Дүйсенбі, 24 желтоқсан 2012 0:56
Қазақ жасы үлкеннің сөзіне ұйыған халық. Соның ішінде еліне сүйеу болатын перзент сыйлаған аналарды, аталарды айрықша ардақтаған халық. “Ердің анасы – елдің анасы” деген сөз сондайдан айтылған. Ұлтымыз үкілеп ұстайтын ұлдың бірі – Бекболат Тілеухан. Біз газет тілшісіне Бекболаттың анасымен әңгімелесуді тапсырғанда атақ-абыройдан кенде емес Бекболатты тағы бір көтермелеп қоюды мақсат тұтқан жоқпыз. Әйгілі әншінің көп балалы отбасынан өсіп-өнгенін ескеріп, Бекболаттың анасы ұрпақ тәрбиесі, халқымыздың келешегі туралы ой толғаса дедік. Ойлағанымыз орындалғандай.
Дүйсенбі, 24 желтоқсан 2012 0:56
Қазақ жасы үлкеннің сөзіне ұйыған халық. Соның ішінде еліне сүйеу болатын перзент сыйлаған аналарды, аталарды айрықша ардақтаған халық. “Ердің анасы – елдің анасы” деген сөз сондайдан айтылған. Ұлтымыз үкілеп ұстайтын ұлдың бірі – Бекболат Тілеухан. Біз газет тілшісіне Бекболаттың анасымен әңгімелесуді тапсырғанда атақ-абыройдан кенде емес Бекболатты тағы бір көтермелеп қоюды мақсат тұтқан жоқпыз. Әйгілі әншінің көп балалы отбасынан өсіп-өнгенін ескеріп, Бекболаттың анасы ұрпақ тәрбиесі, халқымыздың келешегі туралы ой толғаса дедік. Ойлағанымыз орындалғандай. Бұл әңгімені бір кісінің жеке пікірі деп қараудың тіпті де жөні келмейді. Елбасымыз халқымыздың санын көбейтуді мемлекеттік саясаттың маңызды мәселесі ретінде міндет етіп қойып отырған қазіргідей тұста бұл сөзді қадірменді қарияларымыздың орта буынға, жастарға айтар ортақ сөзіндей қабыл алғайсыз, қадірменді оқырман!
Ананың дидарын-ай, шіркін! Жадырап нұрланса жаныңа жылу дарып, өн бойыңды шуақ жылатады. Әжім қатпары көбейіп, қатуланса сезімі бар жүрек: “Айыбым, қане! Кем-кетік сөзім неде? Перзенттік парыздан, ұрпақтық қарыздан жаңылдым ба?” деп дір етеді. Аңғармағанға бәрібір – жол жорға жүріс.
Қарағанды облысының Жаңаарқа өңірінен келген ұлылардың өрнегін бұзбай, өміршең қазақ өнерін өрістетіп келе жатқандардың бірі де бірегейі, аузын ашса жез таңдайынан күміс әуен төгілген, қобыз ұстаса ол қоңыр үнімен жарасым тауып кететін тума талант, тұғыры биік, арқалы азамат, қарғадайынан қаршығадай болып қос қанатын тең қаққан, топшысы бекіп, топты жарып шыққаннан кейінгі атақ-лауазымын тізсең біраз жерге баратын, ұлттың ұлы, ұрпаққа үлгі, сегіз қырлы, бір сырлы Бекболат Тілеуханның анасы Айнагүлмен әңгіме-дүкен құрып отырғанда қара сөздің хас шебері Ғабит Мүсіреповтің “Ана туралы аңыздарындағы” аналар бейнесі көз алдыңнан өтеді. Өтіп қана қоймайды, олар: “Жер үстінде адам баласы болудан қасиетті не бар дейсің. Тек қандай адамның баласы болу керек, соны айт. Бұған қосатын бір сөз – адамды езетін адамның баласы болма, адамды езетін адамды адамға да санама” дейді.
Айнагүл ананың сөзіне ұйып, ұлы қаламгердің ұлы шығармаларының желісі ойдан кетпей отырғанда ол кісінің:
– Әй, қарағым, бір әулетке тұтқа, бір елге бас болған аналар аз ба қазақта,– деген дауысы түз қыранындай саңқ ете қалады.– Ана болып жаралған соң артыңа ұрпақ қалдырмасаң өмірің өмір емес– көктемде қауыз жарып, жаз ортасына жетпей жайрап қалатын, уақытша көз алдайтын қысқа ғұмыр гүлмен тең. Бейнетке етің ауырмақ түгіл, жайнап түсетін жастығың – көріктің желіне, шоқтың қызылына піспеген жасық, боркемік бос өткен күңгірт тірлік. Осы күні кейбір келіндер бала деп өбектейді, бір-екі баланы үлпілдеткен болады. Басынан құс ұшырғысы келмейді, дұрыс-ақ. Бірақ сол үкідей үлпілдетіп отырған бір-екі баланың арты-алдындағы бейкүнә шараналар көктей солып, пышақтың ұшында туралып кетіп жатқанын қайтерсің. Осы менің жанымды жегі құрттай жейді. Жұрт мені Бекболаттың анасы дейді. Болашақ бекболаттардың жатырды жарып шықпай, қуысында құрдымға кетіп жатқаны төбе шашымды тік тұрғызады. Кәрі жүрегіме инедей қадалады, қарағым! Дүниеде баладан артық не нығмет болуы мүмкін. Осы күні мәшине алып той жаса, үй алып той жаса, жұмысқа тұрып той жаса – Құдай кешірсін, әй, осы да той ма екен? Тойдың үлкені ұрпақ тойы, сәби тойы, сүндет тойы емес пе? Артық кетсем Алла кешірсін, айналайын, үй мен мәшинең бір апаттық. Мәңгілігің – ұрпағың. Анаға өмірге ұрпақ әкелгеннен артық не бар, мен өзімнен кейінгіге осыны өсиет етумен келемін. Қарғыстың жаманы: “тұқымың тұздай құрысын”. Өрісіңді кеңейтетін ондаған ажары ашық, алтындай ұл, қонысыңды көбейтетін күмістей қыз өсірмей, бір-екі баланы алақанда ұстап, жиған дәулетіңнің пайдасы шамалы. Оның опа беруі де екіталай. Осы жерде мен өз сөзімнен гөрі бабалардан қалған аталы сөзді келтіре кетсем деп едім:
“Он ұлы бардың
хан ордасынан несі кем?
