Дүйсенбі, 19 қараша 2012 0:49
Шүкір, қазақ жерінде де табиғаттың таңғажайып құбылыстары аз емес. Алайда қанша білеміз дегенімізбен әлі беймәлімдеу, жаратылысы жағынан өзіндік сұлулығы бөлекшелеу тұстары жетіп артылады. Әдетте көзге шетсіз-шексіз далалық аймақ қалыпта елестейтін Арқада да әйгілі Көкшетау мен Ерейментауды, Қарқаралы мен Баянауылды атамағанда көркі тәнті етер оқшау орындар әр қиырынан кездесіп қалады. Сондайда сағым ойнаған жапан түзде кенет көкжиектен көкке көмкерілген әсем дүние алдан шыға келгенде тамсанып-таңырқауда шек болмай жатады-ау, шіркін.
Дүйсенбі, 19 қараша 2012 0:49
Шүкір, қазақ жерінде де табиғаттың таңғажайып құбылыстары аз емес. Алайда қанша білеміз дегенімізбен әлі беймәлімдеу, жаратылысы жағынан өзіндік сұлулығы бөлекшелеу тұстары жетіп артылады. Әдетте көзге шетсіз-шексіз далалық аймақ қалыпта елестейтін Арқада да әйгілі Көкшетау мен Ерейментауды, Қарқаралы мен Баянауылды атамағанда көркі тәнті етер оқшау орындар әр қиырынан кездесіп қалады. Сондайда сағым ойнаған жапан түзде кенет көкжиектен көкке көмкерілген әсем дүние алдан шыға келгенде тамсанып-таңырқауда шек болмай жатады-ау, шіркін. Сағынта көрістіріп, жаныңды жадыратып, көңіл әуеніңді әдемілікке баурап, шарықтатып жіберер мұндай көріністің шөлейт өлкеде ұшырасуы тіпті ғажап әсерге бөлер еді. Міне, Арқа мен Бетпақдаланың түйісер тұсындағы Қарағаш орманының өзгеше бітімі осындай сирек құбылыстардың бірі деуімізге болады.
Жалпы, Қарағаштың табиғи ерекшелігі ертеден назар аудартқан. Өткен ғасыр басында оны жан-жақты зерттеген натуралист-ғалым Я.Парферов: “Егер осы алқапта Қарағаш орманы болмаса, Сарысу өзенін құм басып, бұл жер шөл далаға айналған болар еді”, – деп жазғанындай, ол Сарысумен қатар Есіл, Нұра, Құланөтпес бойын шөлдің жалын атқан лебінен, жел тұрса суырыла тартар құмынан қалқалауға, соған бөгесіндей болу үшін жаратылғандай ма дерсіз. Шынында, әжептәуір ауқымды ораған қалың орман шөлейт шебіне құдіреттің өзі қондыра қойған табиғи қорған ретінде көрінеді. Ал одан бері Арқа баурайына қарай ауа райы да, жер реңі де өзгеріп сала беретінін айтсаңызшы. Сан алуан өсімдіктер дүниесімен көмкерілген кең жазира, Қарағаш орманынан ескен саялы самал тыныс кеңейтеді, тоғай ішінен жан-жаққа тарамданған сансыз бұлақтар далаға нәр жүгіртеді, кенезесі кепкен өзен-жылғалар кемерін толтырады. Айналадағы тіршілік атаулының бар тағдыры осынау орманмен тамырлас екені сезілген сайын оның “өлкенің өкпесі” деп тегіннен-тегін айтылмағанына көз жеткізе түсесің.
