• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
26 Желтоқсан, 2012

Эльтондағы этноауыл

409 рет
көрсетілді

Эльтондағы этноауыл

Ел арасындағы ұлтжанды азаматтардың аузынан Ресейде қазақтың салт-дәстүрі мен мәдениетін ұлықтап жүрген қандасымыз барын еститінбіз. Аты Смағұл екен. Сол жігітті іздеп, жақында Ресейдің Эльтон елді мекеніне бардық.

Біз Эльтонға жеткенше ымырт үйі­рілді. Волгоград облысына қарайтын бұл селода төрт мыңдай тұрғын болса, оның 70 пайызы қазақтар екен. Қараңғы көшеде орыс жігіті кезікті. Оны тоқ­татып, Смағұлдың үйін сұрадық. Ол кө­лігімізге отырып, Монтаевтың қақпа­сына дейін жол көрсетіп барды. Сөйт­сек, Смағұл тек ауылдастарына ғана жа­қын таныс емес, оның үйінде әлем­нің 26 елінің өкілі қонақ болыпты. Түн­делетіп келген бізді де ол жатырқамай қарсы алды.

Ел арасындағы ұлтжанды азаматтардың аузынан Ресейде қазақтың салт-дәстүрі мен мәдениетін ұлықтап жүрген қандасымыз барын еститінбіз. Аты Смағұл екен. Сол жігітті іздеп, жақында Ресейдің Эльтон елді мекеніне бардық.

Біз Эльтонға жеткенше ымырт үйі­рілді. Волгоград облысына қарайтын бұл селода төрт мыңдай тұрғын болса, оның 70 пайызы қазақтар екен. Қараңғы көшеде орыс жігіті кезікті. Оны тоқ­татып, Смағұлдың үйін сұрадық. Ол кө­лігімізге отырып, Монтаевтың қақпа­сына дейін жол көрсетіп барды. Сөйт­сек, Смағұл тек ауылдастарына ғана жа­қын таныс емес, оның үйінде әлем­нің 26 елінің өкілі қонақ болыпты. Түн­делетіп келген бізді де ол жатырқамай қарсы алды.

