Дүйсенбі, 27 тамыз 2012 16:04
Мен бұл әңгімені бастамас бұрын, оқырмандарды қазір Қостанайда тұратын, 97 жастағы Кәрім ақсақалмен таныстырмақпын. Оның әкесі Дәулет пен Мұқамеджан Қарабайдан туады. Қостанайдан солтүстікке қарай – жүз, Қорған облысының шекарасынан қырық шақырым жерде Введенка деген село бар. Ол Тобыл өзенінің жағасына өткен ғасырдың бас кезінде салынған. Осы жерде Қарабай жары, Қарабай өткелі дейтін жер атаулары бар. Бұл – Қарабайдың қонысы. Сол маңдағы бос жатқан жерлерге орыстар мекен салыпты. Кәрім Дәулетұлы осы Қарабай жарында 1905 жылы дүниеге келген.
Дүйсенбі, 27 тамыз 2012 16:04
Мен бұл әңгімені бастамас бұрын, оқырмандарды қазір Қостанайда тұратын, 97 жастағы Кәрім ақсақалмен таныстырмақпын. Оның әкесі Дәулет пен Мұқамеджан Қарабайдан туады. Қостанайдан солтүстікке қарай – жүз, Қорған облысының шекарасынан қырық шақырым жерде Введенка деген село бар. Ол Тобыл өзенінің жағасына өткен ғасырдың бас кезінде салынған. Осы жерде Қарабай жары, Қарабай өткелі дейтін жер атаулары бар. Бұл – Қарабайдың қонысы. Сол маңдағы бос жатқан жерлерге орыстар мекен салыпты. Кәрім Дәулетұлы осы Қарабай жарында 1905 жылы дүниеге келген.
Бір өкініштісі — кейін оның туған жеріндегі барлық жер-су аттары орысшаға айналып кетті. Тілшілік өмірімде бұл қиырға талай ат басын бұрып жүріп, ырымға бір қазақ атауын кездестірмегенімді білемін. Қазақтар мұнда әжептәуір болса да, Березовая роща, Вороний ляг, т.с. сияқты жер аттарынан көз ашпайсың. Сай-сала, шұқыр-шұқанақтың бәрі осылайша. Бұл қалай, бұл жерлерде қазақтар қоныстанбап па еді десең, естіген жұрт иығын қиқаң еткізетін. Маған оның сырын айтып берген Введенканың екі шалы болды. Бірі қайтыс болып кетті. Тірі жүргені Кәрім ақсақал.
– Неге болмасын. Өзім туып-өскен елім, жерім емес пе? – деп әңгіме бастаған еді ол. – Березовая рощаңыз – Ырысбай сайы, Вороний лягіңіз – Байғозы көлі… Бәрінің де есімі ұмытылды. Бала шағымда көрген Массагет обасы тіпті жермен жексен етілді. Орыстар алтын іздеп, қазып, быт-шытын шығарды, қазір оның төмпешік орны ғана жатыр. Тыңдар құлақ болса, біз тарихты айтудан жалықпаймыз.
…1928 жылы Мұқамеджан Қарабаев қайтыс болғанда, Кәрім 23 жаста екен. Мұқамеджан Кеңарал қорымына жерленеді. Бозбала күнінен Мұқаңның көшірі болған Кәрім көп тарихты кейінгіге жеткізді. Оның қалың дәптер естелігі менің кітап сөремде сақтаулы.
Мұқамеджан Қарабаев кім еді? Бүгінгі жас оқырман оны біле бермеуі мүмкін. Ол – қазақтың ХІХ ғасырдың соңғы жылдары мен ХХ ғасырдың басында еңбек еткен бірен-саран жоғары білімді қазақ дәрігерлерінің бірі. Қазан университетінің медицина факультетін бітірген. 1972 жылы “Қазақстан” баспасы М.Сисекеновтің “Дәрігер Мұқамеджан Қарабаев” атты кітапшасын шығарды. Автордың өзі де белгілі дәрігер еді. Еңбегін нақты деректерге сүйеніп жазған-ды. Қарабаев туралы республика тарихында айтылады, мұражайларда деректер бар. Оның ұрпақтары – немерелері, шөбере-шөпшектері Алматыда, Қостанай облысында тұрады.