Тоғыз ұлы бардың төреден
несі кем?
Сегіз ұлы бардың
сұлтаннан несі кем?
Жеті ұлы бардың желі
оңынан соқпай ма?
Алты ұлы бардың арманы
бар ма?
Бес ұлы бардың
сөзінің жалғаны бар ма?
Төрт ұлы бардың теңдік
алмай қалғаны бар ма?
Үш ұлы бардың
алым-берім әлі бар,
өкпе-бауыр жалы бар.
Екі ұлы бардың шақ-шақ
қана әлі бар
Жалғыз ұлы бардың
шығар-шықпас жаны бар,
Ұлы жоқтың тірлігінің
қандай сәні бар?!”
Шешейдің сөзін тыңдаған адам Бекболаттағы шешендік қайдан келіп жатқанын ұққандай болады. Әңгімесін тыңдай бергің келеді. Сұрақтарымызды да ірікпей қойып отырдық.
– Мұның бәрі заманның жаңарып, уақыттың өзгеруінен, қиындықтың да аз болмай тұрғанынан болар.
– “Тәуба қылсаң маған, тағы берем саған” деген Аллаға тәубе келтіріп, шүкірлік етсең пендесін құры тастамаған. Заман дейсің. Қиындық дейсің. Бұл екеуі де ойыншықтай ойнатар адамның қолындағы нәрсе. Біз қиындық көрмеді деп саған кім айтты? Алланың көрсеткен нығметіне қиналдым деу күпірлік болады. Ішерге тамақ таппай аштықтан баудай түсіп қырылғанда да қазақтың тәубесінен жаңылмағанын көргенбіз. Одан кейін қырын келген қырғын соғыс тұсында да үміт үзіп, үріккен қойдай болмай, ертеңіне ұмтылып, барға қанағат қылған халық едік қой. Ол кездегі біздің ой-санамыз мүлдем бөлек болатын. Отан дедік, ел дедік, атақоныс жер дедік. Отын алып, шөп шауып, егін орып жүріп бала тусақ, Құдай берді деп етекке салдық. Қулық қылмадық, айла жасамадық, туа бердік. Бұл жағынан келгенде ел алдында да, ұрпақ алдында да біздің арымыз таза. Үй сұрамадық, күй таңдамадық. Құдайдың құлы, Мұхаммедтің үмбеті дегенге ұйыдық. Дүние қумадық, сән-салтанат іздемедік, демалыстың не екенін ойлап та қоймадық. Қайтсек артта із қалады, ұрпақ қалады дедік. Ол кезде баладан бас тарту деген ныспы ғой. Қарағым-ау, заманның иесі адам емес пе? Оның алдында бейшара болу қасірет қой. Қасіретке басыбайлы бағыну құрдымға кету. Біздің де заманның өз қиындығы болған. Уақыт дейсің. Қиындықтың көкесі соғыс деген сұмдықта адамға адамның кезеріп тұрып оқ атуынан, әйелдің жесір, баланың жетім қалуынан, қасірет-қайғы арқалаған қара қағаз келіп, арысынан айрылғандарды, жарынан көз жазғандарды көруден асқан қиындық бар ма? Сонда да солар рухын өлтіріп, өмірден түңілмеді, баз кешпеді. Енді мен кімге керекпін демей, көзінің жасын төгіп жүріп, қара жұмыстан қол үзбеді. Е-е, біз сондай заманды да бастан өткердік. Сөйтіп жүріп, Құдай қосқан қосағым, елу жылдай отасқан Кәкеңнен он төрт құрсақ көтердім. Төртеуі жер құшағында, алты ұл, төрт қыз өз құшағымда еді. Тұяғы бүтін тұлпар, қанаты бүтін сұңқар қайда бар, шырағым! Бекболаттың өзіне тете ағасы Бекзатым 22 жасында мәшине апатынан қайтыс болды. Аһ ұрып, аналық жүрегім қарс айырылды. Көзімді жас торлап, көңілімді шер кернеді. Бірақ “Өмірін берген Құдайым, ажалын да беріпті, тағдырына тәбдил жоқ, тәубе қылсақ керек-ті” деп Абай данышпан айтқандай Құдай берсе қуанып, өзі алса қайтып қарсылық көрсетерсің. Тәубеме келіп, Аллаға шүкірлік етіп, қалғандарының амандығын, береке-бірлігін тілеп, еңсе тіктедім. Құдай ісінің бұруы жоқ қой. Оны көтермейтін менде не құдірет бар. Ел аман, жұрт тыныш, бейбіт тірлік болса, қалғанының бәрі біртіндеп орнына келеді екен.
– “Ерін сыйлаған есікте қалмайды” деген бар халқымызда. Кәкең деп қадір тұтқан Қанай әкемізді ауыздан тастамайсыз. Соған қарағанда жаныңызға ерекше жақын болған-ау…
– О не дегенің, қалқам. Иманы саламат болғыр Кәкең – ағынан жарылған асыл жарым еді ғой. 1932 жылғы алапат аштықта алты баладан жалғыз аман қалған асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы болатын. Менен сегіз жас үлкендігі бар еді. Соғыстан жаралы болып оралған. Үлкендердің дегеніне көніп, он жетіге жаңа шыққан шағымда бір деп білегінен, екі деп етегінен ұстап, Кәкеңе тұрмысқа шықтым. Аллаға шүкір, мың бір тәубе. Жаман болғамыз жоқ. Ұл-қыз өсірдік. Қазір келіндеріме, қыздарыма: “Ой, үпілмәліктер өңкей!” деп қоямын, әзіл-шыны аралас. Біз босана салып, қайратқа мініп, еңбекке араласып кетуші едік. Ол да бір от шашып, мұз бүріккен кезең екен ғой.
Осы күні жер басып жүрген, пәни дүниеден бақи дүниеге кеткен менің замандастарым өмірге ұрпақ әкелуден Алла алдында күнәсіз. Кәкең зейнетке шыққанға дейін аудан көлемінде прокурор, райсполком, потребсоюз, тағы басқа біраз лауазымды қызметтер істеді. Өкімет жұмысына шын берілген, біреудің ала жібін аттамайтын, заңды қия баспайтын, тек әділдікті ғана пір тұтқан өте адал адам еді. Үй тірлігі менің мойнымда болды. Балалар өсе бастағанда қоржын үй тарлық етті. Кеңейтуге ұмтылсам: “Мені бір пәлеге ұшыратасың”,– деп азар да безер болатын. Оның сөзіне құлақ қойғанмен айналама қарасам, әсіресе неміс көршілердің ірімшіктей үй-жайлары көздің жауын алады. Олар солай еңбек етіп жатқанда мен қалай қол қусырып қарап отырамын. Жатқан жері жаннат болғыр енемді әпке деуші едім. Ол кісі мені қолдайды, екі білекті түріп, іске кірісемін.
Туыстарды, қайындарды әкелеп-көкелеп жұмысқа жұмылдырамын. Сөйтіп, бітірген үйім бір-екі жылдан соң, тағы тарлық етеді. Себебі, балалар өсіп келеді. Ескі әдетіме басып үй салуды бастаймын. Кейде аяғымның ауырлығына қарамай балақты түріп жіберіп, балшық илейтінімді қайтерсің. Мұндайда шаршау жайына қалып, жадырап кетемін. Шайға бір қанып алсам, сергіп шыға келемін. Әйесі (балалары Кәкеңді әйем деуші еді. Мен де көбіне солай атап, әйесі дейтінмін) енеме естіртпей күйіп-жанады. Мен ер адамның ана сыйлау үлгісін Кәкеңнен көріп, тәнті болдым. Дүние күйіп кетсе де ол анасының бетіне жел болып тимейтін. Айтқанын екі етпей орындайтын. Жеңеше деуші еді шешесін, марқұм. “Жеңешемнің сөзінде қапы болушы ма еді!” деп отыратын.
Оның үстіне әпкем де өмірдің өткелдерін көп көрген, содан түйгені мол, әр сөзін, ісін таразы басында теңшеп, темірден түйін түйгендей екшеп отыратын. Жүзіне иман үйірілген, ақылына парасаты сай адам еді. Бізді кісілікке, имандылыққа үйреткен сол енем. Әр баламды туған сайын: “Балам, Құдай береді. Әр баланың өз несібесі бар, бір тоқтыға құдай бір түп жусанды артық жаратады”,– дейтін. Өзге елде осындай сөз бар ма, жоқ па білмеймін, мен үшін осы ұлы ұғым болды. Намазын қаза жібермейтін тақуа болатын. Мені де 27 жасымда намазға жыққан сол кісі еді. Жақсы ене туған анадан кем болған ба?! Зердесінде бар келінді келсап емес, келін ететін сол ене ғой. Анасының ықпалы, өзге де санасы сәуле шашқан жандардың әсері болар, Кәкең имандылық жолға ерте түсті.
– Сонда қылышынан қан тамған Сталин заманында намазға жығылып, құдайға құлшылық еткен бе?
– Иә, қалқам. Ниетіңді түзеп, құбылаға бет қойсаң еш құдірет тосқауыл бола алмайды екен.
Кәкең сырт көзге мінезі жұмсақ, біртоға момын көрінгенмен, намаз оқып, имандылық жолға ден қойғанда ешкімге дес бермеді. Соңына аңду да салды. Партбюро талқысын да көрді. Иі қанбапты, илеп иін қандырамыз дегендер де жыртылып айрылды. Оларға Кәкеңнің бар берген “жауабы” – басын изеу. Бірақ намазын тастамады. Дінге ұюына мына бір жағдай да себеп болды-ау. Талдыбұлақта Жұмаш деген бірадар құдасы тұратын. Елуінші жылдардың басында отағасы сол үйге барып қонақ болады. Сұрқай саясат, қилы кезеңдер қанша жерден қырына алса да Құдайға сеніп, имандылықтан танбаған әлгі кісі тереңнен әңгіме қозғап, тебінгісі терге малшынғандарға: “Кімде кім осы жаһил кезде, кәпір заманда намаз оқыса, екі дүниеде де нығметке кенеледі”, депті. Сол сөз қамшы болып, ол кешкі құтпан намазын бірге оқыпты. Қырық жыл ішінде көзге шыққан “сүйелдей” болса да бұл фәни дүниеден бақи дүниеге озғанша ол аузынан Алласын, бес уақыт намазын қаза етпеді. Содан да шығар артының берекелі болғаны. Тоғыз бала қазір – тоғыз үй, тоғыз – Отан. Құдай көп көрмесін, олардан тараған немере-шөберелер де баршылық.
