанға кете баруы біреулердің жанын жегідей жесе керек, үшінші атты тоқтатып, денсаулығында мін бар деп, жарыстан шығарып тынады. Алайда, осы сәтте 4-ші болып тағы бір қазақ тұлпары – қостанайлық жүйрік зу етіп өте шығады. Көп ұзамай 117 аттың арасынан 8-ші, 12-ші болып адай жылқылары жетеді. Бұрын атына сырттай қанық көпшілік осы жолы адай жылқысын көзбен көріп, алдыңғы жетістіктерінің кездейсоқтық еместігін мойындауға мәжбүр болады.
Биылғы жылдың қазан айында халықаралық ат спорты сарапшылары мен мамандары, мал дәрігерлері Ақтауға жиылды. Мақсат – жаңа халықаралық классификация бойынша 120 шақырымдық жарыс өткізу Қазақстанда тұңғыш рет өткізілгенін атап өту. Еліміздің ат спорты федерациясының вице-президенті С.М.Буйкевич бастап келген қонақтар арасынан халықаралық ат спорты федерациясының мүшесі, ресейлік Г.А.Андриевский жарысқа бас төрешілік етсе, қазылар құрамы ат жарысын өткізу жөніндегі халықаралық маман, араб елінің өкілі Мохаммед бастаған білікті мамандардан құралды. 120 шақырым қашықтықта жүлдені бұрыннан олжа алып жүрген сәйгүліктер емес, жаңа тұлпардың алуы – ел арасында бірінен-бірі озған жүйріктердің көптігін аңғартады. Осы жолы А.Андриевский: «Сөз жоқ, адай жылқысы – табиғаттың тамаша туындысы» десе, Мохаммед: «Адай жылқысы әлемдік жарыстарда олжа салып жүрген араб жылқыларынан кем емес. Тек бұл жылқылардың күтімі мен бабы жеткіліксіз екені көрініп тұр, сондықтан ат спортына көп күш салуларыңыз керек», деді. Жылқылардың бұл жетістіктерінде облыс басшылығының қолдауы, облыстық ауылшаруашылығы басқармасындағы қаршадайынан адай жылқысының құлағында ойнап өскен Т.Қалжанұлы, К.Ерғалиев сынды азаматтардың еңбегі тұрғандығын атап айтуға тиіспіз.
Біз – қуанышы мен жетістігі ортақ біртұтас елміз. Кешегі Лондон Олимпиадасында топ жарған мықтыларға күллі қазақ даласы қол соқты. Адай жылқысының да жетістігі барша қазаққа ортақ қуаныш. Алайда, осы тамаша жылқы күні бүгінге дейін лайықты мәртебесін ала алмай келеді. Және арнайы ат қоралар ашып, бап-күтімін келістірсе, адай тұлпарлары тәуелсіз Қазақстанның көк байрағын әлі талай додалардың биік тұғырынан желбірететіндігі анық.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»,
Рза ОҢҒАРБАЙ.
Маңғыстау облысы.