• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
26 Ақпан, 2010

АЛҒЫС АЙТАДЫ

1164 рет
көрсетілді

Елбасының атына Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданының тұрғыны, көп балалы ана Ақжарқын Жакудақызынан хат келіп түсті.Зейнеткер А.Жакудақызы хатында Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевқа жүргізіп отырған сарабдал саясаты мен әлеуметтік саладағы қамқорлықтары үшін алғысын білдіреді. Хат авторының жазуынша, көптен бері жүрегі ауыратын немересіне квота беріліп, соның нәтижесінде биылғы жылдың ақпан айында Астана қаласындағы “Ұлттық ғылыми-медициналық орталығы” РМК Кардиологиялық клиникасында операция жасалған. Хатта: “Немереме операция сәтті жасалды. Республиканың түкпір-түкпірінен келген балалар мен ата-аналар, әр ұлттың өкілдері Сізге дән разы. Деніңізге саулық, Алладан рақым, Пайғамбардан шапағат, ұзақ ғұмыр тілеймін! Еліміздің еңсесін бұдан да жоғары көтере беріңіз”, деп жазылған. МҮДДЕ – ОРТАҚ, МАҚСАТ – БІР Ұлттық кітапханада Қазақстан Рес­пуб­ликасы Президенті Әкімшілігі Бас­шы­сының орынбасары Мәулен Әшімбаевтың төрағалық етуімен 2009-2011 жылдарға арналған “Мәдени мұра” стратегиялық ұлт­тық жобасын жүзеге асыру жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Отырыста негізінен “Мәдени мұра” бағдарламасы іс-шаралар жоспарының өткен жылы атқа­рыл­ған жұмыс қорытындылары түйінделіп, ұлттық тарихи-мәдени мұраны насихаттау барысы сөз бол­ды. “Мәдени мұра” бағдар­ла­ма­сы мемлекеттің мәдениетке деген көзқарасын айқындайтын маңызды жоба” деп сөз бастаған Президент Әкімшілігі Басшысы­ның орынбасары Мәулен Әшім­баев жақында Елбасының әдебиет пен мәдениеттің бір топ қайрат­кер­лерімен кездескен кезде осы бағ­дарламаға тағы да жақсы баға бергенін, биік мәдениет – ұлттың көрсеткіші екенін айрықша атап, бағдарлама қай кезде де  мәдени өміріміздегі тарихи оқиға болып қа­латынын айтып өткенін еске сал­ған. Былтырғы жылдың басын­да Елбасының тапсырмасымен 2009-2011 жылдарға арналған іс-ша­ралар жоспары бекітіліп, жос­пар аясында Мәдениет және ақ­парат, Білім және ғылым, Туризм және спорт министрліктеріне, оларға қарасты мекемелерге көп­теген міндеттер жүктелгенін, соған байланысты бірталай жұмыстар атқарылғанын баяндаған төраға тарихи-мәдени ескерткіштерді қайта жаңғырту жұмыстары жал­ға­сып келе жатқанын, қазақ халқы­ның тарихы мен мәдениетіне қа­тысты ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілгенін, ұлттық және әлемдік ой-сана, әдебиет пен мәдениет бойынша кітап сериялары жарық көргенін әңгімеледі. Соған қа­ра­мастан бұл салада қыруар істер де күтіп тұрғанын мәлімдей келіп, Бе­рел қорық-мұражайында бастал­ған жұмыстардың тоқтап қалға­нын, осыған байланысты жуық арада тиісті қаржы көзін тауып, бұл жұмыстарды әрмен қарай жал­ғастырмаса бұрын салынған біраз нысандардың тозып кетуі әбден мүмкін екенін ескертті. Өткен жылы Туризм және спорт ми­нистр­лігіне Отырар ауданындағы туризм инфрақұрылымын дамыту үшін әзірлеген құрылыс жұмысын қа­рауды тапсырғанын, бірақ та одан әлі күнге дейін нәтиже шыға қоймағанын, сондай-ақ “Мәдени мұра” бағдарламасы аясында шы­ға­тын кейбір кітаптар ғылыми ке­ңестің талқысына салынбай, бас­паға асығыс тапсырылатынын сын­ға алды. Ал жарық көріп жат­қан кітаптардың кейбірінің аудар­ма сапасы нашар, төмен деңгейде деген пікірлер айтылып жататы­нын жоққа шығармады. Жоспар­ланған, бірнеше жыл бұрын қар­жы­сы бөлінген, бірақ шықпай жат­қан кітаптарымыз да жоқ емес деген ой айтты. “Айта берсек мұн­дай проблемалар баршылық. Сон­дықтан бүгінгі мақсат – алда қандай өзекті мәселелер тұрғанын талқылау, екінші жағынан соларды шешу жолдарын қарастыру, сөйтіп алдағы жылы атап өтілетін тәуел­сіздіктің 20 жылдығына дайындық­ты күшейту”, деп басты мәселеге ойысты. Кеңес отырысында “Мәдени мұра” бағдарламасы іс-шаралар жос­парының 2009 жылғы атқа­рыл­ған жұмыс қорытындылары және ұлттық тарихи-мәдени мұраны на­сихаттау барысы туралы Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед баяндама жасады.  “Мәдени мұра” стратегиялық ұлттық жобасы 5 жылдың ішінде 2008 жылға дейін өте үлкен деңгейде жүргізілгенін, жобаға республиканың  барлық ғылыми-мәдени зиялы қауымы түгелдей дерлік қатысқанын, жоба шын мәнінде қазақ халқының бес мың жылдық тарихына, арғы заманнан күні бүгінге дейінгі тарихына қа­тыс­ты жәдігерлерді жүйелеп, зер­делеп қалың жұртқа ұсынумен келе жатқанын тілге тиек еткен министр өткен жылғы жұмыс­тар­дың қорытындыларына тоқталды. Былтыр 26 тарихи нысанда қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Қапшағайдың түбіндегі Таңбалы тас петроглифтері, Ақтөбедегі Қарағұл, Қызылордадағы Асанас, Оңтүстік Қазақстан облысындағы Қарашаш ана кесенелері мен Баба Ата сарай-қамал кешенін, сондай-ақ басқа да тарихи ескерткіштерді қайта қалпына келтіру жұмыстары аяқталған. Осы нысандардың барлығы дерлік қазіргі Елбасының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан “Батыс Қытай – Батыс Еуропа” магистральды-трансұлт­тық тас жолының бойында ор­на­ласқан. Ертең сол жолдардың бой­ында неше түрлі автобекеттер салы­нып, сырттан келген адам осы өңірдің тарихи құндылықтарымен танысуына мүмкіндіктер туады. Екін­шіден, тек қана 2009 жылы    49 қорған, мазарат, қалашықтарда археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілді. Солардың ішінде Ақмола облысындағы Бозоқ – астанамыздың тарихын әріден бастау үшін Елбасының тікелей өзінің тапсырмасы бойынша жүзе­ге асырылып жатқан тарихи ес­керт­кіш саналады. Алматы облы­сындағы Есік, Қойлық, Талғар, Атыраудағы Сарайшық, Оңтүстік Қазақстандағы Жуантөбе, Қарас­пан төбе, Шымкенттегі Сауран, Сидақ, Созақ, Отырар, Шығыс Қазақстандағы Берел, Шілікті, Жам­был облысындағы Ақыртас, Батыс Қазақстандағы Қырық оба, Қарағанды облысындағы Тоқтау­ыл, Айбас, Кент, Талдысай, тағы басқа қоныстар мен қалашық­тарда  біраз жұмыстар жүзеге асырыл­ға­ны және бұлар бір жылдың ішінде бітетін жұмыстар емес, біртіндеп ретімен атқары­латыны айтылды. “Мәдени мұра” стратегиялық ұлттық жобасы тарих және мә­де­ниет, археология, сәулет ескерт­кіштерінің маңыздыларын қайта жаңғыртуды, қазақ халқының мұ­раларын зерттеудің біртұтас жүйе­сін құруды, ұлттық және әлемдік ғылыми ой-сана, мәдениет және әдебиет салалары бойынша баспа серияларын дайындауды көздей­тінін айта кету керек. Осындай іс-шаралар жоспарына сәйкес өткен жылы республикалық бюджеттен 2079,415 млн. теңге бөлінсе, осы қаржы толық игерілген. Оның ішінде атап айтар болсақ, ұлттық рәміздерді қалыптастыруға 66,0 млн. теңге, мәдени туризмді дамы­туға 89,615 млн. теңге, ұлттық та­рихи мұраны халықаралық дең­гей­де насихаттауға 957,5 млн. теңге, тарихи-мәдени мұраны кешенді зерделеу мен жаңа ғылыми жоба­ларды әзірлеуге 77,5 млн. теңге, қолданбалы ғылыми зерттеулерге 88,9 млн. теңге, археологиялық зерт­теулер жүргізуге 119,7 млн. теңге, тарих пен мәдениет ескерт­кіштерін қалпына келтіруге 443,4 млн. теңге, Қазақстанның тарих, археология, этнография және мә­де­ниет мәселелері бойынша ба­сылымдар сериясын шығаруды жалғастыруға 236,8 млн. теңге бөлініп, 2009 жылы бірқатар маңызды жұмыстар тиянақталған. Соның біразы ұлттық тарихи мұ­раны халықаралық деңгейде наси­хаттау мақсатында жүзеге асқан. Сирия