Он төрт баланың көбінің атын Құран ашқызып қойдық. Кейінгілерін уақытқа қарай икемдедік. Жалпы, мен балаларымды құлша жұмсадым. Қазір бише бақылап отырмын. Тату жүріңдер, кішің үлкеніңді сыйла, үлкенің кішіңе қамқор бол дейім. Олар оны бұрын да, қазір де бұлжытпай орындап келеді. Тұңғышымыз Мұхамеджан бұрынғы-соңғының жолымен енеме тән болып өсті. Әлі де сол анасының баласымын дейді. Жастайынан өнер қуды, әкесі де құрқол емес еді. Кәкең соңына түспесе де ән айтып, күй тартатын. Сол төлбасымыз алғаш әкесінен Тоқаның “Төрт толғауын”, “Бозайғырын” үйренді. Бертін келе Тоқа, Дайрабайдан бастап Арқа, өзге де өңір күйлерін түгелге жуық меңгерді. Меңгеріп қана қоймай, тыңдар құлаққа жеткізіп келеді. Рамазаным генерал, Қарағанды облыстық қаржы полициясын басқарады. Бәтима, Әбсәмәт, Қадиша, егізім Айман, Шолпан, Бексамат – бәрі де өздеріне тиесілі жұмыста. Ал Бекболатым ұлтының ұлы болып жүр ғой. Оны қазір менен гөрі сендер жақсы білесіңдер.
– Ұлтының ұлы болған сол Бекболатыңыз сүт кенжеңіз көрінеді.
– Иә, қалқам, бойды балап, әкесі пәлен, өзім түген жасқа келдім демей, Алла берген перзенттің бәрін жарық дүниеге әкелдім. Бекболат әкесі елуді еңсергенде өмірге келді. Елу бес жасында зейнеткерлікке шығып кенжесі қолына еркін тиді. Еске салдым-ау шамасы, отағасының өнерлі болғанын. Ол айтатын қисса, жыр-дастандарда есеп жоқ-тын. “Cал-сал”, “Зарқұм”, “Дәриға қыз”, “Еңлік-Кебек”, “Қалқаман-Мамыр”, “Батыр Баян”, “Наурызбай”, “Қаншайым”, тағы тағылар. Е, “Сәтбек батыр” да бар. Әндетіп бәрін жатқа айтатын. Сол асыл мұраларды уызында қанып естіген осы ұлы болды. Бекболатқа күй шалдырып, ән айтқызып қана қоймай, намазға да баулыды. Айтпақшы, арабша жазуды да ол әкесінен үйренді. Тақыр жерге шөп шықпайды. Құлазыған қу далаға ел тұрмайды. Су мен ну ғой ел мен жердің көркі. Бекболаттың нағашы жұрты да шетінен өнерлі еді. Олардың бәрін бұл арада тізбелемей-ақ қояйын.
Осы күні таныс-біліс адамдар: “Бекболатты әншілікке арнайы тәрбиеледіңіздер ме?” дейді. Шыны керек, ұлымыздың әртіс болғанын қалай қоймадық. Ескінің адамымыз ғой. Түсінбеген шығармыз. Әсіресе, әкесі балаларының өз жолын қуғанын ойлады. Алты-жеті жасынан ән айтып, күй тартқан Бекболатты көрген жұрт: “Бұл балаңыз әртіс болады” десе, “Құдай сақтасын, әртісі несі, беті аулақ”, дейтін әкесі. “Әртіс десе жаныңыз түршігеді, сонда өзіңіз жақсы көретін Манарбек, Жүсіпбек, Ғарифолла, Қайрат, Жәнібегің – бәрі әртіс емес пе?” дегендерге: “Олар әртіс емес, әнші ғой”, деп отыратын. Ақын Кәкімбек Салықовқа деген ілтипаты бөлек еді.
Бекболаттың тұнып тұрған өнеріне қарамай, біздің сөзді жықпай, алғаш Алматыдағы политехникалық институтқа барып жүргені де содан. Шыр етіп жерге түскенде пешенесіне жазылған өнер жолына ол кейін түсті. Шүкір, онысы жаман болған жоқ. Құдай беріп, дүниеге мен әкелгенмен, осы күні халқының баласы болды. Елі сыйлап, айтқан әніне жұрты толғанып жатады. Ана үшін бұдан асқан бақыт, сірә, жоқ та шығар-ау! “Құлдыраңдаған қарлығаш қанат, құлыным!” деп қоям кейде іштей ғана.
– Қазақта ата-енеге, қайнағаға ізет көрсетіп, абысынмен, қайын, қайын сіңлімен сыйлас, сырлас болудың ұлттық үлгісі туралы айтарыңыз аз болмас деп ойлаймыз.
