• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
26 Желтоқсан, 2018

Мәдина Тыныбаева. Әлеммен бірге біз де өзгереміз

527 рет
көрсетілді

Уақыттың заманауи сын-тегеуріндері, кәсіби білім мен дағдылардың уақыт талабына ілесе алмауы педагогикалық кадр­ларды кәсіби дамытудың тұжырымдамалық негіз­дерін қайта қарастыруды талап етеді. Бұған дейінгі біліктілікті арттыру жүйесі жұмысын ұзақ уақыт бойы өзгеріске ұшырамай жүр­гізіліп келді, осының салдарынан ол педагогтердің кәсіби деңгейінің дамуына оң әсер ете алған жоқ.

Біліктілікті арттыру жүйесінің жаңа форматын жасау жағдайында 2011 жылы педагогтердің кәсіби даму жүйесіне әлемдік тәжірибені, үздік халықаралық тәжіри­бені және қазақстандық мектептердің қажеттілік­терін ескеріп, инновация енгізетін «Назарбаев Зияткерлік мек­тептері» дербес білім беру ұйымының Педагогикалық шебер­лік орталығы (Орталық) жұмыс істей бастады.

Кембридж университетінің Білім беру факультетімен стратегиялық серіктестік барысында 2011-2012 жылдары үш дербес, мұғалімдерді даярлаудың бір-бірімен байланысты деңгейлерінен тұратын, сол уақытта серпіліс болып танылған педагогтерді кәсіби дамытудың курс­тары әзірленіп, енгізілді. Қазақстанда және басқа елдерде «деңгейлі» деген атпен белгілі бұл курстар 2012 жылғы сәуір айында басталды және педагогика, дидактика, оқу және оқыту үдерісін бағалау мен басқару салаларындағы заманауи ғылыми негізделген үдерістерге сәйкес мұғалімдердің метапәндік білімдері мен дағдыларын дамытуға бағытталды.

2013 жылы Қазақстан Республикасы жалпы білім беру ұйымдары басшыларының біліктілігін арт­тыру­дың тоғыз айлық курстары басталды. Курс бағдар­ламасы басқару мәдениеті мен мектепті дамытуды жетілдіруге бағытталды. Қазіргі кезде курстық оқыту­дан өткен педагогтердің арасында курстан кейінгі кезең­де әдістемелік қолдау көрсететін педагогикалық қоғам­дастық құрылды. 2012 жылдан бастап деңгейлі курстарда 70 мыңнан астам педагог немесе Қазақстанның әрбір бесінші мұғалімі оқып шықты, 5000-нан астам мектеп басшылары менеджмент және көшбасшылық бойынша ұзақмерзімді оқытудан өтті.

Жалпы айтқанда, Орталық біліктілікті арттыру бо­йынша 130-дан астам авторлық білім беру бағдарламасын әзірледі. Оларды іске асыру үшін сертификатталған тренерлер кластері даярланып, 300 мыңнан астам педагог қызметкер оқытылды. 

Білім беру бағдарламаларын әзірлеу және жүзеге асыру сапаны бағалаудың ішкі мониторингілік рәсімдеулері арқылы беріледі. Сонымен қатар Орталықтың қызметінің басым бағыттарының бірі болып саналатын ғылыми зерттеулердің нәтижелерімен ұштасады. Осы ретте 2014 жылы Орталық Кембриджбен бірлесіп әзірлеген бағдарламаларына мониторинг және эвалюация жасау жөніндегі зерттеу жүр­гі­зіл­ді. Жүргізілген зерттеудің нәтижелері «Педагогика­лық шеберлік орталығы бағдарламаларының мониторин­гісі және эвалюациясы» деп аталатын талдау есебінде және халықаралық рецензияланған журналда жарияланды. Олар мектеп қызметінің мәдениетінде, мұғалімдердің сыныпта сабақ беру тәжірибесінде, қазақстандық мектеп оқушыларының ынтасы мен оқу жетістіктерінде көрініс табатын өзгерістер мен олардың сапасын арттыруды дәлелдеу жүйесін білдіреді. Зерттеуге қатысушылардың бірі былай дейді: «Деңгейлі бағдарламалардың аса маңызды құраушысы мұғалімдердің оқушыларды оқытуға деген қарым-қатынасының өзгеруі, ХХІ ғасыр дағдыларын қалыптастыру шарты ретінде оқушылардың оқуға деген ынтасын, ал мұғалімдердің оқытуға деген ынтасын арттыру екенін көрсетті».

2015 жылдан бері Орталық сабақты зерттеудің бүкіл­әлем­дік қауымдастығының (WALS) мүшесі болып табылады. Орталық қызметкерлері жалпы білім беретін мектеп мұғалімдерімен бірге зерттеулер жүргізеді, таныстырылым әзірлейді және оларды ұсыну үшін жыл сайынғы WALS конференцияларына қатысады. Қазақстанның білім беру жүйесі мен мұғалімдердің біліктілігін арттыруына әлем болып қызығушылық танытып отыр. 2018 жылы Орталық білім беру қызметтерін шетелдерге шығару бойынша өз жұмысын бастады. Бұл бастамаға қызметтерді шетелдерде ілгерілетуге көрсетілетін қызметтің сапасын растау мүмкіндігі де кіреді. Осыған орай  өзін өзі бағалау мен одан әрі дамытудың бағыттарын анықтау үшін де 2018 жылғы мамыр айында Орталық өз алдына жаңа міндеттер қойды. Бұл – білім беру бағдарламаларын халықаралық стандарттарға сәйкес сертификациялау.

Сертификаттау үдерісінің маңызды құраушысы – ұйымның өзін өзі стандарттарға сәйкес бағалауы, одан соң халықаралық сарапшылар тобы бағдарлама мен форманы зерделеп, бағдарламалардың стандарттарға сәйкестігіне сараптамалық қорытынды береді.

Қазіргі уақытта мұғалімдер мен мектеп басшылары­ның біліктілігін арттыру бойынша жоғарыда аталған бағдар­лама­лардың халықаралық сертификациясына толық растау алынды. Орталық әрбір бағдарламаның  стан­дарты бойын­ша толық сәйкестікке қол жеткізді. Сарап­шы­лар­дың айтуынша, аталған бағдарламалар мазмұны мен ұйым­дас­тырылуы бойынша тек Қазақстанда ғана емес, бар­лық Орталық Азияда бірегей болып табылады. Міне, биыл «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы­на 10 жыл толды және бұл айтулы оқиға барлық өңір­лерде аталып өтуде. Сонымен қатар  Педа­го­гикалық шебер­лік орталығының құрылғанына да 7 жыл толып отыр. Жемісті жетістік қашан да еткен еңбек, төгіл­ген тер­мен келеді емес пе?! Осынау уақыт көшінде бірге атқа­рыл­­ған жұмыс нәтижелері еліміздің білім беру жүйесінде кеңі­нен қолданылып, шетелдерде  танылуда. Бұл бәрімізді жігер­лендіреді және жаңа белестерді бағындыруға, білім беру жүйесін одан әрі дамытуға жұмылдырады.

 

Мәдина ТЫНЫБАЕВА,

PhD, «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығының  білім беру бағдарламалары және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі директорының орынбасары