Жексенбі, 3 маусым 2012 11:52
60-жылдар. Шілденің ми қайнатар жазы. Қызылорда қаласындағы Ескі базар. Үлкен базардың кіре беріс жағындағы шағын алаңқайға жиналған адамдардың күннің ыстығына селт етер түрі жоқ. Ескі қобызды аңырата тартып отырған қарт кісіге қарай ентелей, сығылыса түседі.
– Бұл қобызшы кім? – дейміз біз біледі-ау деген біреулерден.
Жексенбі, 3 маусым 2012 11:52
60-жылдар. Шілденің ми қайнатар жазы. Қызылорда қаласындағы Ескі базар. Үлкен базардың кіре беріс жағындағы шағын алаңқайға жиналған адамдардың күннің ыстығына селт етер түрі жоқ. Ескі қобызды аңырата тартып отырған қарт кісіге қарай ентелей, сығылыса түседі.
– Бұл қобызшы кім? – дейміз біз біледі-ау деген біреулерден.
– Бақсы, – дейді ол.
– Бұл бақсы емес, Соқыр Нышан деген күйші аталарың, – дейді сол сәтте тағы біреу. “Ол кім еді” дегендей біз әлгі кісіге сұраулы жүзбен қараймыз. Ол да соны сезгендей:
– Бұл аталарың әйгілі Қорқыт күйлерінің ең білгірі, — деп бізге бас бармағын көтереді.
Қобызшы шалдың көзі жұмулы. Қыл қобызды сай-сүйегіңді сырқырата сарнатып кеп “Аһ-һ-һ” деп запырандай дем шашқанда, қаумалап тұрған адамдар да бір ырғасып, бір серпіліп қалар еді. Қыл қобыздың шанағынан бірде аққу қиқулап, қанатын баяу серпіп қалықтап тұрып ала ма-ау, енді бірде ботасын іздеп боздаған боз інгеннің даусы шыға ма-ау, болмаса ащы ішекті аспанға тартып сарнатып ит ұли ма-ау, әйтеуір сан түрлі сарнама дыбыстар сай-сүйегіңді сырқырататындай.
Біз кейінірек те қобызшы шалды жиі көріп жүрдік және ол туралы білетініміз де молыға түскендей еді. Бұл былайғы жұрт Соқыр Нышан атап кеткен Ысмайыл Шәменов деген ақсақал екен.
Жақында, Сыр бойындағы басты қала – Қызылордада дарияның қия қапталында Қорқыт бабамызға ескерткіш орнатылып, соның ашылу салтанатына орай жиналған көпшіліктің арасынан бұрын көп жылдар бойы Қазақ радиосының меншікті тілшісі болып істеген Ахат Жанаев ағамызды көріп қалғанымыз бар. Естуімізше, бұл кісі әлгі Соқыр Нышанмен талай-талай табақтас, сырлас-мұңдас болған. Ілгеріректе атақты қобызшының орындауында Қорқыт күйлерін таспаға түсіріп алуға да себепкер болып, басы-қасында жүрген деген әңгімелерден де хабарсыз емеспіз. Сол ағамызбен әлгі салтанатты жиыннан кейін оңаша кездесіп, сұхбаттасудың сәті де түскен болатын. Ағамыз әңгімені былайша бастаған.
– Қобызшы Соқыр Нышанды баяғыдан білуші едім. Жастау күнімізде, сонау соғыс жылдары болар шамасы, КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутат болатын теміржолшы Серғазы Опалхожаев деген ағамызбен көрші тұрдық. Алғаш Соқыр Нышанды сол үйде көрдім. Қобызшының шын аты-жөні Ысмайыл Шаменов екен. Әлгі Серғазы ағамыз оқта-текте бақсылығы мен балгерлігі оған қобызшылық өнері қосылған Соқыр Нышанға бал аштырып тұрады екен. Әрі ру жағынан да ағайын-туыс болған соң үйіне шақырып, қазан көтеріп қазақы дәстүрді де тастай қоймаған адам болатын. Жастау күніміз ғой, көзі мүлде көрмейтін суқараңғы соқыр адамның қобыз тартуы жүріс-тұрысы, әсіресе, балаларды қызықтыратын.
Содан алпысыншы жылдардың ортасында республикалық радиоға тілші болып орналасқан соң-ақ әлгі қобызшы шалды іздестіре бастадым. Бұл кезде ол тоқсанның о жақ, бұ жағына жақындап та қалған кезі ғой. Өмір бар да қаза бар, күндердің күнінде қариямыз жазатайым шоңқиып қалса, талай қазына ішінде кетеді-ау. Қорқыт бабамыздың күйлерін таспаға түсіріп алып, халқымыздың керегіне жаратсақ деген ой мазалап жүрді.