– Басыңа үкі тағып, үлпілдетіп өсірген ерке күннің артта қалып, өзге босағаны аттағаннан кейін саған артылар жүк, айтылар сын аз болмайды. Еріңе ғана емес, келген еліңе тастай батып, судай сіңіп, отымен кіріп, күлімен шығуың керек. Бұл құл болу емес, өз қызметіңді көрсету. Көрген тәлім-тәрбиеңді таныту. Сол әулеттің туын көтеріп, айнымас адал адамы болу. Әке-шешең, ата-енең өткен жол. Бұл қорыққандық, өзіңді қор санағандық емес, қамшының сабындай қысқа ғұмырдағы сыйластықтың белгісі. Әрине, төркініңді де ұмытпау керек. Бірақ “төркіні жақынның төсегі жиылмайдыдан” аулақ болған ләзім. Мен қыздарыма алғашқы күннен барған жеріңнің бағын аш дедім. Еріңді есікке отырғызба, әйелдің жұмысына араластырма, ер адамның киесі болады, тотыдай түлет дедім. Әйел құрамаса еркек селдей ағызып, нөсердей төккенмен шыр кірмейді, құмға сіңіп, құрдымға кетеді дедім. “Кеткен қыз шиден тысқары” деп қыздарымның үйіне көп қона қоймаймын. Келсе күліп қарсы аламын. Барымды беремін. Отың басқа, Отаның басқа, шәниіп жататын баяғы күнің келмеске кетті, келген ізіңмен бара ғой деймін.
Тәубе, мен де осы күнге алдыңғының үлгісімен жетіп отырмын. Топ етіп көктен түсе қалғам жоқ. Біздің ата-бабаларымыз өмірдің өткінші екенін білген. Өткінші өмірде өтер парызың дүние жинап, бәрін қамту емес, артыңа ұрпақ қалдыру деп өсиет еткен. Әр ісің Аллаға лайық болғанын қалаған. Ішкен шайы, тапқан баласы, күткен күйеуі, баққан ата-енесі – осының бәрін Алланың ризалығы үшін істеген. Мен осы жолды ұстадым. Сондықтан да болар бақытқа кенеліп, өмірдің қызығын көріп отырмын, қарағым. Қазір аяқ астынан бақыт, бақ іздейтіндер көбейген секілді. Сәл қиындық болса, Құдайға да, адамға да тіл тигізіп, бәрімен ат құйрығын кесісіп шыға келеді. Басынан сөз асса қынабынан қылышын, болмаса жүзі жапырылған, тот басқан, топырақ түстенген кездігін суырып алады. Мұның бәрі неліктен? Тәкаппарлық кеудеге кіріп, шайтан ойдың жетегінде кеткендіктен, имандылықтан безгендіктен. Дүниеде имандылықтан асқан нәрсе жоқ. Дүние бұзылса, имансыздықтан бұзылады. Қалың қауымға қайталап айтарым, мен ес тоқтатқан кезеңнен бергі ғұмырымда періште емес, пенде болып жұрт қатарында астамшылдыққа, асылыққа бармай, тура бағыттан ауытқымай келем.
– Ене мен келін арасындағы ізет, инабат азайып, бастаңғы жасап, бас қоса қоятын абысындар арасында бәсеке, келіндер ортасында керіс байқалады. Өзіңіз айтқандай, отбасының ғана емес, елдің алтын діңгегі – әйел екенін ескерсек, бұған не дер едіңіз?
– Сұрағың тереңнен тамыр тартып тұр-ау! Бір мен емес көпке ой салғандай. Ене мен келін туралы жоғарыда ұшқындатып айттым, шамасы. Қандай ата-ана баласын жаман болсын дейді. Келін де балаң, ұрпағыңның анасы. Бүгінгінің соңы, ертеңгінің басы. Айтсаң жақсы болсын деп айтасың, айту үшін де ақыл керек. Ақылсыз айқай тіл шығарады. Ененің орынды талабы келінді жинақы жүруге, берекелі болуға жеткізеді. Балам, сен іштен шықтың, жақсысың, келін сен сырттан келдің, жамансың деуге ененің қандай қақысы бар? Жетпегенін жеткіз, білмегенін білгіз. Адамның жаманы жоқ, жүрегіне үңіл, көңілін тап. Мен келіндеріме көбіне осы жағынан келемін. Қатаңдығым да бар, әрине. Қатаңдықтың жөні осы деп орынды орынсыз ұрынсаң, ұтыласың. Келіндерімнің бұлтара алмайтын, ақталуға шамасы жетпейтін қылығын көрсем күйеулерінің көзінше кілемдей қағып, көз жастарын “мөлдіретіп” жіберемін. Қаладағыларыма: “Қаланың тік бақайлары” деп те аламын. Құда-құдағиларыма ризамын. Кейбіреулер құсап араға түспейді. Қайта қолдап, қуаттайды. Өз балаларына үлгі етіп жүреді. Бірақ балаларды пыш-пыштап айдап салуға жоқпын. Қайта олар жөнсіз соқтықса арашашымын. Бақ бәсекеде емес, сыйластықта деймін. Орнымен ойнап, күлулеріне кедергі жасамаймын. Мөңке бидің: “Ішіне шынтақ айналмайтын, ежірей деген ұлың болады, ақыл айтса ауырып қалатын, бежірей дейтін қызың болады” деген сөзінен сабақ алып, ұл-қызымды жат қылыққа жібермедім. Еркектің жақсы атын да, жаманатын да шығаратын әйел, қарағым. Әйел берекелі, риздықты, қонақжай болса, еркектің шаңырағына қызыр қонады, бақ дариды. Ал әйелі берекесіз, сөйте тұрып, қабағы қатып, үйінен ызғар ысқырса құт қашады. Онда басы алтын, арты күміс деген еркектің де, күні күн емес, түн. Жүз мыңдап тапқаны құралмайтын бақытсыз сорлы, бағы ашылмаған бейшара, шаруасы шайқалған мүсәпір. Несін айтасың, қай заманда да талтаңдаған талай әйел мен деген талай еркектің сағын сындырып жіберген. Мен балаларым қалап алған қалыңдықтары қалыпқа түскенше қатал қарадым дедім ғой. Алғашында үріккен танадай үдірейді. Артынан аналық жанашырлығымды түсінді. Мені бұған итермелеген әлгі данышпан Мөңке бабамыздың: “Алдыңнан кес-кестеп өтетін, кекірей деген келінің болады” деген сөзі еді. Тәубе, ниетіме қарай ма, тәрбиеме орай ма, келіндерімнің бәрі кердең емес, биязы, кішіпейіл кісіліктері мол болып кездесті. Әр ата-ана, ене, бас білмейтін тайлақтай бұлғақтаған ұл-қызына, келініне осылай талап қойса, теріс баспайтынына иманым кәміл.
