Жайық жағасынан арман қанатында Алматыға аттанып, дүлдүл домбырашы дәрежесіне дейін жеткен Қаршыға Ахмедияров халық әртісі, мемлекеттік сыйлықтың иегері, дәулескер күйші, композитор ғана емес, талантты шәкірттердің тәлімгері атанған ұлағатты ұстаз болды. Ескерткіш жанына жиналған жерлестері біртуар өнер иесінің дара қасиеттері, адамдығы мен адалдығы туралы сөз өрбітіп, еске алды.
Бес жасында қолына алған қазақтың қасиетті домбырасы өмірлік серігі болды. Қаршыға Ахмедияров белгілі күйшілердің шығармаларын орындап қана қойған жоқ, өзі де 60-тан астам күй шығарды. Талантты жастардың талабын оңдаған, ұлттық сананың қалыптасуына үлкен еңбек сіңірген өнер қайраткері ретінде Қаршыға Ахмедиярұлының есімі құрметпен аталады,-деді ескерткіштің ашылу салтанатында облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.
Домбырасын қолына алып тұғырға қонған күйші ескерткіші – ҚР Мәдениет қайраткері, мүсінші Едіге Рахмадиевтің жұмысы. «Қазақстан» қонақ үйінің жанынан орын алған ескерткіштің биіктігі 3,5 метр.
Қай өнер адамы үшін де туған жердің құрметі бәрінен биік. Дүние жүзінің сахналарында қазақтың күйін күмбірлетіп, ғажап орындаушылық шеберлігімен тәнті еткен дүлдүл домбырашы Қаршыға Ахмедияров туралы Фариза Оңғарсынова: «Кетпесе қаны ауысып, күй сазын хан, қазы да тыңдар, сірә! Қанаты көк аспанды дара құшып, самғасын күй-Қаршыға!», деп жырлаған еді. Поэзия падишасының Атыраудағы ескерткішіне қарсы көшеден орын алған күй падишахының қола бейнесі екі алыптың туған жер құшағындағы мәңгілік өмірінің көрінісі іспетті әсер қалдырады.
Бақытгүл БАБАШ,
«Egemen Qazaqstan»
АТЫРАУ