және Египет елдерінде байырғы бабаларымыз Әл-Фараби мен Сұлтан Бейбарыс ескерткіш­тері жаңғыртылуда. Дамаск қала­сында Сұлтан Бейбарыстың ке­сенесі қайта жаңғыртылып, Әл-Фараби кесенесі мен тарихи-мә­дени орталығы салынуда. Ал Каирде Сұлтан Бейбарыстың ме­шіті қайта жаңғыртылып жатыр. Сондай-ақ 2009 жылы Моңғолия аумағынан табылған көне түркі руникалық жазбалары бар тастардың көшірмелері қалпына келтіріліп, елімізге жеткізілген. “Өркениет диалогындағы та­рихи-мәдени мұраның рөлі” атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп, “Мәдени мұра” ұлттық жобасын халықаралық дә­режеде насихаттауға көңіл бөлініп отыр. Қазақстанды әлеуметтік-гуманитарлық өзекті мәселелерді шешетін, халықаралық өркениет­тер диалогының алаңына айнал­дыру, сондай-ақ қазақтың ұлттық тарихи-мәдени мұрасын дүние­жүзілік ғылыми айналысқа енгізу басты мұрат саналады. Қазақ хал­қы­ның мәдени мұрасы саласында ғылыми жұмыстарды жалғастыру бойынша былтыр 12 тақырыпта қазақ халқының тарихымен, мате­риалдық және рухани мәдениеті­мен байланысты қолданбалы ғы­лы­ми-зерттеулер іске асырылса, тарихи-мәдени мұраны кешенді зерделеу, жаңа ғылыми жобаларды әзірлеу тарауы бойынша бағдар­ла­ма аясында бірқатар облыстардың тарих және мәдениет ескерткіш­терінің жинақтарын әзірлеу жұ­мыс­тары жалғасуда. Бүгінде Оң­түстік Қазақстан, Жамбыл, Қы­зыл­орда, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстары мен Алматы қаласының жинақтары жарық көріп, Павлодар мен Ақтөбе об­лыстарының тарихи-мәдени ес­керткіштерінің жинақтары әзірле­ніп жатыр. Министр “Мәдени мұра” бағдарламасы аясында жа­рық көріп жатқан кітаптарға ерек­ше тоқталды. Солардың ішінен “Бабалар сөзі” сериясын ерекше атады. Оның қазірге дейін 53-56 томдары, “Әлемдік тарихи ой-сана” сериясының 12-14-томдары, “ХVІІІ-ХХ ғ.ғ. Қазақ ұлт-азаттық қозғалысына қатысты құжаттар мен материалдар жинағы” серия­сының 13,14,15-томдары қазақ және орыс тілдерінде жарық көріп, жалпы бір жылда барлығы 56 аталым бойынша кітаптар шы­ға­рылған. 1 мың 605 баспа табақ 168 мың данамен таралған, 9 аталым бойынша 450 баспа табақ өңделіп аударылған. Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев бағдарлама нәтижесінде қол жеткен рухани құн­дылықтарды жас ұрпақтың са­насына жеткізу мақсатында атқа­рылып жатқан бірқатар жұмыс­тар­ды атады. Өзге тілді мектептерге арналған “Қазақ тілі” пәні бойын­ша білім берудің мемлекеттік жал­пыға міндетті білім стандартының 5-9 сыныптарының базалық білім мазмұнына “Ел тану” тарауы қо­сылғанын, сондай-ақ Қазақстан тарихы бойынша “Мәдени мұра” бағдарламасы аясында жүргізілген экспедициялық зерттеулердің нә­тижелері, Қойлық, Талғар, Қарас­пан, Түркістан, Сауран, Сарай­шық, Жанкент қалалары жайын­дағы мәліметтердің, ежелгі Отырар мен Бозоқ қалаларынан табылған қазба жұмыстарының нәтижелері мен тастағы таңбаларға қатысты ғылыми деректер 6-сыныпқа ар­налған “Қазақстан тарихы” пәніне енгізілгенін айтты. 2009-2010 жыл­дан бастап ғылыми-зерттеу инсти­туттарының қатысуымен “Менің елімнің тарихы” тақырыбында республикадағы он-лайн режімінде интерактивті сабақтар жүйелі өткізіле бастағанын жеткізді. Туризм және спорт вице-ми­нистрі Қайырбек Өскенбаев елі­міздегі белгілі тарихи ескерткіш­тер­ге әкелетін магистральды жол­дардың құрылысын жөндеу туралы әңгімелесе, Археология институ­тының директоры, академик Карл Байпақов былтыр археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған тарихи жәдігерлерді, қорғандар мен басқа да тарихи орындардағы қазба жұмыстарының барысы ту­ралы сөз етті. “Қазқайтажаңғырту” мекемесінің директоры Қанат Тұяқбаев