Тау-тассыз, топырағы да оншалықты құнарлылау емес, ашық далада жайқалған Қарағаш орманының бөлекше жаратылысы ғылымға қызық құбылыс-ақ дер едік, сондықтан сөз орайында зерттелуі күтіп тұрғандығын айтып өтпеске болмайды. Иә, мұндағы құмдауыт жерге ағаштардың қалайша өсіп-өнетіндігі тек табиғаттың өзіне мәлім жұмбақ, сірә. Қай-қайсысы кездеспейді дейсіз. Кербез қайыңдар, сылаңдаған теректер, көкке шаншылған қарағайлар, бұралған аршалар бір-бірімен қойындасып, аймаласып, құшақ айқастырып иін тіресе қалған. Мына ғажапты қараңызшы! Әлгі жұмбақтың бір сырындай бар жасыл желектің нәр көзі томарлар екен. Алыстан қарағанда түйенің өркешіндей болып шалынатын, түбі тереңдеп жайылған бұл шым төбешіктер ерекшелігі сол, көктемде қар суын бойына молынан сіңіріп, жаздың құрғақшылық кезінде төңірегіндегі ағаштар тамырына ылғал бөлетін көрінеді.
Тәрізді қымыз толған қара саба,
Томарлар бір кез аласа да.
Күмпиіп өн бойына су жинайды,
Қараңыз мына ғажап тамашаға.
Сол суды шоқ-шоқ талға таратады,
Мәрттігі томарларға жарасады, ә.
Күз келгенде бос қалған торсықтай боп,
Жапырайып, жантаяр қара саба, — деп, жаңаарқалық айтулы ақын Еркін Игенберлин жырлағанындай, жапандағы орманға нәр беруші осы томарлар болып табылады. Ылғал көзін табиғи реттеуші осынау өсімдік түрін қорғау қажеттігі туындап отыр қазір. Егер оларды жапырып өтуге, қопарып тастауға тыйым салынбаса, Қарағаш орманының болашағын болжау қиын.
Тоғай ішіндегі ойпаң алаңдар хош иісі бұрқыраған мың бояулы гүл-шөптерден аяқ алып жүргісіз. Долана, қарақат, бүлдірген, итмұрын, жидек жайқалады. Ойда жоқта ұясын байқамай басып кетсеңіз, жабайы аралар төбеден гу ете түседі. Анау бір жылдары Нұра жақта шөп шықпай қалып, үлкендерге ілесе Аймысық, Сұлутерек аталатын қойнауларында омыраудан асар шалғыны бар аумаққа шалғы салысқанымызда, әлгі аралардан біраз азап шеккеніміз орманды аралаған кезде есімізге түсті. Бірақ, енді олар бұрынғыдай емес, азайып қалыпты. Сондай-ақ кезінде еркін жүгіріп-ұшқаны жиі көрінер аң-құстың да сирексігені байқалады.
Табиғатына қоса тамаша жарастысы – Қарағаш орманы ашық аспан астындағы тарихи ескерткіштер орны сияқты әсерге бөлейді. Ол басқа-басқа, Шоқан Уәлихановтың өзін де қызықтырмай қоймаған. Жиһанкез ғалымның жолжазбасында “Қарағаш пен “Жұбан ана” мазарының арасы 27 шақырым”, деп дәл атап көрсетілуіне қарағанда, оның мұнда арнайы соққандығы аңғарылады.
Ұлы саяхатшыны не қызықтырды екен сонда? Бәлкім, ғұндардың қорғанына көз тіккен болар. Кейінде табылған археологиялық заттар бұл жер адамдардың ежелгі мекені екенін дәлелдеді. Орманды жарып өтетін Терісбұтақ өзені жағалауындағы құмқайраңды үрлеп жел ашқанда одан табылған тас құралдар біздің дәуірімізге дейінгі кезеңге жататындығы белгілі болды. Ал орыс археологы А.Козырев 1904 жылы Қарағаш маңынан ғұндардың ақсүйек әйелі атымен бірге көмілген қабірін тапқанын бүгінде біреу білсе, біреу білмес. Одан аршылып алынған алтын әшекей бұйымдар, күмістен құйылған екі басты айдаһар бейнеленген алқа, өкінішке қарай, бүгінде қайда сақталуға қойылғаны белгісіз.
