Сенбі, 27 қазан 2012 7:17
Кең-байтақ қазақ жерін, Қазақ елін бірен-саран емес, жүзден астам ұлттың өкілдері мекендеп, тату-тәтті өмір сүруде. Ашығын айту қажет, жалпы адамзат тарихында ұлттар арасындағы ынтымақтастықтан, бірлік пен тұрақтылықтан артық құндылық жоқ. Бүгінде экономикасы қарқынды дамыған елдер қатарына қосылған Қазақстанның бүгінінің, болашағының кемелді болуы да бейбітшілік пен келісімнің одан әрі нығая түсуіне тығыз байланысты. Бүгінгі таңдағы ең басты әрі өзекті мақсатқа айналып отырған осы мәселе туралы еліміздегі Түрік этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Шахисмаил АХМЕТҰЛЫ әңгімелейді:
Сенбі, 27 қазан 2012 7:17
Кең-байтақ қазақ жерін, Қазақ елін бірен-саран емес, жүзден астам ұлттың өкілдері мекендеп, тату-тәтті өмір сүруде. Ашығын айту қажет, жалпы адамзат тарихында ұлттар арасындағы ынтымақтастықтан, бірлік пен тұрақтылықтан артық құндылық жоқ. Бүгінде экономикасы қарқынды дамыған елдер қатарына қосылған Қазақстанның бүгінінің, болашағының кемелді болуы да бейбітшілік пен келісімнің одан әрі нығая түсуіне тығыз байланысты. Бүгінгі таңдағы ең басты әрі өзекті мақсатқа айналып отырған осы мәселе туралы еліміздегі Түрік этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Шахисмаил АХМЕТҰЛЫ әңгімелейді:
– Ең алдымен, түбі бір туыс елдің өкілі ретінде айтарым, бүгінгідей алмағайып заманда халқымыз үшін, болашақ ұрпағымыз үшін ынтымақтастықтың орны мүлдем бөлек. Даналығы, ұлағаты мол қазақ халқы «ырыс алды – ынтымақ», деп бекер айтпаса керек. Пейілі өздерінің дархан даласындай кең қазақтың жүрек жылуы сонау бір ауыр заманда басына қасірет төнген мыңдаған адамды мейірімге бөледі. Мәселен, менің ата-бабам Кеңес өкіметі кезінде Түркияның Грузиямен шекарасында тұрды, 40 мыңнан астам түріктер басқа ұлттармен бірге екінші дүниежүзілік соғысқа кетті. Ал, 1944 жылы өкімет бұйрығымен түріктер Орта Азияға күштеп қоныс аударылды. Ауызбен айтып жеткізгісіз жағдайда қазақ халқы оларды құшағын жайып қарсы алып, бір үзім нанын қанша қиын болса да бөліп берді. Сондай үлкен қамқорлықтың, көмектің, қайырымдылықтың нәтижесінде біздер бүгінгі бақытты өмірге жеттік.
Сөз реті келгенде атап айтарлығы, жүрегі дархан қазақ халқының бұл бауырмалдығы жалғыз ғана біздерге емес, осы мемлекетті мекендеп отырған жүз отыздан астам ұлттың барлығына да бірдей әрі ортақ болды. Біздің ата-бабамыз соны әлі күнге дейін ұмытпай, өз ұрпағына жеткізуде. Менің өзім осы оңтүстік астанада, Алматыда тудым, жоғары білім алдым. Сол білімнің арқасында, ел игілігіне еңбек етудемін.
Көпшілікке белгілі, 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігін алғанда туысқан Түрік мемлекеті Қазақстан тәуелсіздігін дүниежүзінде бірінші болып танығаны біздер үшін үлкен қуаныш. Бір құптарлығы, Қазақстан мен Түркия арасындағы экономикалық, мәдени байланыстар уақыт өткен сайын ұлғая түсуде. Қазақстанның әл-ауқатының қарыштап өсуі Мемлекет басшысының сарабдал саясатының нәтижесі екендігі сөзсіз. Және де бір ескере кететін жағдай, бұл пікірді елімізді мекендеген әрбір ұлттың өкілі қызу қолдайды. Таңғаларлығы, өздерінің тарихи отанына қоныс аударғандар арасында Қазақстанға қайтып оралғандар жетіп артылады. Ал, мұндай батыл шешімнің басты себебі, қазақ жеріндегі қалыптасқан бауырмалдық, сыйластық пен достықта, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтындай» тыныштық пен келісімде деп ойлаймын.