– Жасыратыны жоқ, осы күндері қазақтың біраз “кемпір-шалы” бала-шағалары жан-жаққа кетіп, екеуара күңкілдесіп қалатын болды. Мұндайды бұрын өзге ұлыстардан көріп, таңқалатын едік. Әрине, уақытқа қарай тірлік кешу де керек. Әйтсе де ата-ана мен баланың қоян-қолтық жүргеніне не жетсін. Осыны үлкеннің кінәсі, әлде ұрпағының рухсыздығы дейміз бе? Болмаса, “атаңа не қылсаң алдыңа сол келедіні” ұмытқандықтан ба екен.
– Осы бір ұлтымызға жат нәрсе, халықтық қасіретке айналып кете ме деп мен де қатты қауіптенемін. Лұқпан хакім айтпақшы, мың жасау сыйластықта, ұрпақ жалғастығында ғой. Жалғасқан ұрпақ күш-қуатың қайтқанда жалғыз-жарым тастап кетсе бақ емес, сор. Аталарымыз әке-шеше отбасының киесі, кенже бала үй иесі деуші еді. Ол отырған үй қараорда, өзгелерінікі үлкен-кіші отаулар саналатын. Қазір бұл салт жойылмаса да азайып бара жатқандай. Мұның астарын бір-екі баламен шектелуден іздеген жөн-ау. Жас кезіңде бір-екі бала көз қуанышың болғанмен, есейгенде жаның тырнағыңның ұшында, екі аяғың жар шетінде жүреді. Көп бала бірін бірі тәрбиелейді, біріне бірі қарап өседі. Өзімшіл емес, көпшіл, бауырмал болады. Өрісіңді кеңейтеді. Араларында жақсылығын қызықтап жүресің. Биыл осыны наурыз айында, Астанада өткен айтыс үстінде топ алдына шығып, өмірімді өнеге етіп, шырылдап тұрып айттым.
Мен балаларымды қатты айналып-толғанып сүйген емеспін. Маңдайынан ғана иіскеймін. Қазір немерелеріме де солаймын. Іштей жақсы көремін. Атам қазақ: “Балаға төнбе, көзбен тесіліп қарама” дейді. Сілекейіңді шұбыртып сүйсең, баланың періштесі шошиды. Оның үстіне жөнсіз еркелетсең, еркінсиді. Көктегіні әпер деп әлек салады. Басың пәлеге қалады. Бала мен ата-ананың арасында шет пен шек болуы керек.
Осы күні баланы бетінен қақпа, еркіне жібер дейтін болды. Тәңірім-ау, құрық тимеген, бұғалық салмаған шу асау опа беріп пе еді. Сол секілді баланы тәйт демесең, тәк демесең не болады. Ертең қолың жетпей қалмай ма? Ерке тотай балаң ерке тотай қыз алса, сені қайтсін. Кемпір-шалдың екеуара күңкілі деген содан туады. Қаталдықтан бала азып-тозбайды. Бүгін түсінбегенмен ертең түсінеді. Түсінбеген күннің өзінде өз ұрпағынан “таяқ жегенде” “ой, сор маңдай” деп бармағын шайнайды.
Бәрі тәрбиеге байланысты. Өзің тәрбиесіз болып тұрып, өсиеттің орнына өсек қоздатсаң, өзіңді-өзің жұбатып “бидайдың суы” деп арақ ішіп отырып, балаңа арақ ішпе десең, көк түтінге көміліп отырып, темекі тартпа десең, көрінгенмен бет жыртысып, жағаласып жүріп түзу жүр десең балаңның құлағына кірер ме? Өзің Құдайға сенбей, қорықпай отырып, балаңа Құдайға сен, қорық, Аллаға ұйы, иманды бол десең ол көнер ме? Өзің тіліңді, дініңді, діліңді қадірлемей, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетпей, жылағанды жұбатып, кембағалға қараспай, оқтау жұтқандай қақиып тұрып балаңа осының бәрін орында десең орындар ма? Тіл туралы көп айтасыңдар. Баланың тілі шешесіне қарап шығады. Шешесі тілге келгенде шерменде болса, баласы қайтып қазақ тілін біле қойсын. Айналып келгенде баланың тағдыр-тәлейі ата-ананың қолында. Тәрбиесіздікті біреуден көрудің еш жөні жоқ. Алақанда аялап баққан тәрбиелі бала қартайған ата-анасын тастамайды. Санаттан шығармай, қанатына қондырып жүреді. Міне, қарағым сұрағыңа жауабым осы.
– Қазір түрлі-түрлі үрдіс көбейді. Соны жалаулатып, өзгерісті алға тартып, ұлттық тәрбиені қаға берісте қалдырып бара жатқан секілдіміз. Бүгінгі үлпершектей ұл мен бүлдіршіндей қызға көңіліңіз тола ма? Әлде ұсақтап кеткен ұрпақ жайлы Абылай ханның болжам түсіндей ұл мен қыз азып бара ма?