Мен де Мұқамеджанның немере інісі Кәрім ақсақал арқылы Қарабаевты жақсы біліп алдым. Көп нәрсеге қанықтым. Бұрыннан түрлі деректерден ғана алған білімім Кәкең айтқан көп әңгімелермен кеңіп, байи түсті. Қалаубек Тұрсынқұловтың “Поляр шеңберінің ар жағында” деген жолсапар кітабын да қызыға оқып шыққанмын. Қалекеңдер ана бір жылдары бір топ қаламгермен Саха елі – Якутияда шығармашылық мақсатында болып қайтқан-ды. Жазушылар ол жақтан Мұқамеджан Қарабаев жөнінде біраз мәліметтер әкеліпті.
Қостанай жерінде Мұқамеджаннан ем қабылдаған адамдар да баршылық еді, біразы ендігі көз жұмды. Жасы сексенге келген Әмина атты апамыз тірі. Мұқаңды ұмытпапты. Бала кезінде қолына қағынды жара шығып, Мұқамеджанға әкесі апарып емдетіп жазыпты. Сонымен, Мұқаңнан бері де 74 жылдың жүзі ауды. Оның көзін көрген Кәрім шал мен осы апамыз ғана қалды. Ал Мұқаң жайлы әңгімелер халық арасында көп айтылады. Мұқамеджан Қарабаев қазақтан шыққан тұңғыш зейнеткер де екен. Оның ел алдындағы қызметін жақсы білген Әліби Жангелдин өзі үкіметке арнаулы хат жазып, зейнетақы төлеуді сұрап, бекіттіріпті. Бұл құжат республика бас мұрағатында сақтаулы.
Қазан университетінің дипломын алып келген Мұқамеджан 1887 жылы қазақ арасында дәрігерлік жұмысын бастайды. 1888 жылы Қостанай қаласында дәрігер болып қызметке орналасады. Ол кезде бұл қалада небәрі төрт орыны бар кішкентай емхана болыпты. Қарабаев тек Николаев (Қостанай) уезі ғана емес, Ырғыз, Шалқар, Арал, Қарабұтақ, Ақтөбе, Түркістан сияқты жерлерге шығып жүреді. Кейіннен Якутия, Орта-Колымаға барып, алапес ауруларының колониясында бірнеше жыл қызмет жасайды. Ол Қазақстанның уездерін жаяу аралап шыққан. Қостанайдан жеті жүз шақырым Қарабұтаққа балалардың жұқпалы ауруын емдеу үшін ат-арбамен іссапарға барғаны жөніндегі оның есеп қағазы сақталған. Ол тек ауру адамдарды емдеп қана қоймапты, науқастың алдын алу шараларын да жүргізген. Аурудың диагнозын белгілеп, тәжірибе арттыру үшін өліктің денесін ашып, сот-медициналық сараптама жұмысын да атқарған. 1911 жылдар шамасында алапес ауруына қарсы күрес жүргізуге оны Якутия, Орта-Колыма жаққа үкімет жіберген. Сол жақтан оны 1916 жылы Петроград шақыртып, Қызыл Крест ұйымына көмекке қосады. Содан Қарабаев елге 1918 жылы қайтып оралады. Қазақстанда денсаулық сақтау жұмыстарына тартылады. Елде дәрігер жетіспегендіктен, оны бір ауданнан екінші ауданға үнемі жұмысқа жіберіп отырады. Мысалы, 1919-1920 жылдары қазіргі Әулиекөл ауданына жіберіледі. Ел арасында көп тараған сүзекпен бірге 1921 жылы күзде Қостанай уезінде оба ауруы бұрқ ете қалады. Бұл кезде Қарабаев Урицкий ауданына жіберіледі. Жасының ұлғайғанына қарамай, ат үстінен түспей, жанын салып еңбек етеді. 1922 жылы Боровской поселкесіне қайта келіп, жұмыс істейді. Сүзек, дизентерия, мерез, безгек, қырқұлақ, түйнеме, шешек ауруларына қарсы қолдан келген жәрдемін аямайды. Мезгілімен жалақы да ала алмай, күнкөрісі де жұтаң, қиыншылық көреді. Соған қарамастан, халық денсаулығы үшін еткен еңбектері ұшан-теңіз. Ол уақытпен санаспай, қай жерде ауру болса, сол жерден табылады екен. Алла-тағала елдің денсаулығын өзіне арнайы тапсырып қойғандай, қалтқысыз қызмет етіпті. Сол үшін де ол елдің құрметіне бөленіпті.