Күндердің күнінде Соқыр Нышанмен кездесудің де сәті түсе кеткені. Әңгімешіл адам екен. Жас күнінде Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Әуезов сияқты дүлдүлдерге әлденеше рет Қорқыт күйлерін тартып бергенін әңгімеледі. Соғыстың алды ма, арты ма, ғұлама ғалым Әлкей Марғұлан ағамыз да Қызылордаға арнайы ат басын бұрып, Қорқыт күйлерін тыңдап, қайран қалып кеткен екен. Ол кезде Қорқыт бабамызды жұрт дінмен байланыстырып, оның атын арнайы ізіне түскен тарихшы-зерттеушілер болмаса атай бермейтін еді ғой. Қазақтың осындай-осындай ығайлары мен сығайларын таң қалдырған қобызшының бойындағы алтын қазынамызды жазып, таспаға түсіріп алмасақ болашақ бізге қарғыс айтып жүрмей ме.
Бұл пікірімді қобызшы Соқыр Нышан да қостаған, құптаған сыңайлы. Бар айтқаны “Әттең азаңғы мезгілде қобыз сарнатқанда аспандағы аққудың өзі кете алмай, тас төбеде қаңқылдап айналып жүретін, “Желмаяның желісіне” басқанда байлауда тұрған інгеніңе дейін боздап қоя беретін жас күнімде кездеспедіңдер-ау. Қайтеміз енді, “ештен кеш жақсы” деген емес пе, бір ескі қобыз табыңдар маған. Күш-қуатымды жинап көрейін” – дегені бар емес пе.
– Ау, қобызшының өз қобызы болмайтын ба еді? – дейміз біз.
– Баяғыда қобыз тартпасам отыра алмайтын және Қорқыттың күйлерін базарға шығып, көпшілікке сарнатпасам арқам тырысып қалатын заманда “Ойбай, бұл ескіліктің сарқыншағы” деп қызыл жағалылар талай-талай табанға салып, керзі етікпен қобызымды тепкіледі емес пе. Содан қайдан келгенін қайдам, екі орыс жігіті:“Ата, мына қобызыңызды сатыңызшы” деп соңымнан қалмағаны тағы бар. Бір жылы үйде отын да жоқ еді, “Сатсам сатайын” деп әлгі ескі, қырық жамау болған қобызымды екі мәшине көмірге сатып жібердім емес пе. Сөйтсек, әлгілер Ленинградтан (Санкт-Петербург) осындай ескілікті заттар жинап жүрген адамдар екен ғой. Содан кейін-ақ қобыз құтаймады ғой. Оның үстіне қарттық та көк желкеге мінді емес пе. Сөйтіңдер, маған ескі қыл қобыз табыңдар. Бойдағы қуатты шақырып көрейік”, – деді қобызшы.
Қобызшы шалдың сілтеуімен облыстың талай жерін шарлаған жайымыз бар. Қырық, қырық бес қылдан ішек тартқан қыл қобыз таптыра қоймады бірақ. Телефонын тауып алып, белгілі фольклорист, марқұм Мардан Байділдаевқа телефон шалайын Алматыға. “Осындай да осындай, Қорқыт күйлерін тартатын мына кәрі құлақ қобызшыдан айырылып қалуымыз мүмкін. Ескі қобыз табыңыз. Сол сіз жақта әртүрлі мұражайлар мен саз орталықтары жетерлік қой. Әйтеуір ескі қылқобыз табылса болғаны” – дедім. Екі күннен кейін Мардан ағамыз телефон шалсын. “Қобыз табылды. Ертеңгі ұшақтан күт” деді. Жазған құлда шаршау бар ма. Ұшақтан ағамызды күтіп алып, тіке Соқыр Нышанның үйіне тарттық. Алдында хабарласқанмын.
Соқыр Нышан қыл қобызды қолына алып, біраз айналдырып отырды да ысқымен саулатып екі-үш тартты, тартты да басын шайқады.
– Шырақтарым-ау, мына қобыздарың жарамайды ғой. Бұл орыстың қобызы көрінеді. Қазақтың кәдімгі қара қобызы табылмады ма? – деп бір қойды. Шал қылт етіп аунап кете ме деп қыпылдап мен отырмын.
– Ақсақал, қолға түскені осы болды. Бұйырған шығар. Осымен амалдап көріңіз, – десіп жатырмыз.
Абыз күйші жөн дегендей басын изеп қойды. Содан соң жөткірініп, қақырынып, түкірініп алған соң: “Бұдан ең болмағанда, оншақты жыл бұрын келгендеріңде де кенже қалмайтын едіңдер-ау” деп тершіген маңдайын сүртті. Сосын қобызды әрлі-берлі зарлата ысқылап отырды да сарнатып бір арнаға түсті де кетті. Мардан ағамыз сәл шыдамсыздау адам еді ғой, иманды болғыр. Сол кісі “Ақсақал, Сіз Қорқыттың күйлеріне әлі бармай жатырсыз. Мынауыңыз Қорқыт емес қой” дегені.