– Ата-бабам Бөкей Ордасында тұр­ған екен. Сонау отызыншы жылдардағы дүрбелеңде Мәскеудің жанына жетіп қоныс теуіпті. Кейін атамекенге қарай жақындап, мен осы Эльтонда дүниеге келіппін. Әкем Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер болатын. Майданнан аман оралған соң үйленіп, он екі ұл мен қыз тәрбиелеп өсірді. Мен 1983 жылы шаңырақ көтердім, Равиль есімді ұлым, Гүлмира деген қызым бар. Әйе­лім Зухра – орта мектепте мұғалима. Өзім де 28 жыл мектепте еңбек пәнінің мұғалімі болдым, – деді үй иесі қыс­қаша өзі туралы.Ол он жыл бұрын киіз үй сатып алып, оны ауласына тігіп қояды. Ал­ғашқы тамашалаушылары – өз балалары мен мектептегі оқушылар екен. «Сөйтіп, ұмытыла бастаған қазақтың салт-дәстүрін жаңғыртпақ болдым. Ке­йін тағы бір киіз үй алып, оны музей жасадым. Оның ішінде бабаларымыз қолданған барлық бұйым бар», – дейді Смағұл Құрманғалиұлы.Біз қара суық басталған қарашада барған едік. Сондықтан киіз үйлер аула­дағы сарайға жиналып қойылған екен. Ол сарай Эльтон өңірінен сыр шертетін өлкетану музейі болып шықты. Кірген­нен миллиондаған жылдар бұрынғы жануарлардың қаңқасы көзге түсті. Тасқа айналған түрлі теңіз жәндіктері. Мүйізтұмсықтың сүйегі… Бұлардың барлығы Эльтон көлінің айналасынан табылған екен. Керегеге қазақ хан-сұл­тандарының, билерінің суреттері ілін­ген. Халқымыздың өткен ғасырларда қолданған бұйымдары: кебеже, қол диірмен, алаша тоқитын станок, келі, тор­сық өз жарасымын тапқан. Аң тері­лерінде есеп жоқ. Бүркіт те тұғырына қонған. Алматыға арнайы барып, қазақ халқының музыкалық аспаптарын жасау технологиясы жайлы кітап тауып алып, өз қолымен жетіген, асатаяқ, шертер, сыбызғы, тұяқ жасаған.«Қызығушылығы бар балаларды қамыстан сыбызғы, ысқырық жасауға үйретудемін», дейді кейіпкеріміз. Төр­де қобыз бен домбыра тұр. Одан кейінгі ғасырлардағы тарихтан сыр шертетін бұйымдар да көзге оттай басылады. Ескі патефон, көне жиһаздар. Әртүрлі кезеңнен хабар беретін тулар, фотосуреттер, плакаттар. Соғыс кезіндегі осы аймақтан табылған жауынгерлердің жеке заттары, киімдері, қару-жарақтары, карталар, снаряд қалдықтары…Смағұлдың ауласында екі түйе де бар. Онымен не істейді дейсіз ғой? Ауылдың іргесінде тұзды Эльтон көлі тиіп тұр. Бұл Еуропадағы көлемі ең ірі минералды көл, қорының молдығы жөнінен әлемде де санаулылар қатарын­да. «Көлдің атауы қазақтың «алтын нұр» деген сөзінен шықса керек», де­лінген ресейлік зерттеу еңбектерде. Аума­ғы 152 шаршы шақырымды алып жатқан көл тұздылығы мен балшы­ғының емдік қасиеті жөнінен Синай­дағы Өлі теңізден асып түседі. Бұл жерде 1882 жылға дейін тұз өндірілген болса, 1910 жылдан бастап санаторий жұмыс істеп келеді. Смағұл сол санаторийге демалуға келгендерді түйеге же­гілген арбамен үйіндегі этнографиялық орталыққа, музейге әкеледі. Әрине, әлемнің басқа түкпірінен келген демалушылар үшін түйемен жүрудің өзі қызық. Смағұлдың үш-төрт сағаттық бағдарламасы киіз үйдің ішінде қазақ­тың мәдениеті мен салт-дәстүрін әңгі­мелеуден басталады. Қазақы дәстүрмен табақ тартады. Ұлтымыздың бас ұстату, жілік тарту дәстүрімен таныстырып, алдарына қойған ұлттық тағамдардың әрқайсысы туралы түсінік береді. Қазақтың ән-күйін тыңдатады. Музейін аралатады. Кәдімгідей этнотуризм. Бір жағынан кәсіп. Бұған дейін Смағұлдың бұл «Алтын-Нұр» қазақ мәдени орта­лығына әлемнің 26 елінен туристер келген. Англия, Германия, Франция, Канада, Португалия, Голландия, Қытай, Филиппин, Вьетнам… Естелік кітапшада неше түрлі елдің тұрғыны түрлі тілде қолтаңба қалдырған.