Ағайынды Дәулет пен Мұқамеджанның әкесі Қарабай Текеұлы бай болмаған көрінеді, шамалы, орта шаруалық күнкөрісі болыпты. Ыбырай Алтынсаринмен жақын болған. Оған Мұқамеджанын алып барып, Тройцкідегі гимназияға түсіртеді. Одан Қазан университетіне баруына да Ыбекеңнің септігі тисе керек. Ыбырай ауырып жатқанда Мұқамеджан оған қамқорлық жасап, емдейді. Орманның таза ауасы сауықтырады деп, Ыбырай ағасын Қостанайдан 25 шақырым жердегі жайлауға тынығуға жібертеді. 1889 жылы Ыбекең төсек тартып жатқанда, қырық күн қасында болып, көз жұмғанша күзетіп отырады. Бұл жөнінде Ыбырайдың замандастары жазған естелікте айтылады.
Қарабаевтың елде қаншалықты сыйлы болғаны Кәрім шалдың естелігінен де байқалады. “Бір күні, – дейді ол, — қарлы боранда түнделетіп Сарыкөлге жеттік. Боран ұйтқып, түтеп кеткен. Сенімді ат әйтеуір бір қараға жеткізер деп келеміз. Көк қақпалы үйге маңдай тіреппіз. Есік қақсақ, қызметшісі шығып, бұл үйдің қонақ қабылдамайтынын айтты. “Мұқамеджан Қарабаев келді деп қожайыныңызға айтыңыз”, – дедім мен. Есіктен денесі ауыр, қымбат шапан жамылған мырза шықты. Келе, Мұқамеджан ағамды қос қолдап құшақтап: “Сіз екенсіз ғой, кешіре көріңіз”, – деп жатыр. Ертеңіне де жібермей, қадірлі мейман етіп, баратын жерімізге ұзатып салды”. Мұқамеджанның аты естілген жерде оны бай да, бағлан да тік тұрып қарсы алады.
Мұқамеджан Қазан университетін бітіргеннен кейін, Орынбор қаласындағы ауруханаға қызметке орналасыпты. Жақсы маман ретінде оның аты елге лезде тарайды. Осындағы кадет корпусында сабақ беретін М.Бекчуриннің жалғыз қызы Хадишамен танысып, көңіл қосып, еліне ала кетеді. Хадиша оған Мұқамедкәрім атты ұл тауып береді. Екі-үш жасында осы бала ойнап отырып, тамағына шанышқы кіріп, қайтыс болады. Хадиша ауыл тұрмысына үйренбеген, әрі қайғыдан қан жұтып, Орынборын сағынады. Бірақ Мұқамеджан халқын қимай, елде қалып қояды. Әйтсе де махаббаттары үзілмейді. Екеуі екі жақта жүрсе де, хат арқылы хабарласып тұрады. Хадишасы мұны сүйгені соншалықты, басқаға күйеуге шықпайды. Екеуінің қоштасарда уағдасы болыпты: басымызға қиямет күні туғанда бір-бірімізді іздеп табамыз деген. Сол күн 1928 жылы Мұқамеджанға туғанда, Хадиша құлағына хабар тиісімен дереу келіп жетеді. Айтпақшы, жас сәбилері Мұқамедкәрім қайғылы қазаға ұшырағаннан кейін, інісі Дәулеттің отбасында дүниеге келген нәрестеге Мұқамеджанның өзі Кәрім деп ат қойыпты. Мұхамедкәрімнің орнын толтырсын деген ғой. Бұл 1905 жыл екен. 1928 жылы тағдыр айырған жан жарын іздеп пойызбен Орынбордан шыққан Хадишаны пәуескемен барып Қостанайдан қарсы алатын, одан ауылға жеткізетін де осы Кәрім.