– Халқына, туған Отанына деген әр адамның пейілі мен мейірі адал болса, еш үрдіс жетегіне ерте алмайды. Көбі көрсеқызарлыққа, бәсекелестікке, көргеннен көзақы алуға байланысты. Мен ақылым асқандықтан, күшім тасқандықтан емес, азды-көпті көргенім болған соң ғана сұрақтарыңа жауап беріп отырмын. Алда келе жатқан бізге де артылар жүк аз болмай тұр. Сондықтан шырылдаймын. Әркім өз дегенін істесін деп бұғып қалмай алысты болжаған аталарымыздың парасатымен, жұрт ынтымағын сақтаған аталарымыздың тура жолын жалғап, жастардың жақсысына сүйсініп, жаман қылықтарына: “Қарақтарым, олай емес, бұлай жүр”, деу міндет секілді. Оның үстіне езгіден құтылып, ел болдық. Сол елді басқарған Елбасымыз бар. Ендеше елдің ертеңі бәрімізге ортақ. Келер ұрпақ үлкен-кіші демей жауабын бәрімізден сұрайды. Құдай көп көрмесін, дұшпан көз тікпесін, тәуелсіздік алғалы жеткен жетістігіміз аз емес. Әйтсе де қауіп қылып айтар тұс та баршылық. Басылымдарды қарап, теледидарды көріп отырамын. Өркениетке келе жатырмыз дейді. Бірақ қызыл-жасылы көп. Еліктеп солықтау басым. Өзіміздікінен гөрі өзгенің қызылына жығыла саламыз. Төрткүл дүниенің жақсы-жаман үлгісі қазақ жерінде жүргендей көрінеді маған. Шаңы жоқ қаланың жас-кәрісі оны жалықпай қуып жүр. Әй, жеткізбейді-ау! Жеткізген былай тұрсын, қазақтың әдет-ғұрыптарын жұтып қоймаса жарар еді. Халықтық қасиетімізді күнделікті әдетке, әдепке айналдырмай сөз жүзінде айтып, той жиында көрсетумен, ілгері дамыта алмасымыз анық. Біздің бұл қылығымызды келіп-кетіп жатқандар қалай түсінетінін, қайдам. Дәл осы тұста, билік қолға тигенде ұлттық үлгіні шыңыраудан шыңға көтеруіміз керек-ақ еді, амал не! Бұрынғы сұрқия саясаттың орнын жыланбауыр жымысқылық басып бара ма деген бір күдік қылаң береді. Теледидарыңның сиқы анау. Бала-шағаның көретіні бет шыдамас бейәдеп, көргенсіздік, атыс-шабыс, масқарашылық. Дүние-пәле бірінен кейін бірі шығады. Жат дінді тықпалап жүргендер, наша деген кесапат және бар. Солардың әсері ме, ұрпақ санасы бұзылып барады. Өзің айтқан Абылай хан атам түсі шынға айналмаса екен.
Қайталай берсем айыпқа бұйырмаңдар, елді өсіретін де әйел, өшіретін де әйел. Қаладан басталған сұмдықтар ауылға да жетіп жатыр. Көшеге шықсаң қыздардың киімі жапырақ жапқандай, шомылуға бара жатқандай, ашық-шашық. Қарақтарым-ау, барлық адамның жанары нұр шашып тұрған жоқ қой. Көрікті қыз бен келісті әйелдердің әуретіне, сүмбілдей сұлу денесіне, түймедей кіндігіне қадалған сұқ көз оңдыра ма? Ұрып жықпай ма? Қасиеті кетпей ме? Қасиеті кеткен тәннен туған бала оңама ма? Ұят жоқ, аят жоқ өңкей шайтандарды көргендей боласың. Шайтаннан ұрпақ туып жарыта ма? Неге бұлай? Бұл иман жоқтықтан, Құдайдан қорқып, пендеден ұялмағандықтан. Ата-енелеріміз “қызға қырық үйден тыйым, қала берсе қара күңнен тыйым” деп отырушы еді. Жол жағалағандарды түнгі көбелектер деп көлкілдетіп жүрсіңдер ғой. Бұл шектен шыққандық. Хайуанға пара-парлық. Оларды соған апарғандарға, бұзып жүргендерге қашан тосқауыл қойылады? Өздерімен кетпей, артындағыларды да құртып бітіреді ғой. Етек жая берсе ел болудың мүмкіндігі кетіп қала ма деп қорқамын. Бұған басқасын қайдам, менің айтар емім – имандылық қана. Бізді осы әлетке жеткізген имандылық еді. Үлкендер Құдайдан қорық, адамнан ұял деді, орындадық. Ұрпақ өсір деді, мақұл көрдік. Ол кезде де кекірік атқан керемет заман болмаған. Дегенмен мына заманның бет алысы секем алдыртады, шырағым. Дендеп кіріп, демді тарылтып бара жатқан жат әдет-қылықтарға бұғалық салмаса болмайды, айналайындар-ау?! Осы Бекболаттардың қайда қарайтындарын білмеймін, бастықпыз дейді, анаумыз дейді, мынаумыз дейді. Тамырын құрт жеген ағаш көктемейді. Көктесе де көзді алдап, түбі құрғап тынады. Ұрпақ та сол секілді. Ел болып, жұрт болып жегі құрттың желкесін қияйық та!? Ұл-қызына тыйым болмаған елдің ертеңі тұманды да күмәнді, болашағы күңгірт.
Анау ғасырларда, керегеміз бүтін тұрғанда қыз оң босағада босанып қалса, маңдайға таңба, бетке шіркеу болатын. Ат аталып, сүйек сынды дейтін. Ана жылдары “мать одиночка” дегенді заңдастырып алып едік. Әлі жалғасып келеді. Бұған ет үйреніп барады. Оны тағы да заманға теліп, ақталған боламыз. Қыз бұзылса, ел бұзылады, көркі кетеді. Отбасының ұйытқысы, алтын діңгегі бола алмайды, діңгек шірісе, шаңырақ ортаға түседі. Мен осыдан қорқамын.
“Ел бұзылса, табады шайтан өрнек,”– демей ме Абай.
Шайтан кеулеген қоғамда, сор салтанат құрады, қарағым. Одан болашақ күтудің өзі қиын. Осының бәрін жеңетін сәулесі бар адам санасы. Мен кіндігімнен тараған ұл-қызыма, келін, күйеу балаларыма, ес тоқтатқан немере-шөберелеріме – өмірдің қызығы киген киім, ішкен тамақ, кірген үй, мінген мәшине емес, бала деймін. Соны иманды да ибалы етіп өсіріңдер деймін. Құдай берген дәулетке мақтанып, аз күндік жоққа жасымаңдар деймін. Баланың өзі маңдай тер төкпей жатып қымбат дүниеге әуестендірмеңдер, өз қолы өз аузына жеткенше көзден таса етпеңдер деймін. Бұл менің сөзім емес, бұрынғыдан қалған өнеге. Ата-енем құлағыма сіңірген әңгіме. Құдайдың берген баласын туа берсең, арасынан тұлпар да, сұңқар да шығады. Аздың арты таяз.
Он баланың ортасында, ауыл мен қаланың арасында көп жүремін. Шіркін, қазақтың кең даласы-ай! Бұрынғылар мыңғыртып мал өсірген қоныстың көп жері қаңырап бос жатыр, адамға қашан толтырар екенбіз? Бір-екі баламен шектелмей, кемі алты-жетіге жеткізсек қой. Бір-екі баланың ата-анасы, шөп басын сындырмай, ас-су дайындауға қызметші ұстаған, серкелігінен еркелігі басым қазіргі Гуля-сулялар мен Құдай берген дәулетті өзім таптым деп жүрген Жасұланчик пен Арманчиктер де кемпір-шал болады. Оған дейін мына жан айқайымды олар қайдан түсінсін. Бір кездері Алла жеткізіп, мен құсап сексеннің сеңгіріне шықса, әй, сол кемпірдің “зары” шындық екен-ау деп, жанарлары жер сүзер. Қазір “Еркектің аты еркек” деген пәле шықты. Еркекті өйтіп құмжілік қылып, қасиетін кетіруге бола ма? “Алтын басты әйелден бақыр басты еркек артық” деген қайда қалды. Еркек десе әйелдер үрке қарайды. Бұл уақытша нәрсе. “Құм жиылып, тас болмайтыны” тәрізді еркексіз ел болып па, тәйірі!?
Екі әйел алу жөнінде әңгіме айтылып қалады. Екі әйел алатын еркектің жөн-жосығы бөлек. Аузымен құс тістеп, парасаты артып, шын мәнінде екі әйелді ұстай алса, айтқанына көндірсе, сыйы өтіп отырса, қане. Елігіп, желігіп, тойынғаннан не істерін білмей, әйелін, баласын тастап, отбасын ойрандап, бүлдіріп жүргендер – бұзылғандар. Ал елім, жұртым деген, тағдырдың жазмышы, Құдайдың басқа салғанынан екінші әйел алғандарға Алланың нұры жаусын. Ата салттың жөні бөлек. Бәрін ақылмен ақылдасып шешкен. Ол жақсылығымен жаңғырып жатса бұл қалай деп ешкім айта қоймас. Пенденің жауы нәпсіқұмарлық. Жамандыққа бару сол нәпсіқұмарлықты тия алмаудан. Былайғы жетім өз алдына, ұл-қызын тірі жетім етіп жүргендердің күнәсі үлкен. Жетім жыласа, жер жылайды.
Қиындық бар дейді. Мен байқаған қиындық ұрпақ тәрбиесінен, бала санын көбейтпеуден байқалатындай. Кейбір жұрт бұл кемпір он баланың ортасында жүр, не қиындық көріп отыр дер. Отбасында отырсам да, мені көп нәрсе толғандырады. Ұл туғанға күннің туатыны рас. Дегенмен өзім көрген аштық, сұрапыл соғыс есіме түссе, көз алдымнан өтсе, елге тыныштық, береке-бірлік бер деймін. Кәкең екеуміз от жағып, отау көтергенде қыстан қалған соғымның бір аяқ аузындай жая етіне нанды мол етіп салып үлкендердің алдына тартып, қалғандарының шайына қуырылған ұн сеуіп беріп батасын алып едік. Оған қарағанда осы күнгі тіршілік шүкір ғой. 200 жылдығын тойлап жатқан Махамбет ақын:
Өтемістен туған он едік,
Онымыз атқа мінгенде,
Жер қайысқан қол едік, – депті. Қазір де әр отбасынан осындай он бала өссе, жер қайысқан қол емей, не? Ен далаға ел толмағанда қайтеді. Шіркін, сол күнге жетсек, қазақ кімнен қаймығып, кімнен кеммін демек.
Несін айта берейін, қарағым. Газеттерің дұрыс жазып жатыр. Көбеймесек көсегеміз көгермейді. Соны жеткізіңдерші халыққа!
Сүлеймен МӘМЕТ,“Егемен Қазақстан”
30 қыркүйек 2003 жыл.