• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Өнер 17 Қаңтар, 2019

«Құстар әні» «Тотының қоштасуынан» басталған

1846 рет
көрсетілді

Бұл оқиға 1960-шы жылдардың ортасында болған еді. Жамбыл қаласының (ол кезде қаламыз Жамбыл атында болатын) орталық алаңында сол кездің өлше­мімен алғанда өте үлкен зор ғимарат салынып, бітуге таяу болатын. 

Құжаты бойы­нша ол Жамбыл қаласындағы рес­пуб­ликамызға белгілі «Тері өңдеу және аяқ киім фабрикасының» мәдениет үйі болуға тиіс екен. Мәдениет үйін жос­парлап, оның салынуын тікелей өзі қада­ғалап отырған сол кездегі облыстық пар­тия комитетінің бірінші хатшысы Асан­бай Асқаров болса керек. Үлкен залы – 720, кіші залы 150 көрерменге ар­нал­ған бұл сарайды Асанбай Асқаров аға­мыз облыстық қазақ драма театрына беріп жіберген. Ол кезде қазақ драма театры қаламыздың «Көк базар» ата­лып кеткен бөлігіне жақын жердегі пат­шалық Ресей кезінде салынған 160-170 орындық кіш­кентай ғана сахнасы бар кезіндегі «Офицерлер үйінде» орналасқан-ды. Облыс­тық қазақ драма театры жаңа ғимаратқа көшерден жарты жыл бұрын Асан­бай Асқаров ағамыз мәдениет пен­ өнер басшыларының (оның ішінде театр­­дың негізін қалаған Шәріпбай Сәкиев, Мұхамедқали Табанов, әртіс­тер: Тілек Ерғалиев, Алтын Ружева, Гүл­жа­мал Батырғалиева т.б.) басын қо­сып ақылдасқан. Жаңа салынып жат­қан ғимараттың өз ерекшелігін еске­ріп, кейбір техникалық мамандар­ды орталықтан курстардан өткізу, яғни­ жаңа технологиямен жарақтанған ғима­рат­та жұмыс істей алуы үшін оқы­ту­ды ұйымдастырды. Мұнда театр­­дың­ бұрынғы репертуарындағы спек­такль­дердің декорацияларын үлкен сах­наға қайтадан лайықтап, қайтадан жасауды үйренуі шарт еді. Тиісті қаражат мәсе­лесін шешуді де осы курстарда оқыт­қан.

Қойылып отырған мәселенің ең қиы­ны – жаңа театр шымылдығын қан­дай спектакльмен ашу мәселесі болса керек. Әркім өз ойларын, ұсыныстарын біл­діріп жатты. Оның бірін де ұната қоймаған Асекең: «Бұрын еш жерде, еш сахнада қойылмаған, ұжым түгел қатыса алатын ірі полотно болсын! Іздеңдер!» − деп тапсырма берген.

Ұзақ ізденістен соң театр басшыла­ры драматург Ш.Хұсайыновтың әлі еш жерде сахналанбаған «Тоты-Та­мил­ла» атты музыкалық драмасына тоқ­таған. Спектакльдің қоюшы режис­сері, театрымыздың сол кездегі бас ре­жиссері Рашида Шарафутдинова, суретшісі – театрдың бас суретшісі Григорий Белолипецкий, музыкасын жазған Нұрғиса Тілендиев болатын. Күн сайынғы репетиция алдында, театрдың кіші залына қойылған жалғыз пианиномен Нұрғиса ағамыз музыкалық репетиция жасайды. Әртістер тарапынан кеткен кемшіліктерді кешіре алмай, орнынан атып тұрып, қасымызға жетіп келген кезінде, өзімізді қоярға жер таппайтынбыз деп жанында бірге болғандар жиі айтушы еді.

Мен спектакльдердің көпшілік сахнасына қатысып жүріп, 1967 жылдың басында осы театрға актер болып орналастым.

«Тоты-Тамилла» спектаклі көрермен­дердің сүйіп көретін, музыкалық, биі мен әні де жетерлік қойылым болды. Жаңадан жарқыратып тіккен қызылды-жасылды киімдерімен, сығандардың қызуқанды билерімен көрермендердің делебесін қоздырып, есін шығаратын.