Осыдан он жыл бұрын орман маңынан Андрон мәдениетінің үлгілері және жарыққа шықты. Солтүстікке қаратыла тізерлеп жерленгендер қабірінен табылған алтынмен қапталған сырғалар, білезіктер, қыш ыдыстар Қарағаш тарихы ғасырлар тереңіне ұласатындығына тағы бір айғақ болды. Алайда, зерттеле түссе, талай сыры ашылар бұл жаққа білікті археологтардың соңғы уақыттарда ат ізін салмай жүруі өкінтеді. Тегінде оны біртіндеп біле берудің артықшылығы жоқ қой дейміз.
Енді Қарағаш орманының қазіргі жай-күйіне тоқталсақ, кешегі аумалы-төкпелі күндерде жанашырсыз қалып, аяусыз қолдар кескін-келбетін қатты тырналағанына ішің удай ашиды. Қайда аяқ бассаң, жөн-жосықсыз оталған ағаштардың қуарған түбірлеріне кезігесің. Мұның бәрі төңірегіндегі ауылдар тұрғындарының бұдан жеті жыл бұрын, әсіресе, жас қайыңдарға бүйідей тиіп жаппай отынға қолданулары салдарынан шегілген зардап ізі. Мәселен, орманның түбіндегі Ынталы ауылындағылардың барлығы дерлік сол кезде көмір орнына өскін ағаштарды пешке төпелеп жағуды әдет еткенін қайтерсіз. Бұған қоса қатарынан бес рет қайталанған өрт айлап созылып, біраз бөлігін жалмаса, Жартоғайдағы ағаш шоғыры мүлдем жойылып кетті.
Айтты айтпады, бұл Қарағашқа аса қауіп төнген шақ еді. Міне, осындай сәтте Жаңаарқа мемлекеттік орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесін басқаруға келген Қанат Қойшыбаевтың шұғыл да батыл қимылдары болмаса, оның қандайлық күйінішті күйге ұшырарын кім білсін. Ел “Қарағашты құтқарушы” деп атап кеткен осы азамат ағаштарды отауға тыйым салды, табиғаттың қорғалуына талапты күшейтті, орманшыларды өз міндеттерін мүлтіксіз орындауға қайраттандырды. Мекеме қызметкерлерінің ұзақ уақыт бойы алмаған еңбекақылары, балалар жәрдемақысы төленуіне қол жеткізді. Асар әдісімен орманшылар мекенінде мектеп, монша, кеңсе салдырды. Орманға “Қарағаш мемлекеттік табиғи қорығы” мәртебесі беріліп, ерекше қорғалатын аймаққа жатқызылуы мәселесінің де шешілуі ел ішіне сыйлы, қай ортада да беделі биік, сөзі жерге тасталмайтын осы кісінің іскерлік қызметінің арқасы деуіміз керек.
Иә, бұрынғыға қарағанда Қарағаштың қамқорлық құшағына бөленуі жақсы. Дегенмен, айналасындағы егін егетін, мал бағатын шаруа қожалықтарының салдыр-салақтығы, күзде қаптап кететін аңшылардың немқұрайдылығы салдарынан басты қатер өрт болып отыр. Былтыр Нұра ауданы аумағында тұтанған өрт ай бойы сөндірілмей, ақыры Қарағашқа қауіп төндіргенде инспектор Арал Кәдірсізов бастаған жігіттердің ерлікпен айқасы жаңаарқалықтар есінен кетпес оқиға болды. Егер от орманды шарпыса, апатты ауыздықтау тіпті қиындыққа соғатынын түсінген олар оған қаймықпай қарсы тұрды. Жалын құйынын қайткенде тоқтатуға жан салынған күресте Арал Кәдірсізов ерлікпен қаза тапты. Әріптесі Талғат Оңаевтың денесі қатты күйіп мүгедек болып қалды.