Смағұл келе-келе туристерге арнап ауладан орыс халқының ағаш үйін де салады. Кіріп келгенде бұл жер де ерекше әсер қалдырады. Құдды бір орта ғасырлық ертегілерде суреттелетін орыс шаруасының үйіне кіргендей боласыз. Мұндағы ең ескі бұйымдар – христиан­дардың иконы, патша заманындағы Биб­лия кітаптары. Жуырда Смағұлдың үйі­не атбасын тіреген саяхатшы Федор Ко­нюхов әлемнің барлық мұхиттарын кесіп өткенде жанында болған иконын да осы жерге қойып кеткен. Қыш құ­мыралар. Ағаш ыдыстар. Көне са­мауыр­лар. Үтік ойлап табылмас бұрын киім қыртысын тегістеген құрал – рубельге шейін бар. Шоқ салатын үтіктер­дің неше атасы тұр. Ерте замандағы жиһаздар. Ескі қағаз ақшалар мен тиындар. Өткен ғасырлардағы фотосуреттер. Көне көзілдірік. Қамыстан тоқылған аяқ киім – шәркейлер. …Бәрін санамалап шы­ғу қиын. Сыртта арба, ат әбзелдері, еңбек құралдары. Келген адамдар: «Мұн­­дай ағаш үйді Мәскеу маңынан да таппайсыз. Өз қазағыңның салтын ұлық­тағаның өз алдына, дәл осылай орыс дәстүрін ұлықтаған орыс жоқ», деп таңғалып жатады екен.Сыртынан қарағанда көрші тұрған киіз үй мен орыстың ағаш үйі ұлт­аралық достықтан хабар беретіндей.– Үйіме губернатор келгенде қой­дың басын ұстаттым. Қазақтың ән-күйін тыңдап, биін де тамашалады. Мұнда кел­гендердің қазақ халқына деген көзқара­сы өзгеріп шығады. Көп­шілігі біздің дәс­түрімізден, ұлттық тамағымыздан хабарсыз ғой. Волгоградтан бизнес өкілдері келген болатын. Ресейдің Бизнес академиясында болдым, олар бірлесіп бизнес-жоспар жасағысы келеді. Ал мен этноорта­лық­тың жұмысын дамытсам ба деймін. Қа­зақтың жайлауда қалай өмір сүрген­дігін көрсеткім келеді. Ол үшін Эльтон көлінің жағасынан жер алып, киіз үйлер тігіп, кішігірім ауыл тұрғызуды армандаймын. Ол жерге келген халық қазақ­тың малды қалай бағып, биені қалай сауып, бауырсақты қалай пісіргенін, киіз­ді қалай басып, қалай текемет тоқы­ғанын, ұсталық өнерін, ұлттық ойындарын, бәрін-бәрін көрсін деймін, – дейді Смағұл.Оның бұл ойын губернатор Сергей Боженов те қолдаған сыңайлы. Ресейлік ғалымдар Эльтон көлінің табиғи қал­пын сақтауға күш салуда. Смағұлдың жобасын олар да дұрыс деп отыр. Эльтон жанынан табиғи парк ашылған. Қыдырып, демалуға, емделуге келетін­дер көп. «Қазіргі бар мақсатым – жоға­рыда ай­тылған қазақ этноауылын салу­ға рұқсат алу. Өз күшімізбен қазақ диас­порасының ұйымын құрдық. Оған халық мені төр­аға қылып сайлады. Енді заңды күшіміз болады. Барынша тырысудамын. Қазақ­станмен байланыс бар. Жақында Батыс Қазақстан өңіріндегі форумға шақы­рыл­дым. Көршілес Жәні­­бек ауданының ірі кәсіпкері, Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Ескендір Елемесовпен ойға алған ортақ жобамыз бар», деді Смағұл Монтаев.– Келесі жылы әйгілі француз жазушысы Александр Дюманың Эльтонға келгеніне 155 жыл толмақ. Осыған байланысты түрлі шаралар ұйымдастырып, туристерді көбірек тартпақ ойдамыз. Эльтон – ерекше көл. Оның қайталан­бас табиғат байлығын кейінгі ұрпаққа сол күйінде жеткізуіміз керек. Жоспар көп. Үкімет көмектессе бәрі де орнындалады деген сенімдемін», деп сөзін аяқтады, үлкен істер тындырып жүрген қандасымыз. Кетерімізде бізге ол Жұ­бан Молдағалиев пен Мұхтар Шаханов­тың қазақтың қазақтығын танытатын өлеңдерін оқып берді.Міне, басқа елде жүрсе де бойында «қазақпын» деп атойлаған қаны бар осындай азаматтарымыз бар. Өлкемізде жоқ өзіміздің этноауылымызды көруге өзге елге баратын күн де алыс емес сияқ­ты, ағайын…

Нұрлыбек РАХМАНОВ,журналист.Ресей Федерациясы, Волгоград облысы, Эльтон селосы.