Кәрім айтады: “Есік алдына келіп тоқтадық. Іштен Мұқамеджан ағам шықты. Қаланың зиялылары секілді әдемі киінген, оқымысты, мәдениетті адам ғой. Пәуескенің есігі ашылып, бері көрінген Хадишасының қолынан ұстап, өзі түсіріп алды. Сүйіп, аймалап, айқасқан құшақтарын жаза алмай тұрды. Хадишаның көзіне мөлтілдеген жас үйірілді. Ағайым қалтасынан жібек орамалын алып, оның көзінің жасын сүртті”.
Бір ай шамасында Мұқамеджан қайтыс болады. Содан қырық күннен соң Хадиша да қайғыдан жүдеп қаза табады. Ол сонда сүйіп қосылған қосағына елінен біржола келген екен ғой. Ол жақпен де қоштасып, бекіп келіпті. Уағдаға екеуі де мәрт болған. Хадиша да Мұқамеджанның қасына жерленіпті. Сөйтіп, татар қызы мен қазақ ұлының тағдыры осылайша бірге аяқталған.
Бүкіл кеңестік өкімет кезеңінде Мұқамеджан Қарабаевты қазақтан шыққан тұңғыш жоғары білімді дәрігер деп айтып жүрдік. Ресей оқуын оқып адам болған деп дәріптедік. Қазақта бұған дейін өнер-білім болмағанын көрсету үшін, бізді орыс империясы ғана қатарға қосқан деу үшін де қажеті болған болар. Әйтпесе, бұдан бес жүз жыл бұрын да қазақ Өтейбойдақ дейтін дәрігер-ғалым атамыздың өткенін тарихшылар енді тауып жатыр. Алайда, тұңғыш па, тұңғыш емес пе, Қарабаевтың оған қатысы жоқ. Мәселе – білімін халқының кәдесіне жаратқанында. Заманының қандай екенін біле біліп, оны жақсартуға шама-шарқынша күшін жұмсап, бүкіл ғұмырын осы мақсатқа арнап өтуі оның азаматтық ерлігі болғаны сөзсіз. Ол өле-өлгенше еліне қалтқысыз қызмет етті. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ даласында Мұқамеджандай жоғары білікті дәрігерлер саусақпен санарлықтай болғаны белгілі. Осынысымен де ол ел есінде қалды.
Мұқамеджан атамыздың заманында қадірінің елге артық болғанын дәлелдейтін деректер мен мысалдар көп. Қай жерде де оны қатты құрметтеген. Якутияда бірнеше жыл алапесті емдеп аялдап қалғанында, саха қызына үйленеді. Ол қыз жергілікті бір көсемнің қызы болса керек. Елге ораларда олар Ысмайыл және Тамара атты екі баласын өзімен бірге ала кетуге рұқсатын береді. Қадірлеп шығарып салады. Осы Ысмайылдан (Есіман) оншақты немересі бар. Ысмайыл өткен ғасырдың сексенінші жылдары қайтыс болды. Тамарасы Алматыда бертінде қайтты.
Кеңес өкіметі Мұқамеджанның тұңғыш дәрігердің бірі екенін мойындағанымен, оны лайықтап есте қалдыруға тіпті құнт көрсетпеді. Жаңағы біз жоғарыда әңгіме еткен Кәрім Дәулетұлы құдайдың зарын қылып, жергілікті аудан, облыс басшыларына барып, хабардар еткенмен, оның жанайқайынан де ештеңе шықпай жүрді. Введенка селосындағы бір көшенің аты Мұқамеджанға әрең бұйырды. Селодағы кірпіш зауытына кірпіш жаятын алаң керек болып, оның қасында орналасқан қазақ қорымы трактормен ысырылып тасталатын болады. Бұл қорымда Мұқамеджанның, Дәулеттің әкелері Қарабай жатыр еді. Ата-баба аруағын қалай қорлаймыз, бермейміз деп ел тұрып алды. Оған қарап жатқан өкімет жоқ. Жоғарыдан келісілген рұқсат қағазымыз бар, жиырма бес жылдан кейін қорымдарды бұзуға болады деп, басшылар өзеурейді. Тракторын алып келіп, қорымның шетін сыра бастаған. Жанұшырып Кәрім Дәулетов аудан және облыстық Кеңес атқару комитетіне жетіп, қызыл кеңірдек болған. Тіпті болмаған соң, ғұмыры өтірік айтып көрмеген ақсақал: “Бұл жерде кім жатқанын білесіздер ме? Қазақтың тұңғыш дәрігері Мұқамеджан Қарабаевтің қабірі жатыр. Кәне, бұзып көріңдер, бұздырып көріңдер. Ел-жұрт беттеріңе түкіреді, келешек қарғыс айтады!” – деп зәрелерін алады. Мұқамеджан Қарабаев деген соң, олар да жібіп сала береді. Ендеше, бұл қорымды сақтап қалайық деген шешімге әзер келеді.