Орманшылар аз ғана топпен өрттің бетін қайтаруға күш салып жатқанда аудандағы 50 өрт сөндіру мекемесінің ешқандай көмегі тимеді. Мұны да былай қойғанда өртті өз күштерімен сөндіргендей болып жоғары жаққа жалған ақпар жөнелтілуін қайтерсіз. Тілсіз жаудың өршімеуіне тосқауыл қою тікелей міндеті саналғанымен, олардың осындай тосын оқиғалардан сыртқары қалып, өзгелерге ысырып тастауы бір бұл емес.
Қынжыларлығы сол, өрт сөндірген орманшылардың ерлігі еленбей келеді. Марқұм Арал Кәдірсізов мемлекеттік марапаттауға ұсынылған болатын. Бірақ, әзірге одан ешқандай хабар жоқ. Мүгедектікке ұшыраған Т.Оңаев болса, тиесілі өтемақыны әлі ала алмай жүр.
– Біздің салаға қатысты мәселелер жеткілікті. Соның ішінде орман қызметкерлерінің еңбекақысы тым төмендігі өкінтеді. Қажетті құралдармен жабдықталу нашар, әсіресе, өртті өршітпей сөндіретін техника жоқтың қасы. Жасыл желек көлемін көбейтуге, жас көшеттер өсіруге мүмкіндігіміз тар. Күні кешегіше орман шаруашылығының қаржы артылса ғана қаржыландырылуы ойдағы біраз істерді қысылмай атқаруға қол қысқалық жасайды.
Аудандағы орман алқабы 15 мың гектардан асады. Тоғайлы жерлер бір-бірінен алыста орналасқан. Аумағы 7 мың гектар Қарағаштың өзі қиян түкпірдегі бір бүйірде. Күзетшілер санының аздығы, көліктің жоқтығы орманды сұқ көздерден сақтауға, өрттің алдын алуға қиындық келтіреді. Бұрын жүргізіліп келген ғылыми-зерттеу жұмыстарының ұмытылғанына да бірнеше жыл. Орман шаруашылығын дамытуға бағытталған іс-шаралардың бәрі қамтылған жобаларға зәруміз. Осы орайда жаңадан қабылданған Орман кодексінде оған жеке тұлғалардың иелік ету формасы қарастырылуы жер көркінің тағдырын не күтіп тұрғандығы ойлантады. Осы саланың жағдайын мемлекеттік тұрғыда талқылап, нақты міндеттер белгілеудің уақыты жетті емес пе, – дейді Қанат Қойшыбаев.
Бұл пікірге құлақ түріліп жатса құба-құп, әрине.
Қарағашты қызғыштай қорғаудың үлгісіндей мына бір жайды жаңаарқалықтардың бәрі біледі, сүйсіне айтады. Ел ішін басқарудағы ақылдылығы мен кемеңгерлігіне орай “жақсылардың соңы – Телқозының Шоңы” атанған Шоң би осы аймақта отыз жыл болыстық құрғанда орманға бейсауат мал-жан жолатқызбапты. ХІХ ғасырдың аяқ шенінде Ресейден жосылған қоныстанушылар бұл жаққа да көз тігеді. Соған байланысты жер бөлу комиссиясы Қарағашқа шықпақ болғанда Шоң би оның маусым айында келуін ыңғайлайды. Өйткені, маса-сонаның қаптайтын кезі осы мезгіл екен. Қайда барса да қара бұлттай төне шүйліккен жәндіктерден әбден мазалары кетіп, азап шеккен комиссия мүшелері Қарағашты қоныстануға лайықсыз жер деп тауып қайтады. Олай болмағанда шағын орманның қазір не күйде болары белгілі.
Жапандағы жалғыз орман – Қарағаш жайлы әңгіме, міне, осындай. Аялы алақанға алынғаны қуантады. Оны көрген адам табиғатына да, тарихына да тәнті болары хақ.
Айқын НЕСІПБАЙ,“Егемен Қазақстан”.
Қарағанды облысы,Жаңаарқа ауданы,Қарағаш қорығы.
26 қараша 2003 жыл.