Соңғы жылдары әлемдік туризмнің аса қызығушылығын тудырып отырған дамушы мемлекет Үнді мұхит ендігінде орналасқан Маврикий аралының астанасы Порт-Луй қаласында ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі комитетінің кезекті сессиясы болып өтті.
Мәртебелі басқосу барысында халқымыздың жылқы мәдениеті, соның ішінде көнеден келе жатқан «Бие байлау», «Айғыр қосу» және «Қымызмұрындық» сияқты дәстүрлі жоралғылары «Қазақ жылқышыларының дәстүрлі көктемгі әдет-ғұрыптары» деген атпен ЮНЕСКО материалдық емес мәдени мұрасы ретінде мойындалып, мәртебелі тізімге енді.
Қазақстан өкілдері толыққанды мүше ретінде алғаш рет қатысқан кезекті жиынның белді мүшесі «Ұлытау» ұлттық тарихи, мәдени және табиғи қорық-музей директоры Бақтияр Қожахметовтің айтуынша, халқымыздың жылқы мәдениетін дамытып, сақтап отырған өңірдің бірі – Ұлытау болса, соның ішінде Терісаққан бойында аталмыш дәстүр ежелгі келбетінен ажырай қоймаған. Осындай іргесі сөгілмеген дәстүрлі мәдениетімізді әлемге таныту үшін қорық-музей жүйелі жұмыс жасауда екен.
Атап айтар болсақ, соңғы жылдары «Терісаққан көктемі» атты халықаралық фестиваль ұйымдастырып, 20 минуттық ағылшын тілінде шағын фильм түсірген. Осы шараға Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО жөніндегі Ұлттық комитет төрағасы Ханзада Есенова және ұйым мүшелері Эмма Усманова, Елена Хорош келіп қатысқан.
Осы адамдардың ықпалдастық танытуының арқасында жоғарыдағы деректі фильм «Қазақ жылқышыларының дәстүрлі көктемгі әдет-ғұрыптары» деген атпен ЮНЕСКО-ның ресми сайтында жариялану мүмкіндігіне ие болса, мәдени шара өткен жылы да жалғасып «Көкмайса» деген атпен Ұлытауда өткізіліпті.
«Фестивльдың ауқымы жылдан-жылға кеңейіп келеді әрі шетелдік туристердің де қызығушылығы артуда. Оның бер жағында ЮНЕСКО-ның арнайы тізіміне жылқы жоралғыларының енуі − оның халықаралық қорғалуына кепіл. Яғни, ата мұрамыз көздің қарашығындай сақталып, кейінгі ұрпаққа мұра болып қалады деген сөз», дейді қорық-музей басшысы.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»