– Әй, шырағым, жанықпай отыр енді,– деді қобызшы қабағын шытып. Содан соң өзімен өзі болып қылқобызды баяу, бабымен жарты сағаттай сарнатып алды-ау шамасы. Біз бұл сарнауларға кейінірек “Соқыр Нышан сарнаулары” деп айдар таққанымызды білемін. Әлден уақытта тоқтады. Шүмектеп аққан терді көлдей орамалмен бір сыпырып шыққанымызда суы сығып алуға келген.
– Ал, шырақтарым, – деді қобызшы шал, – Мединеде Мұхаммед, Түркістанда Қожа Ахмет, Арыстан Баб-Шашты Әзиз, Гайып Ерен Қырық Шілтенді жағалап шықтық. Қорқыттың күйлерін тартуға Алладан ұлықсат болды. – Осыны айтты да “Аһ-һ, Уһ-һ” деп терең ащы үн шығарып, кеуде қуысын босатып алғандай болды.
Содан Қорқыт күйлері сарнап жөнелсін. Бірде сыңсып жоғары өрлейді, бірде сылдырап төмен ылдилайды. Қыл қобыздың ішектерінен зарлы да мұңды, кейде шалқып, кейде қалқыған сиқырлы дыбыстар ақтарылып жатыр. Боздаған түйе… Бұл – “Желмаяның желісі”, аспанға өрлеп асылып қалған қаңқыл …Бұл – “Аққу”, алыстан иіс тартып сай-сүйекті сырқырата сарнаған күй, бұл “Ұшардың ұлуы”. Әне, бауырына басқан баласын “Әуіпбай, әуіпбай” деп жұбатып, иығына асқан иінағаштағы шелегі сылдырап, суатқа құлаған келіншекті көріп тұрғандай боласың. “Баяғыда осы “Ұшардың ұлуын” тартқанда ауылды азан-қазан қылатын едік” дегені де осындайда еске түседі.
Бұл 1975 жыл еді. Соқыр Нышанның тоқсан екіге шыққан жылы екен. Қартайған адам ғой, тартып-тартып келіп тамағын қырнайды, жөтеледі, жөткірінеді, содан соң тағы бір көлдей орамалмен шүмектеп аққан терін құрғатып алып, қобызды одан әрі сарнатады.
Сөйтіп біз осы жолы Соқыр Нышаннан Қорқыттың он екі күйін жазып алдық. Ал бүкіл түркі дүниесінде Қорқыт бабамыздың жиырма шақты ғана күйі сақталғанын ескерсек, мұнымыз шынында ерлікке пара-пар үлкен жұмыс еді. Содан Мардан ағамыз сол жазбаларды М.Әуезов атындағы Тіл және әдебиет институтына тапсырып, сол жерде күйтаспалар қосалқы дыбыстардан тазарған соң нотаға түсірілді ғой. Әртүрлі оркестрлердің репертуарына да сол институттан алынған болар”, деп Ахат ағамыз әңгімесін аяқтаған болатын.
Сөйтіп, сонау бала кезде көрген қобызшы шал туралы көкейде жүрген сұрағыма толымды жауап та алғандай болып едім. Бірақ, мені енді екінші бір мәселе мазалай бастады. Осы таяу жылдары Қорқыт бабамызға байланысты үлкенді-кішілі әлденеше шаралар өтті. Қалам тербеп, туған өлкенің жетістігі-кемістігі туралы жазып жүрген соң бабамыздың үлкен-кішілі той-томалақтарында сол алпысыншы жылдардың өзінде-ақ жарғақ құлағы жастыққа тимей, Қорқыт бабамыздан қалған мұралардың қағазға жазылып, үнтаспаға түсіп қалуына мұрындық болған ағамызды да іздейтініміз орынды ғой. Бірақ, сол шаралардың қай-қайсысында да ол кісіні кездестіре қоймағанымыз өз алдына, тіпті аты да аталмайтын болды. Ал бүгінде Қорқыт бабамыздан диссертация қорғап, алқалы жиындарда ағыла сөйлеп жүрген азаматтар жетерлік. Асылында әр азаматтың еңбегі адал бағаланғанда ғана әділеттілік деген арғымақ жалынан сипатпақ.
Біз Қорқытты да, сол Қорқыт бабамыздың күйлерін кейінгі ұрпаққа қалдырып кеткен қобызшы Молықбай шал мен Соқыр Нышанды да, сондай абыз күйшілердің орындауындағы інжу-маржандардың таспаға түсіп қалуына мұрындық болған жанашыр жандарды да ұмытпауымыз керек.
Құттыбай СыдыҚ,журналист.
Қызылорда облысы.29 сәуір 2001 жыл.