Семейдегі «Хоспис» КГКП мекемесінің бас дәрігері Ғалия Жуасбаеваның айтуынша, оларда аса ауыр халдегі науқастар емделеді.
Инсультқа ұшыраған аурулар, онкологияның 4 және 3-інші стадиясындағы сырқаттар өте көп. Бірақ, «Хосписте» Семей қаласы бойынша небәрі 30 төсектік орын бар. Сол 30 орын да толып кеткен. Хоспис-Ирландия елінің қаржылай көмегі арқылы тұрғызылған аурухана. Айта кету керек, үкіметіміз соңғы кезде медицина саласын іргелі дамытып отыр. Егер 2010 жылдың бюджеті мен қазіргі бюджетті салыстырса айырмасы жер мен көктей.
- Облыстық әкімдік тарапынан Семейдің медицина саласына көңіл бөлу жоғары деңгейде, ауруханалар жаңа технологиялармен жабдықталған, - деді Ғалия Жуасбаева, - десек те, мен осы Хосписке жұмысқа кірген кезде мұндай жағдай басқаша екенін көрдім. Бізге төсек тартып жатқан ауру адамдар түседі. Сондай адамдарды жақындары аударып, төңкеріп, тазалап, жағдай жасамағанын байқаймыз. Яғни тұрғындар, ауру адамды үйде қалай күту керек деген мәселеден бейхабар болып отыр. Бізге кеп түскен науқастың мұндай жағдайда қалыпқа келуі өте қиын. Егер біз жылына 240-250 науқас қабылдасақ, оның 60-тан астамы қайтыс болады. Екі не төрт бөлмелі үйі бар адамдардың бір туысы ауырып алса, бір бөлме толықтай науқасқа беріледі. Баласы бар үйлерде бұл қиын. Онда ауырып жатқан адамда мүгедектік болмаса, сол адамға қажетті гигиеналық памперс сияқты құралдарды ақшаға сатып алуға тура келеді. Мәселен, бізде бір зейнеткер ата бар. Бәйбішесінің көзі көрмейді, ұзақ жылдан бері төсек тартып жатыр. Мүгедектігі жоқ болғандықтан оған бәрін сатып әперуге тура келеді. Сол ақсақал өзінің зейнетақысына киіндіреді, дәрісін әпереді, тамағын әпереді. Мен осындай адамдарға тегін көмектер болса деп біраз жерге шықтым. Бірақ заң бойынша мүгедектігі бар адамдарға ғана дәрі-дәрмек, тағы біраз жеңілдік бар екен.
Ғалия Жуасбаеваның айтуынша, жақында ғана Денсаулық сақтау министрлігімен селекторлық кеңес өткен. Онда елімізде паллиативті көмек беруді жолға қою туралы айтылыпты. «Нұр Отан» партиясының Семей қалалық филиалында өткен дөңгелек үстел барысында «Хоспис» ауруханасының бас дәрігері Ғалия Жуасбаева партиялықтардан көмек сұрап, көптеген жағдайдың басын ашып айтты. Семейде де паллиативті медицинаны және «Үйдегі Хоспис» жобасын қолға алудың маңыздылығына тоқталды. Себебі ауруханадағы 30 орын әлдеқайда аз болып тұр.
Раушан ҚАБЖАНҚЫЗЫ
«Егемен Қазақстан»
Семей