• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 15 Қаңтар, 2019

Ауыз судың азабын тартқан ауылдар

899 рет
көрсетілді

Облыс орталығынан таяқтас­там жерде, су қоймасының етегін баса қоныстанған Березняковка ауы­лының суға жарымай отыр­ғаны мүлде түсініксіз. Жарты ғасырға жуық уақыт бойы ауыз­суды тасымалдап ішіп отыр. Бөш­кеңді суға толтырып таси қоя­тын көлігің болса бір жөн. Әсі­ресе қарға адым жер ұзап шыға алмайтындарға қатты қиын-ақ. Олар ауыз суды литрлеп сатып алады. 

 

Ақмола облысы тұрғын­дары­ның 85 пайызға жуығы орта­лық­тан­дырылған ауыз сумен қамта­масыз етілген.

– Ауыз сумен қамту мақса­тын­да құрылыс жұмыстары жүр­­гізілуде, – дейді облыстық құ­рылыс басқармасының бас- ­шысы Марат Әубәкіров. Соң­ғы он жыл­да алдыңғы жыл­дар­дағы көр­сет­кіш­термен салыс­­тырғанда бір­шама өсім бар. Нақ­ты айтсақ, 10 пайыз. Осы­ның нә­ти­жесінде сусыз отыр­ған елді ме­кендер саны 7,84 па­йыз­ға ке­міді.

Көкшетау мен Қараөткел өңірі сулы, нулы өлке санатында. Бұлқынып аққан бұлақтары мен өр ылдиын көктей өтіп, шөлір­кеген даланың таңдайына нәр беретін өзені мен көлі қан­­шама. Бірақ соның өзінде маман­дардың айтуына қарағанда, кей жерлерде жерасты су қоры жары­тымсыз екен. Барлау жұ­мыс­тары осыны анықтаған. Әсі­ресе Егіндікөл ауданында жер­ас­ты суларының тапшылығы бай­қалады. Тығырықтан шығу үшін 35 жоба жүзеге асырылуда.

Ауыз су қоры бар деген жер­лердің өзінде ішінара суд­ың сапасыз болуы да алаңда­ту­шылық туғызып отыр.

– Су сапасы дабыл қағарлық деңгейде, – дейді облыстық қо­ғам­­дық денсаулықты қор­ғау де­пар­таментінің басшы­сы Азамат Дүйсенов. – Микро­био­логиялық және са­ни­тарлық-хи­миялық та­залық дең­гейі респуб­ликалық көрсет­кіш­тен көп төмен болып тұр.

Осы орайда, Жарқайың, Жақ­сы аудандары тұрғын­дары­ның 27,3 пайызы сапасыз су ішіп отырса, Шортанды, Астрахан аудандарының тең жартысы дәл осындай күй кешуде. Егіндікөл, Целиноград ау­дандарындағы ауыз су сапасы да дабыл қағар­лық­тай.

      Орын алып отырған ол­қы­­лықтың жай-күйін таратып көрелік. Біріншіден, облыстың  көп өңірінде ауыз су ашық су көздерінен алынуда. Мал суа­рылған, құс ұшып қонған, жиектегі бар қоқысты көктемгі қарғын су өзімен бірге сол жерге құятын болғандықтан, ашық су көздерінде тазалық қайдан болсын?!

Екіншіден, онсыз да өңезденіп жатқан ашық су көздерінен су тартатын құбырлар әбден ескіріп біткен. Жарылғаны былай тұрсын, ұзақ жылдар бойы тазаланбағандықтан, оның өне бойы таттанып шіруге айналған. Су тазалайтын қондырғылардың да жағдайы мәз емес. Құбыр арқылы келген сапасыз суды талапқа сай тазартуға қауметі қаптал жетпейді.

– Көкшетау қаласы, Жақсы ауылы, Белағаш кенті, Астрахан ауданындағы Колутон стансасындағы су тазалайтын құрылғыларды дереу ауыстырып, кешенді шара қолдану керек. Әйтпесе, тұрғындардың денсаулығына зиян, – дейді А.Дүйсенов.