Әл-Фараби мен Сұлтан Бей­барыстың тарихи ескерткіш­терінде жүргізіліп жатқан жұмыс­тарды баяндады. Орталық мем­лекеттік музейдің директоры Нұрсан Әлімбай қазба жұмыстары барысында табылған жәдігерлер ең алдымен, Орталық музейге өткі­зілуі керек деп есептейді. Музей негізінен зерттеу алаңы болуы тиіс деген пікір айтты. Академик Әбдімәлік Нысанбаев баспа өнімдері ауылда тұратын зиялы азаматтардың да қолына тисе, нұр үстіне нұр болады деген тілек біл­дірді. Өткен жылғы жұмыстарды саралай келіп, Президент Әкім­шілігі Басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев келешекте де бірлесе атқаратын істер аз емес деп қорытынды жасады. Кітап сериясына байланысты  интернет­тегі жұмысты күшейтуге көңіл аудар­ды. Үкімет интернетті әр ауыл­ға апарумен айналысып жа­тыр. Сондықтан “Мәдени мұра” порталын молайтуға күш жұмсау керектігін баса айтты.  Мәдени ту­ризмді күшейту мәселесі де алдағы уақытта маңызды болып қала беретінін жеткізді. Ең бастысы, ел тәуелсіздігінің 20 жылдық мерей­тойы келе жатыр. Соған байла­нысты алда көптеген жұмыстар күтіп тұрғанын айтты. Ұлттық кі­тап­ханада шет елдердегі мұрағат­тардан “Ұлттық мұрағат қорына” келіп түскен құжаттар мен “Мәде­ни мұра” бағдарламасымен жарық көрген кітап сериялары қойылған көрме де көп жұмыстар атқарыл­ғанын аңғартады. ҮЙЛЕСТІРУ КЕҢЕСІНІҢ ҮЙЛЕСІМДІ ІСІ Кеше Бас Прокурор Қайрат Мәмидің төрағалық етуімен Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының үйлестіру кеңесінің кезекті мәжілісі болып өтті. Мәжілісте Ұлттық қордың қаржы дағдарысы зардаптарын еңсеруге бөлінген қаржысын заңды және тиімді пайдалануды қамта­ма­сыз ету бойынша жүргізілген жұ­мыс­тардың жай-күйі қарасты­рыл­ды. Оның жұмысына Қаржы рыно­гын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің төрайы­мы Е.Бахмутова, “Самұрық-Қазы­на” ұлттық әл-ауқат қорының және “Қазагро” ұлттық холдингінің басшылары Қ.Келімбетов пен А.Ма­мытбеков қатысты. Мәжілісті ашқан Бас Прокурор Қайрат Мәми Мемлекет басшысы дағдарысқа қарсы бөлінген қара­жат­тың заңды әрі тиімді жұм­са­лы­нуына қатаң бақылау орнату ту­ра­лы құқық қорғау органдары алдына үлкен міндет қойған еді, деді. Өйткені, Ұлттық қор қаржысының жұмсалуы халық үшін қашанда ашық әрі түсінікті болуы керек. Бұл тапсырманы орындау мақсатында құқық қорғау органдары “Самұ­рық-Қазына” қорымен және басқа да холдингтермен бірлесіп бірқатар жұмыстар атқарды. Нәтижесінде осы уақытқа дейін бөлінген қаржы талан-таражға салынбай белгілен­ген мақсаттарға сай жұмсалды. Әри­не, бұл бағытта іс-шараларды әлі де жалғастыра беру қажет. Сон­дықтан да Үйлестіру кеңесінде осы мәселелерді одан әрі пысықтау көз­делгенін атап өтті Бас Прокурор. Жалпы, өткен жылы мемлекет ұлттық экономиканы қолдауға тең­дессіз шаралар  қабылдап, осы мақ­сатта Ұлттық қор қаржысынан 1 триллион 200 миллиардтан астам теңге бөлінді. Мемлекет басшысы өт­кен жылғы  Жолдауында дағда­рыс­қа қарсы шараларды жүзеге асы­руға және осы мақсатқа бөлін­ген бюджет қаражатының жұмса­луына қатаң бақылауды қамтама­сыз ету жөнінде нақты тапсырма­лар берген болатын. Осыған бай­ланысты, уәкілетті органдар тиісті жұмыстарды тұрақты түрде жүргізіп келеді. Қазіргі уақытта құқық қорғау ор­гандары халықтың ипотекалық заемдарын қайта қаржыландыруға, шағын және орта бизнесті, агроөнеркәсіптік кешенді қолдау­ға, экономиканың нақты секторын несиелендіруге бөлінген Қор қар­жысының жұмсалуының заңдылы­ғын тексеруді аяқтады. Тұтастай алғанда, мемлекеттік органдар бюджет қаражатының тиісінше Үкімет белгілеген шарт­тарға сәйкес пайдаланылуын қамтамасыз етті. Айтарлықтай заң бұзушылықтар және кө­леңкелі мәмілелердің жасалу деректері анықталған жоқ. Демек, ондай кемшіліктер орын алған жоқ. Құқық қорғау органдары уәкі­летті құрылымдармен бірге Елба­сының дағдарысқа қарсы бөлінген қаражатты мақсатты және тиімді жұмсау жөніндегі тапсырмасының тиісінше орындалуын қамтамасыз етті. Сөйтіп, Үйлестіру кеңесінің мү­шелері мемлекеттік органдар­дың осы мәселе­дегі өзара іс-қи­мыл деңгейіне оң баға берді. Қыз­меттік міндеттер мен жауапкер­ші­ліктің айқын ме­же­ленуі мен ақпа­рат алмасу және мониторинг жүр­гізу тетіктерінің бір­келкі тәртібінің бекітілуі атап ай­тылды. Баяндамашылар сөзін талқы­лай келе Үйлестіру кеңесі осы ба­ғыт­тағы жұмысты одан әрі жал­ғастыру қажет деп тапты. Еліміздің Бас Прокуроры бизнес-қоғамдас­тық­тар өкілдерімен өзара бірлес­кен іс-қимылдың және тиісті талаптарға сай келетін адамдардың мемлекеттік қаржылық көмек алуына бөгет жасайтын жәйттерді жоюдың маңыздылығын атап көрсетті. Осыған орай Қайрат Мәми құқық қорғау органдарынан тексеру шараларын ұйымдастыру кезінде кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қатаң сақтауды талап етті. Шаруа­шылық жүргізуші қызметке негіз­сіз араласып, бизнес өкілдерін өз ісінен алаңдауға жол берілмеуіне ерекше назар аударылатындығы айтылды. Сондай-ақ, отырыс барысында Үйлестіру кеңесінің 2009 жылы жүргізген жұмыстарының есебі де тыңдалды. Мәжіліс қорытынды­сын­да көрсетілген мәселелер бойынша жұмыс тиімділігін одан әрі арттыруға бағытталған шешім­дер қабылданды. Александр ТАСБОЛАТОВ. ҒАЛЫМДАРҒА ҚОЙЫЛАР ТАЛАП ЖОҒАРЫ Кеше Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Білім және ғылым министрлігі мен Мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы қоғамдық гуманитарлық институттар директорларының қатысуымен  кеңес болып өтті. Кеңесте өткен жылдың қыр­күйегінде М.Әшімбаевпен болған кездесу қорытындылары бойынша институттардағы жұмыстардың нә­тижелері, 2009 жылдың қазанын­дағы институт қызметін тексеру қорытындылары талқыланып, Президенттің үстіміздегі жылдың 29 қаңтарындағы Қазақстан хал­қы­на Жолдауындағы ғылыми қыз­метті модернизациялау жөніндегі тапсырмаларды орындау тұрғы­сын­дағы перспективалар нақтыланды. 2009 жылғы тексерулер бүтіндей алғанда қоғамдық және гумани­тарлық ғылымдар институты бүгінгі күні ғылымның тиісті салаларында іргелі зерттеулер жүргізетін респуб­ли­кадағы бірден бір ғылыми ме­кеме болып табылатынын, ал олардың зерттеулері ерекше мәнге ие екенін көрсетіп берді. Кеңес барысында қазіргі заман­ғы қоғамдық-саяси үдерістерді пай­ымдау мен оларға талдау жасаудың нақты да жан-жақты міндеттері белгіленді. Олар – Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы, Мемлекет басшысының “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қа­зақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Жолдауын жүзеге асыру, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығы, Қазақстан Республикасы Конституциясының 15 жылдық мерейтойы, Қазақстанның мем­ле­кет­тік тәуелсіздігі туралы Деклара­ция қабылдануының 20 жылдығы, сондай-ақ алда келе жатқан рес­пуб­лика тәуелсіздігінің 20 жылдығы. Ғалымдар осы оқиғалардың рөлі мен маңызына, олардың қо­ғам­дық сана мен адамдардың кө­ңіл-күйіне ықпал етуіне назар ауда­рулары керек. Сол сияқты оларға тиісті қоғамдық мәде­ниеттану­шы­лық, саясаттанушылық және әлеу­меттік-экономикалық баға беруге тиіс. Кеңес қорытындысында Мәу­лен Әшімбаев өкілетті орталық мем­лекеттік органдар мен қоғам­дық-гуманитарлық бағдардағы институттар басшыларына бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. “Егемен-ақпарат”. ҰЛТТЫҚ БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІ мемлекеттік тілді дамытудың негізгі кілті Ақпан айы еліміздің білім саласына қатысты келелі жиындармен, көкейкесті мәселелердің көтерілуімен айшықталып тұр. Алматыда  өткен аптада қазіргі заман оқулығын дайындаудың өзекті мәселелерін көтерген халықаралық жиыннан кейін іле-шала Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев ұлттық білім беру жүйесінде қазақ тілін дамытудың келешегіне қатысты дөңгелек үстел ұйымдастырды. Айнаш ЕСАЛИ. Білім саласының басшысы Жан­сейіт Түймебаев алдымен әң­гімені Жолдаудан бастап, қазақ ті­лі­нің өз құзырындағы мекеме­лер­дегі жағдайына ғана емес, жалпы қоғамдағы ахуалына тоқтала келіп, қазақ тілінің шұрайлылығына қара­мас­тан, кейбір мекемелер мен ұлт­тық компанияларда оның қолдану аясы тарлығын да алға тартты. Осы жиынға ұйытқы болған министрліктің мәліметі бойынша, еліміздің барлық оқу орындарында мемлекеттік тіл оқытылады. Рес­пуб­ликамызда 7576 мектеп болса, оның 5888-інде оқушылар қазақ тілінде білім алып жатыр. Бұл – Қа­зақстандағы мектептердің 78 пайызы. Оған қоса “Мұрагер” көп­тілді мектептер жалпыұлттық желісі кеңеюде. Сол сияқты 33 мектепте дәріс қазақ, орыс және ағылшын тіл­дерінде қатар жүреді. Орыс ті­ліндегі мектептерде қазақ тілін үй­рету үдерісі еуропалық көп деңгейлі жүйеге көшірілген. Осы арада, жалпы орыс тілді мек­тептерде мемлекеттік тілді  мең­геруде ілгерілеу бар екендігін жоққа шығаруға болмайды. Мәселен, қа­зір орыс мектептерінің шәкірттері қазақ тілінің майын тамызып сөйлемесе де, өз замандастарымен жап-жақсы тілдесіп тұрғанына жиі куә бола бастағанымызды неге айтпасқа! “Мұсылман болмақ – әсте-әсте” дегендей, кешегі жүйе­ден кейін сан ұлттан тұратын бүкіл елдің тек мемлекеттік тілде сайрап кетуіне, Елбасы айтқандай, сабыр да керек шығар. Әйтпесе, министр еске салған­дай, әне бір кезеңде, яғни 90-шы жылдары Қазақстанда бар болғаны 2 мың ғана қазақ мектебі болмап па еді?! Сондықтан да аталмыш жиынды ұйымдастыруға Білім және ғылым министрлігі ұйытқы болып жатқаны бекер емес. Ана тілі адам­ға ана сүтімен, отбасынан, қала берді балабақшадан бастап дари­ты­нын әркім біледі. Біз айтып отырған балабақшалар да осы ми­нистрліктің құзырында. Министр Жансейіт Түймебаев өз ойын түйіндегеннен кейін сөз кезегі  Парламент Сенаты мен Мә­жі­ліс депутаттарына, түрлі қоғам­дық ұйымдар мен бұқаралық ақпа­рат құралдары басшыларына, тілге жанашыр белгілі қоғам қайрат­керлері мен ғалымдарға тиді. Жазушы Смағұл Елубай Қа­зақ­станда 1920-30 жылдары орын алған  ашаршылықта қынадай қы­ры­лып, 4 миллионнан астам қа­зақтың құны сұраусыз кеткенін айта келіп, осы саяси сорақы­лық­тар шаң басқан тарихтың қатпар­ла­рында қалып жатқанын  алға тарт­ты. Ол кісінің ойы осы екі ашар­шылық пен Ұлы Отан соғы­сын­да қырылмағанда қазір 40 мил­лионға жетіп, тіліміз де шұбар­лан­бай, отырар ма едік!.. Смағұл Елу­бай осы қасірет жайында мектеп оқулықтарында ақиқаттың жазыл­май­тындығын, бүйте берсек болашақ ұр­пақтың түсінігі қазақ тарихы ту­ралы ұшқары болатын­дығын да еске салды. Сөз алғандар арасында акаде­мик, халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының президенті Өмірзақ Айтбайұлы, сенатор Ғарифолла Есім, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры Шәмша Беркімбаевалар соңғы уақытта ұлттық білім беру жүйесінде жасалынып жатқан тірліктерді де жоққа шығармай, бірақ алдағы уақытта атқарылуы тиісті шараларға қатысты ұсыныс-пікірлерін айтты. Жиында сөз алған “Ұлт тағды­ры” қозғалысының жетекшісі Дос Көшім ұлттық білім беру жүйесінде мем­лекеттік тілді дамыту үшін ұлт жастары бойына ұлттық құнды­лық­тарымызды сіңіру басты назарда болу керектігін тілге тиек етті. “Бабаларымыз жүріп өткен жолдар мен сан тарау тарихымыз – ұрпақ үшін басты құндылық. Ал біздің қазіргі кей жастар кеше ғана болған желтоқсан жаңғырығынан да ха­бар­сыз. Ең болмағанда 16 желтоқсан күні бір де бір оқу орнының бас­шы­сы шәкірттерін алаңға алып кел­іп, желтоқсаншылардың рухына арнап гүл шоқтарын да қоймайды. Ұрпағымыз ата-бабаларының басы­нан өткен тарихтан хабарсыз болса, одан өткен қасірет бар ма” деді ол. Алматы. ТОЛЫМДЫ ТАЛҚЫЛАУ Қақаған қаңтардың қаһарына қарамай, Партиялық бақылау комитетінің мүшелерін қыстың көзі қырауда еліміздің өңірлеріне аттандырғанда “Нұр Отан” партиясының басшылығы мәслихаттар депутаттарының форумы алдында жер-жердегі депутаттық фракциялардың қызметін зерттеуді мақсат тұтқан болатын. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ. “Нұр Отан” ХДП Партиялық бақылау комитетінің кеше Әділет министрлігінің Ситуациялық ор­талығында комитет төрағасы Бо­ран Рахымбековтің төрағалығымен өткізілген отырысында комитет мүшелерінің сол іссапарларының нәтижелері негізінде мәслихаттар депутаттары – “Нұр Отан” пар­тиясы мүшелерінің партия Жар­ғысын, барлық деңгейдегі мәсли­хат­тар депутаттарының фракция­лары туралы ережені орындауы туралы мәселе қаралды. Партиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Оңалбек Сәпиев комитет мүшелерінің ал­дында жан-жақты ақпарат берді. Баяндамада депутаттық фракция­лар қызметін тексеру бойынша жа­салған қорытынды ортаға са­лынды. Нақты жетістіктер мен нақ­ты кемістіктер дәл дерек­термен, қолмен қойғандай айтыл­ды. Парламентаризм институты­ның аға сарапшысы Қ.Жаман­құ­лов елдегі мәслихаттар депутат­тарына жүргізілген сауалдаманың қо­рытындысы жөнінде хабарлама жасады. Оты­рысты Әділет министрлігіндегі Ситуациялық орталығында өткізудің арқасында комитет төрағасы Б.Ғ.Рақымбеков барлық облыстардағы “Нұр Отан” партиясы филиалдары төрағалары­ның бірінші орынбасарларын тікелей әңгімеге тартып, олардың ақпаратын қолма-қол естуге, талқылау барысында туындаған сұрақтарға қол­ма-қол жауап алуға мүмкіндік жасады. “Нұр Отан” партиясы Астана қалалық филиалы төр­ағасының бірінші орынбасары Әміржан Ра­қымжанов өз ақпаратын сол отырыс бары­сында жеткізді. Комитет мүшелері – Мәжіліс Төрағасының орынбасары Сергей Дьяченко, Сенат депу­тат­тары О.Әб­дікәрімов, Қ.Сұлтанов, А.Самақова, “Егемен Қазақстан” республикалық газеті” АҚ пре­зиденті С.Абдрахманов өңірлерге барған іссапарларының нәтиже­сінде депутаттық фракциялардың жұмысындағы оңды өзгерістер мен олқылықтарға жан-жақты талдау жасады. Отырыс қорытындысында қабылданған шешімде партия филиалдарының басшыларына ел Президенті, “Нұр Отан” партия­сының Төр­ағасы Н.Ә.Назар­баевтың партияның кезектен тыс ХІІ съезінде ішкі партиялық тәртіпті арт­тыру, Жарғыны қатаң сақтау, мәслихаттардағы депутат­тық фракциялар қызметін қар­қын­дату бойынша берген тапсырма­ларына сәйкес жұмыс жүргізу жүктелді. “Нұр Отан” ХДП Партиялық бақылау коми­тетінің 2010 жылғы жұмыс жоспары бекітілді. БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҚ – ТҰРАҚТЫЛЫҚ Кеше “Көзқарас” партияаралық және қоғамдық диалог саяси клубының ке­зекті отырысы болып, онда Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүм­кіндіктері” атты халыққа Жолдауының басым бағыттары талқыға түсті. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ. Қоғам үшін ең алдымен сол қоғамда белсене жұмыс атқарып жатқан әртүрлі ұйымдардың өзара үнқатысуы қажет болса, ондай пі­кір­­сайыс алаңы ретінде “Көз­қарас”  пар­тияаралық және қоғам­дық саяси клубы бір жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оның кезекті отырысына 9 партияның Астана қа­лалық  филиалдарының төраға­ла­ры, үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысып, өз ойларын ор­таға салды. Күн тәртібіне қой­ыл­ған ішкі саяси тұрақтылықты ны­ғайтуда үкіметтік емес ұйым­дар­дың және партиялардың рөлі мә­се­лесі төңірегінде біраз пікірлер ай­тылды. Жаңадан сайланған “Нұр Отан” ХДП Астана қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әмірхан Рақымжанов өз баяндамасында осы мәселеге кеңінен тоқталып өтті. Сондай-ақ пікірсайыс бары­сында үлескерлер проблемасы, балабақшалар мен өзге де мәселелер алға тартылды. Бұл жөнінде “Азат” БСДП АҚФ мүшесі Уәли­хан Қайсаров жан-жақты айтып көрсетті. Осының барлығын “Нұр Отан” партиясы тексеруі қажет еді ғой деген ойлар да айтылып қалып жатты. ҚКП АҚФ төрайымы Тоты Елубаева өз партияларының сая­жай тұрғындары мәселесімен ай­налысып жатқандығын айта келіп, елімізде тіркелген көптеген саяси күштер белсенді әрекет етпей жатқандығына қынжылыс білдірді. Осылайша “Ішкі тұрақ­тылықты ны­ғайтудағы үкіметтік емес ұйым­дардың және партия­лардың рөлі” тақырыбында өткен пікірсайыс барысында көптеген ұсыныстар ортаға салынды. Соның нәтиже­сінде “Көзқарас” пар­тияаралық және қоғамдық үн­қатысу саяси клубының ұсы­ным­дары әзірленді. ҮЛЕСТІК ҚҰРЫЛЫСҚА – ҮЛКЕН НАЗАР Сәрсенбі күні Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов пен “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры” АҚ басқарма төрағасы Қайрат Келімбетовтің қатысуымен Үкіметтің дағдарысқа қарсы шараларының аясында аталмыш қор қаржылан­дыратын қаланың үлестік құрылыс нысандарын аяқтау мәселесі жөнінде көшпелі кеңес өтті. Дастан КЕНЖАЛИН. Көшпелі кеңесте қала әкімі мен қор төрағасы “Инфинити”, “Солтүс­тік шұғыласы”, “Есіл”, “Caspіan Pa­lace”, “Астана Жұлдызы”, “Мария”, “Гранитный” тұрғын үй кешендерінің құрылысымен танысып, былтырғы жыл­дың желтоқсан айында пайдала­ну­ға тапсырылған “Әл-Арка” мен “Ақ­жайық” тұрғын үй кешенінде бол­ды. Бұл кешендердің бәрі “Самұрық-Қазына” қорының қаржыландыруы­мен қаладағы үлескерлердің қатысуы­мен салынып жатқан нысандар. Олар­дың құрылысы, кеңесте белгілі болғандай, осы жылдың соңына дейін аяқталып қалуы тиіс. Қазір Астана әкімдігі мен қор осы мақсатта қолдан келген мүмкіндіктің бәрін жасауда. Ал, жалпы алғанда, биыл қор бұдан басқа Астанадағы баспана мәселесін шешу мақсатында қала әкімдігінен 3 965 үлескерлердің қатысуымен са­лынып жатқан 26 тұрғын үй кеше­ніндегі пәтерлерді сатып алуды, құ­рылыс компанияларының өз күштері­мен 1 182 үлескердің қатысуымен тұрғызып жатқан 9 тұрғын үй кешенінің құрылысын аяқтауды және басқа да нысандарды уақытында тап­сыруын межелеп отыр. Қор төра­ға­сының айтуынша, биыл Жылжымай­тын мүлік қоры Астана қаласы бой­ын­ша 10-нан астам нысандардың құ­рылысын аяқтауды жоспарлауда. Сөйтіп, осы жылы жалпы ауданы 353 359 шаршы метр құрайтын 3 439 пәтер пайдалануға берілетін болады. Оның ішінде Жылжымайтын мүлік қоры бойынша 1 754 үлескердің қатысуымен салынып жатқан ауданы 156 867 шаршы метр болатын 1 447 пәтер бар. Осы мақсаттарға өткен жылы Астанадағы үлестік құрылысқа қолдау көрсетуде “Самұрық-Қазына” қоры арқылы 51,4 млрд. теңге, соның ішінде ЕДБ арқылы нысандарды аяқтауға 17,2 млрд. теңге және Жыл­жымайтын мүлік қорынан 34,2 млрд. теңге бағытталды. Жалпы айтқанда, биылғы жылы Астанада 12 933 үлескердің қатысуы­мен салынып жатқан үлестік құрылыс бойынша 61 нысанды аяқтау жоспар­ланып отыр. Өткен жылы 12 574 адамның үлесі бар 62 тұрғын үй кешені тапсырылған болатын.