– Болашаққа батыл қадам басқан Қазақстанның дүниежүзілік қоғамдастықтағы орны қандай деп ойлайсыз?
– «Аузын ашса жүрегі көрінетін» бауырмал қазақ халқының ата-мекеніне қоныстанған өзге ұлт өкілдерімен тату-тәтті өмір сүріп, ынтымақтастықты нығайтудағы еңбегі, әрине, зор. Сонымен қатар, республиканың дүниежүзілік қоғамдастықта алдыңғы шепке шығуындағы Елбасының атқарып жатқан жұмыстары мен жобаларының ауқымдылығы әлем назарын өзіне аударуы көп нәрседен хабар берсе керек. Алуан түрлі ұлт пен ұлыс өз тілінде сөйлейді және де бұл тек түріктерге ғана тән емес. Басқа ұлттар да осындай мүмкіндікті иеленуде, немістер, корейлер және өзге де этностар өз тілінде білім алады. Соған орай, түріктер Қазақ елі, қазақ халқы үшін қолынан келгенін аямайды. Қазақстандағы өзге этностарға жасалған мол қамқорлықтан кейін, олар бұл жерден алшақтағысы да келмейді.
Жалпылай алғанда, мемлекет экономикасының қарыштап дамуы, халықтың әл-ауқатының нығаюы Мемлекет басшысының жүргізіп отырған сарабдал саясатымен тығыз байланысты. Менің ойымша, саясат дұрыс болмай, экономика да жақсармайды. Сонымен қатар, өзге мемлекеттермен ынтымақтастық байланыс, сыйластық, түсіністіктің берері мол десем, артық айтқандық емес. Сондай-ақ, қазақстандық әрбір азаматтың ұлтына қарамай, барлығының түгелдей дерлік құқығының бірдей болуы үлкен мәртебе. Қазақстанда тұратын әрбір ұлт бақытты өмір сүріп отырғандықтан, тарихи отанына оралуды аңсамады. Қазір, Қазақстан азаматы болу – үлкен мақтаныш, зор мәртебе. Мәселен, менің немерелерім қазақша сөйлейді, барлығына қазақшаны өзім үйреттім. «Тілге құрмет – елге, халыққа құрмет», деген сөз бар.
Түрік этномәдени бірлестігін тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында құрдық. Осы мәдени ошақтың жетекшісі Зиядин Гасанов азамат ретінде, кәсіпкер ретінде бұл бағытта бірқатар игілікті іс атқаруда. Қазір, Талғар ауданында тұрмысы төмен отбасыларының балалары үшін 500 орындық лицей ашылды. «Жасыратыны жоқ, білімге құштар, талапты жастардың қолы қысқа, сондықтан оларды қаржылық жағынан қолдаудың қажеттілігі зор», деп есептейтін азаматтың мұндай қамқорлығына көпшіліктің алғысы мол.
Лицейде оқитындар арасында жетім балалар да бар. Білім ұясында оқушылардың тамақтануына, мұғалімдер жалақысына жылына 1 миллион долларға жуық қаражат бөлінуде. З.Гасановтың басшылығымен атқарылып жатқан қайырымдылық шаралары уақыт өткен сайын өз жалғасын табуы, әрине, құптарлық жәйт. Тәуелсіздіктің жиырма жылы тойланды, бір сөзбен айтқанда, бірқатар уақыт өтті. Сондықтан да қазақстандықтардың барлығы мемлекеттік тілді меңгеруі тиіс. Мемлекеттік тілді барынша кең ауқымда насихаттау – еліміздегі әралуан мәдени бірлестіктер мүшелерінің басты парызына айналса нұр үстіне нұр. Елдік мүдде әрбір азаматтың мүддесіне айналғанда ғана біздің Отанымыздың күш-қуаты артпақ.
– Данышпан Абай «Әрбір иманы бар кісіге ғибадат парыз. Әуелі иманды түзетпей жатып қылған ғибадат не болады» дегендей, бүгінгі алмағайып заманда әркімнің иманды болуы басты шарт. Барша мұсылманның үлкен мерекесі – Құрбан айт қарсаңында көпшілікке айтар тілегіңіз қандай?
– Мұсылмандар үшін ұлық мереке – Құрбан айт халқымызға құтты болсын. Береке-бірлік, ынтымақ арта берсін, әр отбасына ең алдымен зор денсаулық тілеймін. Қазақ тілімен бірге қазақтың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін де сыйлап, қадірлеп, қастерлеудің маңызы зор. Қазақстанымыз өсіп, өркендей берсін!
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Бақыт БАЛҒАРИНА, «Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.