«Педагог мәртебесі туралы» заңының қабылданатынын педагогтар қауымы қуанышпен қарсы алды. Менің ойымша, мұғалім мәртебесі дегеніміз – қоғамның, жұртшылықтың мұғалімге деген көзқарасы, ілтипаты, пікірі. Сондай-ақ мұғалім мәртебесі – Үкіметтің мұғалімге жасап жатқан әлеуметтік, моральдық, материалдық жағдайын жақсарту бағытындағы қамқорлығы арқылы да қалыптасады. Егер, мұғалім жан-жақты қамтылған болса, қоғамның да, жұртшылық қауымның да көзқарасы өзгереді, яғни, мәртебесі артады. Қазіргі кезде мұғалім мәртебесі сәл де болса әлсірегендей ме, қалай?! Оған себеп не? Оған бірінші себеп, мұғалім еңбекақысының аздығы, жан-жақты материалдық толыққанды қамтылмауы.
Бұрын мұғалімнің мәртебесі мен беделінің қаншалықты екенін аталарымыздың немерелеріне «Мұғалім бол!», «Ұстаз атан!» деп бата беруінен-ақ аңғаруға болатын еді. Көшеде оқушылары мұғалімнің алдынан қия өтпейтін. Егер оқушыға мұғалім ұрысса, үйде ата-анасы қоса ұрсатын еді. Қазір олай емес. Мұғалім оқушыға сәл дауыс көтерсе, ата-анасы арызданып шыға келеді. Сондықтан бұл көпшілік пен қоғам тарапынан шешімін күтіп тұрған мәселе.
Қазіргі таңда, мұғалімнің еңбекақысы қазақстандықтардың орташа жалақысымен салыстырғанда небәрі 75 пайызын құрайды екен. Жұмысқа жаңадан келген мамандардың жалақысы 50 мың теңге көлемінде ғана. Қалай дегенде де мұғалімдердің жалақысы оның біліктілігіне қарай белгіленетін болғаны – бүгіннің басты талаптарының бірі.
Қазіргі таңда ауылдық жерде мұғалімдер жетіспейді. Дегенмен, «Дипломмен − ауылға!» қозғалысы жастарды ауылға тартудың жақсы бастамасы болды. Күрмеуі күрделі мәселелердің біріне ұстаздардың қартаю үрдісін де қосу керек. Бұл жерде әңгіме мұғалімнің жасында емес, ұстаздар қатарына жастар аз келуінде болып отыр. Тәуелсіз сарапшылардың анықтағандай, елімізде 340 мыңдай мұғалім жұмыс істейді екен. Оның ішіндегі 8 мыңға жуығы зейнеткер, 40 мыңы зейнет жасына жақындағандар және 190 мыңға жуығы орта жастағылар (30-50 жас аралығында) екен. Сонда жастардың үлесі үштен бірін құрайды деген сөз. Сонымен бірге, ұстаздар арасындағы гендерлік сәйкессіздіктердің болуы. Атап айтқанда, әйел мұғалімдердің көп болуы. Еліміздегі барлық мұғалімнің 86 пайызын әйел мұғалімдер құрайды екен. Ер адамдардың аз болуы ұрпақ тәрбиесіне ықпалын тигізері сөзсіз. «Әке көрген оқ жонар...» деп бекер айтылмаған. Осы мәселені шешу де ойда жүретін мәселе.
Мұғалім мәртебесі дегеніміз − мұғалімнің оқушыларға өзін мойындатуы, пәнге деген қызығушылығын оята білу.
Мұғалім жан-жақты қамтылған, Үкіметтің ерекше назарында болуы тиіс. Қайткенмен де мұғалімнің қоғам алдындағы мәртебесі жоғары болмай, беделі де жоғары бола алмайды. Мұғалім өз беделін өзі көтеруі керек. Мұғалім өзінің жүріс-тұрысымен, киім киісімен, сөз саптауымен және көпшілік орында өзін-өзі ұстауымен, білімімен ерекшеленуі тиіс. Себебі қалың көпшілік және оқушылары мұғалімге сын көзбен қарайды. Осы айтылғандарды, әсіресе кейінгі буын, жас мамандар қатты ескергендері дұрыс. Тағы бір ескеретін жағдай, «кездейсоқ» мұғалімдердің болуы және «кездейсоқ» білім мекемелерінің басшысы болуы. Шын ынтасымен, жүрек қалауымен мұғалім болған адамда ғана бедел болады. Себебі ол мамандығын сүйеді, қиыншылықтарды жеңе біледі, ізденеді, өз беделін өзі жинайды. Қазіргі жас мамандарға дәл осындай қасиеттер керек деп ойлаймын.
Бұрын қағазбастылық аз болды. Мұғалім жұмысын ғана білді. Қазір де мұғалім беделі жоқ дей алмаймыз, барлығы заман талабына сай. Тек оны көпшілікке танытатын, мойындататын тетік қажет. «Білім жүйесінің жаны да, жүрегі де, тірегі де – ұстаз» деген Президент сөзінен-ақ мұғалімге қаншалықты жауапкершілік жүктеліп тұрғанын сезінуге болады. Шығыс ғұламасы «Орташа мұғалім айтып береді, жақсы мұғалім түсіндіреді, үздік мұғалім көрсетеді, ұлы мұғалім қанаттандырады, шабыттандырады» дейді. Ендеше, елімізде білімге негізделген инновациялық-экономикалық жетістіктерді елдің даму стратегиясымен сабақтастыратын, әрі оны жүзеге асыруға үлкен үлес қосатын білікті ұстаздар екенін жастарымыз дұрыс түсінуі қажет.
Мұғалімдердің конституциялық құқығын қорғайтын, еңбек заңдылықтарының сақталуына бақылау жасайтын бірден-бір қоғамдық ұйым – кәсіптік одақ. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы өтпелі кезеңде қиыншылықтарда еңбек адамдарымен бірге болған да – кәсіподақ. Ол кезде басқа қоғамдық ұйымдар тарап кеткенде, кәсіподақ өз жұмысын тоқтатқан емес. Содан бері кәсіподақ қоғам өміріндегі өзгерістер мен жетістіктерге белсене араласып, еңбек адамдарының экономикалық-әлеуметтік жағдайларын жақсартуда өз үлесін қосып келеді. Еңбек кодексінде көзделген құқықтардың сақталуына, одан төмен болмауына ұжымдық шарт, әлеуметтік серіктестік жөніндегі келісім, жеке еңбек шарттары арқылы қол жеткізіп келеді.
Кәсіподақ жаңа Еңбек кодексін қабылдау кезінде асқан белсенділік танытып, 200-ге жуық ұсыныс берді. Оның 60 пайызы Еңбек кодексіне енгізілді. Мұғалімдердің еңбекақысын көтеруде, тұрмыс жағдайын жақсарту бағытында әлеуметтік өтемақылар мен төлемақыларды көбейтуге, жоғары органдар арқылы дұрыс шешілуіне оң ықпал етіп келеді. Осы бағытта өткен жылы қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Үкімет пен Парламентке жазған Үндеуін айтуға болады. Онда қазіргі күнкөріс өлшемімен алғанда еңбекақының төмендігі, ауылдық жерде тұратын мұғалімдерге коммуналдық төлемнің өте төмен екендігі және еңбекақы есептеу тетігін қайта қарау керек екендігі айтылып, қайта қарауға ұсыныс берілді.
Раушан СЕРІКОВА,
«Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы
АҚТӨБЕ