«Алған жердің қары да таусылады» демекші, күні-түні пәленбай текше метр су айдаған соң неше жерден айдыны кең, түбі терең болса да, ашық су көздері мүлдем сарқылмаса да, ойсырай кемиді. Әсіресе, жаздың ыстық айларында. Осы орайда, бұрын күні-түні су үстеп жататын бұлақ көздері бітелгендігін айтуға тиістіміз. Ал су айдынының астын кеңейту, тазалау, жерасты суымен молайту жұмыстары мүлдем жүргізілмейді. Суы ортайған арналар жаз бойы борсып, иістенбек. Оның үстіне жағалаудың бәрін қамыс құрақ басып кеткен. Балдыры қанша?! Осы арада мынандай бір деректі келтіре кетелік, өңірде әр жылдары су тазалайтын 47 блок-модуль орнатылған екен. Бірақ өкінішке қарай осы блок-модульдардың 51 пайызы он жылдан астам уақыт бойы кәдеге жаратылмай отыр. Ал қалғандарының 8-і істен шыққан. Ақкөл ауданындағы Еңбек ауылының, Ерейментау ауданындағы Новомарковка ауылының жанындағы су көздеріндегі блок-модульдар қыруар ақшаға сатып алынып, орналастырылғаннан бері бір күн де пайдаланылмапты. Судай аққан есіл қаражат-ай десеңізші. Белгіленген тәртіпке орай, блок-модульдар берілгеннен кейін бір жыл көлемінде кепілдігі болуы керек екен. Одан былайғы уақытта қызмет көрсету келісім шартына сәйкес пайдаланушы кәсіпорындар модуль-блоктың ақаусыз қызмет етуін қамтамасыз етуге тиісті. Осы орайда, ондай келісім-шарттың жасалмағандығын екпін түсіре айтуға тиістіміз. Коммуналдық қызмет көрсететін кәсіпорын басшыларының айтуына қарағанда, мұндай техникалық қызметті уақтылы атқарып тұру үшін жыл сайын кемінде 7-15 миллион теңге қаражат қажет. Қараусыз қалғандықтан, қауіп те аз емес.

– Санитарлық-техникалық жағдайдың қарай, облыста 159 су құбырының эпидемиологиялық қаупі жоғары болып отыр, – дейді департамент басшысы.

Мамандардың айтуына қарағанда, мұндай су құбырларын мүлде пайдалануға болмайды. Барының өзі бағаланбай отыр. Осы арада тағы бір дерек, 2009 жылы Степняк қаласының іргесіндегі Қарабұлақ ауылындағы және Шортанды ауанындағы Төңкеріс ауылындағы «Даму Азия» банкінің қаржысы есебінен салынған су құбырлары мүлдем пайдалануға берілмеген. Міне, жаны ашымастықтың жойқын мысалы осы арада. 2018 жылы Шортанды, Целиноград, Біржан сал аудандарындағы 16 нысанның санитарлық-эпидемиологиялық тұрғыдан жарамсыздығына орай хаттама толтырылған. Онда олқылықтың орнын толтыру тайға таңба басқандай етіп көрсетілген. Оны айтасыз, 2009 жылдан бері 90 нысан иесіз тұр. Демек, түптеп келгенде халықтың денсаулығына ешкім жауап бермейді деген сөз. Барының бапсыз екендігін жоғарыда айттық. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімдеріне ауыз сумен қамтамасыз ететін нысандарды техникалық тұрғыдан ақаусыз күтіп ұстауына бюджеттен қаржы бөлінбеген.

Тағы бір мәселе, ауыз сумен қамтамасыз ететін нысандарда жұмыс істейтін білікті мамандардың жетіспеушілігі. Бұл стратегиялық маңызды нысандар қатарына жатса да, тек 11-інің ғана әскерилендірілген күзеті бар. Бұл дегеніңіз барлық көлемнің небары 3 пайызы ғана.

Су құбырлары жүйесі уақытында тазаланбайды, дезинфекция жүргізілмейді. Ал бұл жұмысты атқару үшін бері қойғанда 300 миллион теңге қаражат керек екен. Биыл қажет қаржының 30 миллион теңгесі ғана бөлінген. Бұл бүркуге де жетпейді. Су сапасына ұдайы мониторинг жүргізілуі керек еді. Ол да жоқ. Өйткені, бұл жұмысқа 77,5 миллион теңге қажет болса, 2018 жылы 21,3 миллион теңге ғана бөлінген. Осындай олқылықтардың орын алуы себепті, жергілікті жұрт сапасы күмәнді су ішіп отыр.

Ауыз судың құрамында минералды тұздың шамадан тыс көбейіп кетуіне байланысты елде ауру-сырқау көбейген. Жыл сайын үш мыңға жуық осындай оқиға тіркеледі. Облыстағы 30 елді мекен ауыз суды ғұмыры ешкім сапасын тексеріп көрмеген, қолдан қазылған құдықтар мен ұңғымалардан ішіп отыр. Мұндай күмәнді құдықтардың сегізі Астрахан, тоғызы Атбасар ауданында.

Атам қазақ баяғыда-ақ «ауру – астан» деген. Біліп айтқан. Қазір оған қоса судан да болып тұр.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы