Білім және ғылым экс-вице-министрі А. Аймағамбетов жақында магистратура мен доктарантураға түсудің ережелеріне өзгерістер енгізілгенін жариялаған еді. Ондағы жаңа талаптар сөзсіз ғылым сапасы мен ЖОО бәсекелестікті арттыруға, сондай-ақ үнемі қоғам талқысынан түспей келе жатқан гранттардың ашық та әділ бөлінуі төңірегіндегі күдікті ойға нүкте қоймақ.
Алдымен аталған өзгерістерге тоқталайық. Магистратураға үміткерлер енді GMAT форматы бойынша бірыңғай емтихан тапсырады. Бұл – бір. Екіншіден, талапкердің таңдауына түсіп тұр, яғни бұдан былай грант магистранттың соңынан ереді.
Тарқатайық. GMAT – (Graduate Management Admission Test, тікелей тәржімаласақ, басқару бойынша қорытынды емтихан деген мағынаны береді – А.Ш.) негізінен экономика, бизнес, қаржы және аты айтып тұрғандай менеджмент салалары бойынша магистратураға түсуге ниетті талапкерлерге арналған ағылшын тіліндегі стандартталған тест. Бұл емтихан сіздің математикалық (Quantitative), ауызша (Verbal) және жазбаша (Analytical Writing) деңгейіңізді анықтайтын бөлімдерден тұрады.
Осыған дейін талапкерлер ағылшын тілінен тестте оқылым, тыңдалым, грамматика бойынша бөлімдерден тест тапсырған, бірақ математикалық қабілеттерге қатысты критерийлер, яғни бөлім болмаған. Назарбаев университетінің өкілдері GMAT тестінің метематикалық бөлімі айтарлықтай күрделі болатынын айтады. Сондықтан бұл тестті алгебра мен геометрияны жақсы білген жағдайда ғана тапсырған жөн екенін ескертеді. Ал гуманитарийлердің математикалық білімі мектеп бағдарламасынан әрі аспайтынын ескерсек, осы салаларға тапсыратындар үшін (әлеуметтанушылар, суретшілер, экологтар, журналистер және т.б.) ғылымның ауылы біршама алыс болады деген күдік бар көкейде. Осы орайда, министрлікке ғылымның екі ірі, яғни жаратылыстану мен гуманитарлық бағытына қарай, өзге де форматты қоса қарастыру қажет-ақ.
Екіншіден, енді гранттар университеттерге емес, магистранттарға беріледі. Ұлттық тестілеу орталығы өткізетін кешендік тестілеудің нәтижесінде жоғары балл жинаған талапкерлер грант иеленеді. Соған сәйкес, ЖОО-ны өзі таңдайтын болады. «Осылайша, «грант магистранттың соңынан ереді» деген қағида жүзеге асырылады», деді А. Аймағамбетов. Қуантарлық жаңалық әрі құптарлық қадам. Алайда болашақ ғалымдар жетекшісіне жете мән бере ме? Оған қаншалықты қабілетті, бұл туралы ақпарат қолжетімді ме? Тоқетері, «Талапкерлер өз таңдауын жасарда болашақ бағытын айқындауға жәрдемдесетін жетекшіні емес, оқу орнының беделіне басымдық беріп кетпей ме?» деген сұрақ туындайды. Халықаралық тәжірибеде, әсіресе Америкада өз еркімен ғылым жолына түсуді көздейтін кез келген үміткер деңгейі жетіп емтиханнан өткенімен, әлемнің әр қиыр шетінен таңдаған универіне табаны тиюде сондағы профессордың арнайы шақырту хаты ескеріледі. Бұл бізде жолға қойылмаған, талапкерлер көбіне оқу орындары туралы деректерді біледі, бірақ өзіне қажетті, білікті маманның қай университетте дәріс оқитынынан дерлігі хабарсыз. Мәселен, түркология немесе дінтану аясында ізденгісі келетін талапкердің Алматы, Астана және Түркістаннан таңдауға мүмкіндігі бар делік, әлбетте ол жастардың қаласы деп Елордадағы Еуразия Ұлттық университетін таңдайды. Бірақ оның түскен және зерттейтін тақырыбын түгел талдаған, майын ішкен маман Түркістандағы Яссауи университетінде болса ше? Профессордың да, магистранттың да мүмкіндігін шектемейміз бе? Осы тұста жаңа өзгерістерге қатысты қисынды пікірді қоса кетейік. Белгілі теолог, философия ғылымдарының докторы, профессор Досай Кенжетай: «Магистратура мен докторантура – ғылым жолы. Әр ғылым жолы кафедраның цехынан өтуі тиіс. Ал әр цехты белгілі мамандар ғана ұстайды. Сол мамандар кімнен ғалым шығып-шықпайтынын шамалайды. Әр маман өзіне, жолына, зерттеу саласына шәкірт тәрбиелеуі тиіс. Ал мына ережеде бір жақты кеткен. Рас, жемқорлық қауіпті. Ал салаға қатысы жоқтар магистратура, докторантура оқыса, одан не пайда? Бұл ғылымға қауіпті. Бізде өзі орта жол бола ма, жоқ па?», деген жанайқайын жеткізді.
Үшінші жайт, «Білім алуға дайындығы» және 2 салалық пәндер бойынша берілетін сұрақтар мазмұны түбегейлі өзгеріп кетпесе, бұл талаптар бұрын да болған. Жемқорлықты жоюды мақсат еткен министрлікке лайықты ұсыныстар да айтылып жатыр. Соның бірі – бармақ басты, көз қыстыға жол бермеуге бағытталған жұмысты жарым жолдан қалдырмай, мамандық бойынша сұрақтарды дайындауды да ЖОО құзырынан алып тастау туралы ұсыныс. Сонда ондағы әккі мамандар сұрақтардың жауаптарын өз адамдарына бермейді деген сенім бар. Әрине, бұл ұсыныс қабылданса, аталған жұмыс Ұлттық тестілеу орталығына жүктеледі.
Енді ғылымның даңғыл жолы – докторантурға келейік. Мұндағы емтихан форматында өзгерістер жоқ. Алайда ағылшын тілін білетіні туралы халықаралық сертификат (IELTS, TOEFL және т.б.) талап етіледі. «Докторантура бойынша шет тілінен тест енді Ұлттық тестілеу орталығы арқылы өткізілмейді. Сондықтан докторантураға түсемін деп ниет білдірушілер осы бағыт бойынша дайындалулары тиіс», деді министрлік өкілі.
Бұған дейін аталған халықаралық сертификаттар бар болған жағдайда құжаттармен бірге өткізсе, талапкер ағылшын тілінен автоматты түрде өтетін, егер болмаса, Ұлттық тестілеу орталығы дайындаған емтиханды тапсыратын. Ал енді бұл – докторантурада міндетті. Сертификатың жоқ па, ғылымның да есігі жабық. Мәселенің мәнісі сертификаттағы шектік балда болып тұр. Доктарантураға тапсыру үшін IELTS 6.0 болу керек. Онан төмені жарамайды. Енді бір мысал, қолында 6 балдық IELTS сертификаты бар талапкер қай университетті таңдайды: шетелдік пе, әлде отандық па? Әлбетте шекара асады. Мүмкіндігі бар ма? Болғанда қандай! Себебі әлемнің көптеген белді әрі беделді оқу орындары 6 балды қанағат тұтады. Тіпті алтыға жеткізбей-ақ шетелге кетуге болады. Өйткені «Болашақ» бағдарламасының, айталық, журналистикаға түсу талабында 5,5 балл көрсетілген. Сонда елімізде докторантураның бола ма? Бұл – бірінші мәселе. Екіншісі онан да салмақты. Нөлден бастаған адамға кететін кемі 4-5 жыл уақыт та, жұмыстан кейін келіп дайындалуға қажет қажыр-қайрат та, айына болмағанда 20 мыңнан 4-5 жыл жұмсалатын қаражат та, тестті тапсыруға берілетін 50 мың теңге де түк емес, аса алаңдататыны – тілді мықты меңгерген маман ғылымнан ақсап тұрса да мүмкіндігі бар, керісінше өз саласын шемішкеше шаққан адам шет тіліне шорқақ болса, ғалым атана алмайтыны. Мәселе... Бұл да – бір жолға қоюды талап ететін түйткіл.
Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»