Кәрім шал өзі білетін, іште сақтаған құпиясын ешкімге айтпайды. Мұқамеджанның моласы Введенкадан алты-жеті шақырым жерде, Кеңарал деген төбеде жатыр. Мұқамеджанды және Хадишаны осы қорымға өз қолымен қойған. Қарабайдың қабірін сақтап қалу үшін осылайша өтірікке де басты. Кейін өкімет Қарабайдың моласының басын қарайтып, оған Мұқамеджанның есімін жазды.
Алайда, тағы бір қауіптің басы қылтиды. Осыдан бес-алты жыл бұрын Тобыл өзенінің биік жарын су шайып құлай-құлай жарқабақтағы Қарабай моласына тақап жетіп қалды. Кәрімнің айтуынша, әуелде бұл қорым жардан екі жүз метрдей алыста тұрған екен. Тобыл тасыған сайын жар да кеңіп, қабірге бір метрдей қалған. Өкімет адамдарын әкеп көрсетіп, техника ұйымдастырып, Кәрім моланы көшірмекші болады.
Жолым түсіп, Введенкаға бара қалғаным есімде. Ақсақалды іздесем, осылай да осылай, моланы көшіруге кетті деді. Біз қорым басына барғанда, сүйекті саудыратып қазып алып, ақ қапшыққа салып қойған екен. “Қарабай атамның сүйегі! Көргің келсе, көр!”, – деді маған. Ғасырдан астам уақыт сарп болып қалған сүйек. Мұқамеджандай асылды берген адамның қаңқасы қапшықтың жартысына да толмаған. Ұзақ қарадым. Қарабайға селоның екінші жағындағы кейінірек түскен зираттан жаңа қабір қазылып қойылған екен. Соған жерледік. Кейін үстіне төрт құлақты там салынды.
Бұл сырды мен білемін. Кәрім шалдың Алматыда тұратын жалғыз ұлы Жақсылық біледі. Мұқамеджан Қарабаевтың туған немересі – А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде оқытушы болып істейтін, ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты Мұқамеджанов Қосылбай біледі. Кәрім бізді Мұқамеджан Қарабаевтың мәңгі тыныстап жатқан нақты орнын көрсетуге апарған. “Мұқамеджанның есімімен Қарабайдың да сүйегін сақтап қалдым. Алла-тағала мені кешірер. Құдай ақына істедім”, – деді бізге.
Бұл шындықтың артынан ашылатынына, Кәрімнің де күнәсінен арылатынына сенімдімін. Ал сол қорымнан қозыкөш жерде Мұқамеджан зираты бар. Оны Кәрім ақсақалмен бірге жаңағы Жақсылық, Қосылбай үшеумізден басқа ешкім білмейді. Өйткені, бұл жер қалтарыста, оған баратын жол жоқ. Мәшине де жүре алмайды, су орып кеткен сай-сала. Баяғыда мұнда ел отырғаны белгілі. Бүгінде маңында жанды қарға жоқ. Әріректе шөпшілер көрінер, бірақ олардың мұнда шаруасы не?
Тірісінде бұл кісі еліне бұлданбай қызмет қылды. Өлісінде елінің есінде қалғаны болмаса, басында белгісі жоқ. Оның сүйегін Кеңаралға 1928 жылы арулап қойған Кәрім қария биыл тоқсанның жетеуінде. Әйтеуір, ол өзінің ақтық борышын орындап, бізге айтып кеткеніне шүкірлік етер. Біз өзгелерге айтармыз. Биыл Денсаулық жылында Мұқаң атамызды еске алып, тағзым етсек қандай жарасымды болар еді!
Байтұрсын ІЛИЯС,“Егемен Қазақстан”.
ҚОСТАНАЙ.
24 сәуір 2002 жыл.