Ондағы оқиға XX ғасырдың басында қазақ даласында өтеді. Жайлауға шы­ғып қоныстанған дәулетті кісінің же­ріне жақын сығандар ауылы қыста уақытша жайғасады. Арбаларын жөн­деп, аттарының белін суытып жүрген сығандар арасындағы Тамилла деген сұлу қыз қазақ жігіттерінің де көзі­­нің құртына айналады. Қыз сыған баро­нының сүйіктісі болып шығады. Оны көрген ауыл адамдары қыздың түр-түсі сығандардан өзгешелеу екенін аңғарып, осы­дан біраз жыл бұрын осы ауылдың жоғал­ған Тоты деген төрт-бес жасар қы­зын еске алады. Із-түссіз жоғалған қыз­дың атастырылып қойған жері, қа­лың малына дейін төлеп қойғаны да есте­ріне түседі. Бұл жағдай қазақтар мен сыған­дар арасында дау-дамай туғызады.

Бойжеткен Тамилланың қазақ қызы Тоты екені анықталып, таңдауды Тоты-Тамил­ланың өзіне қалдырады. Сонда қыз: «есімді білер-білместен бергі ғұмы­рым сығандар арасында өтіп келеді. Әкем бір сығанды бетіме келтірген емес. Есіме еміс-еміс әлденелер балалық шағымнан түскенімен, мына сыған әкем мен анамның мейірімі ұмыттырып жіберуші еді», – деп елімен, жерімен қоштасып сығандармен кете барады. Елімен қоштасарда Тоты-Тамилла «Тотының қоштасуы» деп аталатын әнді орындады. Бұл ән кейіннен «Құстар  әні» атымен бәрімізге белгілі болды. Көңілі ояу, көзі қарақты оқыр­ман пьесаның маз­­мұны мен мына ән­нің мәтінінің қаншалықты қабысып, жым­дасып кеткенін байқар. Енді әр қазақ жақсы білетін бұл әннің мәтініне зер салайық:

− Жаз өмірін наз өмірін қысқартып,

Бара жатыр, бара жатыр

құс қайтып.

Зымырайды менің бала кезімдей,

Бір жалт етіп өте шыққан,

өте шыққан сезімдей.

 

Құстар, құстар сызылтып ән салады,

Сол әнімен тербетеді даланы.

Ал адамдар күліп бастап өмірді,

Кетерінде жылай да алмай,

жылай да алмай қалады.

 

Біздің жаққа бауыр басып кеткен бе,

Тамаша әнмен келіп еді көктемде.

Өскен жерге сыймай кетіп барады,

Туған жерін қимай кетіп,

қимай кетіп барады.

Дәл қай жылы екені есімде қалмапты, шамасы 2003-2004 жылдардың бірі бо­луы керек. Сол кезде «Балдырған» жур­­­­­­на­­лының бас редакторы болған Тұман­бай Молдағалиев ағамыз журнал­дың таралымы турасында Тараз қаласына келді. Ұмытпасам, соның алдында ғана ағамыз жетпіс жасқа толған. Өзім облыс­тық мәдениет басқармасының бас­шы­сы болғандықтан, қызмет бабына байланысты ол кісіні қарсы алғандардың бірі болдым. Дастарқан басындағы бір оңа­шада «Құстар әнінің» тарихы туралы сұрадым. Ол кісі күлімсірей қарап:

− Е-е! Нұрғиса бауырымыз құйын еді ғой! Осындай да осындай пьеса қойыл­мақшы. Мазмұны мынандай, тез сөзін жазып бер деді. Айтуына байланысты түсінгенімді жазып бердім. Артынша пьесаны тауып алып оқысам, лағып кетіппін. Қайта жаздым, – деді.

Бүгінгі күні сол спектакльге қатыс­қан­­дар­дан санаулы ғана әртістер қал­дық: Тоты-Тамилланың рөлін ойнап,­ «Тотының қоштасуы» (қазіргі «Құс­тар әні») әнін тұңғыш рет орындаған Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі Гүлбаршын Өскенбаева, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі Әтіркүл Дүйсе­кенова, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нурсипат Салықовалар бар. Бұл спектакльдің музыкалық партитурасы театр музейінде сақтаулы.

Анда-санда болса да Алматыдағы Панфилов атындағы паркте тырнаны қуалап жүрген қарғалар туралы әңгімені құлағымыз шалып қалатын. Онша мән бере қоймаушы едім. «Егемен Қазақстан» газетіндегі (26 қыркүйек 2018 ж.) Айнаш Есали деген журналистің «Бір суреттің сыры» айдарымен берілген «Дирижердің бақытты сәті» атты мақаласын оқыған соң, өзім куә болған бұл жайды айтпасам болмағандай. Бұл ән туралы кімнің тағы қандай уәжі барынан бейхабармын,  менің куә болған жағдайым осындай, ағайын!

 

Әлібек ӘМЗЕҰЛЫ,

Мәдениет қайраткері